Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 5214 3 пікір 16 Сәуір, 2017 сағат 21:45

Қазақтың байы қанаушы емес

Қазіргі уақытта еліміздегі баспасөз беттерінде бизнесмендердің елге бет бұруына байланысты бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жиі айтылуда. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ұғымы елімізге сәлде болса кеш жетті. Тәуелсіздік алғаннан кейін жеке бизнес жасау пайда болды. Алғашқы он жылдықта бизнесмендер шағын кәсіпкерліктен іріленіп, үлкеюіне он жылдан аса уақыт кетті. Одан кейін ғана ел ісіне араласа бастады. Осыған байланысты 2008 жылдан бастап елімізде «Парыз» байқауы (бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне байланысты іскерлер арасында елге қарасып, қайырымдылықпен айналысып жүрген жандарды қолдау мен ынталандыру мақсатында) тұрақты түрде өткізілуде.

Қадірлі оқырман осы тұста өткен мен бүгінді салыстыра отырып, өткенімізде өнегелі істердің бір сыпырасына тоқталдық. Кешегі «кеңестік қызылдардың» қаламынан шыққан дүниелерді оқып көрсек қазақ байының образы тек қанаушының бейнесін бізге ұсынады. Ал қазақ қоғамындағы әлеуметтік қолдау түрлері туралы кеңестік қоғамындағы социолисттік идеяны насихаттаушылар тым тоқтала бермейді. Сондықтан да, алдымен әлеуметтік қолдаудың бизнес саласына тән түрлеріне, оның табиғатына тоқтала кетуді жөн көрдік. Одан кейін дәстүрлі қазақ қоғамындағы қазақ байларының әлеуметтік міндеттері мен жалпы халқымызға тән әлеуметтік қоғамдық жауапкершілікті сөз етуді мақсат еттік.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі батыс елдерінен бастау алған үрдіс. Жиырмасыншы ғасырдың басында капиталистік қатынастардың дамуының нәтижесінде жұмысшы табын кәсіпорын иелері аяусыз жұмысқа жегу орын алды. Күніне он төрт сағатты жұмыстың орнына сегіз сағаттық жұмыс күнін енгізу деген талаптар қойылды. Патшалық Ресейде социалистік жүйе орнауына байланысты Еуропалық елдер жұмысшылар құқығына мән беріп, сегіз сағаттық жұмыс күні, олардың медициналық тексеруден өтуіне, ауырса емделуіне жағдай жасай бастауы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің негізін қалады.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі екі сипаттан тұрады. Оның бірі-ішкі жауапкерлігі, екіншісі-сыртқы жауапкершілігі. Ішкі жауапкершілігіне ол кәсіпорынның жұмысшысына еңбек кодексінде көрсетілген міндеттемелерді орындауына қатысты және одан бөлек жұмысшыларды компания ісінің алға басуына ынталандыру мақсатындағы әртүрлі ынталандыру істерін атайды. Жұмысшылардың отбасына іс-шаралар барысында көмек көрсету, одан бөлек әртүрлі байқаулар ұйымдастырып, сол байқау жеңімпаздарына шипажайларға компания есебінен демалып қайтуына мүмкіндіктер беру. Аталған істерді жасаған компанияларда жұмысшылар мен басшылық арасында тығыз қатынас орнап, бір команда ретінде жұмыс жасауға деген шабыттары пайда болып, компанияның табыс табуы еселенеді екен. Бұл дегеніміз - жұмысшы мен жұмыс берушінің арасын ортақ мүддеге жұмылуына алып келуіне, ортада өзара сенімнің пайда болуына негіз болуда. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі арқылы түрлі жеңілдіктер жасап жатқан компанияларда, әрине, қаржылық тұрғыдан белгілі бір деңгейде шығындардың пайда болатыны заңдылық. Десе де жұмыс беруші компаниялар жұмысшыларды ынталандыру арқылы олардың жұмысқа деген ынта-жігерін оятып, жұмыстың өнімділігі арқылы сол қаржыны еселеп қайтарады екен.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің сыртқы сипатына келер болсақ. Жоғарғы қарқында дамыған компаниялар елге қамқорлық жасау ісінде, өздерінің ішкі ережелері аясында, жолға қойғандары көптеп кездеседі. Денсаулық сақтау саласына, білім беруі мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу. Компаниялар орналасқан территорияға жақын аймақтарындың халқына қажетті мектеп, медициналық мекемелер салу, оларды қажетті техникалармен қамтамасыз ету сынды істермен айналысады. Одан қала берді, дарынды жандарды қолдауға деген істері тағы бар. Елді мекендерде түрлі апаттар мен төтенше жағдай болған жағдайда қол ұшын созып қолдауды жатқызуға болады. Міне, осы аталған істермен айналысып жатқан компаниялар мен олардың басшыларының ісін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деп заманауи сөзбен атайды. Меценаттықпен айналысуды көптеген әлемге әйгілі компания басшылары тұрақты түрде жолға қойып, өздерінің атынан қайырылымдық қорларын ашып жұмыс істеуде. Осындай қайырымдылық ісін жолға қойған компаниялардың біріншіден ел ішінде беделі жоғарылауына алып келсе, екіншіден зерттеушілердің бір аңғарған жағдайы қайырымдылықпен айналысқан компаниялар көп жағдайда банкрот болмайды екен. Болған жағдайда оларды қолдаушылар көбейіп қайта қалпына келу мүмкіндігі жоғары екен. Сондықтан да компаниялар осында іспен айналысуды жүйелендіріп, тұрақты іске айналдыруына негіз болған.

