Сенбі, 23 Қараша 2024
7062 6 пікір 22 Мамыр, 2017 сағат 12:52

Әлемдік стандарт және қазақ мүддесі

Өнімнің өзіміздікі болғанына не жетсін?

Ширек ғасырдан астам  Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүріп келеді. Бұл уақыт аралығында еліміз мемлекет басшысы  Н.Назарбаевтың пікірінше бірнеше жаңғыруды бастан өткізіпті. 2017 жылғы  31 қаңтарда  жаңа форматта жасалған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында президентіміз: «Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын»- деді. Соған сәйкес бес негізгі басымдықтарды бөліп көрсеткен еді. Мұндағы басты стратегиялық мақсат ретінде 30 озық елдің қатарына кіру көзделіп отыр.

Бұл мақалада Жолдауда қозғалған «Қазақстанда жасалған» бренд пен сауда маркасы туралы мәселеге арнайы тоқталғымыз келеді. Өйткені, тұтынушының есінде қалатын табысты бренд бәсекеге қабілеттіліктің көрсеткіші болып табылады. Тауарды әлі сатып алмай жатып оған сенім туады. Бренд – бұл компания немесе бір елдің тарихы, жақсы беделі, атағы, таңбасы және мінсіз бейнесін  қамтитын күллі қасиеттер жиынтығы. Әрине, Қазақстан азаматы ретінде әлемннің кез келген түпкірінде «Made in Kazakhstan» брендімен шыққан өнімдердің тұтынушыларды аң-таң қалдырып және олардың оған жапа-тармағай таласып  жатқандарын көріп ұлттық мақтаныш  сезімін бастан кешіргің келеді. Жапондар мен немістердің жасаған дүниелері сияқты қазақтардікі де жоғары сапалы бұйым ретінде бағаланса ғой деп бір армандап қоясың. Аз болса да өнім өзіміздікі болғанға не жетсін!?. Бірақ көп адамдар бұған сенімсіздікпен қарайды.  Материалдық база, жаңа технология, экономикалық негіз болуы қажеттігін алға тартады. Алайда материалдықтан бөлек рухани  дүние мен құндылықтарды  жасаумен тікелей байланысты өндіріс түрі барын қалай ұмытуға болады. Рухани салада қазақтар төлтума дүние жасай алмаймыз ба? Біздің ұлт ішінде креативті тұлғалар жоқ дегенге кім сенеді?!

Соңғы уақыттардағы баспасөз беттеріндегі үн қосулардан, пікірлерден президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жұртшылық арасында едәуір жаңғырық, сілкініс тудырғанын байқап отырмыз. Халықтың рухани тақырыпқа шөлдеп қалғаны айқын көрінді. Сарапшыларымыз жаңа идеологияны қалыптастыруға негіз болатын маңызды құжат ретінде бағалап отырған бұл мақалада саяси және экономикалық жаңғырудың рухани жаңғырусыз жүзеге асуы жеткілікті болмайтыны мойындалады. Елбасы «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп орында атап өтеді. Ұлттық нигилизмнің неге әкелетінін бәріміз көріп отырмыз. Жастарымыздың түрлі жат ағымдардың жетегіне еріп кетуінің бір себебі ғасырлар бойы жинақталған ұлттық салт-дәстүрлерді мансұқтаудан, одан бас тартудан болып отыр. Ұлттық код пен мәдениет сақталмаса бізді қандай қауіп- қатер күтіп тұратынын ел басқарушылары түсінгеніне өте қуанып отырмыз. Енді түрлі саладағы  басшылар бәріне ортақ, әмбебап үлгі болмайтынына ащы жеке тәжірибесіз- ақ көздері жетсе тіпті жақсы болар еді. Өйткені, байқап көру мен қателер әдісі кейде бізге тым қымбатқа түсіп жатады.  Соқыр көшіру мен еліктеу жергілікті ерекшелікті ескермеуге әкеледі және шығармашылық қабілет пен ойлаудың дамуына кедергі жасайды.

Білім мен ғылым стандарты:  қазақ жеріне кенгуру жерсіне ме?

