Құрылысты бастау үшін рұқсатты қалай алады?
«Ашық әкімдік» жобасы аясында Оңтүстік Қазақстан облысында бірқатар шаруалар атқарылып, көптеген мәселелер оң шешімін тапты. Бұл туралы «rgmedia.kz» сайты хабарлайды.
Қысқаша айтсақ, ОҚО әкімдігінің ресми веб сайтында «Ашық әкімдік» бөлімі ашылып, онлайн конференциялар ұйымдастырылды. Ондағы сұрақ-жауаптар сол күйі өзгертілмей, оқырман тарапына ұсынылды. Кез-келген облыс тұрғыны веб сайтқа кіріп, бақылай алады. Әлеуметтік желілерде «Ашық әкімдік» жобасы аясында парақшалар ашылды. Онда атқарылған жұмыстар туралы ақпараттар жарияланды. Сонымен бірге, байланыс орталықтары, сенім телефондары қарқынды түрде жұмыс істей бастады. Бұл жайлы облыс тұрғындарына жан-жақты хабарланды. Осы уақытқа дейін облыс әкіміне «Ашық әкімдік» шеңберінде Әлия Сабырова есімді азамат былай деп сауал жолдады.
Сұрақ: Құрметті облыс әкімі! Біз үй салсақ ба деп жүр едік. Осыған байланысты құрылысты бастау үшін рұқсатты қалай аламыз?
Бұған облыс әкімі тарапынан былай жауап берілді: Құрметті Сабырова Әлия! Сіз көтеріп отырған мәселе өте орынды. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңына сәйкес, рұқсат берудің орнына 2013 жылдан бастап құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу басталғанға дейiн тапсырыс берушi мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын органдарға «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген тәртiппен құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асырудың басталғаны туралы хабар беруге мiндеттi етіп оңтайландырылды. Қазіргі кезде хабарлама беру Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 6 қаңтардағы №4 «Хабарламалар нысандарын және Мемлекеттік органдардың хабарламаларды қабылдау қағидаларын бекіту туралы, сондай-ақ хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды айқындау туралы» бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Сонымен қатар, хабарлама беруші хабарламаны электрондық немесе қағаз жүзінде тапсыруға құқығы бар.
Абай ақпарат