Жоғарыда айтқандай бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің шығуына бірі Ресейде орнаған социалистік жүйе әсер етті. Яғни, қарапайым халық арасында социалистік көніл күйдің етек алуына сол кездегі Еуропа елдеріндегі жабайы капиталистік қатынастар себеп болды. Содан еуропалық елдердің іскер азаматтары өз елдерінде коммунистік белсенділердің саны артып, батыс елдерінде етек алмауы үшін жұмысшыларға жағдай жасай бастады. Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің пайда болуының алғышартының бірі ретінде қарастырамыз. Екіншіден,  жабайы капиталистік қатынастардан бас тартып, оның орына қалыпты капиталистік қатынастарға бет бұруға себеп болды. Осы екі нүктеге тоқталсақ. Сол заманда жиырмасыншы ғасыр басында қазақ жеріндегі байларды Еуропаның жабайы капиталистерімен салыстырып қарау социалистік әдебиеттерде кеңінен етек алған жағдай еді. Мәселеге қазақтың жөн-жоралғыларымен жауап беріп көрсек. Нақты факті ретінде «жеті жарғыны» негізге ала отырып қарастырсақ.

Зерттеуші Жамбыл Артықбаевтың «Жеті жарғы»[1] кітабының негізінде ертедегі қазақ қоғамындағы өзара әлеуметтік көмек түрлеріне тоқталып өтсек. Осыған орай жеті жарғыда көрсетілген әлеуметтік қолдау түрі мен қайырымдылық жасауды біздің қоғам негізінде ертеден мемлекеттік, ұлттық денгейде институционалдыра білген еді.  Әлеуметтік қолдау түрлерін бап-бабымен және тарау қалпында бергенді жөн көріп отырмыз.

