Зира НАУРЫЗБАЕВА: КҮН СӘУЛЕЛІ КАҺАРМАН
Бүгінгі сұхбатымыздың тақырыбы «Күн сәүлелі қаһарман», «Аққан жұлдыз», «Аңыз құсы», «Һас батыр», «Әлемдік феномен» ретінде танылған Серікбол Әділбекұлы Қондыбай (1968-2004), оның тағдыры мен ғылыми мұрасы жайында болмақ. Аңыздың шындық екендігін дәлелдеу оның бала жастан арманы еді. Осы мұратына тынымсыз ұмтылған Серікбол өлкетану, туризм, ландшафт эстетикасымен айналыса жүрiп, бiлiмнің сан-алуан күрделi салалары: тарих, фольклор, мифогеография, лингвистика, археология, этногенетика, этнография, мифология тоғыстарындағы күллі адамзатқа ортақ мәдени-танымдық мәселелерде әмбебап зерттеушi, тың талдаулар жасаушы ғалым деңгейiне жеттi. Мүгедек халде тоғыз жыл төсекте таңылып жатқан ол көлемі жағынан 15 томнан асатын тың ғылыми еңбеті халқына жазып қалдырған.
Біз Серікболды алғаш болып орыстілді оқырманға насихаттаған, марқұмнұың тірі кезінде хат жазысып, ғылыми пікір алысқан , Бірінші Қондыбай оқуларын (Алматы, 2005) үйымдастыруға атсалысқан философ, Otuken.kz қазақ мәдениеті мен мифология сайтының бас редакторы Зира Наурызбаевамен (суретте) сұхбаттастық.
Бүгінгі сұхбатымыздың тақырыбы «Күн сәүлелі қаһарман», «Аққан жұлдыз», «Аңыз құсы», «Һас батыр», «Әлемдік феномен» ретінде танылған Серікбол Әділбекұлы Қондыбай (1968-2004), оның тағдыры мен ғылыми мұрасы жайында болмақ. Аңыздың шындық екендігін дәлелдеу оның бала жастан арманы еді. Осы мұратына тынымсыз ұмтылған Серікбол өлкетану, туризм, ландшафт эстетикасымен айналыса жүрiп, бiлiмнің сан-алуан күрделi салалары: тарих, фольклор, мифогеография, лингвистика, археология, этногенетика, этнография, мифология тоғыстарындағы күллі адамзатқа ортақ мәдени-танымдық мәселелерде әмбебап зерттеушi, тың талдаулар жасаушы ғалым деңгейiне жеттi. Мүгедек халде тоғыз жыл төсекте таңылып жатқан ол көлемі жағынан 15 томнан асатын тың ғылыми еңбеті халқына жазып қалдырған.
Біз Серікболды алғаш болып орыстілді оқырманға насихаттаған, марқұмнұың тірі кезінде хат жазысып, ғылыми пікір алысқан , Бірінші Қондыбай оқуларын (Алматы, 2005) үйымдастыруға атсалысқан философ, Otuken.kz қазақ мәдениеті мен мифология сайтының бас редакторы Зира Наурызбаевамен (суретте) сұхбаттастық.
- Зира Жетібайқызы, соңғы жылдары марқұм Серікбол Қондыбайдың мұрасын зертеп насихаттау жұмыстары қандай қарқында? Сіздің пікірінізше оның жанкешті шығармашылығы оқырман қауымға қай дәрежеде танылған?
Бұл сұраққа жауап бергенде, оқырмандарды екі топқа бөлуге тура келеді. Қазақтілді көзі ашық оқырманның арасында Серікболдын атын, оның зерттеулері туралы естімеген адам қалмаған сияқты. Оны мен талай рет байқадым. Сол сияқты ғылыми ортада игі бетбұрыс бар. Мысалы, академиялық Тілтану институтында танымал лингвист Нұргелді Уәліұлы жетекшілік ететін диссертациялар Қондыбайдың зерттеулеріне сүйенеді. Сол сияқты бір жыл бұрын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен Серікболдың 15-томдығының тусау кесу рәсімінде сөйлеген тарихшы Талас Омарбеков айтқандай, оның жетекшілігімен жазылған Қазақстанның көптомдық тарихының алғашқы, көне тарихты қарастыратын томдары Серікболдың теорияларының негізінде жасалған. Бұның бәрі - ғалымның шығармашылығын насихаттаған азаматтардың арқасы, Маңғыстау облысы өңірлік-салалық «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында өткізілген шаралардың жемісі.
