Елбасының кітабы туралы пікірлер
«Егемен Қазақстан» газетінің 2016 жылғы 5 қарашадағы басылымында Елбасының «Ұлы дала ұлағаттары» атты шығармасының үшінші бөлімі – «Туған тілдің тұғыры» атты еңбегі жарияланды. Президентіміз сонау тарих қойнауынан етек алатын киелі тіліміздің тұғырын, Отарлау саясаты кезеңіндегі тіл езгісін, қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның тілдік ахуалының мән-мағынасын ашып, алдағы негізгі ұстаным бағыт-бағдарын көрсетті. Ана тіліміздің дамуына бұғау болып тұрған кедергілерді белгіледі. Жаһандық үрдістегі тіл мәселесі әрі қарай қалай өрбуі керек екендігін саралап берді. Ол үшін Елбасы ең алдымен мынадай мәселелерді алға қойып отыр.
«Мемлекет дамуындағы маңызды мәселенің бірі – үш тұғырлы тіл мәселесі десек, артық айтқандық болмас. Жаһандану жағдайында жалғыз тілмен қала алмайсың. Әлемдік ақпарат, технология, жаңа инновациялық индустрия ағылшын тілінде жүріп жатыр. Демек бұл тілді де біз еркін меңгеруіміз керек. Ұлтаралық қатынас тілі – орыс тілі де ел дамуында өзіндік рөлін жоғалтқан жоқ. Оны тарихымыздан сызып тастай алмаймыз. Бұрын көп тіл білушілік мақтан болса, енді ол қажеттілікке айналды.
Қажеттілігі сол, көп тіл білсең, көп ақпаратты игересің, өзгелердің озығы мен тозығын айырасың. Бүгінгі уақыттағы экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық пәрмені бар, қуатты дамып келе жатқан мемлекеттердің үлгі-өнегесін танисың. Бәрімен санасуға тура келеді. Оны заман айқын көрсетіп отыр. Жас ұрпақ осыны терең түсініп, жан-жақты болуы шарт. Көп тіл білгеннің зияны жоқ. Досың да, әріптесің де, жолдасың да көп болады. Алайда, қандай жағдайда да туған тіліміз – қазақ тілі өз мәртебесін жоғары ұстауы тиіс. Туған тілдің туы қашанда биік болуы қажет».
Тілдің қолданылу аясына байланысты ортаға салар бірталай жайттар да бар. Тіл дамуы үшін тілдік орта қажет. Бұл – ең бірінші шарт. Сосын тілге деген қажеттілік керек. Үшінші шарт, ана тіліңді ардақтайтын ұлттық намыс керек. Қандай заң болса да оның өмір сүру, қызмет ету аясы уақыттың құзырына тікелей тәуелді болып жатады. Мұндай жағдай тәуелсіздігін енді алған, дамудың жаңа, өзіндік жолына түскен мемлекеттердің тарихында көп кездеседі. Біздің де әп деп азаттық алған тұсымызда туындаған, қабылданған көп заңдар уақыт өте келе сапалық өзгерістерді бастан кешті. Олар жетілдірілді, толықтырылды, өзгерістерге ұшырады.
Мемлекеттік тілдің алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі оның жаңа әлеуметтік-мәдени болмысты бейнелеудегі мүмкіндіктерін кеңейту қажеттігі болып отыр. Бұл бағытта нақты, нысаналы ғылыми жұмыстар, сараптамалық іс-шаралар жүргізілуі тиіс. Әлі орыс тілінің білім мен ғылым, әлеуметтік-тұрмыстық салаларда басымдығы анық байқалады.
Заң бізге тікелей тіл үйретіп бермейді. Бірақ заң білген адам заманның қиындығына аса абыржи қоймайды. Жағдайдың жөнін біледі. Одан шығатын жолды жаңылмай таба алады. Әрине, жұрттың бәріне заңды жатқа біл, баптарын басыңда ұста деп талап ете алмайсың. Бірақ Қазақстан заңы әрбір отандасымыздың арын арлап, барын қорғауға қызмет ете алады. Соның ішінде тіл туралы түйткілдердің өзін заңдық, құқықтық деңгейде толық реттеуге болады» деп атап өтті.
