Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 2713 0 пікір 23 Қараша, 2016 сағат 12:57

Үмiт артқан үш сала облыс экономикасын iлгерiлетуi тиiс

«Инвестиция тарту – Президенттiң тапсырмасы. Бұл әрбiр салалық басқармалардың, аудан және қала әкiмдерiнiң негiзгi мiндетi. Әйтсе де, өңiрдегi инвестициялық ахуал көңiл көншiтпейдi. Себебi, әлi де бюрократиялық кедергiлер көп». Қала және аудан әкiмдерiмен өткiзген селекторлық кеңесте облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев осылай дедi.

Облыс басшысының айтуынша, бүгiнгi таңдағы ең негiзгi талап – экономиканың қарқынын сақтау. Сол арқылы тұрғындардың әл-ауқатын көтеру. Жаңа жұмыс орындарын ашу. Жұмыссыздықтың өсуiне жол бермеу.

Тiкелей байланыста индустриялық аймақ, жылыжай және инвестиция мәселелерi талқыға салынды. Әкiмнiң сөзiне қарағанда, бұл үш салаға әлi де тиiстi көңiл бөлiнбей келедi. Жалпы, облыстағы индустриялық аймақтарда 83 жобаны жүзеге асыру көзделсе, бүгiнге дейiн соның 42-сi ғана орындалған. Ал, экономикаға инвестиция тарту өткен жылға қарағанда 40 миллиард теңгеге кемiген. Жерi шұрайлы, ауа райы қолайлы өңiрдегi жылыжай өндiрiсiнде iлгерiлеу аз.

Облыстық кәсiпкерлiк, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Марат Қарабаевтың айтуынша, облыста бүгiнге дейiн 11 индустриялық аймақ ашылған. Соның 7-еуi ендiгi iске қосылса, 4-еуi жұмысын биыл бастамақ. Ал, 5 аймақта мүлдем ашылмаған. Әсiресе, Түлкiбас, Төлеби, Мақтаарал, Қазығұрт аудандарында жыл бойы ешқандай жұмыс атқарылмаған болып шықты. Мiне, бұл деректердiң көңiл көншiтпейтiнi рас.

– Егер Үкiмет индустриалды аймақтарды дамыту iсiне баса мән берсе, оның нәтижелiлiгiнен күмәндануға болмайды. Қуатты экономиканы жолға қою үшiн алдымен оған жақсы жағдай жасалуы тиiс. Индустриалды аймақтар осындай мақсатта құрылып отыр. Бұл жергiлiктi деңгейдегi қордаланған мәселелердi шешуге мүмкiндiк бередi. Сондықтан мемлекеттiң қыруар қаржысы жұмсалған өндiрiстiк аймақтар өз қайтарымын беруi тиiс, – дедi Жансейiт Қансейiтұлы.

Облыстағы жылыжай өндiрiсiнiң негiзгi үлесi Сарыағаш ауданына тиесiлi. Бiрақ бiздегi жылыжайлар тек қана қияр мен қызанақ өсiруге бейiмделген. Ал, шет мемлекеттерде мүлде басқаша. Айталық, бiздегi көкөнiс көлемi жеткiлiктi болғанымен, iс жүзiнде отандық өнiмге жарымай отырғанымыз шындық. Бұған бiр жағынан климаттық жағдай да әсер етедi. Отандық көкөнiс өнiмдерi сауда сөрелерiне жаздың ортасынан ауа шыға бастайды. Ал, бұған дейiнгi уақытта бiз Өзбекстан мен Қытайдың өнiмiне тәуелдiмiз. Сондықтан бұл тығырықтан шығу үшiн Сарыағаштан бөлек барлық аудан, қалалар жылыжай өндiрiсiне жете мән беруi керек.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серiк Тұрбековтiң есебiн тыңдаған облыс басшысы жылыжай өндiрiсiне, әсiресе, өнеркәсiптiк жылыжайларға ерекше маңыз беру керектiгiн ескерттi.
Жансейiт Түймебаев жиында айтылған өзектi мәселелер бойынша аудан, қала әкiмдерiне нақты тапсырмалар жүктедi.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5544