Ал орыстілді оқырманға келгенде жағдай өзгешелеу болып тұр. 2005 жылы шыққан, Серікбол орысша жазған қазақ мифологиясының қысқаша сөздігі оқырмандардын арасында біршама таралған. Серікболдың Балсұлу әпкесінің рұқсатымен біз оны өзіміздің Otuken.kz сайтымызға да қойдық, керек еткен адам тегін ала алады. Кез келген интернет іздеу жүйесінде қазақ мифологиясын орысша сұрап қалсаңыз, сол кітапқа сілтемелер шығады. Бірақ та Серікболдың негізгі ғылыми енбектері орыстілді ортаға бейтаныс. 2007-2009 жылдары мен төрттомді «Арғықазақ мифологиясын» Маңғыстау облысы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша аударып біттім, оның екі томы «СаГа» баспасында 2008 жылы жарық та көрген, бірақ қалған екі томы қаржы тапшылығынан шықпай жатыр. Және өңірлік бағдарламамен басылып шыққан онсыз да азғантай тираж қазақтілді Ақтауға кетеді. Ондай іргелі енбек кең таралып насихатталмағандықтан орыстілді ғылыми орта Серікболдын зерттеулерін байқамағансып тұр.
- Өзіңіз аударған кітапты таныс ғалымдардың арасында таратып көрдіңіз бе?
Бұл сауалды қойған жалғыз Сіз емес. Аудармам енді шығып жатқанда, Ақтаудан «Нұр Отан» партиясының облыстағы төрағасының орынбасары Алқажан Еділханов деген азамат хабарласты. Серікболдың шығармашылығы, жалпы тарих туралы өз пікірі бар адам екен. Менің енбегімді жақсы бағалап, кітап Юрий Зуевке жеткізілді ме деп сұрады. Юрий Зуев дегеніміз - белгілі тарихшы, шығыстанушы. Оның методологиясы - миф пен тіл арқылы тарихты қалыпқа келтіру - Серікболдікімен өте жақын және де мағлұматы өте мол, еңбегі зор эрудит-ғалым. Серікбол оның мәліметтерін пайдалана отырып, сол ғалымды көп мақтаған және де сондай көп сынаған: еуроцентристік көзқарасының кесірінен көп кезде бір тал шөпті жырлап, өгіз жеккен арбаны байқамай қалатын әдетін, қарапайым логикаға қарсы пайымдауларын айқын көрсеткен. Ол сексен жасқа тақап қалған адам, сол үшін мен оған Серікболдың орысшаға аударылған кітабын беруге де жүрексіндім. Ал өзіммен қатарлас, Серікбол сілтеме жасап, сынаған Зуевтің шәкірттерінен пікір сұрасам, «білмейміз, көрмедік» деп қашады, кітаптарды тегін берейін десем, алмайды, екі жылдан бері жолығуға уақыттары жоқ (күледі). Сол сияқты И. Ерофеева жетекшілік ететін, көшпенділердің мұрасын зерттейтін институтқа С. Қондыбайдың керегі жоқ, өйткені олар «миф» дегенді боғауыз сөз ретінде ғана біледі.
Орыстілді аға буын ғалымдардын ішінде Серікболды тірі кезінде мойындаған, балаша қуанып қарсы алған бір ғана адамды көрдім, ол 70-ші жылдардың өзінде Совет одағының фольклористикасын ауызына қаратқан, филология ғылымдарының докторы Едіге Тұрсынов ағамыз. Оның мойындағаны - ең биік денгейдегі академиялық ғылымның мойындағаны деп білем, бірақ ол ағамызды орыстілді деуге де болмайды, өйткені ол екі тілге бірдей, Серікболды тұпнұсқасында оқыған.
Қысқаша айтқанда, орыстілді Қазақстан және Ресейдің ғылымы, әлемдік ғылым Серікбол Қондыбайды тез мойындайды деп күту - ақымақтық, өйткені ол екі жүз жылдан бері салтанат құрып келе жатқан еуроцентристік бағыттағы әлемдік (батыс деуге болады) ғылымның тамырына балта шапты (оны аз көргендей, семит, қытай мәдениеттерінің адамзат тарихындағы жетекші жасампаз рөлін жоққа шығарып, дәлелді түрде бәрін де дей-дей-түріктердің шәкірттері қылып шығарды).