Соңғы уақыттары жаһандану үдерісінің даму қарқынын көрсететін бір белгі ретінде  білім беруді интернационализациялау құбылысын айтып жүрміз. Бұл ұғымды отандық ғылыми жұртшылықтың лексиконына толық енді деуге әлі ерте. Оның үстіне кеңестік шекпеннен шыққан, постколониялық елдер үшін «интернационализация» (internationalization) термині саяси  мағынадағы «интернационализм» (internationalism) терминімен ұштасып жатыр. Соған сәйкес, психологиялық қабылдау тұрғысынан ол  «ұлтшылдыққа» кереғар антитеза  ретінде, білім беруді ұлтсыздандыру секілді естіледі.  Әр түрлі аудитория үшін оның түрліше мағынасы болғандықтан оны дәл анықтап алу қажет болып тұр. Оның үстіне интернационализациялау шаралары  жоғары жақтың бастамасымен қолға алынғандықтан, оны төмендігілердің түсінуі мен қолдауы маңызды. Түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен оны аяғына дейін ұға алмай жатырмыз. Бүл жерде санадағы ассоциациялармен де жұмыс жасау керек.

Ұзақ уақыт отаршылық қамытын киген қазақтардың үйреншікті санасында «интернационализм» сөзі  бейтарап   түрде емес, белгілі бір эмоциялық зарядталған, эмоциялық реңкке ие ұғым. Әйгілі сексен алтының Желтоқсанынан кейін КОКП Орталық Комитеті 1987 жылғы 1 шілде айында «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы» арнайы қаулы қабылдаған еді. Ол қаулыда республиканың партия комитеттері ұлттық саясатта үлкен қателіктер жібергені, Алматы каласында жетоқсан айында орын алған тәртіпсіздіктер қазақ ұлтшылдығының  көрінісі болды  делінді. Сол заманда біздің ғалымдар мен педагогтар жастар алдында интернационализм жөнінде жиі-жиі лекция оқуға мәжбүр болды. Сондықтан «интернационализм», «интернационализациялау» дегенде қазақтардың сақтық танытуы түсінікті. Сол тарихи оқиғаларға куәгер ұрпақ өкілдері  арамызда күні бүгінге дейін жүр. Кеңестік заманда жоғары оқу орындарында пролетарлық интернационализмді насихаттаған пәндер оқытылды. Ұлттымыздың ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы кезінде  «интернационалды» қазақша “бибауырмал” деп аударған екен. Осы интернационал – бибауырмал саясатын алаш қайраткерлерінің қолдамағаныі белгілі. Ахметше аударсақ, интернационализация - биұлттану болып шығады. Бүгінгі таңда шетелдік мамандар білімді интернационализациялау ұғымына «жоғары білім берудің мақсаттары, функциялары мен қажеттіліктеріне халықаралық, мәдениетаралық және жаһандық өлшемдерді ендіру, интеграциялау процесі» деген анықтама беріп жүр (Дж. Найт). Интернационализмді жақтаушылар ұлттың емес, әлемнің азаматы болғанды биік мұрат санайды Трансұлттық тұлға, жаһандық азамат болу – Батыс елдерінің басты құндылықтары.

Жалпы жоғары оқу орындарының халықаралық стандарттарға сәйкес келуі білім берудің сапасын арттырады деп есептелінеді. Алайда Батыс елдері мен Австралиядан бастау алған білім беруге нарықтық тұрғыдан келу концепциясы оны тауар ретінде, қызмет көрсету түрі ретінде  бағалауға, білімді коммерцияландыруға әкелді. Білім беру өзінің бастапқы ізгі мақсатынан (адам әлеуетін ашушы, тұлғаны дамытушы, қоғамдық игілік, әлеуметтік жауапкершілік пен лифт болуы және т.б.)  айырылып қалды, ол пайда табу, утилитаризмге (құр пайдаға ұмтылушылыққа) әкеп соқты.   Білім сапасын жақсартудан гөрі, табыс табуға мүдделілік артты. Зиялылар тарапынан бұл мәселе жайлы маңызды сұрақтар туындауда: ең бастысы - интернационализациялаудың мақсаты қандай? Күтілетін пайда мен нәтижелері қандай болмақ? Интернационализациялаудың астарында не бар, оның негізінде қандай құндылықтар жатыр? Интернационализациялаудың оң және теріс әсерлері қандай? Ұлт тағдырына қатысты салдары қандай?

