Биыл Оңтүстікте 15 мыңнан астам ұсақ шаруашылықтар біріктірілген
Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласындағы тиімділікті арттыру мақсатында соңғы жылдары ірілендіру саясаты қарқынды жүргізіліп келеді,-деп хабарлайды «Абай ақпарат» порталы.
-Мұның алынатын өнім көлемін арттыруға тиетін ықпалымен қатар шаруаны дөңгелетуге қолқабыс жасайтын несиеге қол жеткізуге де жол ашады, дейді ОҚО Ауылшаруашылық басқармасының мамандары.
Желтоқсан айындағы қорытынды деректерге назар аударсақ, бүгінгі күні Оңтүстік Қазақстан облысында жаңадан 15 мыңнан астам ұсақ шаруашылықтарды біріктіретін 174 кооперативтер құрылыпты.
-2016-2017 жылдар аралығында барлық ауылдық округтерде кооперативтерді құру жоспарланып отыр,-дейді ОҚО әкімдігінің мамандары.
Сол секілді қайта өңдеу саласында да айтарлықтай жаңалықтар орын алуда. Қазіргі таңда бұл бағытта жұмыс істеп жатқан 198 кәсіпорын болса, олардың 27-сі ірі кәсіпорындар санатына жатады. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемі 128,7 миллиард теңгені құрап, өткен жылдан 15,2 миллиард теңге артты. Осылайша нақты индекс көлемі 104,6 пайызға жетіпті.
Айта кетейік, биыл Оңтүстік Қазақстан облысында «Агробизнес – 2020», «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары жоғары деңгейде жұмыс жасаған.
Соның арқасында өңірде мал өнімдері өткен жылмен салыстырғанда едәуір өсім көрсеткен. Мысалы, желтоқсан айындағы қорытынды статистикалық деректерге сүйенсек, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 25,4 мың бас аналық мал сиыр сатып алынған. Бұл көрсеткіш жалпы аналық басқа шаққандағы үлесі 20,2 пайызды құрайды.
«Алтын асық» бағдарламасымен 38,1 мың бас қой сатып алынған. Ал, «Құлан» бағдарламасы аясында 3,5 мың бас жылқы сатып алыныпты.
Осының барлығын есептей келгенде Оңтүстік Қазақстан облысындағы ірі қара малдың саны 4,3 пайызға, қой мен ешкі 2,2 пайызға көбейген. Әкімдіктің Ауылшаруашылық басқармасының деректеріне үңілсек, жылқы саны 8,8, пайызға, түйе де 3 пайызға артқан.
Abai.kz