Бірақ жағдайды соншалықты үмітсіз деуге де болмайды. Серікболдың кітаптарын орысша жүйелі түрде таратып, насихаттаса, біздің бірінші ықтимал одақтастарымыз - Ресейдегі ұлтшыл түрік ғалымдар. Өкінішке орай, жақсы қарқын алып келе жатқан, 2005 жылы - Алматыда, 2006 жылы - Ақтауда, 2007 жылы - Астанадағы Евразиялық университетте өткен Қондыбай оқулары деген ғылыми конференция, ендігі түрік мифологиясы бойынша халықаралық конференцияға айналады деп күткен ғылыми шарамыз тоқтап қалды.
- Бұның себебі неде деп ойлайсыз?
Мен білсем, республикалық денгейде ғылым мен білім, мәдениетті басқаратын адамдар тарапынан Серікболдың, онын шығармаларының маңызы дұрыс бағаланбай жатыр. Бағаланса да, құр сөз деңгейінде. Қондыбайға арналған үш бірдей конференциялардың қорытындыларында Астанадан Қондыбайтану ғылыми орталығын және "Түркілік мифология-Turkish mifology" сайтын ашу керектігі, сондай-ақ С. Қондыбайға "Халық қаһарманы" мәртебелі атағын беру туралы, Елбасының бәсекеге қабiлеттi елу елдiң қатарына жету талабына қуат беретiн елiмiздiң әлемдiк жаһандану кезеңiндегi рухани жаңғыруының символы ретiнде Астана қаласының даңғылдарының біріне тұтас түркі әлемінің биік рухын танытатын тұлға ретінде Серікбол атын берiп, және оның айбынды тұлғасын бейнелейтін мүсін орнатылу жайында билік орындарына ұсыныс жасауды пәтуаласқан едік. Сондай-ақ «Қондыбай оқуларын» тұрақты халықаралық ғылыми конференцияға айналдыру жайында шешім қабылданған. Соңғы конференция марқұм Ақселеу ағамыздың жетекшілігімен Астанада 2007 жылы өткен, бірақ ол іс жүзінде 2005 жылдан бері айтылып жатқан қорытындыларды қайталады. Ол конференцияға сол кездегі Білім беру министрлігінің вице-министрі Ф. Куанғанов қатысып, сөйлеген. Демек белгілі ғалымдар, әдебиет, өнер қайраткерлері қатысқан конференция қорытындылары министрлікке жеткен, ал «воз и ныне там» орыстар айтпақшы.
- Қазақ мифологиясының, дәстүрлі мәдениетін зерттейтін, насихаттайтын Otuken.kz деген сайт осы жылы ашылды ғой?
Оны енді шарасыздықтан мен өз ақшама жасатып, қолымнан келгенше Серікболдың орысшаға аударылған дүниелерімен, жолдасым Таласбек Әсемқұловтың күйлер мен зерттеулерімен, өз мақалаларыммен толтырып ұстап отырмын. Әрине, бірте-бірте бұл сайтымыз ғылыми-көпшілік электрондық журналға айналады деген үмітіміз бар.
Қазірге дейін С. Қондыбайдың мұрасын насихаттауға тек қана оның туған жері Маңғыстау ат салысып жүр, өйткені облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Серікболдың кітаптарын өзі оқыған, маңызын терең түсінген азамат. Кондыбайдың 15-томдығының алғы сөзінде ол былай деп толғайды: «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа Жолдауында атап өткен бәсекелестік заманында ұлтының әрбір азаматын рухани жетекшілікке тарту мақсатында рухани биікке жетелеген, өзінің халқын сүйген, елін сүйген, жерін сүйген Ұлы махаббатының арқасында Серікбол ғылымда Ұлы Ерлік жасап, өзінің сөзімен айтқанда «21 ғасырдағы қазақтың тіршілік ету кеңістігі мен уақытын сақтап қалу үшін жаңа идеология, жаңа шежіре, жаңа миф жасалуы қажеттігін» айқындап берді, алты алаштың жастарына өмірлік үлгі көрсетті».
