Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 7292 0 пікір 17 Наурыз, 2015 сағат 10:15

ҚАЗАҚ ТӨЗІМДІ, ӘЙТСЕ ДЕ КӨНБІС ЕМЕС…

Әлемдік саясаттағы орын алып жатқан оқиғаларға зер салып қарасақ, түрлі соғыстар, жанжалдар, дағдарыстар, террорлық актілер, атыс-шабыстар толастамай тұрғаны анық байқалады. Ғылым мен техника дамып, мәдениет көркейіп, өркениеттік дамудың жоғарғы сатысына көтерілген сайын, адамзат атаулы шыдам, төзім, сабыр, тағат, көну, шүкір ету, өзара түсінісу, сыйласу, мойындау, толерантты болу сияқты адамгершілік сапаларды шетінен жоғалтып жатқандай көрінеді. Жыл сайын, 16 қарашада Халықаралық төзімділік күні аталып өтетінін көпшілік біле бермес. БҰҰ мүше-мемлекеттері 1995 жылғы 16 қарашада Париж қаласында өткен ЮНЕСКО-ның 28-ші Бас конференциясында 5.61 қарармен «Төзімділік ұстанымдарының декларациясы» қабылданған. Дүниежүзінің елдері мақұлдап бекіткен бұл декларацияның 6-шы бабы бойынша, «Төзімсіздіктің астарында жатқан қауіптерге назар аударту, оған қоғамды жұмылдыру және де, төзімділікке ынталандыру мен оның рухында тәрбиелеуге қолдау көрсету мақсатында, біз 16 қарашаны жыл сайын аталып өтетін, төзімділікке арналған халықаралық күн деп салтанатты түрде жариялаймыз» делінген.

Қазіргідей ғаламдану үрдісі жанталаса жүріп жатқан, адамдар ашкөз материалдық құндылықтарды пір тұтқан, сананы тұтынушылық психология билеген, маргиналдық пен мәңгүрттіктен азғындалған қоғамда төзімділік деген ұғым да күйзеліске ұшырап отыр. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, интеграция, миграция, ассимиляция, урбанизация сияқты ауыс-түйіске толы процестердің қарыштап дамуы адамдарды сабырсыз күйге түсіріп, тағатын тауысып, шыдамсыз етіп жатқан сыңайлы. Тіпті, уақыт та бұрынғыдан тез жүретіндей, өмір ырғағына сай адамдар да асығыс, бірінің ашу-ызасы қатыгездікке ұласқан, екіншісін немқұрайдылық сезімі басқан… Адам ата мен Хауа ананың бүгінгі ұрпақтары толып жатқан гаджеттер (жаңа технологиялық құралдар, мысалы планшет, смартфон т.б.) арқылы бір-бірімен жүре сөйлесіп, айтқанды ат үсті тыңдап, алыстан сыйласатын, «фаст-фуд» жеп, асығыс тамақтанатын күйге түскен. Түрлі діннің, нәсіл мен ұлт өкілдері бір-бірінің ерекшеліктерін түсінгісі келмейтін, ұстанымдарына төзбейтін дерт асқынған. Айта берсек, төзімділік мәселесінің БҰҰ деңгейіндегі ғаламдық мәселеге айналуының себеп­тері толып жатыр. Қазіргі кезеңде діни ұрандарды жамылған түрлі саяси күштер экстремистік және террористік әрекеттер жасап, толеранттылықты тәрк етіп, өзгеше ойлау мен басқадай наным-сенімдерге төзбейтіндіктерін көрсетіп отыр. Төзімділіктің болмауынан діндер арасындағы қарым-қатынастарға сызат түсіруге тырысу, дінаралық жанжалдардың көбеюі белең алуда. Дүниежүзін дүр сілкіндірген сондай қанды оқиғалардың бірі 2015 жылы 7 қаңтарда Париж қаласында орналасқан «Чарли Эбдо» (Charlie Hebdo – Чарли апталығы) сатиралық карикатура басатын журналдың редакциясында болған террористік акт. Ислам діні үшін Құраннан кейінгі ең қасиетті құн­дылық саналатын Мұхамед пайғамбар с.ғ.с. мазақтап, қисық-қыңыр карикатура салған журналдың 10 журналисін күзетші полицейімен қоса террористер атып кетті. Террористерді қолға түсіру кезінде тағы 5 адам қайтыс болды. Бас аяғы 17 адам өлді. Осы оқиғадан соң, дін мен тө­зімділіктің арасындағы қайшылықтың тереңдеп кеткендігі былай тұрсын, ар-ож­дан бостандығы мен сөз бостандығын адам­зат көп жағдайда теріс түсінетіні тағы да дәлелденді.

