Ғаділбек Әкім. Қазақ қаржы жүйесінің тау тұлғасы.
Әйгілі ақын Оразақын Асқар: Күлтегін, Тоныкөк - тегіміз,
Ежелгі түрік еліміз.
Алтайдан Алпыға дейін
Созылған байтақ, жеріміз, - деп жырлап кеткендей, ата-бабамыз етек жеңімізді ен қондырып кеткен қазақ деген елміз. Бабалырмыз бізге мирас етіп кеткен кең далалы, өзен-көлі дариялы, таулары биік қыратты, шалқыған шексіз жері бар қазақ елінің, тәуелсіз ел атанып, өзге мемлекеттермен тереземізді теңестіргенімізге де жиырма жыл болды. «Тәуелсіз ел», «тәуелсіз мемлекет» - деген қасиетті де, қастерлі ұғымдарды өз алдымызда да, өзгенің алдында да, дәлелдеп, ұялмай көрсетіп тұратын әр мемлекеттің өзіндік символдары болатыны шарт. Олар тәуелсіз мемлекеттің туы, әнұраны, мемлекеттің халықаралық қауымдастық мойындаған шекарасы және - төл валютасы.
Әйгілі ақын Оразақын Асқар: Күлтегін, Тоныкөк - тегіміз,
Ежелгі түрік еліміз.
Алтайдан Алпыға дейін
Созылған байтақ, жеріміз, - деп жырлап кеткендей, ата-бабамыз етек жеңімізді ен қондырып кеткен қазақ деген елміз. Бабалырмыз бізге мирас етіп кеткен кең далалы, өзен-көлі дариялы, таулары биік қыратты, шалқыған шексіз жері бар қазақ елінің, тәуелсіз ел атанып, өзге мемлекеттермен тереземізді теңестіргенімізге де жиырма жыл болды. «Тәуелсіз ел», «тәуелсіз мемлекет» - деген қасиетті де, қастерлі ұғымдарды өз алдымызда да, өзгенің алдында да, дәлелдеп, ұялмай көрсетіп тұратын әр мемлекеттің өзіндік символдары болатыны шарт. Олар тәуелсіз мемлекеттің туы, әнұраны, мемлекеттің халықаралық қауымдастық мойындаған шекарасы және - төл валютасы.
Төл теңгемізді шығару әрі оны қолданысқа ендіру оңайшылықпен болмағаны бесенеден белгілі. Мемлекетіміз егемендік алған сонау 90-шы жылдарда, экономикамыз тоқырауға ұшырап, халықтың әлеуметтік жай-күйі тіптен нашарлап, жас-кәрісі не зейнетақысын, не жалақысын ала-аламай, алса да, құнсызданып кеткен ақшасын місе тұтқан, тұрмыс-тіршілік күрт төмендеп кеткен жадау кезең болды. Сол кезеңдердің басында ондаған жылдар бойы таскенеше қабыса жабысып қалған коммунисттік жоспарлау жүйесінен нарықтық экономика жүйесіне боздатып көшкен жылдары, жалпы алғанда мемлекет үшін де, қарабайыр халық үшінде адам төзгісіз мехнатты уақытта, жағдайдың қиындығына және қыспақтығына қарамай, өзіміздің ұлттық валютамыз болуы керек және оны уақыт ұттырмай енгізу керек деген оң бастама көтерілді. Еліміз үшін осы бір маңызды бастаманы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтеріп және аталған игі бастаманы жүзеге асыру барысында басы-қасында жүріп, ат құнына бергісіз ақылын, нар құнына бергісіз нақылын айтып, атсалысқан азамат-ағаларымыздың бірден-бірі - Дәулет Хамитұлы Сембаев.