Маңғыстау облысы қолынан келгенін аямай-ақ келе жатыр, бірақ Серікбол Қондыбай - ұлт үшін, бүкіл түрік нәсілі үшін Ұлы Тұлға, оны осы денгейде насихаттау керек. Жазушы, мәдениеттанушы Таласбек Әсемқұлов оны бұл дүниеге қайтып келген Адамзаттың Екінші Ұстазы Әл-Фараби деп жазды.
- Өзіңіз айтқандай, Серікбол Қондыбайдың есімі «қазақ мифологиясы» деген ғылымның синониміне айналып бара жатыр. Сол мифология дегеннің не екенін жалпы оқырманымызға түсіндіріп берсеңіз.
Миф деген сөзге келсек, ол Көне Грекиядан келе жатыр. Бұл - құдайлардың, дүниенің, тіршіліктің, адамзаттың қалай пайда болғанын бейнелейтін аңыздар. Бірақ ол 19 ғасырдағы ғылым ойлағандай өтірік емес, ертегі де емес (қарабайырланып кетіп ертегіге айналуы мүмкін). Ол белгілі бір ұлттың, нәсілдің қоршаған дүние туралы, өзі туралы, өзінің тарихи жолы туралы астарлап айтқан шындығы. Серікбол былай деп жазады: «Мифология, миф - ойдан шығарылған қиял емес, ол - өткен заман адамының шындығын бойына сақтап қалған ата-баба сарқыты. Ол - өткенді саналы түрде бұрмалаудың, жалғандықтың ескерткіші емес, бірнеше мәрте бүктетіліп, оралып, ақиқаты мен қатесі қатар өрілген, еріксіз шатасудың тозаңының арасында байқалмай қалған ақиқаттың өрім қамшысы».
Жалпы алғанда, 20-21 ғасырдағы гуманитарлық ғылымда мифке көзқарас қатты өзгерді, ұлттың санасын, түпсанасын да миф арқылы зерттеуге болатыны анықталды.
Фридрих Ницше мифті кез келген дені сау мәдениеттің көкжиегін қоршап тұратын, сол мәдениетті, сол халықтын санасын қорғап тұратын шекара деп білген. Бізге сол шекара әсіресе кәзіргі жаһандану дәуірінде қандай керек екені сөзсіз түсінікті.
Ал қазақтарда, мәселен, көне гректермен салыстыратын болсақ, бірқатар космогониялық, астрономиялық және этиологиялық мифтерден басқа дүние жоқ сиякты еді. Өйткені біздің мифтер дер кезінде (мыңдаған жыл бұрын) қағазға түсірілмеген, әбден қарабайырланып, фольклор денгейіне түсіп кеткен. Оған қоса, көшпенділердің көптеген мифтері мәтін түрінде емес, жеке сөз, музыка, ою-өрнек, киелі архитектурада астарлап берілген, дәлірек айтқанда, бізге сол түрінде ғана жеткен. Сөйте тұра, сол аз мұрамызды зерттеу мәселесі отарлық империя тарихынан қолдан тежелген.
Серікбол болса, үш сатылы жүйе жобалаған. Бірінше кезекте мифологияның зерттелуі қажет деп, екінші кезекте орыс-советтік ғылымдарының әлсіз көшірмесі ретінде қалыптасқан бүкіл гуманитарлық теориялық ғылымдар (филология, тарих, психология, философия, мәдениеттану, т.б.) ұлттық тамырдан нәр алып, өзінің табиғи негізін табу керек деп, үшінші кезекте, сол ғылымдардың жемісін пайдаланып, әртүрлі өнер, әдебиет, басқа қоғам өмірінің салалары даму керек деп тапқан. Білесіз ғой, Батыстың бүкіл өнері мен әдебиеті, керек десеңіз, мемлекеттік және құқықтық жүйелері әлі күнге дейін Тәурат, басқаша айтқанда, семит халықтарының мифологиясының, және көне Грекия мен Римның мифологиясының негізінде дамып жатыр.
- Бұрыңғы Батыс әдебиеті пен өнеріне қатысты айтқаныңызға қосыламын, бірақ қазіргі заманның өнері туралы олай айта салу қиын сияқты...
