Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті
Тұңғыш Президент күні мен еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл: Нәтижелер. Жетістіктер. Келешек көкжиегі» атты халықаралық конференция кеше Астанада сәтімен өтті, - деп хабарлайды "Егемен Қазақстан" басылымы. Қазақстан, Ресей, Түркия, Финляндия және өзге де елдердің парламент депутаттары, министрліктер өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар қатысқан мұндай ауқымды шараны Парламент Мәжілісі мен Сыртқы істер министрлігі бірлесе ұйымдастырған болатын.
Конференцияны Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев жүргізіп отырды. Алдымен сөз алған Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин қазақстандық парламентаризмді қалыптастыру жолындағы Елбасының рөлін ерекше атап көрсетті. «Біз 25 жылдың ішінде барлық қиындықты жеңіп, дамыған 50 елдің қатарына кірдік. Бұл – шынында тарихи жеңіс. Бұл – Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының, батыл қадамдарының, тарихи шешімдерінің жеңісі. Сондықтан 25 жылдық биік белестер – еліміз үшін, халқымыз үшін жарқын болашаққа жол ашып отыр», деді Нұрлан Зайроллаұлы ағынан жарылып. Спикердің атап өткеніндей, Мемлекет басшысының жоғары беделі мен теңгерімді сыртқы саясаты тұрғындарының саны 3 миллиардтан астам адамды құрайтын 24 елді біріктірген Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) кеңеюіне мүмкіндік берді.
Және де Тәуелсіз Қазақстан тарихында орын алатын көптеген маңызды шаралардың Парламент қабырғасында өткендігіне назар аудартып, солардың қатарында Қазақстан астанасын көшіру, Елбасы ұсынысы бойынша бүгінгі күні Кеден одағы және Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуымен жүзеге асқан еуразиялық интеграция идеялары бар екендігін қаперге салды.
Сондай-ақ, үстіміздегі жылы Қазақстан ЕАЭО-ға төрағалық етуде, деді Мәжіліс Төрағасы. Осыған байланысты Елбасының бастамасымен 2016 жыл «ЕАЭО-ның үшінші елдермен және маңызды интеграциялық бірлестіктермен экономикалық қатынастарды тереңдету жылы» деп жарияланғаны да аталмай қалмады. Еліміз халықаралық беделінің жоғары екендігін Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшелігіне сайлануы мысал бола алады. Қауіпсіздік Кеңесінің тарихында Орталық Азиядан сайланған алғашқы мемлекет және еліміз аталған халықаралық белді ұйымның назарын осы өңірдің қауіпсіздігі мәселесіне аударуға берілген мүмкіндік те. «Біздің ең басты идеямыз – Орталық Азия өңірін «бейбітшілік, ынтымақтастық және қауіпсіздік аймағына» айналдыру. Біздің өңірлік тәжірибеміз, сондай-ақ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК сияқты ірі халықаралық ұйымдардағы төрағалығымыз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі күн тәртібінде тұрған өмірлік маңызы бар бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін шешуде пайдасы тиетінінен үміттенеміз», деді Н.Нығматулин сөзін сабақтай түсіп. Мәжіліс Төрағасы реті келгенде Мемлекет басшысының тікелей қатысуымен ұлттық экономиканың тұрақты дамуы үшін құқықтық база жасалғандығын жеткізді. Қазақстан посткеңестік кеңістікте бірінші болып «Шетелдік инвестициялар туралы» Заңды және «Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы» Заңды қабылдағандығы бұған жарқын дәлел. Қайта құрылымдау нәтижесінде Қазақстан әлемдегі орнықты дамып отырған үштіктің құрамына кірсе, ал тартымды бола түскен қазақстандық экономикаға 25 жылдың ішінде 260 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Қазіргі таңда Қазақстан тікелей инвестицияның жалпы көлемі жөнінен ТМД елдері ішінде Ресей Федерациясынан кейінгі екінші орында. Н.Нығматулин келесі жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін де тілге тиек етті. Спикердің пайымынша, көрме әлемдік энергетика саласында инновациялар мен «жасыл экономиканы» дамытуға қуатты серпін беруі тиіс. Толықтай алғанда, Қазақстан ең жоғары құндылығы адам, оның құқығы мен бостандығы болып табылатын азаматтарын нақты әлеуметтік қолдайтын және демократиясы дамыған, экономикалық қуатты, зайырлы, құқықтық мемлекет құрып келеді.
