Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4437 2 пікір 12 Мамыр, 2017 сағат 11:01

Әйелім әнші екен...

Қалай байқамадым, қалай талантына басымды шайқамадым? Менде көз жоқ, айтарға сөз жоқ! Құдайым-ау, әйелім әйгілі болайын деп жүрген, басына бес тонна бақ қонайын деп жүрген, енді-енді болайын деп жүрген әнші екен ғой? Битімізді сығып, қанын жалап жүрген біз сияқтыларға бұл дегеніңіз керемет емес пе?

Таланты тарыдай ма, таудай ма, езіліп тұрған бордай ма, жұмысым жоқ, таныс саз әрлеушіге ертіп апардым.

– Біз әншіміз! – дедім мен қуанып.

– Қой–ей? – деп қалды танысымның таңдайы жабысып.

– Біз атақты әншілерміз!

Дереу «ет асып жейміз!» атты әннің мәтініне фонограмма жаздырдық. Әннің әнін жазған өзім, сөзін жазған әйелім Шыңғыргүл. «Сорпа іштік», «Менің қатыным», «Иттің баласы», «Мыжылған махаббат» әндерімізге де бейне баян түсіріп, теледидарларда көрсетілгеннен бастап, атағымыз аспанға ілініп қалды! Жер басып жүре алмай, тырқылдап күле аламай қалдық. Ыңыранып. Ақша деген әр «кәстірөлімізден» жүз мыңдап түсіп жатты! Ойбай-ау, менің әйелім әнші екен ғой! Даусының жетпеген, қырылдаған, ырылдаған жерлерін әуен әрлеушіміз жөндеп бере қояды. Сызылып тұр! Тек аузыңды жыбырлатып тұрсаң болды. Оның да ережесі бар екен. Бұған келіспеген әйелім, сахнада сағыз шайнап тұратын болды. Ал, мен теріс қарап тұрып ән шырқаймын. Кешіріңіздер, өйткені аузым о бастан қисық еді... Ұяламын. «Ет асып жейміз!» әнін шырқағанымызда әйелім сахнаға піскен етті алып шығып, бір жілікті маған ұстата салады. Ерін жыбырлатудан құтылудың бір әдісі, дереу ет жей бастаймыз. Тыңдармандарымыз, мұны әнге байланысты образ екен деп түсініп жүрді. Сорпа туралы ән шырқасақ, сорпа ішеміз. Рахат екен! Бір айдың ішінде жардай болып, әрең жүретін қаздай болып, семіріп кеттік. Содан, «кәстірөлде» жүрсек, халықты алдаймыз, тірі дауыспен ән шырқауға бармаймыз. Жалғыз біздер дейсіздер ме? Қазақстандағы «Менмін!» дейтін әншілердің бәрі халықты фонограммамен алдайды, сөйтіп екі қабат коттедж салып, қымбат машиналарымен мақтанады. Инстаграмда. Біз де мақтанып жүрміз.

Бір күні қызық емес концерт беріп жатқанбыз. Бір әйел ән шырқап тұрған әйеліме туфлиін лақтырғаны! Үнді фильміндегі әншіге лақтырғандай... Әйелім туфлиді қағып алып:

– Екіншісін лақтыр! – деді. Анау екіншісімен жіберіп ұрды да:

– Халықты неге алдайсыңдар? Жойылсын, фонограмма! – деп айқайлады. Сол екен, жұрттың бәрі аяқ киімдерін лақтыра бастады, сахнада аяқ киімдер таудай болып үйіліп қалды. Кәшөлөктерін лақтырса мейлі ғой. Тұра қаштық. «Өлә, дейді әйелім ентігіп, – егер фонограммаға тиым салу тұралы заң қабылданып кетсе, өшеміз!»

– Заң қабылданса, басқа елге көшеміз! – деймін мен жұбатқан болып.

Үйге келген соң, «Қашып кеттік!» атты ән туды. Әнін жазған өзім, сөзін жазған әйелім... Қалай, тыңдайсыздар ма?

Мұхтар Шерім

Facebook-тегі парақшасынан

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434