Осы айтылғандармен толықтай келісеміз және Елбасының ой-пайымдарының жетегіндегі бізге жүктелген жауапкершілік те өсе түсетінін білеміз. Қазір облысымызда 19 тіл дамыту орталығы жұмыс істейді. Мұнда үштұғырлы тіл мәселесіне айрықша назар аударылған. Былтырғы оқу жылында 1944 адамға арнайы сертификат берілді. Биылғы курстарға 4880 кісі қатысып жүр.
Жыл сайын мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның қолданылу аясын кеңейту мақсатында «Мемлекеттік тіл және БАҚ», «Тіл – парасат», «Ой-сана», «Тілдарын», «Тіл мерейі», «Тіл шебері», «Абай оқулары», «Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы», ақындар мүшәйрасы сынды іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Үгіт-насихат жұмысы да белсенді атқарылуда. Облыстағы газеттерде 35 айдар мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған. Облыстық телеарнада берілетін барлық хабарлардың 69%-ы, радиода 50%-ы қазақ тілінде таратылады. 2016 жылдың тоғыз айы бойынша тіл саясатына қатысты 431 мақала мерзімді басылымдарға жарияланды, оның 282-сі мемлекеттік тілде болса, 140-ы орыс тілінде, 9-ы аралас тілде.
Мемлекеттік органдардан қазақ тілінде шығатын ісқағаздардың үлесі: 2016 жылдың қазан айы бойынша 98 % деңгейде тұрақтады.
Тиянақтай айтар болсақ, тіл мәселесі барлығымызға ортақ. Елбасының алға қойған межелерін жүзеге асыруда еселі еңбек ету баршамыздың абыройлы парызымыз болмақ.
Арман БЕРДАЛИН, Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы
Ақмола облысы
Бабалар мұрасын ұлықтауға үйретеді
Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Ұлы дала ұлағаттары» еңбегін мұқият оқыдым. Оның алғашқы тарауындағы Тәуелсіздіктің тал бесігі болған, қасиетті мекен, ұлттық сананы қалыптастырудың рухани орталығы, өнер мен мәдениеттің қайнар бұлағы ару Алматы атанған арман қала туралы салиқалы ойлар түйген жолдар әркімнің-ақ жүрегін тебірентері хақ.
Алатаудың баурайында туып-өскен Президенттің ару Алматыдағы астананы Ақмолаға ауыстыру туралы ой-арманы тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастау алған. Бұл мәселе туралы баспасөз беттерінде жиі сөз бола бастады. Ел ішінде қарама-қайшылықтарға толы әр түрлі пиғылдағы пікірлер толас таппады. Ақыры Алматы бас қалаға лайық болса да, жаңа заман талабына сай астананы Ақмолаға ауыстыруға бекем бел байлайды. «Ұлы көштің тізгінін қағар тұста, – деп жазады Н.Ә.Назарбаев, – алып – ұшақтың баспалдағында тұрып жаным толқып, аяулы Алматыға бас иіп қоштасқан сәтімді ұмытқан емеспін. Алатаудың ұшар басына көтерілген алтын шапақты арқаланып тұрып, сонау заңғар көкте қалықтаған қыранға да қош айтқандай болғанмын. Алатау сонда ақ сақалы алдын жапқан абыз қариядай басын шұлғып, батасын бергендей сезініп, қанаттанып аттандым».
Осынау жолдарды тебіренбей оқу мүмкін емес. Міне, тәуелсіз ел болғанымызға ширек ғасыр толған шақта Нұрсұлтан Әбішұлының батыл шешімінің дұрыстығына, оның данышпандық көрегендігіне елі ғана емес, бүкіл дүние жүзі қауымдастығы сөзсіз мойындаған шындыққа айналды. Қазір Астана қаласының әсемдігіне қазақстандықтар ғана емес, шетелдің мүйізі қарағайдай басшыларының өздері таңғалысып, бас шайқайды.
