Ауыл шаруашылығы ахуалы артады
Ауыл шаруашылығы саласында былтырғы жылмен салыстырғанда нақты көлем индексi 100,9 пайызды құрады. Бұл туралы «Абай ақпарат» порталы хабарлайды.
Жыл соңындағы деректерге назар аударсақ, биыл Оңтүстiктiң диқандары мен шаруалары 300 миллиард теңгенiң өнiмiн өндiрсе, соның 182 миллиард теңгесi соңғы 3 айдың еншiсiнде екен. Соның ішінде тамшылатып суару әдiсi 11100 гектарға енгiзiлсе, осы бiраз уақыттың iшiнде 5,7 гектар алқапқа жылыжай салынған. Осылайша облыстағы жылыжайдың көлемi 1020 гектарға жеттi. Бұл республикадағы барлық жылыжайдың 87 пайызы Оңтүстiк Қазақстанда деген сөз.
Жалпы айтар болсақ, күз айында Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздегі дүкен сөрелеріне 9 мың тоннадан астам жеміс-жидек өнімдерін жеткізген. Сонымен қатар, Шардара су қоймасының жағасында жаңа туристік нысандар салынбақшы.
Аймақтың басты экономикалық даму бағыттары – ауыл шаруашылылығымен тікелей байланысты екенін айттық... Сондықтан да, келесі бесжылдықта бұл саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Біріншіден, суармалы жерлердің жағдайын жақсарту және жаңадан суармалы жерлерді айналымға қосу.
Екіншіден, фермерлерге төмен пайызбен берілетін несиелердің көлемі арттыру. Және олардың қолжетімдігі.
Үшіншіден, тағы бір өзекті мәселе – бұл заманауи техниканың тапшылығы. Шағын фермерлердің әрбірінің жеке трактор немесе комбайн алуға шамасы жете бермейді. Сондықтан, әрбір ауданда сол жердің ауылшаруашылығы саласының ерекшелігін ескеру керек. Ол үшін Машина-тракторлық станциялар (МТС) ашылмақ.
Төртіншіден, бүгінгі таңда ғылыми қолдаусыз ауылшаруашылығы саласында бәсекеге қабілетті бола алмайды. Ғылымның, жаңа технологияның көмегінсіз бұл саладағы бизнес дами қоймайды. Қажетті технология сақталмаса, жеріміз қысқа мерзімде жарамсыз болады. Өсімдікті қорғау, ветеринария салаларында алдын алу шаралары қабылданбаса, бір мезетте кәсіптен айырылып қалу мүмкін. Сол себепті, облысқа жаңа технологияларды тарту мақсатында арнайы орталық жұмыс істейтін болады. Әрбір ауданның ерекшеліктерін ескере отырып, Фермерлерге ғылыми-консультациялық қызмет көрсететін орталықтар ашылатын болады.
Бесінші бағыт – бұл әрбір ауданның потенциалы мен климаттық ерекшеліктері зерттеліп, жыл соңына дейін 2020 жылға дейінгі нақты индикаторлар бекітіледі. Әр ауданның басым бағыттары айқындалады деген сөз. Мәселен, таулы аудандарда интенсивті бау шаруашылығы қолға алынатын болады.
Абай ақпарат