Шетел мұрағаттарындағы Қазақстан жайлы деректер
Президент Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан “Мәдени мұра” бағдарламасы рухани жаңаруға бет алған елдің өркениетті үлгісін танытып, әлем жұртшылығымен байланысымызды тереңдете түсті. 13 ақпанда Елбасының “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде қыруар жұмыстың атқарылғаны айтылып, “алыс-жақын шет жұрттағы жәдігерлеріміз бен мұрағаттарымызды іздестіріп, жинақтауды” алға қарай да жалғастыру керектігі міндеттелді.
Аз ғана уақыттың ішінде қазақ мемлекеттілігінің, басқа елдермен қатынастарымыздың беймәлім тұстарын айқындайтын бірегей жәдігерлер табылды. Ғалымдарымыз Ресей, Өзбекстан, Армения ғана емес, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай мен Египет секілді елдерге іссапарлары барысында Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттардың есебін алды. Дегенмен, қандай жұмыс та кемшіліксіз болмайды. Әсіресе, шет елдердегі халқымыздың тарихы мен мәдениеті көрініс берген материалдарды іздестіру мен олардың көшірмелерін алдыруға байланысты функциялары айқындалған бір үйлестіруші орталықтың, әдістемелік құралдың қажеттігі айқындалып отыр.
Орталықтан “Зарубежная архивная казахстаника. Информационно-аналитический обзор” (Астана, 2006) деген кітапты жарыққа шықты.
Президент Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан “Мәдени мұра” бағдарламасы рухани жаңаруға бет алған елдің өркениетті үлгісін танытып, әлем жұртшылығымен байланысымызды тереңдете түсті. 13 ақпанда Елбасының “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде қыруар жұмыстың атқарылғаны айтылып, “алыс-жақын шет жұрттағы жәдігерлеріміз бен мұрағаттарымызды іздестіріп, жинақтауды” алға қарай да жалғастыру керектігі міндеттелді.
Аз ғана уақыттың ішінде қазақ мемлекеттілігінің, басқа елдермен қатынастарымыздың беймәлім тұстарын айқындайтын бірегей жәдігерлер табылды. Ғалымдарымыз Ресей, Өзбекстан, Армения ғана емес, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай мен Египет секілді елдерге іссапарлары барысында Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттардың есебін алды. Дегенмен, қандай жұмыс та кемшіліксіз болмайды. Әсіресе, шет елдердегі халқымыздың тарихы мен мәдениеті көрініс берген материалдарды іздестіру мен олардың көшірмелерін алдыруға байланысты функциялары айқындалған бір үйлестіруші орталықтың, әдістемелік құралдың қажеттігі айқындалып отыр.
Орталықтан “Зарубежная архивная казахстаника. Информационно-аналитический обзор” (Астана, 2006) деген кітапты жарыққа шықты.
Иә, “Шетел мұрағаттарындағы Қазақстан жөніндегі материалдарға жолбасшы” сияқты басылым “Мәдени мұра” бағдарламасын жүзеге асыруға кіріскен кезде-ақ керек болатын. Мұндай әдіснамалық құралға сұраныс уақыт өткен сайын күшейе түсуде десек, 210-беттен тұратын шетел мұрағаттарындағы Қазақстан жөніндегі құжаттарға “ақпараттық-сараптамалық шолу” жасауды мақсат тұтқан, әсем безендірілген басылымды парақтай бастағанда-ақ үмітіміз су сепкендей басылды. Бұл арада онда бұрынғы Мұрағаттар мен құжаттаманы басқару жөніндегі комитеттің (кейін Ақпарат және мұрағат комитеті) бірнеше бағытта жүргізген ауқымды ұйымдастырушылық жұмысының толық көрсетілмегенін айтсақ та жеткілікті.
