Жексенбі, 24 Қараша 2024
Деп жатыр 5983 0 пікір 22 Қараша, 2016 сағат 12:31

САХНАДАН КӨРІНБЕЙ КЕТКЕН ӨНЕР АДАМДАРЫ

Өнер әлемінде жасындай жарық етіп, халықтың жүрегінен орын алған, бүгінде сахнадан көрінбей кетіп, өнер сүйер қауымды сағындырған өнер адамдарын, танымалы тұлғаларды санамалап көрдік.


Бекболат Тілеухан Ол Мұхтар Мағауинның «Алдаспанын» домбырада сөйлетті. Ол Мағжанның жырын тыңдаушысына домбыраның үнімен жеткізді. Ол халықтың шынайы сүйікті әншісі болды. Оның өнерде жұлдызы жанған шағы 1992 - 2001 жылдары - Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының оқытушысы, доценті, халық әндері кафедрасының меңгерушісі болған кезі еді. Әнші Бекболат осы он жылда ерекше жетілді. Халықтың іздеп жүріп тыңдайтын жыршысына айналды.

Ол өзі туған Арқаның ғана әнін айтып қойған жоқ, қазақтың әр аймағының мектебін бойына бірдей сіңіріп, бабалар мұрасын насихаттады. 2001 жылдан кейін Бекболат Тілеухан шенеунік Бекболат болды. ҚР Мәдениет және қоғамдық келісім вице-министрі, 2003-2011 жылдар арасында ҚР Парламенті Мәжілісі III және IV шақырылымының депутаты болды.

Елуге енді ғана келген Бекболаттың ел есінде қалған ең соңғы концерті 2009 жылы Астанада берген үлкен концерті. «Елім менің» деп аталатын осы концертте қолына қобызын алып, көмейін Қазтуғанша бүлкілдеткен Бекболатқа концертке келген Мәсімовтің өзі балқып, еркісіз басын шайқай берген. Содан кейін Бекболаттың концертіне кетіп бара жатырмыз деп, Республика сарайына, Конгрес-холлға қарай асыққан ешкімді көрмедік.

Рас, Бекболат Қанайұлы Еуропадағы қандастар арасына барып, Түркиядағы, Қытайдағы қандастарын жағалап әредік ән айтып кетіп жүр дегенді естідік. Алайда ол әні мен жырына шөліркеген Атажұрттағы ағайынға 7 жыл ішінде бір концерт өткізбеді. 2011-2015 жылдар арасында депутат та болмады. Қолы бос еді. Білетіндер ол VI шақырылымдағы Мәжіліске қайта депутат болып сайланғанға дейін Қазақстан Республикасы ұлттық спорт түрлері қауымдастығын басқарумен қатар қосымша ат баптап, тыныш қана намазын оқып жүрді деседі.


Мұхамеджан Тазабеков Бүгінде дініи танымдық «Асыл арна» телеарнасының басшысы қызметінде жүрген Мұхамеджан Оразбайұлы халыққа айтыскер ақындығымен танылған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін үздік тамамдаған Мұхамеджан, студент болған 90 жылдары айтыс әлеміне дүркіреп келді.

Халықтың ықыласын алып, Жүрсін Ерманның қолынан талай көлік мінді. Мұхамеджан Тазабеков «Дүниежүзі қазақтарының І Құрылтайы» құрметіне өткізілген, «Ордабасыдағы «Қазақтың үш биіне» арналған, Қарасай батырдың 400 жылдық, Бөгенбай батырдың 300, Сыпатай батырдың 210, Абайдың 150, Т.Рысқұлов пен М.Жұмабаевтың 100 жылдықтарына, Бауыржан Момышұлының 90 жылдығына, Жамбыл облысының 60 жылдығына орай өткен халықаралық, республикалық айтыстардың жеңімпазы болды.

Ол тек айтыс ақыны емес, әнді де жақсы айтатын. Ән қуып президенттік оркестерде де істеді. Айтыстарын жұрт әлікүнге дейін іздеп көретін Ол киноға да түсті. 1996 жылы «Жамбылдың жастық шағы» фильмінде Жамбылдың образын шебер сомдап шыққан М. Тазабек ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы «Нұр Отан» партиясы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен түсірген, ұлттық ойын көкпар спортын насихаттауды көздейтін «Дода» толықметражды фильмінің бас продюсері (2013) де болды.

Соңғы он жылда әнімен, айтысымен сахнадан көрінбей кеткен Мұхамеджан Оразбайұлы қазір діндарлығымен танымал. Оның дінге бет бұруы «Қазақстан» ұлттық телеарнасында 2001-2002 жылдары оның жүргізуімен жарық көрген «Жұмадағы жүздесу» хабарынан басталса керек.


