Бәйдібек ауданында «Назарбаев» жеке кәсіпкерлігі бар
Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданында Назарбаев Мақсат Кеңесұлы басшылық жасайтын «Назарбаев» жеке кәсіпкерлігі бар. Асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысады. Өткен жылдың наурыз айында Астанадан сиырдың австралиялық Абердин-ангус асыл тұқымды түрінен 90 бас құнажын, ал желтоқсанда асыл тұқымды үш бұқа сатып алған Мақсат Назарбаев бұл етті сиырлардың жерсінуі оңай екенін айтады. Рас, кейбіреулер сиырларына жылдам салмақ қосу үшін үшін дәрі-дәрмек пайдаланатынын естіп жатамыз, ал Абердин-ангустерге оның қажеті жоқ. Табиғи түрде жылдам салмақ қосу мүмкіндігіне ие. Жергілікті бұқалар күніне 400-500 грамм салмақ қосса, бұлар күніне 1,5-2,5 келі аралығында салмағын ұлғайта алады. Генетикасы жақсы. Тағы бір ерекшелігі - бұзаулары анасынан кішкентай болып туылып, тез өседі. 40 градус аяз бен 35 градус ыстыққа шыдамды, әрі ауруға төзімді болып келеді.
- Мемлекеттен субсидия алдық, қайтарымы жақсы. Дегенмен, мал басын көбейтуге тағы біраз жәрдем керек. Егістік көлемі аз, бар болғаны 85 гектар. Құдайқаласа, тағы жер сұрап жатырмыз. Мемлекет осы жағынан қол ұшын созса, қалған шаруаны өзіміз айналдыра береміз. Жер сұрап, жергілікті атқарушы билікке, министрлікке хат жазғанмын, бірақ, әзірге шешімін таппай тұр. Негізі ереже бойынша 1 бас малға 6-7 гектар жайылым жер қажет. Сондай-ақ суармалы жеріміз болмаса, жем-шөпті сатып алуға тура келеді. Бұл бізге ешқандай пайда әкелмейді, - дейді жеке кәсіпкер Мақсат Кеңесұлы.
«Назарбаев» ЖК-да қазір 5 адам жұмыспен қамтылған. Жоспарда мал басын 2-3 мың басқа жеткізу бар. Мұндай жағдайда малшылар саны тағы артатын болады. Ал, құнажындардың басым бөлігі, дәлірек айтқанда 90 пайызға жуығы буаз екен. Бұйыртса, бұзаулап, мал басының саны екі есеге жуыққа артады деп күтілуде.
Abai.kz