Оңтүстік – ырысты өңір
Оңтүстік Қазақстан облысы шаруаларының соңғы жылдары жерді тиімді игеріп, иесіз жерлерді кәдеге асырып, еңбек өнімділігін арттыра бастауы көңіл қуантады.
Жалпы ауылды реформалау басталғалы бері азаматтардың көзқарасы өзгеріп, олар нарықтық экономиканың жағдайларына көндіге бастады. Ауыл шаруашылығы өндірісі мәселелерін дербес шешетін нағыз жер иесі пайда болды. Өздерінің пайлары мен үлестерін алған жаңа меншік иелері дербес шаруа қожалықтарын құрып, қалауларымен өндірістік кооперативтерге, акционерлік қоғамдарға және түрлі серіктестіктерге бірікті. Нәтижесінде, 1999 жылдың аяғында бұрынғы 182 ұжымшар-кеңшар және мемлекеттік шаруашылықтар базасында жекеменшікке негізделген 20,0 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымы пайда болды. Бүгінгі күнге олардың саны 70,0 мыңнан асты. Бұл басқа өңірлерге қарағанда ең жоғары көрсеткіш. Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысы да астықты өңір ретінде Оңтүстік Қазақстан облысында жедел дамып жатқан ауыл шаруашылығы саласының тәжірибелерін өздеріне үлгі етуде.
Айта кетер жайт егін шаруашылығы бойынша жүргізілген жүйелі әртараптандырудың арқасында 1991 жылмен салыстырғанда майлы дақылдардың егіс көлемі 73,0 мың га, бақша 49,0 мың га, көкөніс 27,0 мың га, картоп 9,0 мың га артып, егіс көлемімен қатар алынған өнім көлемі де өңірде еселене түскен. 1991 жылы облыста 163,4 мың тонна көкөніс, 127,0 мың тонна бақша өнімдері, 50 мың тонна картоп өндірілсе, биылғы жылы 913,0 мың тонна көкөніс, 1379,0 мың тонна бақша дақылдары, 260,0 мың тонна картоп жиналды. Өңірдегі шаруалар да ел сенімін ақтағандарына дән риза!
Abai.kz