Алаштың бөлінбеген еншісі:

1. Қазақтың түп атасы Алаш қартайған уақытында үш баласына /Ақ Арыс, Жан Арыс, Бек Арыс/ енші бөліп, өзіне бір бөлігін алып қалыпты. Өлім алдында балаларын арыздасуға шақырып қолындағы бір бөлікті тағы үшеуіне беріп “бөлінбеген елшілерің болсын” депті. Жолаушы жүрсеңдер, көшіп-қонып жүрсеңдер, қиындық көрсеңдер аяқ-табақтарыңды, жейтін малыңды алып жүрмеңдер, осы үлестен бір-біріңе қонақасы беріңдер деп тапсырса керек. Осы себептен қазақ баласы “Алаштан қалған бөлінгенге еншім бар” деп біледі (Байлар құдайы қонақ үшін арнайы қонақ үй есебіндегі жеке бөлек киіз үй тігіп қоятын болған. Р.А).

2. Кез келген қазақ шаруашылығы жұттан, не жаугершіліктен тозса, қазақ баласынан жылу жинауға хақылы. Соғыстың кезінде жау шапқан рулар, өзге елден жылу талап етуге хақылы. Əркім өзінің мүмкіндігінше көмектеседі.

3. Кез-келген қазақ отбасы, не ата баласы шаруашылығына көмек сұрап /құн төлеу, қалың беру, жасау/ бірге қонып, бірге жайлап жүретін көрші ауылдардан, отбасыларынан көмек сұрауға хақылы.

4. Егер кедейлеу отбасының бір үлкен малы кездейсоқ өлсе (мысалы: құдыққа құлап) онымен жақын отырған көрші ауылдас ағайындары “он екі жілік” деп көмек көрсетіуі шарт.

5. Егер бар болып отырып (Бай болып Р.А), алыс-жақын ағайын немесе қаймана қазақ нашарға көмек бермесе, оған кемі ат шапан айып салынады, зоры қоғамдық жиындардан шеттетіледі.

6. Жаугершіліктен келген батырлар “сауға” деп алдынан шыққан қазақ баласына / олардың ішіне жауға өзі бару мүмкіндігі бар адам енбейді/ үлес беруге міндетті.

7. Бəйгеде аты озып келген адам, елдің үлкендеріне, қатарлас адамдарына сый көрсетуге, олжадан бөлісіуге міндетті.

Сауын:

1. Сауын-жағдайы келіскен, шаруасы түзу адам (Бай адам Р.А) өзінің көрші-қолаңына, туыс-жақынына сауынға мал/ жылқы, сиыр/ береді. Мал иесінің жағдайына байланысты сауынды пайдаланушы не өсімімен, не өсімінсіз қайтарады.

2. Сауын уақытында пайдаланған малдың сүті, жүні, қылы т.б. мал иесіне қайтарылмайды. Сауынды пайдаланудың уақыты екі жақты келісімге байланысты жасалады: бір-екі жылға немесе мал иесінің шаруашылығындағы шығынға дейін.

3. Сауын алып пайдаланып отырған отбасылар - еркегі, бала-шағасы бар барлығы да мал иесіне тілекшіл болуы тиіс. Сонымен бірге келісім бойынша күнделікті шаруашылыққа көмектесу немесе қыста жылқы бағу т.б. шаруаларды атқаруы мүмкін /соның ішінде барымтаға бару т.б. басқа шаруалар/. Егер байдың шаруашылығын жұт кедейлендіріп не жау шапса жақын туыстарына, көрші қолаңға берген сауын малын мерзімінен бұрын қайтарып алуға хақылы.

Қызыл көтеру:

1. Ағайынды елдің арасындағы, ауыл ішіндегі өзара көмек. Егер бір адамның үлкен малы аяқ астынан өліп /мəселен сауып отырған биесі/, қиындық көрсе жақын туыс-көршілері бір ұсақ малдан береді. Ол үшін мал иесі өлген малының, адал бауыздап алса, бір-бір жілігін көршілеріне таратады. Сол жіліктердің (он екі жілік) орынына жиналған малға ірі мал сатып алады.

