Жетісуға халықт ардың қоныс аударуы
(ХІХ ғасырдың 60-жылдары)
(ХІХ ғасырдың 60-жылдары)
ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап патша өкіметі Жетісу өлкесіне әскери тәртіп орнатып, славян тектес халықтарды, әсіресе, казактарды орналастыра бастады. Казак әскерлері бастапқыда орыс патшасының құлдығынан қашқан шаруалар, ұрылар, әр түрлі қылмыс жасаған топтардан құралды. Олар жартылай қарақшы топтарға ұйымдасып, тонаушылық жолында шығысқа қарай жылжи берді. Кейін Ресей патшасының қызметіне кіріп, империяның жаулап алу саясатын жүзеге асыруда маңызды құралға айналды [1, с.3-26]. Әсіресе, патша өкіметі Сібірдің казак әскерлеріне үлкен сенім артты. Бұл жөнінде белгілі казак жазушысы Усов былай деді: «Сібір казак әскерлері Жайық және Дон казактары сияқты өз бетінше өніп шыққан жеміс болған жоқ. Оны қолдан жасап шығарған үкімет еді. Халықтың еркінен тыс, әр түрлі әкімшілік реформаларды жүзеге асы-ру арқылы, жер ауып келген немесе қылмыскер әйелдерге үйлендіре отырып, казактардың қа-тарын жасанды түрде көбейте алды. Сондай-ақ оларға қоғамдық және өзін-өзі басқару мекемелерін ашып берді... Осының бәрі айналып келгенде қазақ даласын отарлау үшін жасалған шаралар еді» [2, с.17]. 1846 жылы Сібір казак әскері 48 мыңға өсіп, шептері Қазақстанның шекаралары арқылы Жетісуға дейін созылып жатты. Оларды шекаралас аудандарды Қытай империясы мен Қоқан хандығынан қорғау деген желеумен әкелгенімен, Ресейдің басты мақсаты өлкені отарлау еді. Осы пиғылды Дукнасов деген автор былай дәлелдейді: «Бірінші болып орыстардың Орта Азияны отарлаудағы біздің мемлекетімізге сенімді тірек болатын негізгі күш - казактар. Казактарды басқыншы күш ретінде пай-далана отырып, оларға басып алған жерлерін беру, арттарына алаңдамайтындай жағдай жасау арқылы біз көп жеңіске жете аламыз. Басып алған жерлерін өз меншігіне иеленген казактар сол жерді кеңейту үшін өздері-ақ жаңа жерлерді жаулай береді. Соның арқасында Ресей ол жерлерде де өз заңы, үкімін жүргізіп, бұратаналарды босқын етіп, тіпті оларды орысқа сіңіріп жіберіп отыра аламыз» [3, 69 б].
Ресейдің өлкені отарлау және қоныстандыру жөніндегі жоспарларының жүзеге асырылу себептерін ашып көрсеткен И.Завилишин былай деп жазды: «... бұл (Жетісу өлкесі - М.Д) - қазір Ресейдің Орта Азияға қарай жылжуындағы аса бағалы табыстарының бірі. Тіпті Амур мен Уссуриден көп жағынан алғанда маңыздырақ, өйткені Амур шалғайда орналасқан, оны игеріп, әскери базаға айналдыру аса қымбатқа түседі, ал қазақ даласы Омбының жолында тиіп тұр және Жетісуда Іледен арғы өлкеге бару мен орнығуды әрқашан қамтамасыз етуге болады. Өйткені, ондағы табиғат пен өсімдіктер орыстың оңтүстік губернияларынан ғана емес, сонымен қатар Солтүстік Италиядан да кем түспейді. Ақырында, болашақта халықтың тығыздығы артып, орыс губерниялары жаңа жерлерді қатты талап еткен кезде ұлан-ғайыр отар үшін бұл дайын тұрған және құнарлы негіз...» [4, с.152].
