Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәселенің мәні 4101 0 пікір 5 Желтоқсан, 2016 сағат 09:54

ШЫМКЕНТ-ТАШКЕНТ ТАС ЖОЛЫ – АЖАЛ ЖОЛЫ

Бірнеше жылдан бері жөндеуі бітпей қойған осы тас жолда талай көліктер бетпе-бет соғысып, талай адамдар қансырап жатыр. Жергілікті халықтың жол жөндеушілерге деген өкпе-реніші көп. Қайсыбір жылы жолды салудың мерзімін ұзарта түсу үшін «әбжылан табылды» деп аңыз шығарғандарын да, соның салдарынан жергілікті халық жолды одан әрі салуға қарсылық танытуда-мыс деген өсек-аяңды да ұмытқан жоқ. Халықтан сұрай қалсаңыз, «қайдағы әбжылан, жол жөндеушілердің өздерін ақтау үшін жоқтан ойлап тапқан сылтауының түрі ғой» деп ызыланады.

«Жол жөндейміз» деген сылтаумен халық қазынасының миллиардтаған теңгелерін кеміріп, жылдар бойы жұмысын созып аяқтамай отыруларына не себеп?! Баяғы жемқорлық! Одан басқа түк те емес! Қазір Аллаға тәубә, басшылық ауысты. Бұрынғыларға сын айтуға аулақпыз. Десек те, жаңа әкімнен халық Шымкент-Ташкент тас жолын салуды сағызша созбай, тез бітіруін сұрайды. Құрылысы аяқталған жолдың өзінде айқұш-ұйқыш жөнсіз жол сызықтары рульде отырған жүргізушіні шатастырып бітеді. Қала берді әр-әр жерден қоршалып жөндеуді жалғастырып жатқаны жүргізушілер үшін аса қолайсыз. Жоғары жылдамдықта келе жатып қалтарыстан шыға келген мұндай қоршаулар апатқа ұшыратуы әбден мүмкін. Ал трассада көліктер кемі сағатына 100-120 км жылдамдықпен жүреді. Бұл заңды нәрсе, Шымкент-Ташкент тас жолы, көліктің шамасы жетсе, сағатына 200 км жылдамдықпен де жүруге жарамды болуға тиіс. Алайда оған күмәніміз бар. Жолдың сапасы жүргізушілерге мұндай мүмкіндік бермейтін сыңайы бар. Қай мезгілде өтсеңіз де бұл тас жолда көлік апатына жолығасыз, себебі көлік жүргізушілерінің мұқият болмауында дерсіз, ал ақиқатында жолдың жағдайы осы мұқият болуға мүмкіндік бермеуі дер едім. Себебі, жоғарыда айтылғандай жүргізушіні шатастыратын бей-берекет сызықтар бар.

Мұндай сызықтармен түнде жүру аса қауіпті. Түнде көлік жүргізушы бағытты осы сызықтарға қарап алатынын ескерсек, онда ол міндетті түрде жол жиегінен шығып апатқа ұшырайды. Түнді былай қойып, күндіздің өзінде кедергі жасайтын әр жерден қоршап алып жолды жөндеу шаралары жоғары жылдамдықпен келе жатқан көліктің тежегішін тез басуға итермелейді. Бірден басқан тежегіш көліктің аяғын аспаннан келтіруі ғажап емес. Әсіресе бірін бірі басып озуға тырысқан уақытта апатқа ұшырайтындар көп. Жол тым тар. Соның салдарынан бетпе бет келген көліктер қайда қашарын білмей қақтығысып жатыр. Бір жақтама болуға тиіс жолдың өзі де кемі үш жолақты болса, мұндай қатерден қашуға болар еді. Айтып айтпай не керек құрылысы сағыздай созылған Шымкент-Ташкент тас жолындағы олқылықтар тым көп. Оларды қадағалап, көз қырын салатын кім бар деп ел де алаңдаулы. Әр істің басында бір басшы болары сөзсіз. Сол басшының елдің алдында жауап берер сөзі болуы керек шығар. Сіздерден соны күтеміз. Осы тас жолды ажал жолына айдалдырмай тезірек бітірсеңіздер, біткен істе кемшіліктер болмаса деп сұраймыз.

Гүлжан Ізтай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408