Шүлен тарату:

1. Аса байып кеткен адамдардың немесе бір себептермен құдайы деп елге көмек не мырзалық көрсеткісі келген адамдардың арасында кездесетін өз меншігіндегі мал-дүниені таратуды “шүлен тарату” деп атайды. Ағайын, алыс-жақын туыстың тілек етуімен немесе бір атақты іс бітіргенде, немесе жақсы бір атаққа қалғысы келгенде де дəулетті адамдар өз ықтиярымен шүлен тартады. Елдің билерімен, ақсақалдарымен ақылдаса отырып дəулеттеріне қарай І/5 , не І/10 бөлігін таратады /əр түрлі болады/.

2. Егер шүлен берсе малын қалың елдің алдынан айдатып əр оныншы, не жиырмасыншы малды алдына келгендерге береді. Ол жолаушы осы елдің адамы, өзге елдің адамы болсын айырмасы жоқ. Талап - батасын беруі, ризалығын айтуы керек. Шүленге берген малды иесі қайта ала алмайды, құдай алдында /тəңірі алдында/ сұраусыз деп береді. Шүленнің кезегі келген мал (жүйрік, жорға болса да немесе атақты бəйге аты болса да) кезегі келген адамға береді. Егер шүлен малы мал иесінің мал дəулетінің құты болса өзге малға ауыстырады.

Жылу:

1. Əр түрлі табиғи апат /жұт, өрт т.б./ салдарынан мал мен дүниесінен айырылып, күн-көруі қиындап кеткен адамдар қазақ баласынан жылу жинауға хақылы. Жылуды ел болып та, жеке адам болып та жинайды, қандай да түрі болмасын жылу жинау туралы шешімді ел басшылары мен билердің келісімімен алады.

2. Егер апат бір адамға, бір ата баласына ғана келген болса, рулы ел өз бетімен-ақ көмектесіп, жұтаған адамдарға қарайласады. Ал жоқшылық тұтас руға келсе онда амалдың жоқтығынан өзге елдерге барып өтініш жасауға тура келеді. Ел билері көрші алыс-жақын елдердің басшыларынан жылу жинау үшін келісімін алады. Кей жағдайларда өз сыйласуларына қарай /құда-жекжат т.б./ көрші рулар өз бетімен көмек көрсетеді.

3. Қазақ ішінде жылуды кез-келген дəулетті қазақтан сұрау айып болып табылмайды /егер шын жұтап отырса/. Жағдайы келіп отырған адам нашарға деп жылу беру тəңірі алдындағы іс болып табылады. Егер жылу жинаушы /адам не ру/ өзінің берекесіздігінен, жағымсыздығынан, не өз дəулетсіздігінен ағайыннан көмек ала алмай өзге елде жүрсе, айыпталады - “өз ағасын ағаламаған, өзгенің ағасын жағалайды”.

Жұртшылық:

1. Көрші адамдар мен көрші рулардың арасындағы өзара көмек “жұртшылық” атанады. Бір жұртта тұрып, мəселен ел көшкен кезде, туысқанын, көршісін тастап өзі жайлауға көшіп кету қайырымсыздық болып табылады. Мұндай адамдарды ел айыптайды, билерін-байларын қоғамдық істерге қатыстырмайды, төрден орын бермейді /өзін жарылқамаған/. Қыстың күні мал-жайылымы қиындап, мəселен бір жерді көктайғақ мұз басса, ол ел жұртшылық дəстүрін пайдаланып көрші-жақын рулардың жерінен жайылым сұрауға хақылы.

2. Жазды күні жайылым болғанымен, тұщы суы жоқ ауылдар малын суару үшін көрші елдердің құдығын, қонып отырған өзен-көлін пайдалануға хақылы.

Көлік көмек/ат майы/:

1. Ағайын-туыс арасындағы, көрші-қолаң арасындағы көмектің бір түрі. Қашанда баққан малының ыңғайымен қоныс ауыстырып көшіп жүретін қазақ елі үшін дүние-мүлкін теңдейтін, алыс жолға шыдамды күш көлік басты қажеттілік.