ХІХ ғасырдың ІІ жартысында басталған қоныстандыру саясатының алдын ала толық зерттеусіз, дайындықсыз және жоспарсыз түрде жүргізілуі қазақ даласына адам айтқысыз ауыр зардаптар әкелді. Патша өкіметінің іс жүзінде көшпелі өмір-дің қырсырына үңілуге ықыласы да болған жоқ.Ресей империясының отаршылдық саясатының ағылшындардың Үндістандағы саясатынан айыр-машылығы - жаулап алған елдерді толық және бір-жола орыстандыру идеясына негізделуінде. Ресей имперализмі мақсатты түрде біріншіден, көшпелі халықтардың жеріне түбегейлі орын тебу, екіншіден, сол жерлерді нағыз орыстық өңірге айналдыру, үшіншіден, жергілікті тұрғындарды Еуропалық Ре-сейден келген қоныс аударушылар арқылы ығыстыру саясатын жүргізді.
Кейбір авторлар патшалық Ресейдегі аграрлық дағдарысты жоюдың жолы - жеке меншік жерлерді мемлекет пайдасына алу деп санайды [5, 208б]. Патша өкіметінің қазақ жерлерін мемлекеттің меншігіне қандай жолмен алғаны жөнінде академик К.Нұрпейіс былай дейді: «Патша өкіметі қазақ халқы мекендеген жерді мемлекеттің меншігі деп жариялап, құнарлы алқаптарды қоныс аудару қорына, казак әскерлерін орналастыру учаскелеріне, патша әулетінің жеке меншігіне, т.с.с. күштеп тартып алып отырды» [6, 70 б]. Патша өкіметінің қоныстандыру саясатының қазақ халқы үшін ауыр салдары болғанын С.Асфендияров та атап көрсетті: «Патша өкіметінің қоныстандыру саясаты, - деп жазды ол, - қазақ мемлекеттілігіне аса үлкен апат әкелді. Бұл саясаттың кері салдары байлар билігінің нығаюымен үндесіп, қазақ еңбекші бұқарасына және кедейлеріне өзінің бар салмағын салды. Онда патша өкіметінің қоныстандыру саясатын сипаттайтын негізгі белгілер мыналар:
1) қоныстандыру мекемелері әкімдердің қияна-ты нәтижесінде неғұрлым бағалы жерлерді, құнды жерлерді су көздерімен қосып алып қою;
2) қазақ халқының мұқтаждықтарын мүлдем көзге ілмеуі, жер төңірегіндегі шатасулар, көшу ырғағының бұзылуы;
3) қазақ ауылдарының өздері мекендейтін жерлерден үздіксіз қоныс аударуы, ондағы құрылыстың жойылуы, дайын суландыру жүйелерін және орман алқаптарын басып алулары;
4) жаппай өз бетінше қоныстануларға жол беру және оларды одан әрі қоныстанушыларға жатқызу».
С.Асфендияров сондай-ақ патша өкіметінің қоныстандыру саясатындағы орын алған әр түрлі өрескелдіктердің қазақтардың мүддесіне мүлде қайшы келгенін атап көрсетті [7, с.290].
Жетісуға казактардың келуі 1831 жылы Аягөз, 1847 жылы Қапал бекіністерінің негізі қалануынан бастау алады. Сол жылдары Аягөзге казактардың 50, Қапалға 300 отбасы көшіп келеді [8, с.267]. Ресей империясының әскери-әкімшілік орындарының құрылуы өлкені отарлауға кеңінен жол ашты. Патша өкіметінің казактарды Жетісуға көптеп әкеліп қоныстандыруы өлкедегі әскери-әкімшілік орындарының «жемісті» қызмет атқарғанының нәтижесі.Губернатор Д.И.Романовский патша өкіметінің қазақ даласын қалай отарлағаны жайлы былай деді: «Қазақтарға орыстар енгізген ішкі басқару «тәртібі» Сперанский басқарып тұрған кездегі Батыс Сібірден келді. Сол жақтан қазақ даласына қимыл әрекетіміз басталды. Алдымен қазақтарды бақылау үшін әскерлер жіберіп тұрдық, сосын олардың жеріне тірек орындарын орнаттық, ал содан кейін әскери бекіністерімізді тұрғызып, қазақ даласында орыстардың қоныстарын салып, отарлауға кірістік» [9, с.19]. 1854-1860 жылдар Жетісуды иемденудің белсенді кезеңі болды. Жаңа бекіністер мен қамалдар тұрғызылып, байланыс жолдары салынды. Мысалға, 1854 жылы Алматы шатқалында Верный бекінісі, 1855 жылы Үлкен Алматы, Лепсі, Үржар, Көксу, 1858 жылы Софино, Қарабұлақ, Надеждино, Көксу, 1859 жылы Қастек бе-кінісі, 1860 жылы Кіші Алматы станицаларын салды. Мұнымен қатар казактар Жетісу өлкесінде 12 бекеттің негізін қалайды. Алатау дуанбасы Колпаковскийдің 1861 жылы 3 желтоқсанда берген №2774 мәліметінде дуандағы тұрақты әскерлерден басқа Сібір казак әскерлерінің 5, 6, 7, 8, 9, 10 полктерінің бөлімдерін жаңағы аталған мекенге орналастырады [10,24-25 п].