Болон процесінің мүшесі ретінде Қазақстан отандық білім беру жүйесін жаңғыртуға міндетті. Бірақ қатардағы орындаушыларға реформаның мақсаты дұрыс түсіндірілуі тиіс. Ешкім өзі дұрыс ұқпаған, мағынасыз жұмысты жасағанды қаламайды. Ұйым мен мекеме басшылары өз қызметкерлеріне жүргізіліп жатқан жұмыстардың еліміздің дамуы үшін тиімділігін, ұлтқа және қоғамға пайдасы барын көрсету керек. Интернационализациялаудың мақсаты коммерциялық пайданы көздеу әлде отандық ғылымды дамыту ма? Жаһандану жағдайында ұлттық мүддені қалай сақтаймыз? Өйткені, білім беруді интернационализациялаудың бір мақсаты ортақ еңбек нарығын құру, адам капиталын қайта бөліске салу. Жұмыс күшінің еркін алмасуы ерікті түрде болса тіптен жақсы. Жеке адам үшін білім берудегі жаһанданудың пайдалы жағы  көп: кәсіби өсу, өзінің қабілет-қарымын ашу, шығармашылық идеясын жүзеге асыру және т.б. Жағдайыңды жасаған елдерге оп-оңай кетіп қаласың. Ал мемлекет үшін ше? Еліміздің көзі ашық, көкірегі ояу топтары жүргізіліп жатқан реформаларды, жаңғыртуларды белсенді талдап, сынап әрі тексеріп қоюға тиіспіз. Ол инновацияға, жаңартуға қарсылық  дегенді білдірмейді. Бәрін ұлттық сүзгіден өткізу маңызды.         Кез келген мемлекет тек ізгі ниеттен, таза альтруистік пиғылдан  әрекет етпейді.  Қаржылық тұрғыда шет елден келген студенттер бүкіл әлем бойынша университеттер үшін елеулі табыс көзі болып табылады. Оған Ұлыбритания мен АҚШ тәжірибесі  айқын мысал. Бұл елдерде жоғары оқу орындары арасында білім беру қызметтерінің әлемдік нарығында, шетелдік студенттерді тарту үшін бәсекелестік пен қатаң күрес орын алуда. Білім беру қызметінің экспортын кеңейту - маңызды стратегиялық міндет. 2025 жылға қарай, халықаралық білімге деген сұраныс 7,2 млн. дейін өседі деп болжануда.