2. Өз малы болмаған жағдайда немесе бала-шағасына, дүние-мүлкіне жетпеген жағдайда өз көрші ағайындарынан, туыстарынан алуға хақылы. Көлікке түйе, өгіз жылқы алады, үлкен күймелерді қозғау үшін əсіресе өгіздердің еңбегі ерекше. Көлік майын əркім өз қал-қадірі келгенше келіседі. Оның ішінде шаруашылық мəселесіне көмектесу т.б.

Міне осындай қазақ қоғамында берісін айтқанда Әз Тәуке заманынан бері қалыптасқан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі болған еді. Енді жиырмасыншы ғасырдың басында орнаған Кеңес өкіметі байларды зұлым ретінде көрсету орын алды. Ондай зұлым болса қазақта жоғарыда жеті жарғыда көрсетілгендей істер орын алған болмас еді.  Одан бөлек ат майы, байдың тасуы деген дәстүр салтымыз, өзімізге тән мәдениетіміз болған. Еуропа елдеріне келер болсақ бұларда негізі мұндай істерге бертін келе мән беріп, оны дамытып институционалдыра алды. Сонда бізде олардан айна қатесіз көшіруге ұмтылдық. Енді өткен қазақтың жөн-жоралғыларын сол  қалпында оралтуға тағы келмес, заман басқа, заң басқа дегендей. Десе де, «Парыз» сияқты байқаулардың аттарын жеті жарғыда көрсетілгендей әр номинациясын солай атауға болар ма еді. Естіген құлақ номинация атауларының шығу тарихына үңіліп, қазақтың өткен байларының қоғам алдында қандай жауапкершілікті арқалағаның біліп, сезінген болар еді.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ісін жолға қойған елдерде апат орын алған жағдайда сол елдің атақты байлары дер кезінде қол ұшын созбағаны үшін сын садағына алып сынап жатады. Оны ақпараттық құралдары жарыса жазып, шығарып жатады. Кезінде қазақ байларында ел басқарған азаматтар мен халықта сынайтын кездері орын алған.  «Елге сауын бермеген байдан без» деген сияқты сөздер біздің сөздік қолданысымызда сақталған. Мұның мәнісі, сауын беру, қызыл көтеру, алаштан бөлінбеген енші, шүлен тарату, жұртшылық сияқты істерге қырын қараған байларға қатысты айтылыпты. Сараң бай ұғымы да осы аталған істерге мән бермеген адамдарға қатысты айтылған. Алаш арыстары да заманында қазақ байларын сынады. Олар қазақ мәдениетінде қалыптасқан жөн-жоралғыларды жасамадың деп сынаған жоқ. «Заман талабына ілесіңдер, сол мырзалық жасауларыңды білім мен ағартушылық саласына қосыңдар» деген мағынада ой айтып сынаған еді. Қазақ елінде кезінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қоғам болып жолға қоя білгендігін білдіреді. «Қайырымды болса - бай ортақ» деп қайырымды байларды елге құт ретінде санаған. Олардың аттары ауыздан ауызға тарап кеткендігі сонша ғасырдан ғасырға аңыз болып қалған.

Түйіндей келе, бүгін мен өткеннің байланысына мән бере қарадық. Өткеннің жөн жоралғыларының барлығын болмаса да бір қатарын бүгінгі қолданысқа енгізуге болады. «Өзгенің ісін таңсық, өзіміздің істі мансұқ қылмай», өткенге де мән беріп кейбірін бүгінгі қолданысқа енгізе білсек. Таным тарихымыздың сыры түскен жерлерін қайта жаңғыртып қойсақ!

[1]Ж. О. Артықбаев.  «Жеті  жарғы» мемлекет  жəне  құқық  ескерткіші (зерттелуі, деректер, тарихы, мəтіні). Оқу құралы. - Алматы:  Заң əдебиеті, 2006.—150 бет

Руслан Ахмағанбетов

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5391