Жеті-сегіз бетті алатын “Шетелдік мұрағаттық казахстаниканы зерттеудің алғашқы ресми қорытындылары” деген түсініксіз тарауда мұрағат қызметкерлерінің Ресей мұрағаттарында болғандығы ғана сөз етіледі. Олар тарихшы-ғалымдар, мұрағат мекемелері қызметкерлері енген топтың ұсынысы бойынша жұмыс жасаған (10-11-бет), ал топ өз кезегінде Ресей Федерациясы мен Өзбекстан мұрағаттарының Қазақстан туралы мағлұматтар бар қорларын ғана атаумен шектелген. Сонда, шамасы, осы елдерге іссапармен баратын адамдар әр мұрағатта әрбір қор бойынша “Жолбасшы” (“Путеводитель”) болатындығын білмейтінге ұқсайды.
Кітаптың тағы бір тарауы “Қазақстан тарихы бойынша алынған мұрағаттық құжаттар коллекциясына қысқаша сипаттама” делінеді және онда Франциядағы М. Шоқайдың жеке мұрағаттық қоры туралы ғана сөз болады. Қорды сипаттаудың өзінде үстірттік байқалады (“Жаңа Түркістан” емес – “Йени Түркістан”; Али Мардан Бей емес – Али-Мардан Бей Топчибашы).
Осыдан кейін-ақ “казахстаника” (Қазақстан тақырыбы) ұмытылады. “АҚШ мұрағаттары мен кітапханаларындағы КСРО тарихы бойынша құжаттар” деген тарау (31-46 б.) көзге ілінгенде тығырыққа тірелгендей күйге ұшырайсыз. Осы біз қандай тақырыпты зерттеп отырмыз деген ой мазалайды.
Кітап көлемінің жартысына жуығы “қосымша” материалдарға арналған, онда оқырман ҚР ОММ, Ресей мұрағаттарымен таныстырылады. Және осы бір ғылымның қай жанрына жататындығы белгісіз “туындыны” М.Олкоттың, Л.Крадердің, В.Мартин, т.б. шетел зерттеушілерінің Қазақстан туралы ағылшын тіліндегі еңбектерінен үзінділер аяқтайды.
Өткен ғасырдың 80-жылдарынан ЮНЕСКО “Халықтар тарихы үшін дереккөздерінің жолбасшысы” деген топтаманы дайындап, оны Халықаралық Мұрағаттар Кеңесі (ХМК) жариялай бастаған-ды.
Кеңес одағы ыдырағаннан кейін ХМК мен ЮНЕСКО-ға шетел мұрағаттарындағы “Россиканың” библиографиясын жасау туралы ұсыныстар түсті. Бұл мәселе 1992 жылы шілде айында Парижде өткен батыс елдері және Ресей мұрағаттары басшыларының арнайы симпозиумында талқыланды. Содан бері қарай Ресейде Е.Старостиннің “Шетел мұрағаттарындағы Ресей тарихы” (М., 1994), одан өзге авторлардың “АҚШ-тағы Россика” (М., 2001), “Шетелдік мұрағаттық Россиканың мәселелері” (М., 1996) т.б. бірнеше еңбектер жарық көрді. Мұны айтып отырған себебіміз, екі жағдайға байланысты. Біріншіден, Кеңес одағының құрамына енген елдердің, олардың ішінде Қазақстанның мұрағаттары шетелдік “Россикамен” тығыз байланысты. Бұл орайда жоғарыда сөз болған кітапты құрастырушылардың “Россикаға” бет бұруы дұрыс, бірақ осы “Россика” аталатын ғаламат дүниенің ішінен Қазақстанға қатысты материалдарды іріктеп алу керек.
Өткен ғасырдың 30-40-жылдары Ұлттық мұрағатқа Қазақстан туралы да мағлұматтарды қамтитын Американың бірнеше мекемелерінің материалдары берілді. Әсіресе, №226 құжаттық топ материалдары ерекше назар аударуды қажет етеді. Оны Қорғаныс министрлігінің Стратегиялық қызмет біріккен басқармасының құжаттары құрайды. 1942 жылы құрылып, 1946 жылға дейін АҚШ Қорғаныс министрлігінің біріккен бас штабы үшін ақпараттық және барлау материалдарын дайындаумен айналысқан бұл Басқарма Кеңес одағындағы әлеуметтік-экономикалық жағдай, оның ішінде ұлттық мәселелер бойынша құпия мәліметтер жинастырған екен.