«Чарли Эбдо» терактісін әлем жұрт­шылығы айыптады, Франция мемлекеті қаралы күн жариялап, ел президенті Франсуа Олланд мемлекеттік туларды үш күн бойына түсіріп қоюға жарлық берді. Әйтсе де, бұл теракт қоғамдық пікірді қақ жарды: бірінші топ өкілдері «француздық журналистер Мұхамед пайғамбар с.ғ.с. мазақ ету арқылы теракті жасалуына себепкер болды, мұсылмандарды ызаландырып, шыдамдылығын шегінен шығарды» деп карикатура салған суретші-журналистерді ақпараттық террористерге балады.

Екінші топ болса әдеттегідей, ислам жаман, мұсылмандар террорист деп айыптады, әсіресе, Еуропада исламофобия өрістеді. Тіптен, қарапайым адамдар тұрмақ, мемлекеттердің ұстанымдары да әртүрлі болды. Терактіден соң жұртшылық дінге тіл тигізушілер сабақ алар, енді, мұндай бассыздық қайталанбас деп ойлаған еді. Алайда, іс жүзінде бұл үміт ақталмады. Франция билігі «экстремистерден де, террористерден де қорықпаймыз, «Чарли Эбдо» жасаған істі жалғастырамыз» деп мәлімдеді, француздық журналистер бастаманы қолдады. Нәтижесінде, бұрын 60 мың тиражбен шыққан журнал қаза тапқан журналистердің жеті күндігіне орай 5 млн. тиражбен басылып шықты. Мазмұны өзгерген жоқ, пайғамбарды мазақтаған, мұсылмандарды әжуалаған карикатуралар қайтадан көшіріліп басылды. Бұл әрекет мұсылман мемлекеттерінің ашу-ызасын туғызды. Нигерия мұсылмандары жаппай бас көтеріп, өз елдеріндегі христиан шіркеулерін қиратып, өртеді. Араб елдерінде, Түркияда, Иранда, Пакистанда, Шешенстанда т.б. мұсылмандар мекендейтін елдерде көптеген қарсылық акциялары болды. «Чарли Эбдо» оқиғасы қазіргі әлемдегі діни төзімділіктің, көп айтылатын «толеранттылық» дейтін ұғымның сыр бере бастағанын көрсетіп отыр.БҰҰ Төзімділік принциптері туралы декларацияны қабылдағалы бері әлемдік саясаттағы трендтердің бірі – толеранттылықты сақтау болған еді. Алайда, оның іс жүзінде қалай жүзеге асып жатқанына келсек, жағдай көңіл көншітерлік емес. Әсіресе, діни салада адамдарға төзімділік жетіспей тұр. Мысалы, ислам діні үшін сабыр сақтау бас­ты құндылықтардың қатарында, тіпті «Сабыр», Әс-Сабуру – Алланың тоқсан тоғыз есімінің бірі саналады. Сөйте тұра, ислам атын жамылған экстремистер мен террористердің көбеюі өз кезегінде исламофобияны, мұсылмандарға қатысты жағымсыз көзқарасты туындатып, діни төзбеушілікке ықпал етіп отыр. Германияда «Pegida» атты антиисламдық қозғалыс туындап, қазір оның ықпалы Еуропаның басқа елдеріне тез таралу үстінде. «Pegida» (немісше - Patriotische Europäer gegen die Islamisierung des Abendlandes, PEGIDA — Патриотты европалықтар Батыстың исламдануына қарсы) – Германияның Дрезден қаласында Лутц Бахман құрған антиисламистік қозғалыс 2014 жылдың қазан айынан бастап Европа қалаларында мұсылмандардың көбеюі мен батыстық өмірдің исламдануына қарсы акциялар өткізумен айналысып жүр. «Пегидалықтар» радикалды исламистердің экстремистік пиғылдарына төзбеу, жер бетіндегі кәпірлерге жиһад соғысын жариялап, бүкіл әлемдік ислам халифатын құруды көксеп отырған «Аль-Кайда», «Боко Харам», «Ирак-Шам ислам мемлекеті» сияқты террористік ұйымдардың әрекетіне қарсы еуропалықтарды жұмылдыру үшін белсенді жұмыс жасауда. Көріп отырғанымыздай, «сабырлы» мұсылмандардың төзімділікті шектен шығаратын ұшқары әрекеттері «толерантты» еуропалықтардың қарсы әрекетін туындатып отыр. Бұл жағдай осылай ушығып кете беретін болса, үшінші дүниежүзілік соғыс діни фактордан туындап кетпесіне кім кепіл?