Дәулет Хамитұлы Сембаев - мұқым қазаққа кеңінен танымал мемлекет және қоғам қайраткері. Дәулет Хамитұлы 1935-ші жылдың 10-шы тамызында Алматы қаласында дүниеге келді. Кейіннен В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын 1958-ші жылы «инженер-металлург» мамандығы бойынша тәмамдады. Жұмыс жолын 1958-ші жылы С.М.Киров атындағы зауытта технолог, мастер болып бастап, осы зауытта 1966-шы жылға дейін тер төгіп, қызмет етіп, кейін Қазақ Коммунисттік Социалисттік Республикасының Мемлекеттік жоспарлауында бөлімнің бас маманы, бөлімше бастығы, бөлім бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. КСРО Мемлекеттік жоспарлауы - кеңес заманында жас мамандардың ысылып, ұршықша иіріліп, мол тәжірибе жинақтап, мықты маман болып шығатын бірден-бір ұйымның бірі болатынтұғын. Дәулет Хамитұлы - Мемлекеттік жоспарлаудан тәжірибесі мол, жетік маман, іскер азамат болып шықты. Кеңес үкіметінің дәурені жүріп тұрған кезеңде Дәулет Хамитұлы, Мемжоспарлаудан соң ҚазКСР Министрлер Кеңесінің кеңесшісі, Министрлер Кеңесі хатшылығының меңгерушісі, Министрлер Кеңесінің істер басқарушысының орынбасары, ҚазКСР Мемлекеттік жоспарлауының бөлім бастығының орынбасары, Мемлекеттік жоспарлау төрағасының орынбасары қызметтерін ұзақ жылдар бойы абыроймен атқарды.
Қазақ елі тәуелсіз мемлекет атанған соң, көптеген маңызды салаларды уақыт талабына сәйкестендіріп қайтадан құрылымдау қажет болды. Оның ішінде жетпіс жыл бойы жоспарлаумен жүргізілген, анау-мынауыңа бейімі жоқ экономикалық жүйені нарықтық экономикаға біртіндеп бейімдеу, жаңа формацияға көшуге байланысты алда қиын міндеттермен мақсаттар тұрды. Сол кездері жаңа талаптармен жаңа заман толқынына үйренісу, бейімделу кім-кімге де оңай соқпағаны рас. Президент Назарбаевтың басқаруымен жасалған реформаларды өмірге енгізу барысында, реформаторлар тобы өзгерістерді «бір жағынан бұқаны да өлтірмей, екінші жағынан арбаны да сындырмай» жүзеге асыруға тырысып бақты. Осы өзгерістердің басы-қасында жүрген Дәулет Хамитұлы 90-шы жылдары ҚазКСР Президент Кеңесінің мүшесі, ҚазКСР Жоғары экономикалық Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, кейінірек Премьер-министрдің бірінші орынбасары секілді, жоғары лауазымды қызметтерді белсенділікпен және ыждағаттылықпен атқара отырып, үкіметте мемлекеттің қаржы-экономикалық секторы үшін жауап берді. Ол кездегі қиын әлеуметтік-экономикалық жағдайда, Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің қасына білгір-білікті, тәжірибелі, керек уақытында арқа сүйей алатын азаматтарды жинағаны белгілі. Осы орайда, Дәулет Хамитұлының көптеген жылдар бойы жинақтаған тәжірибесімен іскерлігі, білімділігімен біліктілігінің, қабілет-қарымының мемлекет үшін ең биік кәдеге жараған жылдары, ағамыздың - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы болған жылдары десек артық айтпағанымыз шығар. Дәулет Хамитұлы ҚР Ұлттық Банкін 1993-ші жылдың желтоқсанынан 1996-шы жылдың қаңтар айына дейін басқарды. Қазақ қаржы-банк жүйесінің жаңа ағымға бейімделіп, орнығып, тұрақтала бастағаны, еліміздің қаржы-монетарлық жүйесіне ең қажетті заңнамалық құжаттардың қабылданған, жалпылай айтсақ, қазақ қаржы жүйесінің түпқазығы қағылған кезең - дәп осы жылдар аралығы екеніне ешкімнің дауы да, шүбәсі де жоқ шығар. Дәулет Хамитұлының ҚР Ұлттық Банкінде басын бастап кеткен жұмыстары кейін де, оның шәкірттерімен жалғастырылып, кеңестік қаржы-нормативтік жүйесінен біртіндеп арыла басталды, тәуелсіз мемлекетке қажетті жаңадан нормативтік базалар енгізілу саясаты жүргізілді. Ол кезең біздің қаржы жүйеміздің халықаралық қаржы ұйымдарымен аралас-құраластығы басталып, олар біз үшін, біз олар үшін ашыла бастаған, бір-бірімен таныса бастаған жылдар еді. Қаржы-банк саласындағы сол кезеңдегі жауапкершілігі жоғары шешімдердің бастауында Дәулет Хамитұлы Сембаев жалғыз өзі тұрды немесе жалғыз өзі атқарды деудің ауылынан аулақпыз. Жалпы айтқанда, елдегі жақсылы-жаманды жасалған істің барлығын бір адам жасамайды және ол үшін бір немесе екі-үш адам жауап бермейтіні белгілі. Дәулет Сембаев бұл жерде қазақтың дана нақылдарының бірі, «кеңескен жерде кемдік жоқ, кеңессіз жерде теңдік жоқ» - деген қағидатты берік ұстана отырып, қандай да болмасын күрделі, түйткілді мәселелердің түйінін әріптестерімен бірге талқылау арқылы шешіп отырды.