Казак әскерлерін орналастыру арқылы патша өкіметі Орта Азияға ілгерілеу үшін алғы шеп дайындады және ең бастысы тұрақты казак әскерлерін қазақтың сана-сезімін тұншықтыруға және ұлт-азаттық қозғалыс күштерін талқандауға арнады.
Ресей империясының әскери-әкімшілік орындарының құрылуы Іле өлкесін отарлауға кеңінен жол ашты. Ресей губернияларынан құрал-ған казактардың алғашқы тобы-1990 отбасы 1855 жылдың 4 шілдесінде Верный бекінісіне келіп қоныстанады. Келесі жылы казактардың қатары тағы да 326 отбасымен толығады [11, 38-47 п]. Жетісуда отаршылдардың санын көбейтуді ойлаған Сібір әкімшілігі 1857 жылы 16 мамырда өлкеге 256 казак отбасын әкеліп, Есік, Қаскелең, Көксу өзендерінің бойына орналастырса, сол жылы маусымда казактар-дың қатары тағы 300 отбасыға көбейеді [12, 1-8 п]. Жетісуда мықтап орныққан орыстардың әскери-әкімшілігі өлкеге казактарды орналастыруда жергілікті қазақтармен санаспады. 1857 жылы 16 мамырда Жеке Сібір корпусы командирінің подполковник Абакумовке казактарды қоныстандыру туралы берген №29 нұсқауында «Жетісу өлкесіндегі казактардың санын арттырмақ болған шараларыңызды ордалықтар білмей-ақ қойсын және олардың ешқандай келісімін керек етпеңіз. Олар не болса да бәрі дайын болған кезде білсін» делінген [12, 143 п]. Өлкедегі казактарды көбейте түскен орыс әкімшілігі 1860 жылы 1 қаңтарда Тобыл және Том губернияларынан 59 отбасын әкеліп, Софино және Надеждино станицаларына орналастырса, көктемде сол губерниялардан тағы 97 казактың жанұясын әкеліп, Қарабұлақ, Қаскелең, Софино, Надеждино қоныстарына көшіреді [13, 1-2 п]. Бастабында патша өкіметі көбінесе казак жанұяларын өлкеге күшпен әкелген. Мысалы, 1860 жылы 20 сәуірде Қастек пен Ұзынағашқа келіп орналасқан казактардың 143 отбасының тек 29-ы ғана өз еркімен көшіп келген [14, 3-16 п]. Жетісуға келіп орналасқан келімсектер жөнінде генерал Г.А.Колпаковский 1868 жылы Түркістан генерал-губернаторына жазған хатында былай дейді: «Жетісу облысындағы бас-тапқы қоныстандыру әрекеті жеребе арқылы жүргізілді. Қазақтардың дайын егістіктеріне, жайылымдарына үкімет тарапынан берілетін жәрдемақы есебінен күн көретін күдікті, үйсіз адамдар орналасты» [15, 21 б]. Әскери-әкімшілік орындары көшіп келген казак отбасыларына қазына есебінен көптеген жеңілдіктер жасайды. Мысалы, офицерлерге 100, қатардағы казактарға 50 сомнан ақша, 4 жылға арналған несиеге тұқымдық, тұрғын үй салуға тегін құрылыс материалдары, адам басына 30 десятинадан жер учаскелері бөлініп берілді [12, 5-8 п]. Казактардың Жетісуды қоныстануының жергілікті халыққа тиген зардаптары өте ауыр болды. Өйткені, олар жартылай әскери топқа жататын. Сондықтан олардың іс-әрекеттері күшке, зорлық-зомбылыққа сүйенді. Мысалы М.