Елбасы туындының «Саясат салтанаты» тарауында: «Ұлы даланың ұлағатын ұлттық тарихымыз деп бағалай отырып, жаңа тарихтың тарауларын жазып жатырмыз. Бұл орайдағы берік ұстаным – ұлттық ынтымақты ту ету», дей келіп, өзі кіндік кескен жері Шамалған деген шағын ауылдың сол кездегі тіршілік-
тынысы туралы сыр шертеді. Бүгінгі күннің тұрғысынан қарағанда, осы ауыл бірлік пен ынтымақтың мектебі болған. Көршілер бір-бірімен татулықта, тонның ішкі бауындай үйлесіп, жарты нанды бөліп жеп өмір сүрген. Жас отауға бүкіл ауыл асарлата үй көтеріп, үйелмені қиналмасын деп алдына мал салып берген. «Бір ерекше есте қалғаны, біздің ауылда жанжал деген мүлде болмайтын, – деп жазады Елбасы, – әлде ауыл ағалары болдырмай ма екен? Әйтеуір жұрт жұмылып, бір-біріне сүйеу болып, аядай ауылдың ортақ абыройын қызғыштай қоритын». Осы жолдарды оқығанда қазіргі кейбір елді мекендердегі қалыптасқан теріс ахуалға қарның ашады. Ақсақалды атасының, ақжаулықты анасының алдынан кесіп өтпейтін, қисынды сөзге тоқтайтын ауылды аңсайсың. Кейбір ауылдарда жастар түгілі қариялардың түрлі жиын-тойларда араққа сылқия тойып алып, бірімен бірі жанжалдасу, тіпті жаға жыртысуға дейін баратындары, ру-руға бөлініп, әкімдіктерге домалақ арызды боратып жаза беретіні, сөйтіп сүттей ұйыған ел ішін ала тайдай бүлдіретін фактілердің орын алып отырғаны жасырын емес. Мұның сыртында көрші отырып, бірінің малын бірі ұрлау, өрт салу сияқты қылмысты жаман қылықтар да жоқ емес. Кезінде тізгін ұстаған ел ағаларының бәтуалық сөзіне құлақ аспайды. Өкпенің арты өкініш, даудың соңы даурығу екенін түсінгілері келмейді. Ел ішінде тыныштық бұзылса, ол жерде ешқашан береке-бірлік орнамасы анық.
Елеулі еңбекте қазақстандық даму жолының тиімділігін әлемнің мойындап отырғандығы, елдегі қоғамдық келісімді, ұлттар мен ұлтаралық татулықтың үлгісі ретінде жоғары бағалағаны, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы республиканың халықаралық дәрежедегі беделінің өсе түскендігі ерекше аталып өтеді. Қазақстанның Ресей мен Украина, Әзербайжан мен Армения, Мәскеу мен Анкара арасын жақындастыруда араағайындық, мәмілегерлік іс-шараларды өткізуіне, Орталық Азияда алғашқы болып Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Бәсекелестік жөніндегі комитетінің мүшелігіне қабылдануына Елбасы жоғары баға береді.
Президент еңбегінде «сыбайлас жемқорлықтың – жегіқұрт, халықтың қазынасын тонап жатқан, іс басына келгенше мінәйім, қолға билік тигесін «құдайым» бола қалатын адамдар арамызда әлі де кездесетінін, «мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» екенін ашына жазады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала ұлағаттары» еңбегі өте өзекті мәселелерді қозғаған. Автор ойын: «Конституцияда тұжырымдалған басты қағидаттарды негізге ала отырып, Қазақстанның үшінші мыңжылдықтағы орнының тек қана төрден табылуына бар күш-жігерімізді, ақыл-парасатымызды жұмсайтын боламыз. Серттей сөзіміз – осы. Серпінді ісіміз де сондай болмақ. Серттің сыны мен серпінін уақыт көрсетеді. Сол кезде біз уақыттың бетіне ұялмай қарай аламыз деп сенеміз» деп тұжырымдайды. Иә, тәуелсіздік алғанына 25 жыл толғалы отырған Қазақстан болашағының жарқын болатынына, келешек ұрпағымыздың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, Елбасының көрегендік басшылығымен ортақ жеңістерге жете беретініне күмәнсіз екеніне біз де сенім білдіреміз.
