«Атамекен Корпорациясы» ЖШС-і ауылдағы бірқатар игі іске мұрындық болып отыр
Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Атамекен Корпорациясы» ЖШС-і ауылдағы бірқатар игі іске мұрындық болып отыр, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Бүгінде кәсіпкерлер табыс табуды ғана көздемей әлеуметтің әлеуетін арттыруға да септесуде. ОҚО-на қарасты Төлеби ауданында егіс егіп, шаруасын дөңгелетіп отырған «Атамекен Корпорациясы» ЖШС-і бүгінде ауыл аймақтағы бірқатар игі іске мұрындық болып отыр. Аталған компанияның Сарқырама ауылында мал бордақылау алаңы мен сүт фермасын және сүт өңдеу цехы орналасқан. Сонымен қатар «Атамекен» корпорациясының қолдауымен дәрігерлік амбулатория, шаштараз, спорт алаңшасы мен ауыл ардагерлеріне арналған қымызхана салып берді.
Бүгінде аталған нысанның пайдасын ауыл азаматтары көріп отыр. Ауданда өндірілетін жалпы өнімнің 60% астамын ауылшаруашылық саласы құрайды. Бұл бағытта биыл аудан жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Аграрлы салада өзіндік салмағы бар Төле би бал қымызымен де ерекшеленеді. Жылына 3 мың тоннадан астам қымыз өндіретін шаруаларға осы саланы дамыту мақсатында 12 млн. теңге мемлекеттен субсидия берілді. Алдағы уақытта субсидия көлемі артып, өнім көлемі 5 мың тоннаға жетеді деп жоспарлануда.
Абай-ақпарат