Қазіргі заманғы саяси процестерге тал­дау жасай отырып, толеранттылық деген ұғым күйзеліске ұшырап, реваншизмге айналып бара жатқанын байқаймыз. Яғни, толеранттылық басқаға түсіністікпен қа­рау ғана емес, өзіңнің де бар екеніңді біл­діру, дауысыңды шығарып, басқаларға өзіңді мойындату ретінде қабылдануда. Бұлай болуы қисынды заңдылық, өйткені, тараптардың өзара түсіністігі мен бір-бірін мойындауына басқадай жолмен қол жеткізу мүмкін емес, қарапайым ғана «мен – саған, сен – маған», яки, «Сыйға – сый, сыраға – бал!» дейтін қатынас сақталмаса, толеранттылық жайына қалып, шовинизм, дискриминация, экстремизм сияқты бұра тартушылық белең алады. Мұндайда қазақ «Еңкейгенге еңкей – ол әкеңнің құлы емес, шалқайғанға шалқай – ол Құдайдың ұлы емес» дейді. Адамдардың төзімділігі түгесілген, шыдамсыздықтан күйзелген мына алмағайып заман қазақ халқына қалай әсер етуде? Әдетте, қазақтың шыдамы өзі мекендеген шалқар даладай шексіз саналатын. Тіпті, кейде қазақ «көнбіс, қойдай жуас», «айтқанға көнгіш, айдағанға жүргіш» дейтін пікірлер де айтылып қалатыны бар. Бейнетке төзу, үмітпен өмір сүру қазақы болмыстың басты ерекшелігі іспетті, оған өзіміз де мойын­ұсынып, «Әй, қазақ, жүрген жерің азап» деп күңкілдеп қоямыз. «Тағдырдың бас­қа салғанын көрерміз», «Сабыр түбі сары алтын», «Басқа түскен баспақшыл», «Маңдайға жазылғаны», «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді», «Көппен көрген ұлы той» сияқты толып жатқан мақал-мәтелдері бар қайран қазаққа төзімділікке негізделген фаталистік ұстаным тән. Қазақ төзімді, бірақ, көнбіс емес. Көнбістік – ынжықтық пен надандыққа үзеңгілес ұғым. Кезінде бұл тақырыпқа Жолымбет Мәкішев қалам тартып, «Қазақ үні» газетінде «Қазақты көнбіс қылып көрсету кімге тиімді?» деген тақырыпта мақала жазған болатын (30 сәуір 2012 жыл, http://www.qazaquni.kz/?p=12023). Автор өз ойын: «неге екені белгісіз, біздің атқамінерлер ұлтымызды көнбіс әрі момын халық қылып көрсетуге құмар. Мүмкін, осылай деп айта берсек, қараша бұны көкейіне тоқып алып, сосын жасып қалған жұртты басқару жеңіл болады деп ойлайтын шығар. Қалай десек те, қазақтың өзге қасиеттері туралы ауыз ашпай, оны біржақты бейнелеуге құмарлықтан арылу керек. Онсыз да өз ұлтының ұлы қасиеттерін білмейтін дүбәраларды тәрбиелеп жатқанымыз аз емес. Өскелең ұрпақ өз ұлтының жауынгер де жасампаз әрі барлық жақсы қасиеттерді бойына жинаған Ұлы халық екенін біліп өсуі тиіс» – деген түйінмен қорытады. Төзім – туындаған қандай да бір қиын­дыққа, проблемаға, тауқіметке төзу, жақсылық болар сәтке, мәреге дейін шыдау. Яғни, төзім, төзімділік – мәңгілік ұғым емес, аралық сипаттағы, уақытша мәнге ие ұғым. Сондай-ақ, ой-пікірі басқаша, ұстанымы бөлек адамдарға түсіністікпен қарау, өзіңнің ойыңмен келіспейтін адамдардың ниет-пиғылына төзу. Сөйте тұра, төзу деген осы екен деп, қол қусырып отыра берген де болмайтыны белгілі, тірі адам тіршілігін жасап, орын алған проблеманы шешудің жолдарын іздестіреді, күйзелістен шығатын жолды табуға тырысады. Мы­салы, аштыққа, суыққа т.