Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 4836 0 пікір 24 Мамыр, 2017 сағат 10:24

Қазақ менеджментінің қағидаты қандай болуы керек?

  • Бізде төмендегілердің пікірімен санасу, құлақ түру бар ма? Кеңестік заманнан қалған «Бастықтың айтқаны әрқашан жөн» түсінігі шенге бас ұрушылық психологиясын қалыптастырды. Тіпті ақылға қонымды ұсыныстар қабылданбайды.

Ғылым тарихында жапон психологтары алғашқылардың бірі боп Батыс академиялық ғылыми психологиясына  күмәнмен қарағаны мәлім. Өйткені, оның көпшілік әлеміне сәйкес келе бермейтінін байқады. Батыс психологиясын импорттауға балама ретінде индигендік (төлтума) психологияны дамыту қажеттілігі негізделуде. Ғылымдағы «ин ситу» (In situ, латынша- сол жерде) ұғымы немесе жапондар негіздеген «гемба» (жұмыс орнында) идеясы кабинеттен төменге, «жерге» түсудің маңыздылығын ескертеді. Мәселен, жапондық менеджмент мектебін әлемнің бәрі мойындайды. «Кайдзен» деген жапон сөзі жұртшылыққа кеңінен таныс болуда. «Кай» – өзгеріс, «дзен» – ең озық, ең жақсыға ұмтылу дегенді білдіреді. Екі иероглиф бірігіп «үздіксіз жетілдіру, тұрақты түрде үнемі  жақсарту» деген мағынаны  береді. Бүгінде «кайдзен» термині әлемдік менеджменттің негізгі концепциясын анықтап отыр. 1993 жылы ол New Shorter Oxford  English Dictionary жаңа басылымына кірді. Онда «кайдзен» терминіне жұмыс әдістері мен жеке тұлғалық тиімділікті  үздіксіз жетілдіруді көздейтін бизнес философиясы деген анықтама берілген. Осы стратегияға сүйене отырып, тоқтаусыз жетілдіру процессіне бәрі жұмылдырылады — менеджерлерден бастап қатардағы жұмысшыларға дейін және оны іске асыру шағын материалдық шығынды талап етеді. Кайдзен философиясы біздің өмірді толығымен (еңбек, қоғамдық және жеке) үздіксіз жақсарту бағытына бағамдайды. Психологтардың пікірінше, кайдзен принциптерін қолдану бизнес саласымен қатар адамның тұлғалық және кәсіби өмірінде табысқа жетуіне мүмкіндік туғызады. Ал бізде төмендегілердің пікірімен санасу, құлақ түру бар ма? Кеңестік заманнан қалған «Бастықтың айтқаны әрқашан жөн» түсінігі шенге бас ұрушылық психологиясын қалыптастырды. Тіпті ақылға қонымды ұсыныстар қабылданбайды. Қоғам мен мемлекет даму үшін адамға жай құрал немесе еңбек саласы талап ететін «жұмыс күші» ретінде емес, өзіндік ұстанымы, өзін-өзі толыққанды жүзеге асыруға ұмтылушы жан деп оған қарау маңызды. Өйткені, кез келген адам өзіне құрметпен қарағанды, оның пікірімен есептескенді жөн көреді және жеке басының қадір- қасиеті сыйлауға лайықты деп санайды.

Осы күні көптеген зерттеушілер техногендік өркениеттен антропогендік өркениетке көшу процесі басталғанын айтады. Бұл жаңа парадигмаға сәйкес технологиялық детерминизм концепциясын мәдени детерминизмге алмастыру қажет. Адам санасы қоғам дамуының жетекші қайнар көзіне айналады. Постиндустриалдық қоғамда алдыңғы орынға адам мәселесі мен оны зерттейтін ғылымдар шығады. Күллі әлеуметтік, саяси - экономикалық реформаларды бағалаудың негізгі өлшемі – адамның игілігі. Кез келген менеджердің, функционердің көзқарасы сананың мұндай деңгейіне жете бермейді. Алайда стратегиялық тұрғыда гуманизм принципін ұстанған менеджмент концепциялары түптің түбінде ұтады. Осы принципті ұстана отырып, қазақ менеджменті қоғамды «Бастықтың айтқаны әрқашан жөн» түсінігінің тұйық шеңберінен алып шығып, істі басқару мен үйлестіре білетін ортаның алтын арқауына айнала білуі керек.

(Жалғасы бар. Мақаланың басы мына сілтемеде: http://abai.kz/post/53257)

Жарас Сейітнұр, Әл Фараби атындағы ҚазҰУ дің жалпы және қолданбалы психология кафедрасының доценті, психология ғылымдарының кандидаты 

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406