Бүгінгі таңда әл- Фараби атындағы ҚазҰУ- де кейбір мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларын өзгерту жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, психология мамандығының оқу бағдарламалары түбегейлі түрде өзгерді деуге болады. Әсіресе, магистратура мен докторантура бағдарламалары батыстық жоғары оқу орындары бағдарламаларының көшірмесіне айналды. Бірақ, бізді ойландыратын мәселе: бұл оқу бағдарламаларындағы қазақстандық мазмұнның үлесі. Жалпы қазақстандық ерекшелік қаншалықты сақталғаны. Баспасөз беттерінде отандық өнім туралы жиі айтамыз. Оны мемлекеттің дағдарысқа қарсы саясатының маңызды бағыты деп санаймыз. Алайда практикада оны қаншалықты қолдаудамыз? Бұл жердегі негізгі міндет – отандық тауарлар мен қызметтерге, өнімдерге ішкі сұранысты ынталандыру. Қазақстандық үлесті дамыту – бұл Елбасымыздың үкімет алдына қойған «Үкімет үшін қазақстандық үлесті дамыту ең бірінші мәселеге айналуы тиіс. Біз оны ең болмағанда 50% дейін жеткізуге міндеттеміз» деген стратегиялық тапсырмасына сәйкес болып табылады. Материалдық емес, рухани өнімдерде де отандық сипат болуы тиіс. Қазіргі уақытта қазақстандық қамтудың болуын растайтын СТ-KZ сертификаты білім беру қызметіне берілсе артық болмас еді. Оқыту бағдарламаларын СТ-KZ сертификатта көрсетілген қазақстандық құрамның пайыздық қатынасымен өзара сабақтастыру керек. Кем дегенде сыртқы елдердің тәжірибесін біздің елге лайықтауымыз керек. Биологиялық ғылымдарда «акклиматизация» деген ұғым бар. Ол хайуанаттарды, өсімдіктерді жаңа жердің жағдайына үйрету, бейімдендіру, жерсіндіру деген мағынаны береді. Африканың жолақ түсті тағы жылқысы (зебра) мен австралиялық кенгруді Қазақстанға көзсіз әкеле салмайсың. Яғни, кез келген экожүйеге бөгде дүние  жерсінуі тиіс. Сондықтан көшіру процесінде өте сақ болуды, мүмкін болатын салдарды ескеруді қажет етеді. Белгілі бір түрді жаңа ауданға қоныстандыру үшін де кешенді жағдайлар жасалынады екен. Мұндай талаптың білім жүйесіне де қатысы бар. Шетелден импортталған оқу бағдарламалары неліктен Қазақстан сертификатын алмайтыны түсініксіз. Кейбір оқу бағдарламаларының өзге елдің нарығына бағытталғанғанын қалай естен шығарып аламыз. Әйгілі Nestle компаниясының жапондардың шәйден кофе ішуге бұру әрекетінен ештеңе шықпағаны белгілі. Шәйді жақсы көретін өзбектерге  кофені сатып пайда таба алмайсың. Қанша үгіттегеніңмен олар шәйханадан кофеханаға ауыспайды. Нарық аудиториясының ұлттық кодпен байланысы барын маркетологтар жақсы біледі. Демек, білім беруді интернационализациялаймыз деп шамадан тыс бір шектен екінші шекке шықпай оңтайлы ортаны ұстануымыз керек. Біздің ойымызша, Қазақстанда білімді интернационализациялау және оның ұлттық сипатын сақтау арасындағы тепе-теңдікті табу мәселесі бар. Американдықтар «ұлттық қауіпсіздік» пен «ұлттық білім беру» арасына теңдік белгісін қояды екен. Олар егер білім сапасы мен мазмұны өзге  ұлт тарапынан анықталып,  еріксіз мәжбүр етілетін болса бұл әскери әрекет деп бағалануға тиіс деп саналады. Сондықтан білім мазмұнындағы ұлттық бөлік пен жалпы адамзаттық бөлік арасындағы ара қатынас назардан тыс қалмау керек. Жаңа бағдарламалардың мақсаты мәңгүрт ұрпақ, мәңгүр маман даярлау ма? Сондай- ақ, өткен тарихымызда өзін ақтаған білім беру тәжірибелерін мүлдем жоққа шығару қаншалықты дұрыс? Көрші конфуцилық менталитеттегі Қытайда кез келген жаңа нәрсе кез келген ескіден нашар делінеді, ал бүгінгі  білім саласында кез келген жаңа нәрсе күні бұрын ескіден артық деп бағаланады. Инновация дегеніміз жаңа мен ескінің диалектикалық бірілігі екендігін  естен шығарып аламыз. Әйтпесе шетелдік университеттердің бағдарламаларын дүниетанымдық астарына үңілмей, оның мәнін түсінбей соқыр еліктеп құр көшіріп алып жатқандардың қылығын қалай бағалаймыз? Батыстағыдай тәрбие - отбасы мен жеке студенттің шаруасы, ал ең бастысы- оларды интеллектуалдық тұрғыда дамыту десек онда әңгіме бөлек. Алайда біздің мемлекеттік білім стандарттарында тұлғаның рухани -адамгершілік  дамуы да көзделген ғой. Әл- Фараби бабамыз айтқандай, тәрбиесіз білім беру қауіпті екендігін ескеруіміз қажет. Әрбір ел өз экономикалық және саяси мүмкіндіктеріне сәйкес жоғары білімді интернационализациялау (халықаралық стандарттарды енгізу) стратегиясын жасайды. Білімді интернационализациялау жергілікті өлшемді толықтыру, үйлестіру және кеңейту үшін арналған, бірақ одан үстем болу шарт емес. Интернационализациялаудың  бейімделмеген шетелдік үлгілерін енгізу оңтайлы нәтижеге әкелмейді. Көрші Ресей елінің президенті Владимир Путин бір сөзінде, өмірді құрудың дайын үлгісін компьютерлік бағдарлама сияқты басқа мемлекетке орната салудың уақыты өтті деген еді. Біз білімді интернационализациялаудың ең оңтайлы жолы қандай екендігін өзіміз іздеуіміз керек.

Жыл сайын жоғары оқу орнын тамамдап шығатын дипломды жас мамандарды жұмыспен қамтамасыз етуді жүзеге асырудың бір жолы  офсеттік саясат. Офсеттік саясат тек экономикаға ғана емес білім мен ғылым саласында да басым бағдар боп табылуы тиіс. Бұл мемлекеттік идеологияға айналуы керек. Ал түптің түбінде кез келген бағдарлама мемлекеттің өнеркәсібін, отандық жұмыс күшін дамытуға бағытталуы керек. Тек өз еліміздегі адам капиталын дамыту технологиялық серпіліске негіз бола алады.

(Жалғасы бар)

Жарас Сейітнұр, Әл Фараби атындағы ҚазҰУ дің жалпы және қолданбалы психология кафедрасының доценті, психология ғылымдарының кандидаты 

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435