б. азапқа төзіп, ондай қиындықтарға төтеп беру үшін күресу қажет, қарманып, аштықтан өліп, суықтан үсіп қалмау жолында жанталас басталады. Сол сияқты, қазіргі кезде әлемдік қауымдастық ғаламдық дағдарыстан шығудың жолдарын іздеуде, «кризиске шыдау керек» деп аузын ашып отырған жоқ. Әрбір ұлт, әрбір ел де солай, өзгелерден теперіш көре бастаса, шыдап бағады, алайда, отарлық езгі шы­дамның шегіне жеткенде ұлт-азаттық қозғалыс басталады. Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды – шыдамдылық, төзімділік өзін-өзі қорғау инстинктімен тығыз байланысып жатыр. Кеудесінде жаны бар тіршілік иелерінің барлығының бойында шыдам бар, бірақ, шыдам шексіз емес.Төзімділіктің де түбі бар, сабыр да сарқылады, тағат таусылады, үміт үзі­леді. Сондықтан да, халық даналығы «Шы­дамның да шегі бар», «Үндемегеннен үй­дей бәле шығады», «Жуастан жуан шығады» дейді. Мұның барлығын айтып отырған себебіміз – күнделікті өмірде болсын, саясатта болсын, адамдардың шыдам­дылығын шегінен шығармау аса маңызды. Халық шыдамды, илегенге көнеді дейтін саясаткерлердің билігі түбінде төзімі таусылған халықтың көтерілістерінен құлап тынады. Өткен тарихта солай болған, қазір де солай. Әлемде жиі болып жатқан төң­керістер мен бүліктер, түрлі жанжалдар халықтың төзімі таусылғанда бұрқ ете қалған саяси процестер. Қазақ тарихында да ұлт-азаттық көтерілістер көп болғаны белгілі. Бір қарағанда, қазақтан асқан төзімді халық жоқ сияқты көрінеді. Алайда, төзімі таусылғанда, момын қазақ та бас көтереді, ал, бір көтерілсе, қазақты тоқтату қиын. Биыл 550 жылдығы тойланатын Қазақ хандығының құ­рылуы да қазақ ру-тайпаларының Әбіл­қайыр ханның озбырлығына қарсы бас көтеріп, өз алдына дербес мемлекет құруымен, ұлттық рухтың өрлеуімен тікелей байланысты. Тарихқа жүгінсек, Жәнібек сұлтан мен Керей сұлтан халқын ертіп Жетісуға көшпес бұрын, 1428 жылдан бастап Әбілқайыр ханның оппозициялық саяси қарсыластары болған. Себебі, Әбілқайырдың 17 жасында хан сайлануы оның жеке қасиеттеріне емес, шашбауын көтеруші саяси күштерге, бай-шонжарлардан тұратын қысым жасаушы топтарға байланысты еді. Соған сәйкес, Әбілқайыр хан өз билігін нығайту және өзін қолдайтын үстем саяси элитаның мүдделерін қанағаттандыру жолында 20 жылға жуық зорлық-зомбылық жасап, елге ылаң салып, қарсыласқан Жошы ұрпақтарын, бағынбаған ру-тайпалардың көсемдерін басып-жаншумен айналысқан. Бұл өз кезегінде оған деген күшті наразылықты туғызып, қол астындағы халықтың төзімін тоздырды. Осындай кезеңде, яғни, 1465 жылдары Ұрұс хан мен Барақ ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей сұлтандар бабаларынан мұраға алған ел мен жерден бас тартып, Шу өзені бойында Қазақ хандығын құрды. Егер де, қазақ көнбіс халық болса, ата-бабаларымыз Әбілқайыр ханның езгісіне қарсы шығып, одан бөлініп, өз алдына егемен ел болып, дербес хандық құрар ма еді?