Күмәніңіз түсінікті. Бұрынғы, классикалық өнер тікелей мифологияға негізделетін еді, ғылыми тілмен айтқанда, соған сілтеме жасайтын еді. Ал қазіргі мәдениет сол классикалық кезеңде жасалған кодты иемденді, классиканы теріске шығарып отырса да, я постмодернисттік иронияға салса да, сол тілді пайдаланады, былайша айтқанда, аралық сілтеме жасайды. Сауатты оқырман соның бәрін көріп отырады, «мәдени ойынның» негізгі мәні де сол. Тікелей мифологияны пайдаланатын өнер, әсіресе кинотуындылары («Троя», «Одиссея», «Нахан балықты ерттеп мінген» сияқты) тоқтаусыз туындап жатады, өйткені қанша заман өтсе де, адам туралы, оның жаны туралы мифологиядай айтқан өнер жоқ.
Енді мысал үшін қазіргі сот жүйесіне келейік, біз үшін оның формасы өзінен өзі қалыптасқан, басқаша болу мүмкін емес сияқты (постмодернизмнің аталары - француздар - бұл жансақ пікірді теріске шығарып, жабайы қоғамдағы тергеу мен сот туралы «Біздің дәуірімізге дейін миллион жыл бұрын» фильмін түсірді, Депардье ойнаған күлдіргі комедия болса да, ол авторлардың санасына әбден сіңген постструктурализмнің жемісі: басқаша ойлап, басқаша іс жүргізүге болады деген сөз).
Мыңдаған жылдан бері келе жатқан сот қалай болады: айыпталған адам, адвокат пен прокурор, сот мүшелері я бір төрелік ететін адам. Бәрі дұрыс сияқты. Бірақ көп қоғамдарда, қорғаушы мен кінәләуші былай тұрсын, адамның күнәсі, жеке жауапкершілігі туралы ұғым мүлде жоқ. Сот формасы қайдан шыққан? Батыс халықтарының ұғымында өлген адам о дүниеге барғанда, о дүниенің патшасының алдында өзінің бұл дүниеде істегені туралы ештеңені жасырмай баяндайды, соған орай, ол я жұмаққа, я тозаққа жіберіледі. Оған Ибраһим-пайғамбардан тараған діндер адамның Құдай алдындағы күнәсі (грех) туралы, адамның жақсы мен жаман істерін тіркеп тұратын періштелері (олар сол адвокат пен прокурор ғой) туралы идеяларды қосты.
Сол діндердің әсерімен көшпенді қоғамда ондай идеялар да қылаң береді, бірақ негізі біздің билер жүйесі басқа мифологияға, рулық санаға сүйенген. Жоғарыдан тағайындалған сот жоқ, биді екі жақ өздері келісіп таңдайды (третейский судья). Басты мәселе - күнәні өтеу емес, ар-абыройды сақтап, екі руды татуластыру. Қысқасы, ол тереңге, тотем деген ұғымға кететін мәселе, кезінде мен бұл тақырыпқа мақала да жаздым.
- Серікболдың шығармашылығына қайтып оралайық...
Серікбол өзін қалжыңдап қазақ мифологиясын зерттеуге қажет болған нәрселерді (мысалдар, тақырыптар, идеялар) есепке алып, басын бір кітапқа қосып, түгендеумен айналысатын завхозбын дейтін. Әрине, оның енбегі жай жинақтаушы, жүйелеуші деңгейінен өлшеусіз биік. Дұрыс жүйеге түсіру үшін теориялық негіз керек: Менделеевтің химиялық элементтердің периодтық жүйесін жасауға деген талпынысы химия ғылымының мүлдем жаңа бағытын ашты, көптеген белгісіз болып келген элементтерді ашуға жағдай жасады. Басты нәрсе - Менделеев өзі жасаған жүйеге дұрыс негіз, классификацияның принципін тапты. Серікбол сол сияқты мифология ғылымын эмпирикалық, мазмұндау қалыптан теориялық, эвристикалық маңызы бар ғылымға айналдырды.
- Оқырманға түсінікті болу үшін, мысал келтірсеңіз...
