Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 4969 0 пікір 30 Қаңтар, 2017 сағат 12:14

ӨМІР МЕН ӘДЕБИЕТ ХАҚЫНДА ОЙ ТОЛҒАҒАН КІТАП

 

Алматыдағы «Рух БГ» баспасынан жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Әдебиет мүддесі» атты публицистикалық хроника кітабы жарыққа шықты. Автор бұл жинағына 1969 жылдан 2016 жылға дейінгі кезеңде әдебиет пен әдеби шаруашылық хақында, сондай-ақ мемлекеттік тәуелсіздікпен қол ұстаса кірген қоғамдағы өзгерістерге, жаңа экономикалық қатынастарға байланысты жазушылар ұйымдары бастан өткерген даму сатылары жөнінде жазған мақалаларын, берген сұхбаттарын, бірқатар басқа да маңызды құжаттарды топтастырған.


Кітап жазушының қырық шақты жылдай ілгеріде жазылған, жастық шағындағы ұстанымын білдіретін шағын мақаламен басталады.  Одан кейін хронологиялық бірізділікпен жинақталған публицистикалық мақалалар қаламгердің сол ұстанымды арқау ете келе, өз бойында қалыптастырған жұмыскерлік философиясының, шығармашылыққа көзқарасының кей көріністерінен,  әдебиет  туралы  ойларынан сыр шертеді. Жинаққа автордың  бірқатар әдеби-сыни жұмыстары, сондай-ақ өмір мен әдебиет жайындағы пайымдарын, ой-пікірлерін білдіретін  мақалалары да енген. Публицистикалық хроника түрінде құрастырылған бұл кітапта айқын аңғарылатын тағы бір желі бар. Ол қалам қайраткерлерінің шығармашылық ұйымы тарихына арналған. Мұндағы мақалалар, сұхбаттар мен құжаттар Жазушылар одағының даму тарихынан, оның көпшілікке беймәлім тұстарынан хабардар етеді. Атап айтқанда, төрт бөлімнен тұратын публицистикалық хрониканың алғашқы бөлімі Жазушылар одағының тәуелсіздік қарсаңындағы  ахуалына автордың сыншылдық көзқарастағы сөздерімен тамамдалады.

Ал екінші бөлімінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  Жазушылар одағы қабырғасында атқарылған кейбір істер, замана туғызған өзгерістер және соған орай Одақта жасалған революциялық шаралар, уақыт талабына сай жүргізілген реформа, сол орайда шығармашылық ұйым душар болған шырғалаң жайында әңгімеленеді. Үшінші, төртінші бөлімдерде жазушылар ұйымдарында орын алған кері реформа сипатты шаралардың бел алып, орнығуы баяндалады. Әріптестердің қоғамымыздағы демократиялық үдеріс табиғатына жат іс-әрекеттері сыналады.

Қысқасы, жинақтағы мақалалар мен сұбхаттар автордың қоғамдық-саяси және әдеби-сыни ой-пікірлерімен қоса, қаламгерлер ұйымдарының ішкі өмірін ұйымдастыруға қатысты пайымдары мен ұсыныстарын, нақты ахуал және жол берілген кемшіліктер жөнінде әділеттілік тұрғысынан жасалған қорытындылар, Одақ  құрылымы тарихынан басқа да  маңызды мағлұматтар береді.  

Кітап қаламгерлерге, әдебиетшілер ұйымдары тарихын зерттеушілерге, әдебиет сүйер қауымға, қалың көпшілікке арналған.

«Әдебиет мүддесі» публицистикалық хроникасын сатып алғысы келетін азаматтар (8727) 374-83-42, 8701 746 33 01 телефондарына хабарласуына болады. 

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321