Стратегиялық қызмет басқармасы федеральдық атқару департаментінің бөлімшесі болуына қарамастан, оның материалдарының бір бөлігі, әсіресе, Кеңес одағындағы ұлттық қатынастар бойынша жасалған есептері №248 құжаттық топ құрамында ұшырасады. Бұл топта ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде әрекет еткен Әскери-теңіз тасымалдау басқармасының құжаттары шоғырланған. Орта Азия халықтарының тарихына қатысты құжаттар инженерлік әскерлер басқармасы материалдары арасында да кездеседі (№77 құжаттық топ).
Қазақстан жөніндегі мағлұматтар АҚШ ұлттық мұрағатының филиалдары – құжаттану федеральдық орталықтарының жергілікті мұрағаттық бөлімшелерінде де бар. Бұл орайда ұлттық мұрағатта түсірілген микрофильмдерге көңіл бөлген жөн. Қазақстан жөніндегі құжаттар құрамын зерттеушілер федеральдық мұрағат қызметі 1975 жылы құрастырған “Ұлттық мұрағаттың регионалдық мұрағаттық бөлімшелеріндегі микрофильмдерден” біле алады.
Америка Құрама Штаттарында зерттеушілеріміздің келесі бір тоқтайтын мекемесі – соғыс, революция және бейбітшілік жөніндегі Гувер институтының мұрағаты (Стэнфорд қ., Колумбия штаты). Мұнда 1927-1934 жылдары Кеңес одағында контракт негізінде жұмыс істеген американ инженерлерінің индустрияландыру және ұжымдастыруға байланысты мол мағлұматтарды қамтыған есептері сақталған. Олардың ішінде Дж.Литлпейдж секілді Қазақстанда болған инженерлердің де жазбалары бар. Мұрағаттағы АРА қызметкерлерінің күнделіктері, қолжазбалары және басқа да құжаттар, қазақтар өмірінен түсірілген фотографиялар өз зерттеушілерін күтуде. Гувер институты “Халықтардың антибольшевиктік блогы”, “Коммунизммен белсенді күрес жөніндегі халықаралық орталық” секілді ұйымдардың құжаттарын да жинастырған екен. Ресей мен Қазақстан мұрағаттарында ұшырасатын, баспасөз беттерінде жарық көрген Уақытша үкіметтің, Мемлекеттік Думаның материалдарын, Азамат соғысына қатысты құжаттарды айтпағанның өзінде, мұнда Қазақстан тарихының дереккөзін байыта түсетін құжаттық коллекциялар жеткілікті. Олар: “The Russіan Revіew” (1941-1982 ж.ж.) журналының мұрағаты; “Орыс коллекциясы” (1700-2001 ж.ж.); “Большевизмнің орыс Орта Азиясында пайда болуы” (Р. Пирс); Ю. Скайлердің (1840-1890 ж.ж.) материалдары т.б.
Шет елдерге барған біздің мамандарымыз бен ғалымдарымыз мұрағат мекемелерінде жұмыс істейді де, кітапханаларда да сирек кездесетін қолжазбалардың, құжаттардың барлығын ескере бермейді. Мысалы, Гувер институтының кітапханасында 36 тілдегі бір миллионнан астам кітаптар мен қолжазбалар бар екендігін айтсақ та жеткілікті. Америка Құрама Штаттарында бұрын КСРО құрамына енген елдер, олардың ішінде Қазақстан бойынша дереккөздерін жинастыру Гарвард, Колумбия, Йель, Индиана, Стэнфорд, Калифорния, Чикаго университеттерінде кең көлемде жүргізілді. Тіпті, өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, тәжік халықтарының тілдерінде жазылған дереккөздерін жинастыруға қомақты қаржы бөлінді. Бұл жұмыс 1962 жылы Колумбия университетінде қолға алынып, американ кітапханаларындағы Кеңес одағының құрамындағы мұсылман халықтарының тілдерінде жазылған кітаптар мен материалдардың библиографиясын құрастыру профессор Э.Олуордқа тапсырылады. Нәтижесінде 1965-1975 жылдары үш томдық монография дайындалады.
