Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 18663 7 пікір 19 Мамыр, 2017 сағат 10:02

Елдің еңсесін еңбек көтереді

Қазіргі ғылым мен жаңа технология жетілген заманда экономикалық даму рухани дамуды басып озды. Бүгінгі күні тек қана қоғамның заттық сұранысын қанағаттандыратын, жаппай жайлы өмірді насихаттайтын «дамыған» елдердің саясаты оның мүшелерін бір-бірімен байланыстыратын адамгершілік, мейірімділік, қайырымдылық, обал, сауап, қанағат, рақым, адалдық, кішіпейілділік, еңбекқорлық сияқты адамзаттық ізгі құндылықтарды аяқасты етуде. Рухани дамуы кенжелеген қоғам ашкөздікке ұрынып, азғындайтынына тарих куә. Сондықтан, қай кезеңде де адамзат игілігі мен ел дамуын қамтамасыз ететін еңбек тәрбиесіне көңіл бөлу керек.

Жаһандық дағдарыс ешбір елді тасада қалдырмайтындықтан, әлем елдерінің күш біріктіруін уақыт талап етуде. Дегенмен, әрбір ел өзінше әрекеттенбей, жаһанданған әлемнен ортақ ұстаным іздеп, өзгеден берекелі бастама күтсе, онда ұтылатыны анық. Экономикалық тәуелсіздігімізге де көлеңке түсіргісі келмейтін Елбасымыз «Әлеуметтік жаңғыртудың жаһандық трендін» ойлап, «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасын ұсынғаны белгілі.

Келмеске кеткен кеңестік кезеңнен қалған тұтынушылық пиғыл қоғамда масылдық психология қалыптастырды. Жаһандық дағдарыстың басты себебі де әлеуметтік масылдық болғанын айта келіп, ұлт көшбасшысы: «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы көз жетпейтін көкжиекте ойлап табылмаған. Бұл – практикалық, прагматикалық идея. Ол маған тіпті етене жақын, өйткені, мен қазақстандықтар жақсы білетіндей, өзімнің кәсіби жолымды «ақ саусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург болып бас­тадым», деп «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» атты сындарлы идея ұсынды.

Онда ең бірінші тұтынушылыққа бейімделген идеологиямен, жаппай масылдықпен күресу үшін әрбір қазақстандықтың еселенген еңбегіне, еңбек өнімділігі мен еңбек құндылығына баса мән беру қажеттілігі сарабдалдықпен талданған. Демек, әрбір қоғам мүшесі «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» қағидатын терең түсініп, адал еңбек етуге әрекеттену керек.

Мемлекет басшысы сол бағдарламада ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елді ұйытатын мәселелерді айқындап, «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына» қарай қадам жасау арқылы ғаламды жайлаған дағдарыстан қорғануға болатынын жан-жақты талдап түсіндірген.

Елдің еңсесін көтеретін игі бастаманың маңызын қоғамның әрбір мүшесі түсініп, әлеуметтік жаңғыртуға шамасы келгенше үлес қосса, ол өзі үшін де, еліміз үшін де тиімді. Кім не береді деп жалтақтағаннан, әркім қолынан келетін іспен айналысса, өмірі берекелі болатыны айқын.

Әлемдік өркениеттің бар­лық құндылықтары, мәдени бай­лықтар адам ең­бегімен жасалатындықтан, әлеу­меттік жаңғырту да өнімді ең­бектің арқасында жүзеге асады. Бүкіл қоғам адал еңбекке бет бұрып, тынымсыз әрекеттенсе, азаматтардың тұрмысы түзеліп, мемлекеттің даму деңгейі артатыны мәлім. Мұндай игілікке бастайтын жол – масылдықтан арылу.

Әлеуметтік жаңғырту бүкіл қоғамның, әрбір қазақстандықтың өміріне шынайы оң өзгерістер әкелуге бағытталған нақты қадамдар жасауды, соны сезіндіретін шешімдерді талап етеді. Бұл жаңғырту қоғамның әрбір мүшесінің өмірін жақсартуға бағытталғанын терең түсінсе, әркім өзі үшін қимылдайды. Аз жұмыс істеп, көп табыс табу, жан қинамай байлыққа бату секілді алдамшы ойлардан арылып, игілікке жетудің оңтайлы жолдарын ойластыратын уақыт жетті. Сағым қуғандай алдамшы елеспен жүрудің күні өткенін, әркім қолынан келетін іспен айналысып, қабілетіне қарай еңбектенсе, ол нәтижесіз болмайтынын қазіргі таңда әр адамның санасына жеткізу өте маңызды.

«Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамының» бағдарламасында көрсетілгендей, әлеуметтік жаңғыру үшін қоғамды индустриялық-инновациялық экономика жағдайындағы жаңа өмірге дайындау, Қазақстанның үдемелі эконо­ми­ка­лық дамуы мен кең көлем­ді игіліктермен қамтамасыз ету жолындағы оңтайлы тепе-тең­дік орнату, құқық пен әділеттілік қағидат­тары­на негізделген әлеуметтік қатынастарды бекіту, сондай-ақ жеке сектор мен кәсіби бірлестіктердің әріптестігін жолға қоятын әлеуметтік-еңбек қаты­насының тиімді үлгісін құру маңызды.

Ол үшін жергілікті басқару органдары азаматтар­дың әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыратын өз міндеттерін адал атқарып, қоғамды заманға бейімдейтін алтын көпір болғаны абзал. Сондай-ақ, ғаламтор мен ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, мемлекет пен халықтың арасында тығыз байланыс орнауына мүмкіндік жасаса нұр үстіне нұр. Сонда инновациялық экономиканың басты қозғаушы күші орта таптың үздіксіз өсуіне, тың идеялар мен тиімді жаңалықтар ойлап табатындардың дамуына жан-жақты мүмкіндік туып, еңбек өнімділігі артады.

Елбасы жаңғырту үрдісінің табысты болуына қажетті қағидаттарды да эволюциялық (мүмкіндіктерді пайдалана отырып жүйелі даму), ортақ жауапкершілік (мемлекет қана емес, жекеменшік құрылымдар мен жалпы қоғам), әріптестік қарым-қатынас (мемлекеттің, қоғамның және жеке адам мүддесінің тепе-теңдігі), ынталандыру (азаматтардың мүмкіндігі жетпейтін жағдайда ғана мемлекеттен жәрдем алып, қолынан келетін шаруаны өзі атқаруы, мемлекеттің табысты еңбекті қоғамдық ынталандыруы), кәсібилік (шешім қабылдамай тұра, егжей-тегжей есеп жүргізіп, ғылыми дәлелденген әлемдік тәжірибені оқып-үйрену) жеке-жеке талдап, маңызын  түсіндірді.

Жоспарланған жұмыс жүйелі жүзеге асып, нақты экономикалық табыстар әкелетін жаңғыртуға, ол жаңғырту индустриялық-инновациялық дамуға негізделсе ғана жемісті болатыны Жалпыұлттық тұжырымдамада айтылған, индустриялық-инновациялық дамусыз ешқандай жаңғырту болмайтынын қазір көзі қарақты, көңілі ояу адамның бәрі түсінсе керек.

Халықтың әл-ауқатын жақсартып, елді көркейтудің ең төте жолы – тоталитарлық жүйе қалыптастырған жаппай тұтынушылық пиғылмен және масылдық санамен күресу. Ұлттық руханият пен елдің экономикалық тұрақты дамуына негіз болатын жалпыадамзаттық құндылық – еңбекті алдыңғы орынға қойып, мазмұнын қайта жаңғырту мемлекет үшін маңызды. Еңбек – елдің де, жеке адамның да өсіп-өркендеуінің кепілі.

«Жал­пыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идея­сы қоғамды дамытатын еңбекке баса мән беріп, ел игілігі мен жеке бастың ауқатты өмірін қамтамасыз ететін қажыр­лылыққа шақырады. Халықтың әл-ауқаты жақсы болса, мемлекеттің де келешегі кемел болатыны белгілі.

Соңғы жылдары елдегі өндірістердің көптеп ашылуы жұмыс орындарына деген сұранысты қанағаттандырғанмен, кейде маман мен жұмысшы тапшылығына қатысты мәселе туындап жатады. Осы орайда Елбасының: «Егер біздің қа­білетті ұлт болғымыз ке­летіндігі рас болса, бұл психо­логиядан арылу қажет! Жаңа білік­тілікті меңгеру және зауыт­қа, өн­діріске бару керек. Қазақстандық жас болсын, ересек болсын бос отырып, бәрін сынай бермей жұ­мыс бар жерге, нәпақа табатын жерге қарай ұмтылулары керек!» деген пікірі ойға оралады.

Жалпы, трансұлттық компаниялардың әлемдік нарықты мейлінше аз уақытта барынша кеңінен жаулап алуға жанталаса ұмтылуы, жаһандық ірі мәдениеттердің ұсақ мәдениеттерді жұтып қою қаупінің уақыт өткен сайын артуы, экономикалық тәуелді елдердің өз тілі мен ділін, мәдениеті мен болмысын сақтап қалу қабілеті әлсіреп бара жатқан мына заманда Қазақстанның да жарқын болашаққа тек экономиканы дамытумен ғана жетуі мүмкін емес екенін түсініп, экономикалық дамуға күш беретін рухани қуаттылықты арттыруға әрбір қазақстандық үлес қосуы маңызды. Ол үшін қоғамның еңбекші күшінің санасын жаңғыртып, қоғамдық сананы өзгертуге ұмтылу керек. Қоғамдық сананы өзгерту – қоғамды өзгертумен бара-бар, сондықтан қоғамдық сананы өзгертуге ықпал ететін қазақтың ұтымды сөздерін орнымен жұмсап, халыққа түсінікті әрі жүйелі жеткізу маңызды. Нарықтық экономикаға бейімделген қоғамдық қатынастарды реттеу барысында еңбекке басымдық беру жеке адам үшін де, қоғам үшін де тиімді болатынын қарапайым халыққа қарапайым тілмен түсіндіру қажет. Өзіне пайдалы нәрсе ұғымды сөзбен айтылса, кез келген адам құлақ түреді.

