Сенбі, 23 Қараша 2024
Міне, әңгіме! 3825 0 пікір 7 Желтоқсан, 2016 сағат 16:24

СӘНДІ АЯҚКИІМ...СӘТІМЕН ІСКЕ ҚОСЫЛҒАН КӘСІПОРЫН

Кеше Жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы сәнді аяқкиім шығаратын «Казлегпром-Алматы» ЖШС-ның жаңа өндірісін іске қосты.

Республика көлемінде өткен Индустрияландыру күніне арналған телекөпір барысында Мемлекет басшысы бірқатар жаңа өндіріс орындарын іске қосқан болатын.

Аталған шара аясында мемлекет басшысы еліміздің ең ірі мегаполисі саналатын Алматы қаласында да бірсыпыра өндіріс орындарының жұмысымен танысты.

«Казлегпром-Алматы» ЖШС-ның қазақстандық және шетелдік сауда нарығындағы модельді аяқкиімдер шығаруда қарқынды дамып келе жатқаны туралы баяндаған өндіріс басшылығы, Елбасының рұқсатымен жаңа өндірісті іске қосты.

Кәсіпорын бүгінгі таңда 450-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.  Бұл зауыт қызметкерлерінің саны алғашқы кезеңдермен салыстырғанда 15 есеге артқандығын көрсетеді. Сәйкесінше өндіріс көлемі де 7  есеге ұлғайған. Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде кәсіпорын басшысы Айбек Бектұрғанов осы жайттерді мәлім етті.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты - жылына 1,5 миллионға дейін тігін бұйымдары мен 500 000 жұп аяқкиім шығаруға жетеді екен. Бұл қазақстандық үлестің 84%-ын құрайды.

Елбасының тікелей тапсырмасымен елімізде индустриалды-инновациялық даму қарқынды жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, кәсібінен нәсіп тауып, бір қауым жұртты жұмыспен қамтуға ниетті азаматтарға Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар да аз емес. Мысалы, үстіміздегі жылы аталған кәсіпорын модельді аяқкиімдер шығаруға арналған құны 300 миллион теңгені құрайтын жаңа қондырғылармен қамтамасыз етілген.

Тиісінше, 70 жаңа жұмыс орны құрылған.

Осы жаңа желінің өндірістік қуаты жылына айналымы 2,5 млрд. теңге болатын 150 000 жұп аяқкиім шығарады. Аталған кәсіпорында жылдың әр маумысына арналған ерлер аяқкиімінің 75-тен астам түрі өндіріледі екен.

«Өткен жылы бізге қолдау білдіріп, «Казлегпром-Алматы» ЖШС-нің тігін – аяқкиім фабрикасында болдыңыз. Биыл Сіздің тапсырмаңыз бойынша, аяқкиім өндірісін модернизациялап, жаңа итальяндық қондырғылар сатып алдық. Бұл жобаны іске асыру барысында нарыққа импорттық аяқкиімдерді алмастыратын өнімдер шығаратын боламыз. Сіздің отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға деген жеке қолдауыңызға және елді индустрияландыру жөніндегі салиқалы саясатыңызға ұжым атынан алғысымызды білдеріміз», - деді Мемлекет басшысы алдында сөз сөйлеген кәсіпорын басшысы А.Бектұрғанов.

Айта кетейік, «Казлегпром-Алматы» ЖШС Қазақстанның жеңіл өнеркәсібіндегі ірі жоғары технологиялы өндіріс орындарының бірі болып табылады. Қазіргі кезде фабрика Алматы мен Алматы облысындағы ірі жұмыс берушілер қатарында. «Казлегпром-Алматы» ЖШС жанында 2014 жылдан бері қарай «Шебер» өндірістік оқу орталығы жұмыс істейді. Мұнда дуальды технология бойынша тігін және аяқкиім фабрикаларының жұмысшылары арнайы дайындалып, 7 бағдарлама бойынша дәріс алып, фабрикаға және өзге жерлерге жұмысқа орналасады. «Шебер» оқу орны тігін және аяқкиім саласының 300 –ден астам мамандарын даярлап шығарды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502