Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6747 0 пікір 11 Наурыз, 2015 сағат 09:57

«ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН». БҰЛ ҚАНШАЛЫҚТЫ МҮМКІН?

Путин билігіндегі қазіргі Ресей Федерациясына салынған экономикалық санкциялардың «қызығын» көршілері көріп-ақ жатыр. Соның бірі, әрине, қазақстандықтар. Ресеймен шектесетін аймақтардың тұрғындары азық-түлік түрлеріне дейін санкциялардың салқынына ұшыраған елден тасуда. Автокөлік сатып алу – қолында аз-маз қаражаты бар қазақ үшін аяқкиім сатып алумен бірдей болып қалды. Оны айтасыз, Омбы, Орск, Астрахан сияқты бұрыннан таныс қалалардан жылжымайтын мүлік – пәтер сатып алып қойғандар да бар. Отанына оралуды көптен ойлап жүрген мүндағы орыс ағайындар да Ресейдегі қазіргі арзаншылықты пайдаланып, көшіп жатыр. Дұрыс қой енді: бүгінгі заман – кім қайда тұрамын десе де ерік берілген заман. Кім қайдан не сатып аламын десе де ерікті. Сондықтан есік-терезеңді тұмшалап, шекараңды «темір шымылдықпен» шырмап тастамасаң – азаттықтың ауасын жұтып қалған адамдарды шектеу қиын. Оның үстіне, Қазақстан осы күндері Ресеймен бірге Еуразиялық экономикалық одақтың аясында өмір сүріп жатыр. Кедендік одағың және бар. Ал, ұстап көр. Ал, «Ресейден ештеңе алма», «тасыма бері қарай» деп көр! Қысқасы, кедендік одақ пен ЕАЭО-ның пайдасын қарапайым халық көре бастады. Тек қалтаңда қаржың болсын. Делдалдар да осыны бек түсініп, Ресейден әкелген тауарларының бағасын төмендетіп, тұтынушылардың алдын орауда. Алматыда, мысалы, автосалондардың маңдайшаларына көрнекі етіп «ресейлік баға», «ресейлік нарық» деген жарнамалар іліп тастады. «Ресейлік баға» алдағы таяу күндері Қазақстанды түгел басып қалатын сияқты. Осыны амалсыз мойындаған қазақстандық билік «Қазақстанда жасалған» дейтін акциялар ұйымдастыруда. Яғни, қазақ кәсіпкерлері шығарған өнім түрлері жаппай жарық дүниенің бетін көріп, сатыла бастады. Ойбой, біздің кәсіпкерлер не өндірмей келген осы уақытқа дейін?.. Сүт өнімдерінен, ұн өнімдерінен, ет өнімдерінен жасалған тағамдардың неше атасы самсап тұр. Құрастырылған автокөліктер. Құрылыс заттары... Бізде бәрі бар екен. Бірақ... тұтынушы жоқ. Мәселенки, Қарағанды қаласында жуықта болған «Қазақстанда жасалған» жәрмеңкесінде бір кәсіпкер: «Біздің халық шет елдерден тасымалданатын тауарлардың тұтынушысына айналып кеткен. Өзіміздікіне мұрын шүйіре қарайды. Әсілінде, біз ешкімнен кем дүние жасамаймыз. Біздікі - әрі сапалы, әрі арзан. Осыны ұқтыра алмай-ақ келеміз елге», - деп ағынан жарылды. Рас сөз. Біздің халық шындығында әлемнің тұтынушысы айналып кеткен. Оған себеп көп. Тоқсаныншы жылдары тұралаған экономика еңсе тіктеп үлгергенше, ел ішіндегі саудагерлер төрткүл дүниені шарлап халыққа қажеттіні үйіп тастады. Бұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, Қазақстан экономикасы шикізатқа тәуелділіктен бой жазбай келеді. Үшіншіден, кәсіппен шұғылданып, игілікті іс жасауға ұмтылған азаматтардың жолын салық байлап, коррупция жайлап алды. Жарнама жоқ. Менеджмент нашар. Енді, міне, Ресейді екі өкпеден қысқан саяси әм экономикалық санкциялар ресми Астананы да терең ойға салып, «Қазақстанда жасалғанның» қамына кірістіруде. Басқа жол жоқ. Енді қарап отыра берсе, қазақстандық кәсіпорындар тұтасымен тұралайды. Бұл – өз кезегінде жұмыссыздықты көбейтіп, бұқара халықты әлеуметтік сілкіністерге әкелетін «жұттың» басы. Қысқасы, биліктің өзі тілеген кедендік, ашық экономикалық одақ биліктің басын қатыратын мәселеге ұласуда. Бұны, бірақ, сұмдық деп қабылдауға болмайды. «Осымен біттік, тындық» деген байлам жасау да қате. Одақтардың өмірі осындай болатынын сездіріп Президент Назарбаев: «Кедендік одақ пен ЕАЭО қазақ кәсіпкерлерінің бәсекелестікпен өнім өндіруіне мүмкіндік туғызады, шыңдайды» деген-ді. Солай екен, ендеше, кәсіпкерлеріміздің еркін қимылдауына да барынша жол ашылуы керек. Әйтпесе, әзірге әл-қуаты, барар жері белгісіз «Қазақстанда жасалған» дейтін акцияны санкциямен сансырап жатса да алпауыт Ресейдің асап қоюы әбден мүмкін.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394