Қазақ тіліндегі басылымдардың арасында Т.Шонанұлының “Қазақ жерінің тарихы” (Қызылорда – Ташкент, 1926), Атығай Шонаұлы мен Қанабек Байсейітұлының “Зәуре” (Қызылорда, 1930), Қ.Кемеңгерұлының “Қазақтар тарихынан” (М., 1924), А.Байтұрсыновтың “Әліпби – Жаңа құрал” деген еңбектері де бар. Америка Құрама Штаттарындағы ең ірі кітап қоймасы – 1880 жылы Вашингтон қаласында негізі қаланған Конгресс кітапханасы. Мұндағы орыс, өзбек, қазақ, т.б. халықтар тарихы бойынша шоғырланған материалдардың барлығы дерлік кітапхананың Славян және Орталық Еуропа бөлімінде. Кітапханада Джордж Кеннанның (1845-1924) 1885-1886 жылдары Сібірге саяхаты кезінде жинастырған қолжазбалар мен суреттердің көлемді қоры сақтаулы. Семей кітапханасында батыс классиктерінің шығармаларымен танысып жүрген қазақ халқының ұлы ақыны Абай туралы әлем жұртшылығына тұңғыш хабарлаған американ журналисінің қорында қазақтар туралы басқа да мағлұматтардың барлығы күмән тудырмайды.
Нью-Йорк көпшілік кітапханасында “Түркістанның экономикалық очеркі” (1922) деген бұрын еш жерде жарияланбаған кітаптың қолжазбасымен танысуға болады. Гарвард университетінің Хаугхтон кітапханасында, Индиана университетінің Лилли кітапханасында (Блумингтон қ.) “Орта Азия бойынша материалдар” коллекциясы жеке топтастырылған. Мэдисон қаласындағы Висконсин университетінің кітап қоймасындағы Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан және басқа да республикалар бойынша басылымдар мен қолжазбалар туралы мағлұматтар “Қоғамдық ғылымдар бойынша компьютерлік орталық пен мәліметтер банкіне” енгізілген. 1968 жылы қазан айында Остин қаласындағы Техас университетінің Гуманитарлық зерттеулер орталығы Ресей Уақытша үкіметінің басшысы А.Ф.Керенскийдің (1881-1970) мұрағатын сатып алады. Мұрағаттың көпшілік бөлігін “Антибольшевиктік күресті реттеу орталығы”, “Халық бостандығы үшін күрес лигасы”, “Ұлттық-еңбек одағы”, “Азат Ресей үшін күрес одағы”, “Ресей халықтарын азат ету үшін күрес одағы”, “Солтүстік Кавказ күрес одағы”, “Украин Ұлттық Радасы”, “Түркістан Ұлттық Бірлігі” секілді эмигранттық ұйымдардың материалдары құрайды.
М.Шоқайдың А.Ф.Керенскиймен жақсы таныс болғандығы, Түркістанда, Санкт-Петербургте, кейін Парижде онымен сан рет кездескендігі, Түркістанның болашағы туралы пікір таластырғандығы белгілі. Олай болса, А.Ф.Керенский мұрағаты отандық шоқайтанушылар үшін маңызды дереккөзі екендігі сөзсіз.
Калифорния университетінің кітапханасындағы (Беркли қ.) Л.Н.Милюковтың жеке кітапханасы да біздер үшін осындай маңызға ие.
Батыс елдерінің кітапханаларындағы қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды кітаптар мен қолжазба күйіндегі материалдарды іздестіруде Ричард Левинскийдің 1980 жылы шыққан көрсеткіші, әсіресе, Л.Крадердің “Қазақстан библиографиясы” (1948), Джорджтаун университетінің қызметкері Р.Ловентальдің “Орта Азияның түрік тілдері мен әдебиеті” (1957), Р. Пирстің “Кеңес Орта Азиясы” (1966), С.Хорак, Д.Хейзер, Э.Лаззерини мен И. Крайндлердің “Кеңес ұлттарын зерттеуге басшылық: КСРО-ның орыс емес ұлттары” (1982) деген еңбектері өте пайдалы.