Ғұмар ХМЕТЧИН, Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық
филиалының директоры, «Құрмет» орденінің иегері
ҚОСТАНАЙ
Ең бастысы – ел бірлігі
«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», деп данышпан Абай атамыз айтқандай, тағдыр жазмышымен біздің жерімізде тоғысқан алуан ұлт пен ұлыстың, өзіміздің де береке-бірлік, достығымызды өсіп-өркендеуіміздің алтын қазығы ретінде ұстанып, болашаққа қарай адымдай беруге тиіспіз.
Осыншама қиындықпен келген тәуелсіздік рухымызды асқақтатып, болашаққа деген сенімімізді күшейтті. Бабалар жүріп өткен жолдың тарихи тағылымы бізге береке бастауы – бірлікте, ырыстың алды – ынтымақта екенін айқын көрсетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала ұлағаттары» атты жазбаларында елдің бірлігі, татулығы, ынтымағы қарапайым ғана мысалдармен өте жақсы баяндалыпты.
«Біз – ынтымақ деген сөздің мән-мағынасын бала кезден бойға сіңіріп өскен ұрпақпыз. Әрі мұны тек мектеп оқулықтарынан ғана емес, алақандай ауылдың қарапайым адамдарынан естіп, күнделікті тірлігінен танып өстік. Осындайда бір тәмсіл еске түседі. Баяғыда бір қария жеміс ағашын егіп жатыпты. Өзі белі еңкіш тартып, әбден қартайған кәрі адам екен. Оны көргендер: «Ата, өзіңіз болсаңыз қартайдыңыз, бұл ағаш қашан жеміс береді, оны сіз көре алмайтын да шығарсыз, несіне әуре болып жатырсыз?», дегенде, белін бір сәтке жазған қария: «Мен жемісін жемесем де, оны кейінгі ұрпағым жейді ғой, сол үшін отырғызып жатырмын», депті.
Біздің әкелеріміз осы тәмсілдегі қарияның өзіндей, ұрпағын ойлаған үлкендердің көзіндей еді. Алатау баурайында бой көтерген ауылдардағы қариялардың бәрі дерлік осы тәмсілді өз бастарынан кешкен ұрпақ еді. Мұны жылдар өте келе терең ұғына түстік. Ал бүкіл қазақ даласын жаудан да, даудан да қорғап, келер ұрпағы үшін шыбын жанын да, қасық қанын да қиған қасиетті аға ұрпақтың ел мен жер туралы мәңгілік тәмсілін бүгінгі ұрпаққа жан-жақты ұғындыра алдық па? «Біткен іске сыншы көп, бітірген ердің кемі жоқ» деген Махамбеттен жеткен мағыналы сөз бар. Кейде бір азаматтар шамадан тыс міншіл болып жатқанда, осы сөзді ұстанған баяғы ауыл қарттары еске жиірек түсетіні бар» деп толғанады Елбасы «Ұлы дала ұлағаттарында».
Шынында, ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Ал ынтымақ-бірлікке шақырар ақсақалдықтың абырой-беделін арттыру – уақыт талабы. Өйткені, еліміз ежелден ел ағаларына, ардақты абыздарына, қағидасы қазыналы қарияларына қарап, ойын да бойын да түзеген. Талантты тұлғаларына тәу етіп, тұтқалы тәжірибелерінен үлгі алған, еңселерін тіктеп, еңбекке де, ерлікке де ақылмандардың ақ батасы арқылы бел байлаған. Бүгінгі егемен еліміздің мамыражай жағдайында аға ұрпақтың қадірі арта түспесе кеміген жоқ. Әрбір игілікті іс, толағай тірлік, бәтуалы бірлік алаш асылдарының, ақ ниетті ақсақалдарының қолдап-қуаттауымен, ақ жол тілеп алқалауымен жүзеге асып жатады.
Негізі дос сүйсініп, дұшпан қызғана қарайтын жетістіктер оңайлықпен келіп жатқан жоқ. Бұл – ең алдымен қазақ халқының өз ішіндегі ауызбіршіліктің, жалпы, қазақстандықтардың ынтымақтастығы мен бірлігі арқасында жетіп отырған игілікті нәтижелер. Ата-баба аманатына адал болу, өсиет ақылдарын іске асыру – басты парызымыз.