Серікбол ашқан көптеген жаңалықтардың бірі - қазақ халқының аңыздық атасы Алаша ханға қатысты. Алаша хан қазақтың алғашқы ханы ғана емес, оның есімі осы этностың екінші есіміне (патроним) айналды. Қазақ өздерін «Алаш баласымыз» деп, тайпалар бірлігін «Алты Алаш» деп атаған. 20 ғасырдың басында қазақтың рухани элитасы Алаш-Орда ұйымын құрып, дәл сол атпен мемлекет ұйыстыруға ұмтылды. Ал кең таралған аңыздарға ден қойсақ, Алаша ханның, біздің ұлтымыздың аты алапес аурумен байланысты екен. Бір түрлі жағымсыз жағдай. Серікбол болса Алаша ханның бастапқы бейнесі күнтектілікпен байланысты екенін, ол - бұл дүниеге үйлесімдік пен тәртіп орнататын күнтекті қаһарман (солярный герой), қоғам құратын санаткер (культурный герой) екенін ғылыми түрде бұлжымастай етіп дәлелдеді. Оның алашұбарлығы, кейбір басқа фольклорлық кейпкерлердің түктілігі сияқты - сол күннен тараған қаһарманның белгісі. Кейінгі фольклорда алғашқы сипаты ұмытылып, қарабайырланып (демифологизация) алапеспен түсіндіріле бастаған.
Бұл жерде Мағжанның өлеңі еске амалсыз түседі:
Ерте күнде отты Күннен Гун туған,
Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам...
Мен - Күн ұлы, көзімде күн нұры бар...
Иә, ақын мифологиядан хабары болмаса да, сол бір ақиқатты түйсікпен сезген. К.Г. Юнг бұны «архетип коллективного бессознательного» деп атаған. Архетип дегеніміз көнеден келе жатқан, халықтын түпсанасында мыңдаған жылдар сақталып, анда-санда жаңғырып отыратын бейнелер, құрылымдар. Олардың жаңғырғаны сол халыққа құт та болуы мүмкін, халықтың жаңадан түлеуіне әкелуі мүмкін, сананың індетіне де айналуы мүмкін. Жалпы Серікболдың бір мақсаты - қазақтың санасын жаңғыртатын рухани тетіктерді табу болды. Бір ғасыр бұрын алашшыл ақындар «Оян, қазақ!» деп тебіренсе, Серікбол мифті «дұрыс талдау арқасында бүгінгі, пенде қазақтың қанында, тәнінде, түйсігінде орын алып, бірақ әрекет жасауға дәрменсіз болып отырған «басқа (мәңгі) қазақ» - «ішкі қазақтың» немесе «арғықазақтың» танымы мен сенімін оята аламыз», - деді. Ал, «Мифке оралу» - сиқырлы, қасиетті және таңғажайып ел - Жарқын Қазақ еліне - «Мәңгі елге» қайтып оралу дегенді білдіреді.
Киелі Қазақтың Мәңгі елі - реалды географияда емес, біздің санамыз бен түйсігімізде, яғни әрбір қазақтың ішінде орналасқан, әбден тұмшаланып, шаң басып, танылмай жатқан «ішкі елімізде». Міне, мифология - осындай киелі кеңістікті қайтадан танып білуге жол ашып беретін кілттердің ішіндегі негізгісі» деп жазады.
- Ғажап сөз екен... Сонда Серікбол үшін мифология - қазақтың санасын оятатын рухани тетік, біздің ғылым мен өнер, әдебиетімізді жаңғыртатын құрал ғой...
Серікбол өзі «Арғықазақ мифологиясының» кіріспе сөзінде былай жазады: «Әрине мен айтқан қисындар - бүкіл қоғамның дертін жазатын емдеу тәсілі емес, «емін таптым» десем, Құдайдың алдында да, адамның алдында да күпірлік болар еді. Бірақ... ұлтымызға тән парықсыздықты бәсендетуге болады ғой деп ойлаймын, үміттенемін».
Мысалы, қазақ тілі туралы көп айтылып та, жазылып та жүр. Серікбол бұл тарапта да бірегей ой айтқан. Біріншіден, ол қазақ тілі, қазақ сөзі мыңдаған жылдың ақпаратын сақтағанын көрсетеді. Ғалым үшін біздің тіліміз - мифологияны қалыпқа келтіретін бірден бір құрал. Қарапайым болып көрінетін сөздің тылсымын ашқанда адам амалсыз таңқалады екен. Мысалы, Батыс ғылымы көп жазған, көптеген көне құдайлардың есімдеріне және мифологиялық ұғымдарға (атақты Вальгалла, Елисей жазирасы, Элизиум сияқты) негіз болған «индоеуропалық» көне түбір «ел», «вал» кәдімгідей түріктің «өлу» деген сөзінен шыққан екен.
