МАҢҒЫСТАУЛЫҚ КЕЛІНШЕК ДӘРІГЕРЛЕРДІ АҢ-ТАҢ ҚЫЛДЫ!
Маңғыстаулық келіншек егіздердің орнына күтпеген жерден үшем босанды!
Маңғыстау облысында 2017 жылдың алғашқы үшемі дүниеге келді. Олар 13 қаңтар күні жұмада дүние есігін ашқан. Ал ата-анасы мен дәрігерлер егіз болады деп ойлағандықтан, үшемдер күтпеген қуанышқа айналды.
Ақмарал Жалажанова 12 қаңтар күні жағдайы нашарлап, жансақтау бөліміне түскен болатын.
"13 қаңтар күні оны отаға жатқызу шешімін шығардық. Жүктіліктің 34 аптасында болған келіншекті шұғыл отаға жатқыздық. Ота кезінде екі емес, үш нәрестені алып шықтық", - дейді отаны өткізген дәрігер Жапырақ Епенова.
Ақмаралдың өзі де 33 жасында батыр ана атанатынын күтпеген. Ерлі-зайыптылардың тағы төрт ұлы бар. Барлық УДЗ құрсақта тек екі бала барын көрсеткен.
"Бұл келіншекті жүктілігінің бес апталығынан бастап бақылап жүрдік. Алматыдағы УДЗ егіз деді. Ақтауда да төрт рет УДЗ-ға түсіп, дәл сондай диагноз алды. Бұл күтпеген қуаныш болды", - дейді Жапырақ Епенова.
Дәрігер мұндай жайттар өте сирек кездесетінін алға тартты.
Алғаш болып сағат 12:00-де дүниеге көптен күткен қыз бала келді. Ерлі-зайыптылар оған Медина деген есім берді. Оның салмағы - 2270 грамм. Бір минуттан кейін 2480 грамдық ұл бала Нұрислам дүние есігін ашты. Ал елді таң қалдырған үшінші нәресте Әдемі 1940 грамм болып туылды.
Мен өте бақыттымын, Жаратушыға алғысым шексіз, дәрігерлерге, қасымызда болған барлық жанға рақмет айтамын. Әр отбасына осындай бақыт тілеймін", – дейді үшемнің әкесі Жансерік Тұяқбаев.
Сайтқа әзірлеген Нұсрұлу Найманова.
Abai.kz