Бұдан кейін сөйлеген еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов бір кездері көп ұлтты, оның үстіне экологиялық проблемалары ауыртпалық салып отырған, не теңізге шыға алмайтын, оның үстіне қуатты елдермен қоршалған Қазақстанның тәуелсіздігіне төніп тұрған қауіп көп деп түсінік қалыптасқан кездер болғандығына назар аудартты. Осыған қарамай, еліміз табиғи байлықтарын дұрыс пайдалана отырып, экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыра білді. 90-шы жылдары көптеген проблемалар орын алса да, Қазақстан ішкі жағдайға тұйықталып қалмай, мемлекет пен ұлтты дамытуға қолайлы орта қалыптастыру үшін сыртқы саясатпен де белсенді айналыса бастады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың экономиканы дамыту және қоғамды демократияландыру жолында елімізді қалай бәсекеге қабілетті ету жайын анық білгендігін, сыртқы әлеммен ашықтыққа құрылған алыс және жақын шетелдермен өзара тиімді әрі өзара құрметке құрылған теңгерімді сыртқы саясат моделін қабылдау керектігін, екіншіден, жауапкершілігі бар әрі сенімді әлем азаматы ретінде жаһандық прогресс пен қауіпсіздікке ықпал ету жағын да қарастырғандығын ортаға салды.
Ерлан Ыдырысов Тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жыл ішінде еліміз Батыс пен Шығыстың арасын жалғаған географиялық, экономикалық және саяси көпір рөлін шынайы атқара білгендігін қаперге салды. Енді бұл көпірдің жұмыс істеуі жолында еліміз барын салып келеді. Сондай-ақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық арсеналдан бас тартуы батыл да дана шешім болғандығын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Семей полигонындағы ондаған жылдар бойғы жүргізілген ядролық сынақтар біздің ұлтымызды және Президентті, Қазақстанды, Орталық Азияны, тіпті әлемді ядролық қарудан арылтуды жақтайтындардың қатарынан табылуына өзіндік оң ықпалын тигізген. Еліміз тек ядролық арсеналдарын өткізіп қана берген жоқ, сонымен қатар, Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймаққа айналдыру және таратпау жолында да тер төгіп келеді. Елбасының үстіміздегі жылы жария еткен «Әлем. XXI ғасыр» манифесі Қазақстанның бейбітшілік ұстанымын көрсетіп қана қоймай, онда 2045 жылға қарай жұмыр жерде тыныштық орнауы үшін әлемді ядролық қарудан арылту жөніндегі нақты жоспар қамтылған. Жалпы, Қазақстан көптеген халықаралық бастамалар көтеріп келеді.
Сондай-ақ, халықаралық конференция барысында Ресей Федерациясының Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасы төрағасының орынбасары В.Васильев, Түрік Республикасының Ұлы Ұлттық Жиыны Төрағасының орынбасары М.Хамзачеби, Финляндия Республикасы Парламенті төрағасының бірінші орынбасары М.Пеккаринен, Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша арнайы уәкілі (Бельгия) П.Буриан, Дж.Хопкинс Университетінің Орталық Азия және Кавказ бойынша институтының төрағасы (АҚШ) Ф.Старр сөз сөйледі.
Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасы Төрағасының орынбасары Владимир Васильев өз сөзінде Қазақстан бүгінгі таңда халықаралық қоғамдастық лидерлерінің бірі екендігін ерекше атады. Шешен Қазақстан мен Ресей тату тұрып жатқан көршілердей экономикалық, әлеуметтік даму сияқты ауқымды мәселелерді шешуде бірге жол тауып келе жатқандығын, кез келген ауыртпалықтарды бірге еңсеріп, қарым-қатынастар стратегиялық әріптестік деңгейінде қалыптасып отырғандығын жеткізді. Оның үстіне екі ел арасындағы өзара түсіністіктің жаңа деңгейге көтерілгендігіне 2014 жылы күшіне енген ХХІ ғасырдағы ынтымақтастық пен тату көршілік қатынастар туралы келісім дәлел бола алады.
В.Васильев сөз орайы келгенде Қазақстан тәуелсіздігін алған 25 жылдың ішінде қазіргі заманғы жаһандық проблемалар мен қауіпсіздік және посткеңестік кеңістікті құруға қатысты сыртқы саясатта белсенді бастамалар көтеріп келе жатқандығын да алға тартты. «Қазақстанның жетістіктері халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы да сондықтан. Бұл ретте Ресей мен Қазақстан қазіргі әлемдегі көптеген проблемаларын шешуде өз ұстанымдарын үйлестіріп отырады. Біз өмір алдымызға қойып отырған барлық мәселелерде өзара ымыралы шешімдер қабылдаймыз», деді ресейлік мейман.
Келесі сөзді Түрік Республикасы Ұлы Ұлттық Жиыны Төрағасының орынбасары Мехмет Хамзачеби алды. «Н.Назарбаевтың көшбасшылығымен Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алған 25 жыл ішінде айтарлықтай табыстарға қол жеткізуі үлкен ерлік болды. Түркия әрқашанда өз достарын қолдайды және көмек қолын да созуда. Қазақстанның алғаш тәуелсіздігін алған күнінен басталатын арадағы достығымыз тамыры тереңге кеткен ортақ тарихымыз бен мәдени құндылықтарымыздан бастау алады», деді Мехмет Хамзачеби мырза.
Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған елдің өкілі ретінде М.Хамзачеби 2012 жылы жоғары деңгейде Стратегиялық ынтымақтастық кеңесі құрылғандығын тілге тиек ете келіп, елдер арасындағы қарым-қатынастар стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгендігін паш етті. Қазақстанның халықаралық деңгейде тиімді саясат жүргізіп келе жатқандығын ауызға алған мәртебелі мейман оның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне қабылдануы соның жарқын мысалы екендігін алға тартты. Әсіресе, еліміздің ядролық қаруды таратпау, терроризм мен экстремизмге қарсы күресін оң бағалап, Түркия бұл бағытта қолдау білдіре беретіндігін жеткізді. Түркияның ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің нәтижелі өтуіне қолдау білдіретіндігін айтқан М.Хамзачеби екі ел арасындағы байланыстар арта беретіндігіне сендірді.
Финляндия Республикасы Парламенті Төрағасының бірінші орынбасары Маури Пеккаринен кезі келгенде Қазақстанның экономикалық дамуы айтарлықтай жедел әрі таңқаларлық болды. Қазақстан көптеген минералды ресурстары болғанымен де, өзге де секторларды дамыта білді. Қазақстан өңірдегі көршілерімен жақсы қарым-қатынас орната білген маңызды ойыншыға айналды. Сонымен қатар, Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде Еуропалық одақпен маңызды әріптес ретінде жақсы байланыс орнатты. БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелігіне сайлау және ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуді сеніп тапсыру Қазақстанды мойындау дегенді білдіреді. Осы маңызды екі оқиғамен де Қазақстан келесі жылы кеңінен әлемге танылып, тіпті, орталығына айналмақ. Финляндия тұрғындары фин басшысына сыйға тартылған жылқыдан кейін атқа мінуге деген әуестіктері оянды. Сондықтан да екіжақты қарым-қатынастар тек сый берумен ғана шектеліп қалмай, білім беру саласы мен технологияларды дамытуда да, инвестиция мен саудада да жалғасын тауып келе жатыр. Фин компаниялары ЭКСПО-ның нәтижелі өтуіне өзіндік үлестерін қосады. Адамдар мен компаниялардың арасындағы ынтымақтастық тікелей әуе рейстердің ұша бастауымен де белсенді бола түспек, деді финляндиялық мейман.