Одан кейінгі кезеңде де, отаршы­лардың зорлығына көнбей, шыдамы шегіне жетіп, төзімі таусылған сәттерде қазақтар бас көтеріп, азаттық үшін талай рет күреске шыққан. Ресей им­периясы мен Хиуа, Қоқан сияқты Орталық Азия хандықтарының отар­шыл озбырлықтарына қарсы халық көтерілістерін бастаған Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, Ағыбай батыр, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы, Байзақ Датқа, Жанқожа батыр Нұрмұхамедұлы, Есет батыр Көтібарұлы, Аманкелді Иманұлы т.б., Қытай отаршылдарына қарсы күресіп, «Үш аймақ» көтерілісін бастаған Демежан, Бөке, Зуха, Оспан, Елісхан, Әкбар, Сейіт, Бүркітбай, Сұлубай, Дәлелхан т.б. батырлар, Кеңес Одағы кезінде «қызыл террордың» 1928-1934 жылдары аралығындағы зобалаңына қарсы шық­қан Адай, Батпаққара, Созақ, Ырғыз, Бостандық және т.б. жүздеген ірілі-ұсақты көтерілістері, Шұбар-Балқаш-Шоқпар наразылықтары, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі, 2011 жылғы Жаңаөзендегі мұнайшылардың бас көтеруі қазақ халқы қанша төзімді ұлт саналса да, отарлауға, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа, әділетсіздікке төзбейтін өр мінезді халық екенінің дәлелі.

Бүгінгі таңда Қазақстан прагматикалы ұлт саясатын жүзеге асыруда, саяси лексиконымызда ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісім тұрақты қолданылатын ұғымдарға айналған. Мемлекет құрау­шы қазақ ұлты кеңпейілдікпен, елімізде мекендейтін басқа ұлттардың диаспораларына түсіністікпен қарап, шыдамдылық танытып келеді. Тіпті, шыдамдылығы ақкөңілдікпен өрілген қазақ өзгенің көңіліне қарап, өзінің ұлттық мүддесіне қайшы келетін іс-әрекеттерге дейін баруда. Басқа тілділерге қамқорлық жасаймыз деп, мемлекеттік тілді, елдегі төл этностың ана тілі – қазақ тілін дамыта алмай келе жатқанымыз да осыдан. Осындай «шыдамдылықтың» арқасында, «ұлтаралық қатынас тілі», «ресми тіл» мәртебесін ие­ленген орыс тілінің асығы алшысынан түсіп, ықпалы жағынан мемлекеттік тілден асып түсетін деңгейге жетіп отыр. Сонда қалай? Қазаққа келгенде, шыдамдылық бір жақты ұғым ба? Жарайды, өзге тілдің дамуына шыдамдылықпен, түсіністікпен қарайық, ал, өзіміздің ана тіліміз дамымай отырғанына қайтіп шыдамдылық танытып, кімге және неге түсіністікпен қарауымыз керек? Ұлт саясаты туралы тұжырымдамаларға сүйенсек, кез келген ұлттық мемлекеттің күшті болуы