"Әдебиет порталы" ешкімнің меншігі емес!
Жүсіпбек Аймауытұлы Қошке Кемеңгерұлына әдебиет туралы жазған хатында былай деген болатын: «Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...». Бүгінгі ұрпақ біз де осы сөзді қуаттаймыз. Ия, әдебиет бай мен кедей, анау мен мынау, Серік пен Аманхан, я болмаса Мырзан Кенжебай, "ағасы мен көкесінің" өзара лас, құсыққа толы тартысы емес. Порталға келіп түскен дүниені амалсыз жариялаймыз. Сол баяғы сөз болмасын деп. Соңында біз кінәлі боламыз. Қызық?!
Тәңірім-ау, Әдебиет дегенің іңкәр дүние емес пе?! Әдебиет деген - бүгінгі көзі тірі Тыныштықбектің жұпар аңқыған толғаулары, Жәркен шайырдың сағыныш бұрқыраған жырлары, Есенғалидың тұмадан тұнған тамшыдай мөлдір Ар дүниясы, Ұлықбектің жорға жырлары, Сұрағанның сұрапыл ойлары, Темірханның тулаған тегеуірінді Рух дауысы, Мейірханның сырбаз һам текті тебіренісі, Несіпбектің арғымақтай ағылған, қырандай еркін қалықтаған поэзиясы, Қасымхан мен Светқалидің иман аңқыған, аспандай ашық, аймаңдай толғаулары, Гүлнәрдың жүрек жанарын мөлт еткізетін Жан күбірі, Жаннаның көкірегіңе лық еткізіп ыстық өксік әкелетін теңіздей тұнық, терең, әдемі әуенді өлеңдері емес пе?!
Айналайындар-оу, әдебиет деген артындағы жас өскін жастармен жағаласу ма?! Әдебиет деген - әдеп емес пе?! Ақын я жазушы өзіне баға бере алмайды немесе берген бағасы өзімен бірге өледі. Шығарма ғана мәңгі тірі! Ұят емес пе?! Әдебиет деген - Жан тазалығы! Әдебиет деген - бүгінгі көзі тірі ақиқатты бұрмаламайтын, кәусар әңгімелерімен сусындатып жүрген, Тәңірінің таңдауы түскен Төлен, қазақтың жанын күліп отырып, жылап отырып сөйлететін Тынымбай, ел тарихын желдей есілтіп жазатын Қабдеш пен Қажығали, қара сөзді қойдай өргізетін Рахымжан, Тұрсынжан, Мархабат, Несіпбек! Адамның соқырлығынан, сөздің соқырлығы жаман! Амал не?!
Бауыржан Қарағызұлы, "Әдебиет порталының" бас редакторы