Ұлыбританиядағы шығыстану мекемелерінің қорларына, әсіресе, Британ мұражайына ХІХ ғасырдың өзінде Орталық Азия елдерінен көптеген қолжазбалар жеткізілді, олардың біразы ғылыми түсініктемелермен ағылшын тіліне аударылып жарыққа шықты. Өткен ғасырдың 20-жылдары Британ мұражайына Қазақстанда жұмыс істеген ағылшын концессионерлерінің құжаттары, күнделіктері мен естеліктері келіп түсті. Олардың қатарындағы Қоянды жәрмеңкесі жөніндегі альбом, инженер Джон Уорделлдің жазбалары қазақтар өмірінен соны мағлұматтар береді.
Британ кітапханасының Шығыс қолжазбалары мен кітаптары бөлімінде Орталық Азия жөніндегі жәдігерлер төрт мыңнан асады. Оксфорд университетінің Боули кітапханасының “байлығы” мұнан да асып түседі. Дарем университетінің кітапханасында “Шығыс секциясы” бар. Қазақстан және олармен көршілес халықтар туралы материалдар Эссекс университетінің кітапханасынан, Орыс және Шығыс Еуропа жөніндегі Бирмингем орталығынан да ұшырасып қалады.
Еуропаның әр елінде Қазақстан туралы қандай жәдігерлер бар екендігін түгел баяндау мүмкін болмас, оның үстіне мұны газет беті де көтере қоймайды. Сол себепті қайсібірін библиографиялық көрсеткішіне ғана сілтеме жасаумен шектелейік. Франция мұрағаттарындағы материалдарды іздестіруде Ю.Брегельдің библиографиясына қоса 1970 жылы жарық көрген Мишель Лезюрдің “Le sources de’hіstoіre de Russіe aux Archіves Natіonales” деген көрсеткішін парақтап шығу артық болмайды. Сондай-ақ, Германияның мұрағаттарында өткен ғасырдың 20-жылдары осы елдің жоғары оқу орындарында оқыған қазақ жастары (Мұстафа Бөкейханов, Ғазымбек Бірімжанов т.б.), большевиктерге қарсы көмек сұрап барған Серәлі Лапин, тағдыр айдап шетелге қоныс аударған М.Шоқай, ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде немістерге тұтқынға түскен түркістандықтар, 1916 жылғы көтеріліске, Желтоқсан көтерілісіне, Кеңес өкіметінің ыдырауына байланысты құжаттар бар.
Жеке мұрағаттық қорларда да Қазақстан туралы материалдардың баршылығын өмір көрсетіп отыр. Мысалы, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына Ұлыбританиядағы Басхановтың коллекциясынан “Яш Түркістан” журналының барлық сандарының көшірмесі алынды. Канада профессоры Р.Пирсте “Туркестанские ведомости” газетінің толық коллекциясы сақтаулы. Орта Азия мен Қазақстанды ұзақ жылдар зерттеумен айналысқан француз профессорлары А.Беннигсен, К.д’Анкос, Ш.Лемерсье-Келькеженің жеке мұрағаттары да назардан тыс қалмауы тиіс.
Түркия мұрағаттарындағы Қазақстан тарихына қатысты материалдардың молдығы, бірақ олардың әлі күнге дейін жүйелі түрде зерттелмей келе жатқандығы белгілі. Оны түрік профессоры М.Сарайдың “Осман мемлекеті мен Түркістан хандықтары арасындағы саяси байланыстар” атты монографиясынан да байқауға болады.
Кезінде Египет Араб Республикасына мұрағатшылардың іссапары барысында Қаир қаласындағы Дар әл-Кутуб кітапханасының ұлттық мұрағаты және Араб қолжазбалары мен зерттеу институтының қорларынан тарихымызға қатысты құнды қолжазбалар мен деректер тізімі жасалды. Олардың ішінде мамлюк сұлтандары Сұлтан Аз-Заһир Бейбарыс, Барқұқ, Қайтпай туралы қолжазбалар мен тарихи құжаттар, Мамлюк мемлекетіндегі әскери өнер жөніндегі қолжазбалар, Фараби қаласынан шыққан ғалымдар еңбектерінің тізімі, “Каспий маңайында тұратын тұрғындар тарихы”, “Түрік мемлекеті хандығындағы ғажайыптар” сияқты шығармалар, қалалар мен елді мекендер, сауда жолдары, шаруашылығы жөніндегі, Тәңірберді, Ағыбай, Тұманбай есімді тұлғалардың мамлюктердің тарихына қатысты құжаттары анықталды.