үшін екі шарт қажет: бірінші, ел ішіндегі азшылық диаспоралар титулды ұлтқа лоялды болып, оның басымдығын мойындап, салт-дәстүрін сыйлап, мәдени ерекшеліктерін құрметтеп, түсіністікпен қарауы тиіс; екінші, титулды ұлт шетелдерде жүрген өзінің қандас бауырларын қорғап, жан-жақты қолдау жасап отыруы керек. Осы тұста ойландырар түйткілді мәселелер баршылық. Еліміздегі қазақтар басым тұратын ауыл-аймақтың әл-ауқаты төмен, мәдениет ошақтары қожыраған. Болмыс сананы айқындайтыны ақиқат. Өз отанында тұрып жатқан қазақтардың титулды ұлт ретінде жағдайы оңбай тұрғанда, шетелдегі қазақтарды қорғау мәселесі қайдан оңсын… Алыс шетелдерді айтпағанда, Қазақстанмен көршілес Қытайда 1,5 млн., Өзбекстанда 1 млн. астам, Ресейде 650 мың, Моңғолияда 100 мыңнан астам қазақ бар. Шетелдерде шашырап жүрген үш миллионнан астам қазақ диаспораларына төл мәдениетін сақтауға жағдай жасалуы, қазақ мектептерінің болуы, ана тілінде білім алуы, қазақша газет-журнал оқып, Қазақстан телеарналарын көруі, атамекеніне оралып, азаматтық алуы сияқты т.б. көп мәселелерде қиындықтар көп.
Былтыр академик М. Жолдасбеков сырттағы қандас бауырларымызға: «…шетте жүрген әр қазақтың әрқилы тағдыры бар. Мен бұрыннан айтып келе жатырмын. Тарихи отанымыз Қазақстан екен деп, осында үдере көшіп келуді доғарыңдар. Мынау Моңғол жерінде отырған қандастарымыздың басым бөлігі керейлер, наймандар. Өзіңнің ата жұртың шырағым. Сен ол жерге еш жерден көшіп барған жоқсың. Ол жерде Тоғыз Оғыз дейтін мемлекет болған моңғолдан да бұрын. Ол Керейлердің мемлекеті. Қыпшақтардың бәрі Сегіз Оғыз мемлекеті болды. Сегіз Оғыз мемлекеті ол Найманның мемлекеті. Бұл кім – бұл қазақ құрған мемлекеттер… Мен сендерге келмеңдер деп отырғаным жоқ, қате түсініп қалмаңдар. Келе беріңдер. Түгел көшіп, ата жұртты тастап кетпеңдер» – деп үндеу арнағаны есімізде. Алайда, академик ағамыздың сөзін сан-саққа жорып, сынап-мінеушілер көп болды, қоғамда қызу пікірталас жүрді. Шын мәнісінде, академик М. Жолдасбеков тарихи шындыққа негізделген пікір айтты, көрші елдердегі қазақтар ирриденталар екені рас. Олардың ата-бабалары ежелден сол жерлерді мекен еткен, басқа жақтан ауып, қашып-пысып, көшіп келмеген. Империялар арасындағы шекара бөлісу кезінде басқа мемлекеттердің аумағында қалып қойған, байырғы қазақ ру-тайпаларының мекен еткен аймақтарындағы ұрпақтары.
