Қимылдаған қыр асады
Қазiргi заманда жұмыс iстеймiн деген адамның екi қолына бiр күрек табылады. Өйткенi, жұмыссыз азаматтарға мемлекет үлкен қамқорлық танытуда. Кепiлге қоятын жылжымайтын мүлкiңiз болса несиеге төменгi пайызбен қаражат бередi. Бұл жөнiнде бұған дейiн де газет бетiнде жазылған болатын.
Айта кетейiк, 2016 жылы «Ырыс» МҚҰ» ЖШС арқылы Төлеби ауданында жалпы сомасы 143 млн. теңгеге 45 жоба мақұлданды. Оның iшiнде 38 жоба 138,6 млн. теңгеге қаржыландырылды. Мал басын көбейтумен, бордақылаумен айналысуға бел буып, аталған ұйымнан 2014 жылы 3 млн. теңге несие алған Төлеби ауданы, Қоғалы ауыл округiне қарасты Ұзынарық ауылының тұрғыны Мықтыбек Оспанов (суретте) арнайы «Үздiк жоба» номинациясын иелендi.
– Бастапқыда 17 жылқы алып, кәсiпкерлiктi бастадым. Iсiм өрге басты. Бүгiнгi таңда иелiгiмде 10 сауын бие, 15 бордақыланатын жылқым бар. Етiн, қымызын өткiзiп, отбасымызбен ырыздығымызды тауып отырмыз, – дейдi кәсiпкер.
Ауылына жолдары түсiп келiп қалған «Ырыс» микроқаржы ұйымының қызметкерлерiне несие жөнiндегi өз ұсынысын жеткiздi.
– Несиенiң өтеу мерзiмiн сәл ұзартып, пайызын төмендетсе болар едi. Себебi, алты ай сайын төлемақы жасау кәсiптi ендi қолға алған шаруаға оңай тимейдi. Оны бiр жыл мерзiмге дейiн ұзартса тiрлiгiмiздi дамытуға, кәсiбiмiздi кеңейтуге мүмкiндiк берер едi, – дейдi ол.
М.Оспанов жылқыларды сонау Ресейден алдырыпты. Өзiнiң тоғыз гектар жоңышқа және бидай егетiн жерi бар. Соның арқасында жем-шөбiн де ерте бастан қамдап қойған. Келiншегi Зарина биелердi әр екi сағат сайын сауып, екi күнде 45-50 литрдей қымызды ауылдағы саудагерлерге өткiзедi.
Ал, Қорған ауылының тұрғыны Тұрсұмбай Зайтенов 5 млн. теңге несиеге 10 жылқы, 10 бұқа, 5 сауын сиыр және 30 тауық сатып алып, кәсiпкерлiгiн өрiстетiп отыр. Ауыл тұрғындарын арзан етпен, сүтпен қамтамасыз етiп отырғандығының арқасында «Ырыс» МҚҰ-ның «Үздiк жоба» марапатына ие болды. Мал бағып, оның өнiмi арқылы тұрмысын түзеген жанның бастамасын ауылдастары да құптауда.
«Қимылдаған қыр асады» деген қағиданы ұстанған жандар осылайша кәсiбiнiң нәсiбiн көрiп отыр.
Abai.kz