2015 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаны мәлім. Бұл ретте ЕО-ның Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Буриан Питердің мінберге көтеріліп, қысқаша баяндама жасауы алқалы жиынға қатысушылар тарапынан жылы қабылданды. Б.Питер өз кезегінде қысқа уақыт ішінде Қазақстанның толайым табыстарға қол жеткізгендігін атай келіп, оның өңірлік және жаһандық деңгейде бейбітшілік пен тұрақтылыққа үлес қосып келе жатқан маңызды елдердің біріне айналғандығын жеткізді. Мұндай қадамдар Қазақстан мен ЕО арасындағы ортақ құндылықтарға құрылған және халықаралық міндеттемелерге негізделген достық қарым-қатынастардың және ыңтымақтастықтың кеңейе беруіне өзіндік оң ықпалын тигізуде. Еуропалық одақ Қазақстанның экономикалық дамыған елдер қатарына қосылуын қолдайтындығын білдірген арнайы өкіл алда көптеген қиындықтардың тұрғандығын да қаперге алды. Бұл тұрғыдан келгенде нақты мақсаттарға қол жеткізу жолындағы Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары дұрыс шешім болған. Сондықтан да ЕО өз тәжірибесі мен технологияларымен бөлісуге әзір, деген Б.Питер ЭКСПО-2017 көрмесі қазақстандық және еуропалық компаниялар мен ғылыми институттар арасындағы әріптестікті дамытуға серпін беруі тиіс деген ойымен қорытындылады сөзін.
Халықаралық жиында Дж.Хопкинс Университетінің Орталық Азия және Кавказ жөніндегі институтының төрағасы Старр Фредерик «Қазақстан 2041: келесі 25 жылғы дамуының бағдары» атты қысқаша баяндама жасады. Америкалық ғалым бұл ретте қағазына да қарамастан сөйледі. Оның пайымынша, Қазақстан жетістіктерге жетуі үшін ең алдымен экономикасын әртараптандыруы қажет. Әсіресе, ауыл шаруашылығына ерекше ден қойған орынды. Астана халықаралық қаржы орталығын құру жобасы батыл қадам екендігін, алайда шағын және орта кәсіпкерлерді қолдау назардан тыс қалмауы тиістігін де алға тартты. Ғалым өзінің ойын «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында орын тепкен сауда орындарының иесі қазақстандықтар болуы тиістігі тұрғысындағы пайымымен нықтады. Орайы келгенде, ол Қазақстан үшін өте күшті қоғам мен мемлекет құрудың уақыт талабы екендігін ескертті.
Пленарлық отырыстан кейін конференция жұмысы «Қазақстандағы экономикалық және саяси реформалардың негізгі қорытындылары»; «Қазақстан әлем саясатында және Қазақстан: келешек көкжиегі» деген сессияларда жалғасын тапты. Онда еркін нарықтық экономика, жүргізіліп жатқан реформалар жайы және өзге де мәселелер әңгіме өзегіне айналды. Ал екінші сессияда БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне сайлану, ДСҰ-ға кіру, ЕО-мен жаңа буын келісіміне қол қою сияқты еліміздің жүргізіп отырған белсенді сыртқы саясатының негіздері мен салдары жан-жақты талқыланды. Ал үшінші сессия жұмысында Қазақстан мен оны қоршаған әлем 5, 10 және 25 жылдан кейін қандай болады, деген сұраққа жауап іздеді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ
Abai.kz