ОҚО-да 35 мыңға жуық шаруашылық қаржылай көмек алған
Жақында Оңтүстік Қазақстан облысы Ауылшаруашылық басқармасы жылды қорытындылады. ОҚО Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Тұрбековтың желтоқсан айындағы деректеріне сүйенсек, өңір шаруаларына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың айрықша екенін көреміз.
С.Тұрбековтың айтуынша, биыл 2016 жылы облыстық бюджеттен қарастырылған сома бойынша Ауылшаруашылық басқармасы тарапынан 6 194 786,7 теңгенің субсидиясы игерілген екен. Өңірдегі шаруаларға мемлекет тарапына жасалып жатқан қолдаудың мақсатты игерілуін қорытындылаған басқарма басшысының есебіне сүйенсек, былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы жылдың желтоқсан айында шаруалардың жылдық табысы жоғары нәтиже көрсеткен.
Әсіресе бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде мемлекеттен субсидия алған шаруашылықтардың саны 34 472-ні құраған.
Соның ішінде 3 Акционерлік қоғам, 665 Жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 31 997 шаруа қожалықтары, 1250 өндірістік кооператив, 557 басқа шаруашылық жүргізуші субьектілер қаржыландырылған.
Қазір билік шаруалардың шаруасын дөңгелетуде субсидиядан бөлек жаңа бір пилоттық жүйені ендіруді қолға алмақшы. Бұл 6-7 пайызбен диқандарға несие беру жобасы. Ол егіс көлемі аз шаруа қожалықтарды ірі қожалықтармен ерікті түрде біріктіріп, несие беруді көздейді. Алайда, мұның жүзеге асуы уақыт еншісінде.
Abai.kz