Зерттеуші бір таңбадан бүкіл сөзімізді, ал біздің сөздерден басқа, адамзат тарихында «жетекші рөлге» ие халықтардың ең керемет деген сөздерін шығарады. Және біздің бабаларымыз сөздерді жаратқанда олардан әлдеқайда көп біліп, сөзге әлдеқайда көп мағынаны еңгізгенін дәлелдейді.
Серікболдың өзі жазғандай: «Қазақ тілінің жекелеген сөздерін саралай келе маған тап болған, мені таңдандырған ой «осы қазағымның тілі өңін айналдырған тазша-бала сияқты екен» дегенге сай еді... Қазақ тілі - ауылдың аңқылдақ шалының тіліндей тым қарапайым, тым қарабайыр, тым созылыңқы сияқты. Бірақ бұл сырттай қарағандағысы ғана. Қазақтың кез келген қара сөзінің қабығын қырсаң, оның астында жылтыраған алтын көрініп тұрғанын көріп таң қаласың... Қазақ тілі - екінді тіл, яғни туынды тіл. Ол көне жұмбақ тілдің қарабайыр, күнделікті тілге айналған түрі. Қазақ тілі - арғы дүние тілі. Біз оны қарапайым сөздердің ежелгі мағынасын анықтау арқылы көрсеттік те. Ал дәстүрлі ежелгі таным заңдылығы бойынша бір нәрсе бір дүниеден екінші дүниеге өткенде, өзінің болмысын түбегейлі түрде қарама-қарсы сипатқа өзгертеді. Әлгі Алпамыс батыр о дүниеде қалай тазша балаға айналып кетсе, қазақ тілі арғы дүниеден мына жалған дүниеге келгенде өңін айналдырып, қарабайыр тіл болып көрінеді. Ақиқатында ол - асыл да жұмбақ тіл».
Қазақ тілін үйрету, насихаттау мақсатында небір жобалар тиянақталып жатыр. Бірақ Серікболдың бұл идеясына саятын бір ғана «Қобыланды» - жатқа» деген жоба бар. Оның авторы және жетекшісі - өнертанушы Земфира Ержан. Ол өзі өте қызық және кірпияз адам, бес ұрпақтан бері - өнер саласында жұмыс істеп келе жатқан қала зиялыларының әулетінен. Әжесі - актриса, марқұм әкесі - суретші, шешесі де белгілі актриса - Нукетай Мышпаева. Земфира Алматыда туып өскен, Мәскеуде оқыған, сегіз жылдай жалғыз өзі жеке өнертану журналын шығарған адам. Ол саналы түрде туған тіліне қайтып келген, жалғыз қызы қазақ мектебінде оқиды. Земфираның жобасының идеясы төмендегідей: қазақ тілін күнделікті, я кеңсе тілі ретінде емес, киелі да көркем тіл ретінде үйрету, қазақ тілінен аз-маз хабары бар адамды бірден тіл ғаламына еңгізу. Жобаға қатысушылар әр сабаққа жырдың 30 жолын жатқа жаттайды, келесі 30 жолын аударуға тырысады. Жобаға лингвист Анар Фазылжанова қатысады, ол көнерген, сөздіктерде жоқ сөздерді түсіндіреді, мен болсам, мәдениеттанушы ретінде жырдың мифтік, ырымдық, философиялық қатпарларын түсіндіремін. Өткен жылы екі айдай бірқатар бизнесмендермен тәжірибе сабақтарды өткіздік. Бір қызығы, жобамыз туралы қазақтілділерден «бүл мүмкін емес, өзіміз жырдың мағынасын, сөздерін онша білмейміз, орыстілділер оны қайтеді, бұл тым қиын, керегі жоқ нәрсе» дегенге саятын сөз естідік.