«Жалпыға ортақ еңбек қоғамын» құрып, көпшілікті өзі үшін де, елі үшін де өнімді еңбекке жұмылдырып, оның нәтижесін бүкіл қоғамның ортақ игілігіне пайдалану үшін өтімді ойларды жүйелі сөзбен жеткізе айтудың маңызы зор. Өйткені, қазіргі замандағы басты мәселелердің бірі – өз идеяларыңды тыңдаушыларға орамды тілмен жеткізе білу. Уақыт сұранысына лайық, заман талабына сай болу үшін де қоғамға қажетті осы біліктілікті әркім өз бойында дамытып, сөйлегенде негізгі үш мақсаттың орындалуын (түсіндіру, сезімін ояту, толқытып-тебіренту) қадағалау керек.

Ұлттық құндылықтар мен қоғамдық өзгерістерді сабақтастырып, үрдісті үзбей, дәстүрді бұзбай, тілді шұбарламай, еңбекке икемді ұрпақты тәрбиелеу үшін жүйелі сөзді орнымен қолдана білу – уақыт талабы. Ақыл-ой тәрбиесінің бастау-бұлағы сөз өнері әлсіресе, ұлт та әлсірейді. СӨЗ – қазақ үшін құдіретті күш. Осы күшпен өскелең ұрпақты рухани байытып, адал еңбек пен кәсіпкерлікке жұмылдыру – қай жағынан алғанда да тиімді.

Сөз салмағын ұғынған қазақ – табиғатынан еңбексүйгіш халық! Жаны таза, ниеті адал қазақ арам жолмен табылған нанды дастарқанына қоймаған, күдіктенсе, бөтеннің дастарқанынан дәм татпаған. Алла молынан несібе берсе, шүкірлік етіп, аз берсе, қанағат қылған. «Еңбек етпеген ішіп-жемейді» деген бабаларымыз арамтамақтарды «жалқаудың жаны – тәтті» деп мысқылдаса, өзгенің еңбегін пайдаланатындарды «арамтамақ» деп бағалаған.

Дана халқымыз «Еңбектің наны – тәтті» деп маңдай термен, адал еңбекпен келген несібенің берекелі болатынын меңзесе, адал еңбектің рақатын «бейнет түбі – зейнет» деп тұжырымдаған. Себебі ауа-райы сан құбылған, табиғаты әр қилы – шөлі мен шөлейті, батпағы мен тауы, орманы мен ойпаты бар кең даланы өмірі мен кәсібіне бейімдеу үшін бабаларымыз бел шешпей еңбектенген. Демек, ұлан-байтақ жерімізді ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сақтаған. Айналысқан кәсібі мал болған соң, оның қилы қиындықтарына төзіп, шөл даладан құдық қазып, қысы-жазы еңбек еткен. Дала қазағы үшін төрт түлікті күтіп-бағып, мал басын арттыру, асыл тұқымдыларын көбейту, киіз үйдің жасау-жабдығын әзірлеу, ал қала қазағы үшін қала соғу, диқаншылық жасау, бау-бақша салу т.б. секілді еңбек түрлері ата-бабамызға таңсық болмағанын тарихшы, археологтарымыз дәлелдеп келеді. Тарих толқынымен ұрпақтар ауысқанымен, жасампаз халық ұлтының асыл құндылықтарын ардақтап, кейінгіге қалдырып отыратыны – өмір заңдылығы.

Әрбір қоғам мүшесі «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы» идеясының тиімділігін түсініп, халқымыздың қанында бар еңбексүйгіштікті қайта жандандырса, өзіне де, қоғамға да пайдалы болмақ.

Халқының қамын ойлап, кейінгіге өлмес мұра қалдырған қазақтың әлемдік деңгейдегі ұлы ақыны Абайдың:

«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап,

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Ақылың мен еңбегің екі жақтап», деген дана тағылымын өскелең ұрпақ жадында сақтап, адал еңбекке бейімделсе, замана көшінен қалмай, еліміздің абыройын асқақтата түсетіні анық.

С.А.Дуанаева, ф.ғ.к., ҚР ДІАҚМ Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының ғылыми хатшысы

Abai.kz

 

 

 

 

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475