ҰЛТТЫҚ ЖАҢҒЫРУ КОМИССИЯСЫ: 5 МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ
«Мемлекеттің мемлекеттілікті сақтаудағы ең басты мақсаты - жыл сайын азаматтарының өмір сүру деңгейін жақсарту. Бұл - табысты мемлекеттің жолы». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезі барысында осылай мәлімдеді. Мәлімдеп қана қойған жоқ, Мемлекет басшысы елімізде жүргізіліп жатқан реформалар тиімділігінің бес қадамын атап, осы бағытта атқарылар шараларды да айқындады.
«Бұл үшін, біріншіден, либералдандыруды жалғастыру керек. Осы бағытта мемлекеттік органдар басшыларының есептілігін кеңейту қажет. Жергілікті өңірлерде бұл біршама қамтылған. Дегенмен, жалғастыру керек, бәлкім, интернет арқылы әкімдер екі жылда бір мәрте өз жұмысына есеп берулері де керек болар. Екіншіден, қабылданатын шешімдер үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету. Бұнда бұқпалап, жасыратын ештеңе жоқ. «Ашық үкімет» арқылы азаматтар барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешім қабылдауларына ықпал етулері керек. Ал бұл үшін «Жария ақпараттарға қолжетімділік туралы» заң жобасын әзірлеп, қабылдау қажет», - деді Н.Назарбаев.
Үшінші нақты қадам ретінде Елбасы азаматтық бюджеттендіруді енгізуді атады. Яғни, мұнда әңгіме негізінен азаматтық қоғам өкілдерін бюджеттік қаражаттарды бөлуге қатыстыру тұрғысында болып отыр. Әсіресе, өңірлерде бюджетті бөлуде азаматтық қоғам өкілдерін кеңінен тарту керек.
Елбасы алға тартқан төртінші қадам - бұқара халықтың шағымдану жүйесін нығайту. Бұл ретте Мемлекет басшысы қызметкердің әрекеттеріне шағымдануға қатысты азаматтардың мүмкіндігі заңнама аясында кеңейтілуі керектігін баса айтты.
«Бесінші маңызды қадам - қоғамда өзін-өзі реттеудің тетігін кеңінен енгізуді қамтамасыз етуіміз қажет. Осы мақсатта мемлекеттік органдардың жауапкершілік аумағын біртіндеп, сатылап қысқартып, оған қатысты әлеуметтік мәнге ие қызметтердің өкілеттігін азаматтық қоғам институттарына беруге тиіспіз», - деді Н.Назарбаев.
Осылайша, Елбасы азаматтық қоғамды дамыта түсудің оң нәтижелеріне қол жеткізілген соң барып, жергілікті атқарушы биліктің сайланбалылығы туралы мәселені шешуге болатынын алға тартады. Ал мұндай қадамдардың бәрін сатылап жүзеге асырғаннан соң ғана Президенттен Парламентке және Үкіметке қарай биліктік өкілеттіктерді қайта бөлуді қарастыратын конституциялық реформалар жүзеге асуы шарт. Яғни, Президенттің пайымынша, осындай бес маңызды қадамды қамтитын реформаларды жүзеге асыру Қазақстанның мемлекеттігін нығайтып, әлемнің дамыған отыз еліне кіру мәселесіне де оң септігін тигізеді.
Дегенмен, кез-келген реформаны асығыс жүргізуге жол берілмеуі керек. Елбасы да осыған назар аудартты. «Әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, қуатты мемлекет қалыптастырып, либералды дамыған қоғам құру үшін елдің 40-50 жыл мерзім бойына тұрақты алға жылжуы қажет. Біз де соған бара жатырмыз. Мен ұсынған осы бес қадам Қазақстандағы қоғамдық қатынастар жүйесін түбегейлі өзгертеді. Ал мұны жүзеге асыру үшін мен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық жаңғыру комиссиясын құруды ұсынамын», - деді Мемлекет басшысы. Елбасының сөзіне қарағанда, аталған комиссияға шенеуніктерден гөрі қоғамдағы кәсіби азаматтарды тарту керек. Ал Ұлттық комиссия бес бағыт бойынша жұмыстар атқарып, ол үшін бес топ құрылады. «Комиссия реформалар кешенін тұтастай қамту үшін жұмыс жасайды, мен өзім осы жұмысты тікелей қадағалап отырамын», - деді Н.Назарбаев.
Abai. kz