Әріден ойласақ, көрші елдердің ішінде, өзіміздің шекараға жақын аймақтарда қандас бауырларымыздың шоғырлана қоныс тебуі стратегиялық маңызды мәселе. Мұны саясатта «этникалық анклав» немесе «буферлік аймақ» дейді. Ұлт­тық анклавтарды әр ел өзінің ұлттық мүддесіне сай пайдалануға тырысады. Мысалы, Қытай иммигранттары әлемнің қай еліне барса да, шоғырланып өмір сүруге тырысады, лезде «Чайнатаун» жасап алады. Түрік бауырларымыз да солай, шетелдерде жүрсе тез топтасып, ұлттық микроорта қалыптастырады. Мұның бәрінің түбінде ұлттық мүдде жатыр. Ал, орыстар болса, «В чужой монастырь со своим уставом не ходят» дейтін ма­қалы бола тұра, қай елде жүрсе де шарт қойып, тілі, діні, құқықтары сақталуын мін­дет қылады. Тіптен, менменшіл шо­ви­нистік пиғылдарын да жасырмайды. Айталық, Украинаның Донецк, Луганск, Қырым аймақтарында орыс ұлтының өкілдері басым болатын. Украина халқы «Еуроодаққа қосыламыз ба?», әлде «Ке­дендік одаққа қосыламыз ба?» деген саяси таңдауға тірелгенде, орыстар басым шығыс украиналық аймақ халқының бүйрегі Ресейге бұра тартты. Өзінің ұлт­тық мүддесін ескере отырып, Ресей де олардың «демократиялық таңдауына түсіністікпен қарады». Әрине, этникалық анклавтарды сепаратистік немесе өзге де арам пиғылда қолдану адамгершілікке де жатпайды, халықаралық құқық нормаларына да қайшы келеді. Бұл тұрғыда Ресей мысалы үлгі тұтуға жарамайды. Жоғарыда айтылған М. Жолдасбековтың идеясында ешбір арам ой жоқ: ол көрші елдердегі қазақтарды еліміздің шекаралас аймақтарын қорғау үшін, ұлттық мүдде тұрғысында екі ел арасындағы амортизациялық-буферлік аймақ ретінде, яғни, игі мақсатта пайдалануға болады дегенге саяды. Бірақ, қоғамдық дауға арқау болған мәселе мынау еді: М. Жолдасбеков айтқандай, шетелдегі қазақтар тұрған жерінде тұра берсе, анклав болмақ түгілі, ассимиляцияланып, ұлт ретінде жоғалып кету қаупі туындап отыр. Қытайдағы қазақтар қытайланып, Өзбекстандағылар өзбектеніп, Ресейдегілер орыстанып барады. Бұл елдерде 3 млн. қазақ мекен еткенімен, қазақ мектептері жоқ, қа­зақша газет-журнал таратылмайды, ұлт­тық телеарналар көрсетілмейді, Қазақ елінің ақпараттық кеңістігімен байланыстары нашар. Мысалы, Ресей үкіметі Қазақстаннан орыс тілділердің құқығы шектелмеуін, орыс тілінде білім алуға жағдай жасалуын талап етеді. Біз неге осындай талапты Ресейге қоймаймыз? Олар да ресейлік қазақтарға қазақша білім алуға, қазақы мәдениетін дамытуға жағдай жасасын. Тура осындай талапты Қытайға, Өзбекстан мен Моңғолия т.б. қазақтар көп тұратын елдерге қоюға Қазақ елінің моральдық құқығы бар. Неге десеңіз, ұлтаралық мәселеде Қазақстанның ары таза, жүзі жарық. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы. Тәуелсіздік алғалы бері Елбасымыздың ұсынуымен, ақкөңіл қазақ ұлтының қолдауымен түрлі диаспора өкілдерін құрметтеп, өзге тілдер мен мәдениеттердің дамуына барлық жағдай жасалып келеді. Тіптен, диаспоралар өздерінің 9 өкілін Парламент Мәжілісіне депутаттыққа бөлек сайлау құқығына ие. Қандай елде диаспоралардың арнайы ұйымы, біздегідей конституциялық құқықтары бар екен? Қазақ еліндегі басқа ұлт диаспораларының өз тілдерінде қызмет ететін балабақша, мектеп, театр, ұлттық-мәдени орталықтары бар, газет-журналдар шығарады, телеарна мен радио­дан өздерінің тілдерінде хабар таратады. Қазақстандық диаспоралар көрген құрмет пен сыйды шетелден оралған қандас қазақ бауырларымыз көріп жатқан жоқ. Біз ешбір жаңалық ашып отырған жоқпыз, бұл айтылған фактілердің барлығын біздің билік басындағылар да, қарапайым халық та жақсы біледі. Сөйте тұрып, мыңқ етпейміз, «төзімділік танытып», үнсіз шыдап келеміз. Осы жерде Тұрсын Жұртбай ағамыз «Әр қазақ қысасқа қысас, өктемдікке мінез көрсетуі керек» атты Abai.kz сайтына берген сұхбатында үш Владимирдің — В.