Балғынбек Имашев Казгуградтан(Қазақ Ұлттық Университетіне өзі қойып кеткен атау. –ред) түлеп ұшқан Балғынбек Имашев таныстыруды қажет етпейтін тұлға. 13 жасында домбыра ұстап, топтан озған ақын сүйкімді айтыстарымен талай топты жарған.

Республикалық, халықаралық айтыстардың лаураеты болған ол айтыстан алғаш рет «миллион теңге» ақшалай жүлде алған «миллионер» ақын. Әрине көп әріптесі сияқты он неше темір тұлпар мінді. Айтыстың арқасында үйлі де болды. Мәскеу қаласында өткен айтыстың, Астана қаласында өткен «Ел басқарар ерің кім?», Алматыда болған «Алматықұрылыстың» 50 жылдығына арналған айтыстардың Бас жүлдегері болды. 2006 жылы академик Р.Нұрғалидің жетекшілігімен «Айтыстағы сатира мен юмор» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған Балғынбек, өз айтысында да юмор мен сатираны сәтті қолданды. Көптеген қоғамдық мәселені әжуалап жеткізді. Әріптестеріне қаратқан қалжыңдары талай рет тыңдарманын күлкіге қарық қылды.

2014 жылғы айтыста «Алтын домбыраға» ие болған ақын дәл бір жыл бұрын өзінің айтыстан кететінін мәлімдеді. 2015 жылы 21 қазанда Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ақындар айтысында Балғынбек Имашев осыдан кейін айтысқа шығуды доғаратынын айтты.


Мақсат Базарбаев Ол жақында 40 жасқа толды. Өнерді Музартпен бастаған Мақсат 40-қа Музартсыз толды. 4 жылын Музартпен бірге өткізген Мақсаттың өзіндік қоңыр дауысы бар. Тыңдаушысы бар. Арманында жүрген «Дүңген қызы» бар.

Музарттан кеткен соң Мақсат Базарбаев сахнаға сирек шықты. Ол жеке концерт берді дегенді де естімедік. Ол өзі әндететіндей Әсел атты қызды жар еткен. Бүгінде Мақсат Базарбаевтың басты мақсаты - ұлдарына үлгі болу. Жұлдызды отбасы бүгінде Аңсар, Айбар, Аят есімді үш бірдей атқамінердің ата-анасы.

Олар биыл сәуір айында 3 ұлдың артынан бесігіне қыз салып, қуанышқа бөленген болатын.


Бақай тобы Бір кезде Бақай «Кім кінәлі?» деп ән айтса, жұрт Бақай кінәлі деп әзілдейтін. Бақай тобының дәурені 2004-2006 жылдары жүріп тұрды. Бақай тобының мүшесі Бек Шәріптің айтуынша олар айтқан «Кім кінәлі» әні болған оқиғаның ізімен жазылған. "Бұл – болған оқиғаның ізімен жазылған өлең. Сөзін Айжамал деген қыз жазған.

Бір тойда бір жігіт жылап тұрып Айжамалға басынан өткен осы оқиғаны айтып беріпті. Ол үйіне келе сала естігендегі әсерімен бәрін ақ қағазға түсірген. Айжамал менің сыныптасымның әпкесі болатын. 11-сыныпта музыкаға қызығып жүргенімді біліп, досым Айжамалдың өлең дәптерін әкеп берді. Шынымды айтсам, бұл дәптер менде бес жылдай сарғайып жатты. Сол аралықта Айжамалдың өлеңдерінен ана туралы, «Жаңа жыл» деген әндер жаздым. Бірақ осы «Кім кінәлінің» төрт-бес параққа созылған өлеңін аттап кете беретінмін. «Мұның бәрінен қандай ән шығады?» деп, оқып бітірмей ерініп қоя салатынмын. Ұйқым келмеген бір күні оқып шығып едім, маған қатты әсер етті. Сызылтып айтар ән жазайын десем, өлең тармақтары жетпейді.

Рэппен жеткізбесең басқа амал жоқ, содан осы өлең үшін рэп жанрына көшіп кеттім" - дейді Бек Шәріп. Білетіндер Бақай тобы құрамы өзгеріп, қайта сахнаға оралып жатыр дейді. Бірақ ол бәрібір бұрынғы Бақай емес қой. Әншілер туралы тізімді жалғайтын болсақ, бұл күнде NN BEK, Аламан, Нұрлан мен Мұрат, Каспи сияқты топтар көрінбей жүр. Ақылбек Жеменей, Ерлан Малаев, Ерлан Орынбасаров, Динара Қырықбаева, Зарина Омарова сияқты әншілер де өнерден алыс жүрсе керек. Бірі тұрмыстың қамымыен, бірі бизнестің қамымен, бірі жасы келіп көрінбей жүрсе керек. Біз атамаған, сағынып жүрген өнер адамыңыз кім? Сіз атаңыз, қадірменді оқырман! 

Дереккөзі: qamshy.kz

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576