Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Билік 4242 0 пікір 14 Наурыз, 2017 сағат 10:52

ҮКІМЕТ ОРАЛМАНДАРДЫҢ ЗЕЙНЕТАҚЫСЫНА АУЫЗ САЛҒАНЫ МА?

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін ала салысымен ат басын атамекенге бұрған, мәні зор, мағынасы терең Ұлы көшті бастаған Моңғолия қазақтары болатын.

Тарихи Отанына оралып,  ширек ғасырда  олар да тәуелсіз еліміздің қызығын да, қиыншылығын да халықпен бірге көріп келеді.

Бастарынан неше түрлі жағдайлар өтті, кемсітуді де, не бір айыптауларды да естіді. Бәріне де көнді.

Ерінбей еңбек етіп қоғамнан өз орнын тауып, балаларын  оқытып, ел игілігіне нақты үлестерін қосуда.

Хош, енді әңгіменің тоқ етеріне көшейін.

1993 жылы 22-қазанда  Қазақстан Республикасы мен Моңғол елі  «әлеуметтік қамсыздандыру  саласындағы ынтымақтастық туралы» Үкімет аралық 20 жылдық  келісім жасасқан болатын. Келісімде азаматтар мен азаматшалардың екі елдегі  жұмыс өтілін есепке ала отырып, оларға  зейнетақы тағайындау жөнінде  уағдаластық орнаған еді. Осы келісімге сәйкес Моңғолиядан келген, зейнет жасына жеткен қандастарымызға Қазақстан Үкіметі 2014 жылдың сәуір айына дейін зейнетақы  тағайындап келді.

Бірақ Қазақстан Республикасы Үкіметі  2014 жылғы 8-сәуірдегі № 327  қаулысы бойынша ҚР-сы мен  Моңғол Елінің арасындағы  әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің күші жойылған. 

Осы мерзімнен кейін зейнеткерлікке шыққан қандастарымызға  Моңғолиядағы жұмыс өтілі  есепке алынбағандықтан  ең төменгі зейнетақы тағайындалып отыр. Мәселен, Моңғолияда 21 жыл, Қазақстанда  23 жыл... барлығы 44 жыл өтілі бар, Павлодар мемлекеттік Университетінің оқытушысы Кагибат Азаматтың  зейнетақысы небәрі  17 мың теңгені құрайды.

Осы аралықта, яғни  2014 жылдың  сәуір айынан  2017 жылдың  наурыз айына дейін Моңғолиядан келген  зейнеткерлер  осы деңгейде,  қайсыбіреулері одан да төмен зейнетақы алуға мәжбүр.

Осы мәселе жөнінде  зейнеткерлер ҚР Президентінің әкімшілігіне, «Нұротан» партиясына, ҚР Үкіметіне, құзырлы министірліктерге 3 жыл бойы  шағымданумен келеді. Бірақ еш нәтиже болмады.

Қазақстан  Үкіметі тарапынан даулы мәселенің  себебін  Моңғол елі  келісім шарттың уақыты аяқталатыны туралы алдын-ала ескертпеген және оны созуға өтініш жасамағандықтан болғандығын түсіндіреді.

Мәселен  зейнеткерлердің  ҚР-ның Премьер Министрі  Б.Сағынтаевқа осы мәселе жөнінде жазған арыз-өтінішіне Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты   әлеуметтік  қорғау министрлігінің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің  төрағасы  А. Сарбасов  2017 жылғы 9-ақпанда жазған  жауап хатында  мәселенің шешілмейтінін айтып: «қазіргі уақытқа  дейін Моңғолия тарапынан халықаралық қарым-қатынасты жаңғырту туралы өтініш  түскен жоқ» деп жауап берген.

Ақыры амалы таусылған зейнеткерлер Моңғол Елінің Парламентінің депутаты Қ.Бәделханға осы мәселені Моңғол Үкіметіне  таныстырып, екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы келісімді қайта жандандыру немесе жаңадан жасауға ықпал етуді сұрап,  өтініш  білдірген болатын.  Қандас депутат мәселені Моңғол Үкіметіне және еңбек және әлеуметтік министрлігіне, сыртқы істер министрлігіне таныстырып, нақты іс тындырған екен.

Сонымен   Моңғолия үкіметі  келісім  туралы басқаша  уәж айтыпты.

Моңғол елінің еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің   вице-министрі С.Мөнгөнчимэг ханым, осы мәселеге байланысты   жазған ресми хатында:

«2014 жылдың  4-сәуір күні Қазақстан  Респубикасы тарапынан Моңғол Үкіметіне 1993 жылғы ынтымақтастық туралы келісімді тоқтату туралы нота  жолдаған болатын. Осыған сәйкес  Моңғол    Үкіметтің  18-қыркүйектегі 304- қаулысымен аталмыш келісімнің күші жойылған. Алайда біз Моңғол Үкіметінің 2014 жылдың 18-қыркүйектегі отырысында берілген тапсырма бойынша   екі ел арасында ынтымақтастық туралы жаңа келісім жасасу   туралы Қазақстан Үкіметіне  пікір білдірген едік, сонымен қатар  еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің 2016 жылғы А/135 бұйрығымен екі елдің ресми өкілерінен құрылған біріккен жұмыс тобы жаңа келісімінің жобасын жасап, Моңғол Елінің сыртқы істер министрлігі арқылы  Қазақстанға жіберген болатынбыз, жауап күтіп отырмыз» дейді.

Шарт мерзімі аяқталса да. Моңғол Үкіметі тарапынан Қазақстанда 1-13 жыл жұмыс жасаған, кейін Моңғол еліне қайта оралған 441 қазақ азаматына қазақстандағы жұмыс өтілін қосып есептей отырып  зейнетақы тағайындалғанын министр атап өтіпті.

Шынтуайтына  келсек, екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы келісімді жасауға, уақытын ұзартуға  Қазақстан тарапы  көбірек мүдделілік таныту  қажет-тін.  Өйткені Қазақстанға Моңғолиядан  көшіп келіп. осы елде алды  26-жыл, кейінгілері 15 жыл бойы тұрып жатқан, еңбек жасаған  Қазақстан Республикасының азаматтарының мүддесі ең әуелі  өзгелерді емес, өзімізді  толғандырғаны  дұрыс болар еді.

Бұл жерде екі ел арасындағы қарым-қатынас, алыс-беріс тұрғысындағы  шешілмеген кейбір мәселелер салдарынан жасалмаған  келісімді алға тартып өз азаматтарының мүддесін аяқ асты етіп,  төккен тер, маңдай ақысымен қол жеткен зейнетақысын кесіп тастау мүлде дұрыс емес деп санаймын. Бұл жағдай екі ел арасында әлеуметтік  ықпалдастық  туралы келісім шарт болмаған 3 жылға жуық уақытта  Моңғолиядан атамекеніне оралған, жасына қарай зейнеткерлікке  шыққан саны 100-ден астам зейнеткерлерге ғана жасалып отырғаны қиянат емес пе?

Жоқ әлде «оралманға» деген салқын лептің салдары ма?

Не десек те «ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымас» дегендей  азғана  зейнеткердің көңіліне қаяу салып, ренішін тудырғанымыз дұрыс емес.

Осы мәселе ҚР-ның Үкімет басшысының назарына жетер деп үміттенміз.

Әлхан Амантай

Abai.kz          

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1239
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2950
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3320