Ұлты қазақ мысырлық ғалым Насролла ат-Таразидің (1922 ж. Таразда туған) жеке мұрағат қоры алынып, Ұлттық мұрағат қорына тапсырылды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының ЕАР-дағы Төтенше және өкілетті елшісі Б.Әмреев мырзаның қолдауымен Қазақстанның ортағасырлық тарихы үшін ғылыми маңызы ерекше 23 қолжазба, көшірмелері Қазақстанға жеткізілді.
Иранда сақтар заманынан бері Орта Азия тұрғындары туралы түрлі мағлұматтар бар екендігі мектеп қабырғасынан белгілі. Өткен жылы Тегеран университетінің Орталық кітапханасынан Иран шахы Аббастың 1661 жылдың желтоқсанында қазақ ханы Әз-Тәукеге жазған хаты табылды. Қайсыбір деректерге қарағанда, Иран шахтары мұнан кейін де Әз-Тәукеге 1689, 1692, 1693 жылдары хаттар жолдап, оларда екі ел арасындағы татулыққа ықылас білдірілген көрінеді...
Қытай Халық Республикасы мен Моңғолия мұрағаттарындағы Қазақстан туралы жәдігерлер жөнінде Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, профессор М.Әбусейітова 2006 жылы “Қазақ тарихы” журналында мақала жариялаған болатын. Тек 2004-2005 жылдары ғана Шығыстану институты қызметкерлерінің Пекинге жасаған археографиялық экспедициясы нәтижесінде қазақ мемлекеттігінің тарихына қатысты маньчжур, шағатай және көне қытай тілдеріндегі мыңдаған жазба құжаттар мен материалдар табылды.
Пекин қаласындағы “Қытай мемлекетінің №1 мұрағат” (“Чжан го ди ий дан ан гуан”) қорындағы XVІІ-XVІІІ ғасырлардағы Қазақ хандығына тікелей қатысты хатталған тарихи құжаттардың 3500-ден астам түпнұсқасы бары анықталды.
Қазақстанды зерттеумен шұғылданатын шағын орталықтар Скандинавия елдерінде де жұмыс істейді.
Қазақстанның геосаяси жағдайын, ішкі және сыртқы саясатын танып-білуге Қытайда, Жапонияда, Түркияда, Иранда, Пәкістанда жіті назар аударылып, бірнеше жаңа зерттеу орталықтары ұйымдастырылған. Бұлардың барлығында дерлік бай кітапхана, қолжазба қорлары бар. Сол себепті ең алдымен осы зерттеу орталықтарымен шығармашылық байланыс орнату шет елдерге ешбір мағлұматсыз жетіп барғаннан гөрі әлдеқайда нәтижелірек болар еді.
Иә, алдағы уақытта АҚШ, Ұлыбритания сияқты алыс жатқан елдерге қыруар қаржы жұмсап барғаннан гөрі, алдын ала сол елдердің мұрағат қызметкерімен, не Қазақстан тарихын зерттеумен айналысып жүрген ғалымдарымен өзара келісім-шарт жасасқан жөн;
“Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша еліміздің ғылыми мекемелеріне көптеген жәдігерлер (мұрағаттық материалдар, қолжазбалар, сирек кездесетін кітаптар) түсіп жатыр. Олардың сақталуын қамтамасыз ету үшін құжаттардың көшірмелері Ұлттық мұрағатқа тапсырылуы тиіс;
жан-жақтан әкелініп жатқан материалдарды есепке алу, әдістемелік әдебиетпен қамтамасыз ету, жалпы түрлі құрылымдардың жұмысына үйлестірушілік сипат беру ісін Археография және деректану ұлттық орталығы Ұлттық мұрағатпен бірігіп жүргізсе дұрыс болар еді.
Авторы: Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ, “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы “Мұрағат және кітапхана” секциясының консультанты, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Алматы.