ОҚО-да 230 мүмкіндігі шектеулі азамат үйден шықпастан құжат рәсімдеген
"Ашық әкімдік" жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үйден шықпастан құжат толтырып, орталық қызметіне жүгіне алады. Жылдың басынан Оңтүстік Қазақстан облысында мүмкіндігі шектеулі 230 тұрғын мемлекеттік қызметтерді үйлерінен шықпастан алды. Облыс бойынша 275 мемлекеттік қызмет түрі үйге бара отырып көрсетілді.
Өтінімдердің басым бөлігі Түркістан, Кентау және Шымкент қалаларынан келіп түсті. Мамандардың айтуынша жалпы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 1, 2 топтағы 52 260 мүмкіндігі шектеулі азаматтар мемлекеттік қызметтерді үй жағдайында алу мүмкіндігіне ие екен. Мүгедектерге үй жағдайында қызмет көрсету мәселесі ХҚКО облыстық филиалының өкілдері және мүгедектерді оңалту орталығының өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстел барысында талқыланып, қолға алынған.
«Облыстағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыз мемлекеттік қызметтерді ешқандай тосқауылсыз алуына барлық мүмкіндіктерді қарастырудамыз. ХҚКО-ларға «кедергісіз» кіру үшін пандустар мен шақыру батырмалары орнатылған. 1, 2 – топтағы мүгедектерге үйлеріне барып, есту қабілеті нашар азаматтарға SMS көмегімен қызмет көрсетудеміз.Сонымен қатар, мүгедектердің компьютерлік сауатын ашып, көрсетілетін қызметті өз ыңғайына қарай пайдалана алуы үшін Электронды үкімет порталымен жұмыс істеуді үйретудеміз. Үйде көрсетілетін қызметтердің ішінде мекенжай анықтамалары, жылжымайтын мүлкінің жоқ/бар екендігі туралы анықтама, зейнетақы аударымдары туралы анықтамалар көп сұранымға ие. Сол сияқты мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж адамдарды есепке алу және кезекке қою, төлқұжаттар мен жеке куәліктер ресімдеу және тұрғылықты жері бойынша тіркеу сияқты қызметтерге де сұраныстар түседі.» - дейді «ХҚКО» РМК Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйіне барып қызмет көрсету, қызметін қадағалауға жауапты қызметкер Даурен Мауленов.
«ХҚКО- ның ұсынатын барлық мемлекеттік қызметтерін үйінен шықпай-ақ алу үшін «1414» бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалсаңыз болады. Осылайша сіз қажетті мемлекеттік қызметтер туралы кеңес алып, өзіңізге керекті мемлекеттік қызметке тапсырыс бере аласыз. Осыдан кейін ХҚКО қызметкерлері Сізге хабарласып, мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін қажетті құжаттар тізбесін ұсынады және бару үшін қолайлы уақытты белгілейді. Бұл үдеріс 72 жұмыс сағаты ішінде жүзеге асырылады.
Абай ақпарат