Дәулет Хамитұлы мемлекетіміздің атқарушы билік тармағында жұмыс жасап қана қоймай, сонымен қатар, 1996-шы жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасы Президенті Назарбаевтың ұсынысымен ҚР Сенатының депутаттығына тағайындалды. Дәулет Сембаев аталған қызметті атқара жүріп, Сенаттың экономика, қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болды. Бұл қызметті де, Дәулет Хамитұлы үлкен абыроймен атқара отырып, қаржы-монетарлық секторға байланысты, керекті заңнамаларды дайындауға ат-салысып, ұсынып, олардың қабылдануына аз тер төккен жоқ. Дәулет Хамитұлы Сембаев Сенат депутаттығынан 1997-ші жылдың сәуір айында кетіп, сол жылдан бері жеке және банк секторында қызмет етіп келеді. Әр жылдары «АБС-Балхаш» Тау-кен компаниясы» ЖТАҚ директорлар Кеңесі төрағасының орынбасары, «Hong Kong-Shanghai Bank Corporation Kazakhstan» (HSBC) АҚ-ы директорлар Кеңесінің мүшесі қызметтерін атқарды. Ал, 1999-шы жылдан 2002-ші жылдың қыркүйегіне дейін еліміздің екінші деңгейлі ең ірі банкі «Қазкоммерцбанкінде» директорлар Кеңесінің төрағасы қызметінде болды. Сол 2002-ші жылдың қыркүйек айынан бері, дәл қазіргі күнге дейін «Қазкоммерцбанк» АҚ-ы директорлар Кеңесі төрағасының орынбасары қызметінде. Шыны керек, қазақ қаржы жүйесінде Дәулет Хамитұлының алатын орны ерекше бөлек. Дәулет Хамитұлы 1999-шы жылы өзінің бастамасымен құрылған «Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы» ұйымының бас кезеңінде Кеңес төрағасы қызметін атқарды, ал бүгінгі күні осы ұйымның Құрметті төрағасы болып отыр. Дәулет Сембаев бастамасында тұрған, аталмыш ұйым құрылған кезеңінен он бір жылдан бері қаржы секторымен билік арасындағы көпірге айналып, зады атына сай жұмысын атқарып келеді. Бұл қауымдастықтың еліміздегі бірден-бір, үлкен іскер қауымдастықтардың бірі болуына және белсенді жұмыс жасап, дамуына Дәулет Хамитұлының жеке басының беделімен қосқан үлесі орасан зор. Былайша айтсақ, Дәулет Хамитұлы зейнеткер жасына баяғыда шығып, қазір жетпіс бесті алқымдаса да, елімен халқының алдында қызметін жалғастырып келеді. Осы елге адал қызмет атқарғаны үшін ол әр жылдары «Еңбек қызыл ту Құрмет белгісі» орденінің, Қазақстан Республикасы Құрмет грамотасымен және «Парасат» орденінің иегері атанды.
