Ауыл шаруашылығы дақылдарын егу көлемi 12,8 мың гектарға артты
Биыл ОҚО-да ауыл шаруашылығы дақылдарын егу көлемi 12,8 мың гектарға артты, - деп хабарлайды Абай-ақпарат. Яғни, бұл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын егу көлемi 788,6 мың гектарға жеткен.
Шыбық шаншысаң шынар өсіп шығатын берекелі һәм мерекелі өңір - Оңтүстік Қазақстан облысы күзде өзінің берекесін молынан көрсетеді. Мәселен биыл бұл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын егу көлемi өткен жылмен салыстырғанда 12,8 мың гектарға артып, 788,6 мың гектарға жеттi. Орташа есеппен республика бойынша өндiрiлген мақтаның 100, жүзiмнiң 65, бақшаның 66, мақсарының 40, жемiс-жидектiң 31, көкөнiстiң 24 пайызы Оңтүстiк Қазақстан облысының еншiсiнде.
Бұл Оңтүстiк Қазақстан облысын республика халқын жергiлiктi азық-түлiк өнiмдерiмен қамтамасыз ететiн негiзгi орталыққа айналдыру әлеуетiнiң өте жоғары екендiгiн байқатады. Сонымен қатар шаруалар биылғы маусымда өзге дақыл түрлерiнен де мол өнiм жинай бiлдi.
Мәселен, 963 мың тоннадан астам көкөнiс түрлерi, 1 миллион 413 мың тонна бақша өнiмдерi, 277 мың тонна картоп жиналып алынды. Сондай-ақ, 126 мың тонна жемiс-жидек, 63 мың тонна жүзiм терiлдi. Бұл көрсеткiштердiң барлығы да өткен жылдың көрсеткiштерiнен анағұрлым жоғары. Соңғы үш жылда жердi жаңа әдiспен игеру жұмыстары жүргiзiлуде. Осы жылы 86 мың гектар жерге терең қопсыту технологиясы енгiзiлдi. Бұған дейiн тәжiрибе жүзiнде мақтадан гектарына орташа есеппен 26-27 центнерден өнiм алынса, терең қопсыту технологиясын енгiзген шаруашылықтар гектарына 40-45 центнерден өнiм жинады. Аталған технологияның қатты топырақ ылғалдылығын сақтаудағы тиiмдiлiгiн ескере отырып, бұл технологияны басқа да дақылдар мен тәлiмi жерлерге қолдану ұсынылуда.
Абай-ақпарат