Барлыбек Сыртанов кім еді?
Барлыбек Сыртанов пен Сәкен Өзбекұлы ұсынған идеялар арасындағы үндестік
Алаш қайраткерлері туралы сөз қозғағанда ең алдымен Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған көптеген ХХ-ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясының өкілдерін тілге тиек етеміз. Дегенмен, Алаш идеясы жолында қызмет етіп, қазақ елінің дербестікке қол жеткізуі жолында барын салған азаматтардың Алаш партиясы құрылмастан бұрын да оның негізін салып, идеялық тұрғыдан қалыптасуына атсалысқанын да қаперден тыс қалдыруға болмас. Қазақ ұлтының мүддесі жолында қызмет етіп, қазақтың дербестікке қол жеткізуіне қызмет еткен, қолынан келгенше қазаққа жақсылық жасап, әртүрлі ұлтқа пайдалы әрекеттер жасаған адамдар тарихта көптеп кездеседі. Сондай, азаматтардың бірі қазақтан шыққан ең алғашқы азаматтардың бірі болып Сакт-Петербургта білім алған, көптеген жылдар бойы патшалық әкімшілік қызметте жүріп ұлтына қызмет еткен азамат Барлыбек Сыртанов еді.
Барлыбек Сыртановтың Алаш қайраткерлерімен байланыста болғаны жайлы деректі ғалым Сәкен Өзбекұлы өзінің зерттеу еңбегінде айқын көрсетіп, оның алғашқы қазақ елінің дербес мемлекет ретіндегі конституциясын жазғаны туралы да мәліметтер келтірген еді. С.Өзбекұлының мәліметінше Барлыбек Сыртанов Жетісудағы қазақ-қырғыздың жер және өзгеде зар-мұңын талап етіп 1911 жылы Санк-Петербургке барып, ұлықтарға шағым түсіреді. Сол жылы Санк-Петербургте қыстаған Барлыбек осындағы бай кітапхананың мүмкіндігін пайдалана отырып, Әлихан Бөкейхановтың өтініш айтуымен С.Б.Алашинский деген бүркеншік атпен Қазақ елінің алғашқы Конституциясын («Қазақ елі уставы») жазып шығады (С.Өзбекұлы. Барлыбек Сыртанов. Алматы 1996. 36 б). Қазақ елінің Уставы деген тақырыппен жазылған қолжазбаны ең алғаш рет ғылыми айналымға енгізіп, оның қазақтың ең алғашқы жазылған конституциялық жобасы ретіндегі мәнін ашып көрсеткен және осы құжатты болашақ заңгерлер үшін білуі міндетті құжат ретінде танытқан Сәкен Өзбекұлы екендігін де естен шығаруға болмас. Сондықтан, осы мақалада Барлыбек Сыртанов пен Сәкен Өзбекұлы арасындағы идеялық байланыстар туралы сөз қозғамақпын.
Сәкен Өзбекұлы өзінің Алаш арыстарынан қалған саяси-құқықтық көзқарастар мен идеяларды зерттеуіне ұстазы академик С.Зимановтың тікелей ықпалы болғандығын ылғи да айтып отыратын. Ол 1980 жылдан бастап «Петербург университеті Қазақстанның саяси және құқықтық ой-пікірінің тарихында» тақырыбында кандидаттық жұмысы бойынша зерттеу жүргізе жүріп, әртүрлі мұрағат деректерінен, баспасөзде жарияланған материалдар мен жеке адамдардың мұрағаттарынан көптеген қазақтың бетке ұстар азаматтары туралы қосымша мәліметтер жинап, кейіннен бірнеше зерттеу еңбектерін жариялаған еді. Сондай ғылыми еңбектердің бірі Барлыбек Сыртановқа арналған болатын.
Жалпы, Сәкен Өзбекұлы көзі тірісінде өзінің саяси-құқықтық ұстанымдарының қалыптасуына Алаш арыстарының үлкен әсері болғанын мақтанышпен айтатын. Кезінде тәуелсіздік жолында жан аямай күрес жүргізіп, жалпы қазақ қоғамының басын біріктіретін Алаш идеясын жасақтаған, өз мүддесінен ұлт мүддесін жоғары қоя білудің нақты мысалы бола алған Алаш арыстарының ұлт үшін атқарған қызметтерін шәкірттеріне үлгі қылатын. Сәкен Өзбекұлы бастапқы кездері қазақтан шыққан ойшылдардың саяси-құқықтық ой-пікірлерін талдап, оларды жан-жақты зерттеумен айналысса, біртіндеп өзі де мемлекет пен құқыққа қатысты толымды пікірлер айтып, қазақ мемлекеттілігінің қандай болуы, құқықтық жүйені қалай жасақтау қажеттігі батыл да айқын пікірлер қалдыра алды. Сонымен қатар, өзінің шәкірттеріне де қазақтан шыққан ойшылдардың саяси-құқықтық көзқарастарын зерттеуге бағытталған ғылыми тақырыптар беріп, олардың осы салада тың ізденістер жасауына мұрындық болды.
