Жұма, 27 Қыркүйек 2024
Қоғам 4242 0 пікір 8 Желтоқсан, 2016 сағат 13:55

Отандық сүт өндiрiсiн өркендетемiз десек...

2016 жылдың 1 қыркүйегiндегi есеп бойынша облыстағы шаруашылықтардың барлық санатында 921434 iрi қара тiркелдi. Санды нақтылай түссек, осыншама iрi қараның 26,6 мыңы ауыл шаруашылығы кәсiпорындарының, 64,9 мыңы шаруа және фермерлiк қожалықтарының, ал, қалған 829 мыңы халықтың үлесiне тиесiлi.

Облыста жылына 110 мың тонна ет өндiрiледi. Оның 48 мың тоннасы – сиыр етi. Бiр адамға еттен жылдық қажеттiлiк 38 келiнi, соның iшiнде iрi қара мал етi 15,5 келiнi құрайды. Бiзде жылына 2840 мың адам 44 мың тонна iрi қара мал етiн тұтынады. Биыл 107 тонна ет шетелге экспортталды. Келешекте экспорт көлемiн 2 мың тоннаға дейiн жеткiзу көзделуде.

Мемлекеттiк бағдарлама шеңберiнде 2014-2015 жылдары 9999 жоба iске асырылды. Осылардың iшiнде 4,8 мың жобаны жүзеге асыруға 12,2 млрд. теңге жұмсалды. Бұл жобалардың арқасында 8102 шағын мал бордақылау алаңы, 1768 отбасылық сүт фермасы, 104 сүт қабылдау бекетi, 25 СТК құрылды. Нәтижесiнде 12,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылып, 63,3 мың тонна ет, 68,1 мың тонна сүт өндiрiлуде. Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында қосымша 1999 мал бордақылау алаңы, 517 отбасылық сүт фермасы ашылды. Шаруашылықтың барлық санатында 508394 мың тонна сүт өндiрiлдi.

Облысқа жылына 738,4 мың тонна сүт және сүт өнiмдерi қажет болса, бүгiнгi таңда бұл өнiмдерден нақты өндiрiлетiнi – 710,6 мың тонна. Яғни, сұраныстың 96 пайызын өзiмiз жауып отырмыз. Өңiрде iрi, орта және шағын сүт өндiрушi 61 агроқұрылым жұмыс iстеуде. Соның iшiнде iрiлерi – алтау. Арыс қаласында орналасқан «Қазына жер LTD» ЖШС 2013 жылы Канададан 389 Голштин тұқымды сүттi iрi қара мал сатып алады. Бүгiнде мал саны 890 басқа жеттi. Оның 670-i – аналық. Әр сауын сиырдан орташа 25 литрден сүт алынуда. Венгриядан дәл осы тұқымдас 272 сиыр сатып алған Ордабасы ауданындағы «Бөрте Милка» ЖШС жаңа технология бойынша әр сиырдан орта есеппен 30 литрден сүт алуда. Сол секiлдi сарыағаштық «Фирма Сәкен» ЖШС-нiң Голштин тұқымды 510 сиырының әрбiрi 26 литрден сүт беруде. Ал, Сайрамдағы «Гүлжәмила» ЖШС, Түлкiбастағы «Дос би» ЖШС және Төлеби ауданындағы «Атамекен НАН» ЖШС-iнде әрбiр сауын сиырдан сауылатын сүт мөлшерi орта есеппен – 15 литр.

 300-дей сауын сиыр ұстайтын орташа сүт фермаларынан «Олжа Құрбанов» ӨК, «Нурамидин ата» ШҚ, «Манкент-Строй» ШҚ, «Узбекова» ШҚ және «Ақ алтын береке» ЖШС-iн атауға болады. Бұл шаруашылықтарда әр сиырдан алынатын сүттiң көлемi 10-12 литрдi құрайды. Облыста сиыр саны 50-100-ге дейiн жететiн 50 шағын сүт фермасы бар. «Мал шаруашылығын дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған iс-шаралар жоспары» аясында өңiрде отбасылық сүт аулалары құрылған. Бүгiнде олардың саны 1762-ге жеттi. Осы шаруашылықтарда 14 мың сиыр бағылуда. Деректер бойынша отбасылық сүт аулалары арқылы 35 мың тонна сүт өндiрiлген.

Жоғарыда аталған iрi, орта және шағын сүт фермаларында өндiрiлген сүттiң әрбiр келiсiне 10 теңгеден субсидия төлендi. Ал, биыл «Қазына жер LTD» ЖШС-не ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң субсидиялау туралы ережесi мен талаптарына сәйкес өндiрген әрбiр сүттiң литрiне 25 теңгеден субсидия берiлдi.

Осы ретте сүт өндiру мәселесiне қатысты бiрнеше ұсынысым бар. Алдымен айтарым, сүтке төленетiн 10 теңге субсидия шаруалардың шығынын толық өтей алмайды. Ұсынысқа келер болсам, негiзiнде iрi қараның аналығына тұқымдық түрлендiру мақсатында селекциялық жұмыстар жүргiзгендерге субсидия төленедi. Алайда, оның көлемiн қазiргi 18 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейiн көтеру қажет. Сонда ғана мал тұқымының сапасы жақсара түседi деген сенiмдемiн. Бүгiнде 30464 асыл тұқымды iрi қара мемлекеттiк тiркеуге алынған. Оның 2645-i – сүттi, 3983-i – еттi iрi қара.

Генетикалық тәсiлдердi ұтымды пайдаланудың арқасында соңғы уақытта жергiлiктi iрi қараның тұқымдық қасиетi жоғарылап, сүт өнiмдiлiгi артты. Асыл тұқымды мал өсiру мен азықтандыру iсi де жақсара түстi. Бұрын шетелден әкелiнген асыл тұқымды малға құнарлы жемшөп дұрыс дайындалмайтын, бақташылар тапшы болатын. Осындай кемшiлiктердiң салдарынан ет, сүт бойынша олардың өнiмдiлiгi күрт төмендеп кеттi. Алайда, уақытында қолға алынған iс-шаралардың арқасында бүгiнде жағдай бiршама оңалып қалды. Десек те, алдағы уақытта әлгiндей олқылықтар қайта орын алмауы үшiн iрi қараның азықтық сапасын арттыру, асыл тұқымдық селекциялық жұмыстарды жақсарту, заманауи құрал-жабдықтар мен техникаларды қолдану және малды зоотехникалық талаптарға сай күтiп-бағу керек.

Адамның күнделiктi тағамдық рационында сүт өнiмдерi маңызды орын алады. Жоғарыда айтқанымыздай, сүт өндiрiсi облыста қарқынды даму үстiнде. Әйткенмен, саланың өркендеуiне кедергi болып отырған жәйттер де жоқ емес. Солардың бiрсыпырасына тоқталып өтсек, олар ұйымдастыру және басқару жұмыстарының әлсiздiгi, мамандардың, әсiресе, жас кадрлардың тапшылығы, өндiрiстiк жер ресурстарының жеткiлiксiздiгi, жемшөп қорының әлсiздiгi, техниканың ескiлiгi және жаңа технологияларды қолдану деңгейiнiң төмендiгi дер едiм. Сонымен қатар, инвестицияның тиiстi мөлшерде тартылмауы және отандық тауарларды насихаттауда белсендiлiктiң төмендiгi де көп iске қолбайлау болып отыр.

Abai.kz

0 пікір