ҚУАНДЫ, ОРЫС БАЛАСЫ...
Жаңа ғана жол жиегінде такси тоқтатып тұрған балалы орыс келіншекті отырғыздым. Келіншек орыс тілінде, баласы қазақ тілінде сəлемдесті. Орыс қазақша сөйлесе бетіне бажырая қарайтын бейшара күйге түскеніміз қашан!
Баласын қазақша сөйлеткен анасына ілтипатым артып, "балаңызды қазақшаға əдейі бердіңіз бе?" дегеніме, өзі тұратын жерде орыс мектебі болмағандықтан, амалсыз қазақ мектебіне бергенін айтты.
Менімен орысша сөйлесіп отырғанын көріп баласы: "Ана, ол қазақ қой, неге онымен қазақша сөйлеспейсіз" деді.
Баланың бейшовинистік аңғал пікіріне қысыла күлген анасы, əрі қарай қазақша əңгімелесті.
Разы болғаным соншалық, үйінің іргесіне келгенімде балаға қарадым да, "сен қазақша анық сөйлегенің үшін сендерден ақша алмаймын" деген едім, арсалаңдап қуанып кетті.
Әліби Манаш
Facebook-тегі парақшасынан