Облыста орын алған оң өзгерістер көп
Елбасы тапсырмасымен Оңтүстік Қазақстан облысында жүзге асқан «Ашық әкімдік» жобасы оң нәтижесін беруде. Бұл туралы «rgmedia.kz» сайты хабарлайды.
Аталған бағдарлама шеңберінде өңірімізде атқарылып жатқан қыруар тірлік онлайн түрде кеңінен насихатталып жатыр. Өңіріміздегі оң өзгерістер туралы нақты ақпараттарды онлайн режимде ОҚО әкімдігінің ресми сайтынан, түрлі әлеуметтік желідегі парақшаларынан біле аласыздар. ОҚО әкімдігінің Ontustik_derek атауымен тіркелген инстаграм желісіндегі ресми парақшасында өңіріміздегі ауыз суға қатысты атқарылған жұмыстар туралы ақпараттар берілді.
Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру үшін біз ең алдымен өңірлердегі коммуналдық мәселелерді оңтайлы шешуіміз қажет. Елбасы кезекті Жолдауында жаһандық дағдарыс, экономиканың дамуы мәселелеріне тоқталды. Бұл ретте біз алға қойған мақсаттарымызға жету үшін бірлесе қызмет атқаруымыз маңызды.
Мәселен, «Өңірлерді дамыту 2020 жылға» дейінгі бағдарламасына сәйкес облыс елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2015 жылы 31 ауыз су нысанының құрылысы жүріп, 13 нысанның құрылысы пайдалануға берілді. Ал қалған 18 нысанның құрылысы 2016 жылға өтпелі. Нәтижесінде облыс көлеміндегі 929 елді мекеннің 676-ы елді мекені яғни 72,8 % орталықтандырылған су құбырымен қамтамасыз етілді.
Ал 2016 жылы 28 сумен жабдықтау және су бұру нысандарын іске асыруға облыстық бюджеттен 6,9 млрд.теңге қарастырылып, су құбыры мүлдем жоқ 7 елді мекенге (5,6 мың халық) жаңа ауыз су құбырларының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 14 елді мекендегі (59,5 мың халық) тозығы жеткен ауыз су жүйелері жаңартылатын болады. Нәтижесінде, облыстағы 927 елді мекеніндегі 2,371 млн. адамды орталықтандырылған су құбырымен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Abai.kz