Ал орыстілді адамдар бұл жобаға қинала-қинала кірсе де, қазір жалғасын сұрап жатыр. Мысалы, жобамызға бір, жасы келген, ірі дүниежүзілік компанияның Қазақстан мен Орта Азиядағы директоры, бірнеше шет тілін білетін әйел адам қатысқан. Қиналғанын көрсеңіз. Бұрында бірнеше рет қазақ тілін үйренейін деп талпынған. Осы жолы да деңгейі тым төмен екенін көріп, қосымша өзіне мұғалім жалдаған. Жырдың бір-екі жолын айтып беру ол үшін қол жетпес асқар тау болып көрінді. Жобадан кетіп қала ма деп те ойладық. Бірақ намысқа тырысты, және де жаңадан туған немереммен қазақша ғана сөйлескім келеді, қазақша ертегі айтқым келеді деп жүрді. Бір-екі айдан кейін ол Қобландының әкесі Тоқтарбайдын зарлы сөздерін әнге салып айтқанда бәріміз таңқалдық.
Түсінесіз бе: мұндай адамдарды қорқытып қазақ тілін үйрете алмайсыз. Көп болса, шетелге кетіп қалады, бүкіл жағдайы жасалған адамдар. Оларға қазақтың Батыс халықтарынан аспаса кем соқпайтын рухани, көркем байлығы бар, оған теқ қана қазақ тілі арқылы жетуге болады деп көрсету керек. Және де тұрмыстық проблемаларды баяғыда шешкен адамдарда бір ішкі кризис болады (оны психологияда қырық жастан асқан адамның кризисі дейді). Өмірлік мәңгі сұрақтарға адам жаңадан жауап іздей бастайды, сол кезде біздің жобамыз адамның ішкі сұранысына дөп келеді.
Сабақ кезінде жырдың бір кілтипанын түсіндіріп жатқанда, бір бизнесменнің жанында отырған адамға таңқалып «Крышу сносит» дегенін естіп қалдым. Сонда күні бойы антикризистік мәжіліске қатысып, экономика мәселелерін талдаған адамға қазақта «тұяқ» деген сөздің символдык астары, оның метафизикамен, шоғым таңбамен; атты құрбандыққа шалудың көне ырымымен байланысы туралы әңгіме шынымен басқа бір дүниеге жетелегендей болды ма деп ойладым. Күнделікті сұрқай тіршілікте жүрген адамға бұл жобаға қатысқан шынайы интеллектуалдік, қызықты оқиға.
Ал орыстілді бизнес, мәдени, саяси элита ана тілін шын көңілден үйреніп жатса, жыр жолдарын сөздеріне қосып жатса басқаларға үлгі болмай ма. Земфира сол үшін қазір ақша іздеуде, жобаға қатысушылардың ішкі дүниесі қалай өзгеретінін көрсететін реалити-шоу сияқты деректі сериал түсіргісі келеді.
Айтпақшы жырды әндетіп айтқан бизнесмен әйел кейін бізді тағы да таңқалдырды. Қазақ тілінің жағдайын талқылаған бір пікірсайыста орыстілді қазақтар ұлтты тығырықтан шығарудың небір «жобаларын» ұсынып жатқанда ол алға шығып «Бұның бәрі де бекер сөз. Көп сөздікке ұрынбай, бәріміз қазақ тілін үйренуіміз керек. Басқа жол жоқ» деді. Бұны біз сияқты адам айтса жөні басқаша болатын еді. Ал сол ортада белгілі, күнде шетелге барып тұратын бизнесмен айтқаннан кейін, бәрінің ауыздары жабылып қалды.
Серікбол айтқандай «Қазақ тілі - екі дүниенің арасындағы жол. Оның бірінші - кірер есігі - тым тар, тым аласа, кіргеннен кейін жүрер жолы да тар дәліз сияқты... Бірақ тар үңгір жол қадам басқан сайын кеңейіп биіктей береді. Шығатын тесік - Үлкен Қақпа. Яғни тіл білу үшін де, қазақ болу үшін де тар тесікке екпеттеп кіресің, оның есесіне шыққанда еңсенді биік ұстап, тік шығасын. Бұл - қайта жаралу, инициациялық (жетпектік) сынақ».
Бұл ғалымның теқ қана орыстілді қандастарымызға айтқан сөзі емес, өйткені «қазақ тілді ортада өскен, қазақша сауат ашып, білім алған, қазақша сөйлейтін пенденің қазақтығының да оңып тұрғандығы шамалы. Қазақ болу - тек қазақша сөйлеу емес, адам жанының ерекше көңіл күйіне түсу...»
Сұхбаттасқан - Нұра Матай, «Абай-ақпарат»