Өзі зерттеген қаншама қазақ зиялыларының арасынан С.Өзбекұлы Барлыбек Сыртановты айрықша қастерлеп, оның ең алғашқы қазақ елінің конституциясының жобасын жасаған тұлға екендігін тілге тиек етуші еді. Тіпті, Б.Сыртановтың портретін арнайы тапсырыспен салдырып, сол кісінің атын алған орта мектепке сыйға тартуды жоспарлап жүрген. Б.Сыртановты С.Өзбекұлының айрықша қастерлеуінің тағы бір себебі, өз сөзімен айтқанда, «оның артында қалдырған идеяларының осы күнгі өмірдің көкейкесті мәселелерімен сабақтас екендігінде» еді. С.Өзбекұлі Б.Сыртановтың артына қалдырған саяси-құқықтық ой-пікірлерін зерттей отырып олардың жаңа тәуелсіздік алған қазақ елі үшін аса маңызды екендігін алға тартты, себебі, Б.Сыртанов та өз идеяларын кезінде тәуелсіздік алу мүмкіндігін жүзеге асыруға ұмтылған қазақ қоғамына арнаған еді. Сол себептен де арада сексен жыл өтсе де оның идеялары қазақ қоғамы үшін аса маңызды болды. 20-ғасырдың соңында пайда болған тәуелсіздік идеясының жақтаушыларының бірі болған С.Өзбекұлы да Б.Сыртанов сияқты тәуелсіздікке ұмтылыстың куәсі болып, тәуелсіздік жолында күрес жүргізді. Екіт тұлға да өз елінің тәуелсіздігін алуына мүдделі болды, сол жолда күрес жүргізді, Б.Сыртанов Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыста жұмыс жасаса, С.Өзбекұлы тәуелсіздік жолында жан аямай күрескен Азат қозғалысының белді мүшесі болған еді. Осы тұрғыдан алғанда С.Өзбекұлының саяси-құқықтық ұстанымдарына Б.Сыртановтың тигізген әсері зор болғандығын нық сеніммен айта аламыз.
Жалпы, С.Өзбекұлы мен Б.Сыртанов арасындағы идеялық үндестік туралы сөз қозғағанда Б.Сыртанов 1911 жылы жазған Қазақ елінің Уставы мен С.Өзбекұлы жазған Қазақ Республикасының Конституциясының жобасында көзделген идеялық сабақтастықты айрықша атап көрсетуге болады. Егер Қазақ елінің Уставы сол кездері тәуелсіздікке ұмтылған Алаш қайраткерлері үшін аса маңызды құжат болса, 1991 жылдың қаңтарында Азат газетінің №1 санында жарияланған ғалым Сәкен Өзбекұлы жасаған Қазақ Республикасының Конституциясы жобасы мемлекетіміз тәуелсіздікті өз қолына алмастан бұрын Азат қозғалысы тарапынан ұсынылған қазақ елінің болашағы қай бағытта өрбуіне қатысты бірегей жоба болды.
Құрылымы жағынан Қазақ елінің Уставы Преамбуладан, 4 тараудан және 28 баптан тұрады, ондағы 1-тарау Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында, 2-тарау Адам баласының хұқы турасында, 3-тарау Қазақ жері турасында, 4-тарау Сот турасында деп аталады. Ал, С.Өзбекұлы жасаған Конституция жобасы Преамбуладан, 7 тараудан және 91 баптан тұрады: бірінші тарау – Қазақ Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы, екінші тарау – Қазақ Республикасы азаматтарының хұқықтары мен міндеттері, үшінші тарау – Ұлттық мәжіліс, төртінші тарау – Қазақ Республикасының Президенті, бесінші тарау – Қазақ Республикасының Министрлер кабинеті, алтыншы тарау – Сот билігі, жетінші тарау-Прокуратура деп аталады.
Уставтың 1-бабы бойынша мемлекет Қазақ елі деп аталып, халық билейтін һәм қазақи ерекшеліктері бар ел ретінде орнықтырылады. Ал, 3-бабы бұдан былай Қазақ елі Россиямен достастық, яғни доминион дәрежесіндегі қарым-қатынаста болып тұратындығын бекітеді. Осы жерде бір атап айта кетерлігі сол кезеңнің өзінде Б.Сыртановтың қазақтардың дербес мемлекет құрғанымен көбіне Ресей ықпалында болатындығын алдын ала болжап білгендігі. Яғни, ол қазақ елі қаншалықты тәуелсіз болса да өзімен көршілес, бұрынғы отарлаушы елдің ықпалынан шыға алмайтынын, сондықтан, әу бастан өзін доминион ретінде бекітуін қолдады. Бұған сол кездері Британ империясының отарларының доминион дәрежесін алуы да әсер етсе керек.
С.Өзбекұлы болса қазақ жерін көптеген ұлт өкілдері мекендейтіндігін ескере отырып, конституция жобасының 1 бабын «Қазақ республикасы – тәуелсіз демократиялық ұлттық мемлекет», ал 3 бабын «Қазақ республикасының мемлекеттік егемендігі қазақ ұлтының және республиканы мекен ететін барлық ұлт өкілдерінің қолында» деген мәтінде береді. Осы жерде мән беруді талап ететін тағы бір мәселе мемлекет атауы. Жоба авторы мемлекетті «Қазақ республикасы» деп атаған, яғни бұл мемлекеттің қазақ ұлтының мемлекеті екендігін нақтылай түсетін атау.