Дәулет Сембаевты біз тек тәжірибелі қаржыгер деп білсек, бұнымыз Дәулет ағамыздың тұлғасына деген біржақты көзқарас болар еді. Дәулет аға өзінің негізгі жұмысын атқара отырып, сонымен қатар, артында білікті, тәжірибелі, уақыт талабына сай, өзгерістерге тез бейімделе алатын маман-шәкірттер дайындаған - ұлағатты ұстаз. Дәулет Хамитұлымен әр жылдары қызметтес, жұмыстас болған Серік Аханов, Григорий Марченко, Ораз Жандосов, Нұржан Сұбханбердин, Айбар Дәуітов, Әнуар Сәйденов, Нина Жүсіпова, Қадыржан Дамитов секілді ел алдында жүрген марғасқа қаржыгерлерді, Дәулет ағаның мектебінен өткен, білікті шәкірттері деп атауға толық негіз бар. Дәулет Хамитұлы шәкірт дайындау үдерісін тоқтатқан емес, ол қазіргі кезде Қазақ менеджмент экономика және болжау институтының Құрметті профессоры, Халықаралық Бизнес Академиясы қамқоршылық Кеңесінің мүшесі болып табылады.
Дәулет Хамитұлының тағы бір қыры, «қатардан ассаң да, халықтан аспа» деген қазақтың нақыл сөзі секілді, әрқашанда қарапайымдылықпен жүруі, ол кісі «байтақтан озған бақтылы, сүлеймендей тақтылы» орындарда қызмет етсе де, ешқашан да асып-тасу немесе тәкаппарлық деген жат қасиеттерді білген емес және ол кісіні жақсы білетіндердің айтуынша, Дәулет Хамитұлы Сембаев қай қызметте жұмыс істесе де, ешқашан жеке басының мүддесін күйттеген емес. Ұлтымыз «жетім көрсең, жебей жүр» - дейді. Дәулет Хамитұлы осыдан бірнеше жыл бұрын өз бастамасымен «Құс жолы» қайырымдылық қорын» құрған болатын, аталған қор қазіргі кезде еліміздің аумағында қайырымдылық іс-шараларын өткізіп, жетім балалар үйіне материалдық көмек, әр-түрлі әлеуметтік шараларға белсене қатысып, қаржылай және материалдық көмегін көрсетіп, білімді балалардың оқуына демеу жасап, өзіндік әлеуметтік жауапкершілігін ескеріп, жұмыстарын атқаруда. Дәулет Хамитұлының тағы бір айта кететін қасиеті, қай лауазымды орында жұмыс жасаса да, ол сол «жылы» орындарда «кет» дегенше отыра бермей, өз еркімен босатып отыратын. Сонымен қатар, Дәулет Хамитұлы «алтын көріп азбайтын, күміс көріп қызбайтын», ойындағысын ірікпей тура айтатын, «ағын - ақ, қарасын - қара» - деп, айтса әділ айтатын, адал азаматтардың қатарынан! «Болдым-толдым», «болдым-жеттім» дегендердің арасынан емес! Негізінде, мықты, дарынды, білімді тұлғаларды өзге елдің ұлы, тарихи тұлғаларымен салыстыру ғадеті бар емес пе, ал Дәулет Сембаевты ешкіммен салыстыруға келмейді, Дәулет Сембаевты тек Дәулет Сембаевпен салыстырған дұрыс секілді.
Дәл қазіргі кезде біреу-міреу, бақытты адам кім деп, - сұраса, бұл сұраққа еш мүдірместен - Дәулет Хамитұлы Сембаев, - деп жауап беруге болады. Себебі, Дәулет Хамитұлы еліне қызмет етуден аянған емес, әлі де қызмет етуде, өз өмірінде бірнеше, ел алдында ұялмай көрсете алатын, атпалдай шәкірттерін дайындады, сонымен қоса қиын кезеңде тәуелсіз елдің аяққа тұрып, дамуына өз септігін тигізіп, ел тарихына өзінің атын қалдырып отыр. Осының өзі үлкен бақыт емес пе! Қазақ халқының төбе билерінің бірі, Мөңке би кезінде «Сөздің мағынасы кетіп, самалы қалды, адамның жақсысы кетіп, жаманы қалды», - деп айтып кеткен екен, алайда, біздің арамызда атына заты сай, сарабдал Дәулет Хамитұлы Сембаев секілді жақсылы-жайсаңды ағаларымыз бар, Аллаға шүкір! Бізден тілек біреу, осындай ағаларымыз аман жүрсе екен дейміз!
Ғаділбек Әкім,
әлеуметтанушы-экономист.
«Абай-ақпарат»