Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 2237 0 пікір 8 Желтоқсан, 2016 сағат 13:56

Бiз шикiзатқа тәуелдi емеспiз!

Немесе сатып алғаннан гөрi шетелге көбiрек тауар сатыппыз


Оңтүстiк Қазақстан облысында 2016 жылдың 9 айында өнеркәсiп саласында 574,2 млрд. теңгенiң өнiмi өндiрiлдi. Өткен жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырғанда нақты индекс көлемi 104,9 пайызға артты. Өнеркәсiптiң iшiндегi тау-кен өндiрiсiнде 171,6 млрд. теңгенiң өнiмi шығарылды. Жалпы, өнеркәсiптегi үлес салмағы 61,2 пайызға тең өңдеу саласында өндiрiлген өнiм көлемi 351,7 млрд. теңгеге жеттi. Аса маңызды өнiмдердiң iшiнде 22 092,1 мың шаршы метр мақта маталары, 13306 тонна мақта талшығы, 3748 мың тонна мұнай өнiмдерi, 1 946,8 мың тонна портландцемент және 779 млн. кВт/сағ. электр қуаты өндiрiлдi.

Оңтүстiк экономикасын құраушы басты сала ауыл шаруашылығы десек, бұл салада 319,6 млрд. теңгенiң өнiмi өндiрiлдi. Аграрлы өңiрде ауыл шаруашылығы өндiрiсi де жылдан-жылға артып келедi. Өткен жылғы және биылғы 9 айлық көрсеткiштердi салыстырғанда алынған өнiм көлемi 0,7 пайызға өскен. Қаңтар-қыркүйек аралығында тiрiдей салмақта 146,3 мың тонна ет, 565 мың тонна сүт, 232,3 млн. дана жұмыртқа өндiрiлдi. Бұл өнiмдердiң биылғы көлемi былтырғымен есептегенде анағұрлым көп. Төрт түлiк те жыл санап өсiп келедi. 2016 жылдың 1 қазанындағы мәлiметке сүйенсек, өңiрде 897,5 мың iрi қара, 3895,3 мың қой, 314,6 мың ешкi, 243,9 мың жылқы, 24,1 мың түйе және 2637,6 мың үй құсы бар. Тәуелсiздiктен кейiнгi алғашқы кезеңдерде ауыл шаруашылығының iшiнде егiн шаруашылығының үлесi басым болатын. Яғни өңiрде мал өнiмдерiнiң өндiрiсi күрт азайып кеттi. Бүгiнде жағдай бiршама тұрақталды. Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жүйелi жұмыстардың нәтижесiнде бұл салада iлгерiлеушiлiк пайда болды. Қазiргi таңда егiн мен мал шаруашылығының арақатынасы онша алыс емес. Мәселен, 2016 жылдың 9 айында диқандар тапқан табыс 168,6 млрд. теңгенi құраса, мал баққан шаруалар 150,3 млрд. теңге пайда түсiрдi.

2016 жылғы 1 қазандағы статистикалық есеп бойынша облыста тiркелген шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң саны 178,5 мың адамды құрады. Ал, шағын және орта бизнесте тер төгiп, нанын жеп жүргендер саны 329,3 адамға жеттi. Тауар өндiру, қызмет көрсету саласын қосқанда шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерi 6 айда 334,5 млрд. теңгенiң өнiмiн шығарып, пайда тапты.

Облыс экономикасын өркендетуге 9 айда 240,8 млрд. теңге инвестиция жұмсалды. Осы инвестициялық қаржының негiзгi көлемi, яғни 160,4 млрд. теңге шағын кәсiпорындардың жұмысын жандандыруға бағытталды. Өңiрде 152,3 млрд. теңгенiң құрылыс жұмыстары жүргiзiлдi. Тұрғын үй құрылысын дамытуға 23 млрд. теңге инвестиция салынды. Тоғыз айда 385,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлдi. Салынған үйлер көлемi өткен жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырған 110 пайызға өскен.

Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз аралығында облыстың сыртқы сауда айналымы 1 496,8 млн. АҚШ долларын құрады. Оның iшiнде экспорттың үлесi 788,5 млн. доллар болса, қалған 708,3 млн. доллар импорттың еншiсiнде. Көрiп отырғанымыздай, шетелден зат сатып алудан гөрi көбiрек сыртқа тауар жөнелтiппiз. Бұл, әлбетте, өңiр экономикасының бәсекеге қабiлеттiлiгiн көрсетедi.

Жалпы, Оңтүстiк экономикасы шикiзатқа тәуелдi емес. Сондықтан шикiзат бағаларының құбылуы республиканың кейбiр өңiрлерi секiлдi бiздiң облысқа оншалықты әсер ете қоймайды. Осының арқасында қаржылық қиындықтарға қарамастан өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуы үздiксiз жалғасып келедi. Өйткенi, бiздiң өңiрде шағын және орта кәсiпкерлер өте белсендi iс атқаруда және өңдеушi, жаңа тауар шығарушы кәсiпорындар саны жыл өткен сайын арта түсуде.

2016 жылдың 1 қазанындағы мәлiмет бойынша мемлекеттiк бюджетке 225,1 млрд. теңге салықтық және басқа да түсiмдер түскен. Бұл бюджеттiк табыстың 144,9 млрд. теңгесi республикалық қазынаға, қалған 80,2 млрд. теңгесi жергiлiктi бюджетке тиесiлi.

Abai.kz


0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5523