Путин, В. Жириновский, В. Хандрусай айтқан «қазақ мемлекеттігі болған жоқ және ол 1991 жылдан басталды», «Мәңгілік ел» жобасымағын құрғанша, Қазақстан Федеративті Республикасын орнатқан жөн» дейтін, қазақ ұлтының тәуелсіз ел болуына төзгісі келмейтін сандырақтарына ызалы кейіпте, зілді жауап берген болатын: «…Путин, Жириновскийдің сол айтқан сөздері қазір біздің қоғамның ішінде үлкен толқу туғызды. Ал, бұл пікірлер Қазақстандағы қазақтан басқа халықтың өзін екіге бөліп отыр, біреуі қарсы, біреуі жақтайды. Америкаға, Еуропаға қарсы қолданған ең күшті кілт, ол – Путиннің қолындағы кілт: «Қазақ – ұлт емес, үлкен тобыр». Ал, біздегі өзге ұлттардың барлығы осы пікірге қанаттанып отыр. Біздің ішіміздегі Қазақтан басқа ұлттар сол пікірге арқаланып, қазақ мемлекеттігіне күмәнданып, енді сол пікірді қалыптастыруға, жандандыруға көшті. Бұл қазақ емес ұлттардың бұл пікірді талдап, дұрыс деп қабылдауына негіз қалады. Егерде, «Қазақ мемлекеттігі болды, шекарасы болған» деген сөзді қайтадан жандандырып алмасақ, бұл мәселе тура 3-5 жылдың ішінде алдымыздан шығады. Оған біздің елдегі Халықтар ассамблеясына иек сүйеп отырған ұлттар қаржылық жағынан да, саясаттану жағынан да, сыртқы күштің көмегі жағынан да, тіпті қару-жарақ жағынан да дайындалып отыр. Біз өзіміздің ішіміздегі казак атамандары мен олардың қолдаушыларына осы бас­тан тыйым салмасақ, ертең дымымыз шықпай қалады. Қазір әр қазақ қысасқа қысас, өктемдікке мінез көрсетуі керек. Әр саудагер бәсекеге сай, өктем экономикаға қарсы өзінің іскерлігін көрсетіп, іштесіп, бәсекелесіп, жанталасып қайрат қылмаса болмайды. Нағыз бәсекеге түсетін кез енді келді. Осыдан бастап «Ойбай, қазағым-ай, елім-ай, жерім-ай, анау әйтті, мынау бүйітті» дегеннен аспасақ, онда біздің мемлекеттігімізге қауіп төнді, басына бұлт үйірілді деп есептеу керек. Біздің қауіпсіздік комитетіміздің, қорғаныс мекемелерінің, сыртқы саясат мекемелерінің бірігіп осыған қарсы әрекет ететін кезеңі осы кезең. Мемлекеттік тұлғалар да осы ке­зең­нің орындалуын қамтамасыз етпесе, онда олардың Қазақстанның тәуелсіздігін қамтамасыз ететініне күмәндануға болады». Бұл пікір де шыдамның шегі болатынын ескертіп тұрғандай (http://abai.kz/post/view?id=1647).
Мәселені қорытып айтар болсақ, біз тәуелсіздігімізді нығайтып, егемен Қазақ елін «Мәңгілік елге» айналдырамыз десек, ең алдымен ұлттық мүдделерімізді қорғай білуіміз қажет. Ол үшін әрбір қазақтың бойында ұлттық мүддемізге нұқсан келтіруші кез-келген қастық әрекетке төзбеушілік танытатын жігерлі өр мінез, намысқа толы ұлттық рух қажет. БҰҰ «Төзімділік ұстанымдарының декларациясында» адам баласының төзбеушілік танытуы тиіс жағымсыз құбылыстар көрсетілген. Дискриминацияға, ұлттық-мәдени әр-алуандықты мойындамаушылыққа, адам құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына, жемқорлыққа, қылмыстың кез-келген түріне, ұлттық намыс пен құндылықтардың аяққа тапталуына ешқашан да төзбеуіміз керек. Шыдамдылықтың та жөні бар, шыдамсыздықтың да орны бар.

Сейілбек Мұсатаев,
профессор, саяси ғылымдарының докторы

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434