Б.Сыртанов сол кездің өзінде Парламентті Ұлт Мәжілісі деп атап, толыққанды парламенттік республика құру қажеттігін алға тартқан болатын. Уставтың 9-бабына сәйкес, Қазақ елінде билік жүргізу закон шығаратын (парламент), орындайтын (үкімет) һәм сот болып тұрады. Үш билік бір-біріне бағынбайды, бассыздыққа жол бермеудің белгісі болып тұрады. Ұлт мәжілісіне дауыспен өткендер Қазақ елінің басшысы Президентті төрт жылға сайлайды. Бір Президент екі реттен асып ел билеуге хұқы жоқ. Президент Қазақ елін министрлер арқылы басқарады. Министрлерді Президент өзі таңдайды, бірақ Ұлт мәжілісі дауыспен шешеді. Министрлер өздері басқарған жұмыстарымен Президенттің һәм Ұлт мәжілісінің алдында есеп беріп тұрады.
С.Өзбекұлы Б.Сыртановтың идеясын негізге ала отырып мемлекеттің заң шығарушы органына Ұлттық Мәжіліс атауын берген. Жобаның 43-бабына сәйкес Қазақ республикасында мемлекеттік өкіметтің жоғарғы және тек жалғыз заң шығаратын органы Ұлттық Мәжіліс болып табылады. Автор жоғарғы заң шығарушы органды бір палаталы және жылына екі рет шақырылатын ескі кеңестік типтегі Жоғарғы Кеңес үлгісінде ұсынған. Сол кезеңдегі мемлекетте қалыптасқан экономикалық жағдайды ескерген ғалым Жоғарғы Кеңестің мемлекет қазынасына ауыр болмауына мән берген. Кейіннен парламенттің тұрақты жұмыс істеуіне оң пікірде болғанымен унитарлық мемлекетте тек бір палатадан тұратын парламент құрудың жеткілікті екендігін ғалым өмірінің соңына дейін айтып жүрді.
С.Өзбекұлы да мемлекетте парламенттік билікті ұсынды, жобада атқару билігінің басшысы болып президент танылады және ондағы 65 бапқа сәйкес өзінің барлық мемлекеттік қызметі туралы Ұлттық Мәжілісте есеп беріп отырады. Қазіргі уақытта да көптеген саясаткерлер елімізде Парламенттік республика құру жайлы ойларын ортаға салып жүр. Дегенмен, дәл қазір еліміз үшін АҚШ орнықтырған модельдегі Президенттік республика орнықтыру маңыздырақ деген пікірдемін. Тек арада біраз уақыт салып, еліміздегі қазақ ұлтының саны 80 пайыздан асқан кезде аталған тұлғалар қолдаған Парламенттік республика құруға толықтай негіз болары анық.
Б.Сыртанов Уставтың үшінші бөлімін жер мәселесіне арнаған, ол жердің ел үшін маңызын түсініп қазақ жері мемлекеттің меншігінде болуын және оның саудаға түспейтіндігін, тек пайдалану үшін берілетіндігін нақтылаған. Сонымен қатар, жердің кені, орман, су, көлі һәм таулары қазақ елінің тиесілі екендігін, ал, мал жаю, егін өсіру, үй салу, жерді өңдеу һәм жерді пайдалы іс мақсатында қазынаға қайтару үкімет рұқсатымен болатындығын орнықтырады. Б.Сыртанов жердің үлкен екі империяның арасында орналасқан қазақ елі үшін стратегиялық маңызын ескергендіктен оның кімге болмасын мүлдем сатылмауын жақтайды. С.Өзбекұлы болса өз кезеңі үшін ең маңызды мәселе ел аумағының бөлініп кетуін болдырмауды басты назарда ұстайды, сондықтан, 1990 жылдары халықтың құрамы ғасыр басындағысынан әлдеқайда өзгеше болғандықтан елде унитарлық мемлекет орнықтыруды жақтайды. Осы себептен, жобаның 3-ші бабында Республиканың шебі біртұтас, бөлінбейді, оған қол сұғылмайды деген норма көрсетіледі.
Аталған жобалардың әрқайсысы қазақ елінің нақты бір тарихи кезеңдегі ел ертінде қалыптасу мүмкіндігін ескеріп, сол уақыттағы жағдайларды ескере отырып жасалды. Сол себептен де болар Қазақ елінің Уставының да Қазақ Республикасының Конституциясының жобасының да өзіндік ерекшеліктері бар. Дегенмен, С.Өзбекұлы кезінде Б.Сыртанов тарапынан ұсынылған кейбір еліміз үшін құнды идеяларды жаңа заман талабына сай жаңғыртып, өз жобасында кіріктірген. Осылайша, екі жоба арасында идеялық сабақтастық орын алған деп тұжырымдауға болады.
Есбол Өміржанов
Abai.kz