Елбасы алдыға қойған Ұлы Ұғымның түйінін Мекемтас аға шешіп берді
Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы төңірегіндегі талқылаулардың бәрі екі мәселеге келіп тірелуде.
Бірінші, Ұлттық кодымызды тұрақтандыру;
Екінші, Елбасы жолға қойған жобалар өз деңгейінде іске асыру.
Сондай талқылаудың бірі жақында «Қазақстан» ұлттық арнасында журналист Бейсен Құрамбек жүргізетін «Айтуға оңай» бағдарламасында өтті. Бағдарлама қонағы болып келген абыз ақсақал, Абайтанушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының (1996) және «Түркі әлеміне қызмет» халықаралық сыйлығының иегері, "Абайтану" ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мекемтас аға Мырзхметов рухани жаңғыру туралы ең тұшымды ой айтты. Абыздың аты – абыз! Ғалымның аты – ғалым!! Елбасы ортаға қойған «Ұлттық код» ұғымына Мекемтас ақсақал «Ұлттық кодқа ерекше мән беру керек, бұл – шешуші мәселе!» деп бір тоқтады. Жалпы сұхбат барысында «Абайдың – ұлттық санамыздың тірегі!» екенін ғылыми һәм тарихи қисындармен дәлелдей келіп, сөз соңында «Мекемтас аға, сонда бір ауыз сөзбен жас ұрпаққа «Ұлттық кодтың не?» дегенде, оған не деп жауап беру керек?» деген сұраққа абыз қария ойланған жоқ. «Абайдың философиялық лирикасы, ойлары – біздің ұлттық кодымыз!» деп бірден кесті. Сөйтіп, абыз ақсақалымыз Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ортаға қойған «Ұлттық Кодты» тұрақтандыруда табан тірер тиянағымызды белгілеп берді. Қысқасы, ол – Абай. Еді қазақ осыған тоқтау керек!
Ал, енді ары қарай не істеу керек?!
«Қазір Абайдың «Толық адам» ілімін сегіз университетте оқытып жатырмыз, балалардың беті бері қарап келеді» дейді Мекемтас аға. Олай болса, Елбасы мақаласында жолға қойылған қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асырушылар тізімнің басына өзіміздің Хакім Абайды қоюы керек те, ары қарай әлемнің таңдаулы 100 оқулығын емес, 99 оқулығын аударуға кіріссін! Абай – негіз, қалғаны соның аясында оқытылсын!!
«Абай өзіміздікі ғой, ол былай да оқытыла береді!» деушілер де шығуы мүмкін.
Жоқ! Біз рухани жаңғыруда Абай ұлағатын дүниеге көзқарастың темірқазығына айналдыруға тиіспіз. Өйткені, Абай өз топырағымыздан өніп шыққан. Қазақруханиятына, жан әлеміне керектінің бәрі Құнанбайұлынан табылады. Елбасы Тәуелсіз Қазақстан тариханданғы алғашқы тойды – Хакім Абайдың 150 жылдығын бастағаны және оны Қазақстан көлемінде емес, әдемдік деңгейде, ЮНЕСКО аясында тойлатқаны тегін емес. Өз Егемендігін қолына алған қазақ шын Абайын білсін, қазақ қана емес оны бүкіл әлем танысын деген Ұлы мақсатты ұстанды. Құдайға шүкір, міне, 25 жылда қазақты да, Қазақстанды да төрткүл дүние таныды, білді. Оның Абайын оқыды. Қысқасы, Абай бес құрлықта бұрын-соңды жасаған әр ұлттың қадау-қадау ғұламаларының қатарынан еркін барып өз орнын тапты. Сонымен бірге, қазір Елбасы мақаласы да Қазақстан халқының ғана емес, қазақ даласына көз тігіп отырған алыс-жақындағы өзге мемлекеттердің де таңданысын тудырып отыр. Осындай жағдайда өз кемеңгерімізді қайырып қойып, «Әлемнің таңдаулы 100 оқулығын» аудару кішкене оғаштау секілді. Тіпті, қазақты Абайға қайта оралту, әлем назарын Абайға және бір мәрте аудару үшін символьдық тұрғыдан болса да, «100 оқулықтың» басында Абай бірінші болып тұрғаны дұрыс! Әйтпесе, өзге жұрт қазақтың өзінде ештеме жоқ екен ғой деп ойлауы әбден мүмкін гой! Мысалы, ертең қырғыздар «Әлемнің таңдаулы 100 оқулығы» жобасын білім беру жүйесіне енгізіп жатса, ешкіммен ақылдаспай-ақ, басына бірден өздерінің Манасын қояды. Ал, Алматы мен Астанадағы екі жоғары оқу орнының қасынан екі бірдей орталықты ашып тастап, Қытайдың Күң Зысын (Конфуцийін) бізге әкеліп, оқытып жатқанына біраз жылдың жүзі болды...
Айтпақшы, абыз ағамыз осы сұхбат барысында Мұхтар Әуезовтың «Абайдың шығысы батысынан басым!» деген сөзіне ерекше салмақ түсіріп айтқанын да ескерген жөн. Алдағы жерде «100 оқулықпен» айналысатын «Ұлттық аударма бюросы» аударма барысында Батыстан гөрі Шығыс елдерінің оқулығын көбірек аударуға мән бергені дұрыс. Өйткені, Абыз ақсақалымыз «Батыс бізге техникасын берді, ғылымын берді. Бірақ ол бізге рухани ештеңе де бере алған жоқ. Қазір де бере алмайды. Енді батысқа рухани сананы біз береміз!» деген жоқ па!? Ғалымның бұл сөзіне қазір бізден гөрі Батыстың өзі көбірек бас шұлғитын болуы керек!
Түйіндей келгенде, қазақ үлкен айтқан жүйелі сөзге жығылған халық. Біз де Абызды тыңдап, рухани жаңғыруда Абайға тоқтайық!
Ауыт Мұқибек
Abai.kz