Еркінбек СОЛТЫБАЕВ, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Жамбыл облысы
Шешендік шеберлігіне тәнті болдық
«Ұлы Дала ұлағаттары» атты Елбасы еңбегінің ел газеті «Егемен Қазақстанда» кітапша нұсқасымен жарияланғанын жұртшылық жылы қабылдады. Тәуелсіздіктің тұғырлы 25 жылдық мерекесі қарсаңында елдің жігерін жанитын, намысын қайрайтын, санасын сергітетін сөздің Елбасы шығармасы болып оқырманға жол тартуы құптарлық дүние. Ең алдымен, Нұрсұлтан Назарбаев ойының орамдары түскен туындының көркем тілмен жазылғаны ұнады. Қаламы ұшқыр автор оқырманын өзі жетелеп отырады.
Бұл тұрғыда Президентіміздің қазақтың қара сөзін жан-дүниесімен түсінетіндігін ғана емес, жеткізе алатындығын да көріп, шешендік шеберлігіне тағы бір тәнті болдық. Мәселен, Мемлекет басшысының жаңа шығармасындағы: «Қазақ сөзінің көбі астарлы, бейнелі. Сөзіміздің бәрі ұйқасып тұрған қара өлеңдей әсер етеді. Мәселен, қара деген сөздің мән-мазмұны кең. Ол көп, қалың, мол, үлкен деген ұғымдарды береді. Ал осы сөз – қайғының қара бұлтын серпитін жауынгер ұғым. Халқымызды қара орманым дейміз. Үлкен, бас үйді қара шаңырақ дейміз. Түркі жұртының қара шаңырағында отырған қазақтың әрбір тірлігі халық тарихы – ұлттың ұраны, қаруы мен құралы. Қара шаңырақтың иесі де бізбіз, киесі де бізде» деген байламы қандай әсерлі!
Расында, қазақ – күллі түркі жұртының қара шаңырағы болса, түркі халықтарының қара шаңырағы – Төр Алтай! Осы орайда «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деген Елбасының сонау сақ, ғұн дәуіріндегі Алтайдың мемлекеттілікті құру тарихының қайнарында тұрғанын тарихи деректермен тарқатуы талайларға ой салса керек. Өйткені, ата-баба тарихының тұжырымдары да ұлттық ұлағат. Тарих текті ұмытпау үшін, өткеннен сабақ алу үшін жазылады.
Мемлекет басшысының бастамасымен қазақтың қасіретті ошағына айналған Семей сынақ полигоны жабылды. Бүгінде атом әлеуетін бейбіт мақсатта игеру жөніндегі қазақстандық үндеуге жаһан жұрты бас изеп, мақұлдап отыр. Тәуелсіздік жылдары еліміз антиядролық күрестің тізгінқағар жетекші еліне айналды. Бұл – көк аспанын радиация бұлты торлаған шығысқазақстандықтар үшін қайтадан күн шығып, шұғыласын шашқандай болды десек, артық айтқандық емес.
Нұрсұлтан Әбішұлының шығармасында туған жерінің қасиеті мен тұлғаларының аракідік болса да сөз болуы бекер емес. Өйткені, әр адам алғашқы нәрді, болмыс пен бітімді туған жерінен алады. Сондықтан да қазақ халқы кіндік кескен жұртты, атамекенді ерекше қадірлейді. Отан туған ошақтан басталады. Елбасы туған өңірдің асқақ Алатаудың баурайында, эпикалық жырау Жамбылдың елінде болуы да қазақтың ұлттық мақсат-мұраттарының пайдасына шешілді дер едім. Өйткені, адам туған жерді, туған елді таңдай алмайды. Бұл – Жаратушының жазмышы. Тәуелсіздік тарихымен бірге дүние жаратылысынан, өмір пәлсапасынан сыр шертетін «Ұлы Дала ұлағаттары» – ұлағатты ой-толғам.
Әлібек ҚАҢТАРБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы
Abai.kz