Сенбі, 23 Қараша 2024
Қаза 10413 0 пікір 23 Мамыр, 2015 сағат 16:07

ДИДАХМЕТ ӘШІМХАНҰЛЫ ДҮНИЕДЕН ОЗДЫ

Қазақ руханияты ауыр қазаға душар болды. 64 жасқа қараған шағында қоғам қайраткері, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Дидахмет Әшімханұлы дүние салды.

Қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп, өрісін ашқан алтын буын қаламгерлердің ізін басып, әдебиетте өзіне ғана тән соқпағын салып, қаламынан туған шығармалары арқылы қалың оқырманының ыстық ықыласына, махаббатына бөленген Дидахмет Әшімханұлымен бірге әдебиеттің адал қорғаны құлады. Ағалап соңынан ерген, сөзін тыңдап, нұсқаған бағытын құп көрген кейінгі буын іні-қарындастарының қамқоры болған қаламгер мейірім мен жанашырлықтың, шынайылық пен өткірліктің өзі еді, бастау көзі еді.

Қазаққа қажетті, қазаққа пайдалы әр істің көш басында жүретін әрі сол іске қолынан келген қамқорлығын аямайтын қайраткерлігімен қоса, қоғамдық-саяси өмірге де сергек қарап, өз көзқарасын ашық  айтып, бағытының анықтығы мен табандылығын әр кез білдіріп, өзгелерге үлгі бола білген Дидахмет Әшімханұлының қазасы қалың қазаққа, алыс-жақын елдердегі барша оқырмандарына орны толмас ауыр қайғы.

Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы марқұмның отбасы, туған-туыстарына, замандастары мен оқырмандарына қайғырып, көңіл айтады.

 Дидахмет Әшiмханұлымен қоштасу қаралы жиыны ертең сағат 09:30 да Алматыда, Жазушылар Одағында өтедi. Дүйсенбi күнi туған жерi  Қатонқарағайда (Шығыс Қазақстан облысы) жерленедi.

 

Abai.kz

 

Әшімханұлы Дидахмет 1952 жылы 10 маусымда Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Жаңаүлгі ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген (1978). 

Еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысы "Коммунизм туы" (1975–1976 жж), "Лениншіл жас" (1978 ж) газеттерінде тілші болып бастаған. «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») журналы мен  1981–1992 жж. «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдебиет, сын бөлімін жүргізді, 1992–1994 жж. халықаралық «Заман – Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі және газет редакторының орынбасары болған. 1994 жылдан еларалық «Түркістан» газеті бас редакторының орынбасары, 2003 жылдан «Алаш» баспасының директоры

«Аққабаның толқыны» (1981), «Он бірінші күз» (1987), «Каменная падь» (1990), «Жер аңсаған сары атан» (1998), «Самырсын сазы» (2000) атты әңгімелер мен повестер жинақтары жарық көрді. Жеке шығармалары өзбек, қырғыз, қытай, моңғол, орыс, украин, мари тілдеріне аударылған. Сондай-ақ А.Курчаткин, Т.Минулмен, А.Аширов, Х.Абдуллин, П.Пурзверу, т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2005).

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377