Свиридов, З.Юдин деген казактар Верный бекінісіне таяу орналасқан қазақ ауылына барып, дүние-мүліктерін тартып әкетеді [16, 3 п]. Сондай-ақ казактар қара халықты былай қойып, қазақ билерінің малдарын тартып алған. Солардың бірі Туғанбай би казактардан қысым көріп, дуан бастығына былай деп шағымданады: «Хорунжий Трешков бастаған казактар тал түсте ауылыма келіп, екі түйемді күшпен тартып алып кетті. Кетіп бара жатып егер де түйелеріңді алғың келсе, маған 50 сом ақша әкеп бересің», - деді [17, 3 п]. Алатау дуан бастығының полиция басқармасына жіберген №55 бұйрығында мына жағдайды көрсетеді: «Жыңғылды бекетінің жанында қыстап отырған Тіленші бидің ауылына түнде 3 орыс келіп, өгізі мен сиырын алмақ болғанда әйелі сиырдың дауысынан оянып, үйінен жүгіріп шығады, сол кезде олар әйелдің басын жарып, өлтіріп кетеді» [18, 2 п].
Казак-орыстардың қазаққа жасаған қиянаттары мен зорлықтарын, жергілікті әскери-әкімшілдік орын-дары тоқтатудың орнына, қайта оларға дем беріп, озбырлығын ашық түрде қолдап отырған. Мысалы, Ұлы жүз приставы подполковник Перемышельский 1855 жылы 4 қазанда албандардың аға сұлтаны Тезектің ауылын шабуға қарулы казактарды жібереді. Олар ауылды тонап, албандарды соққыға жығып, көздерінше бір өгізін сойып жеп, 6 жылқы, 100-дей қойларын айдап әкетеді [19, 7 п]. Кейін бұл «дәстүрді» оның орнына келген Колпаковский де жалғастырады. Ол 1858 жылы 11 маусымда қарулы 40 казакты суандардың аға сұлтаны Тазабек Мұсылмановтың ауылына аттандырады. Бұл жолы әбден еркінсіген казактар аға сұлтанның өзін соққыға жығып, үйіндегі барлық қазынасын, 200 қойын олжалайды [20, 18 п].
Казактардың жергілікті халыққа жасаған қиянаты шектен асып кеткенін орыс шенеуніктерінің өздері де мойындайды. Мұны Түркістанның генерал-губернаторы болған Кауфманның Ташкент ақсүйектерінің алдында сөйлеген сөзінен табуға болады: «Бастапқы кезде біздің казактар қарақшылардан кем болмай, қазақтарды тонаумен айналысты. Сол казактардың бір тобы Ұлы жүз қазақтарының ауылдарына таңға жақын басып кіріп, бүкіл жылқыларын айдап және 3 мың қазақты өлтіріп кеткен. Осының арқасында олар қомақты пайда тауып отырған» [21, с.231]. Жетісу казактарының арасында маскүнемдік, зинақорлық, құмарпаздық, ұрлық кең етек алған. Қорғансыз қазақ ауылдарын тонаудан алдына жан салмаған олар қауіп-қатерге ұшыраса, бәрін тастап қашатын нағыз қорқақтар болған [22, с.116-117]. Жетісу казактарының маскүнемдікке салынған мәліметін орыс ғалымы Семенов-Тянь-Шаньскийдің еңбектерінен кездестіреміз. Онда ол Ұлы жүз приставы Хоментовский мен Қапал бекінісінің бастығы Абакумовтен бастап казактардың көп бөлігінің әбден ішкілікке салынғанын жазады [23, с.78-94].
Казак-орыстардың маскүнемдікке салынып, ұр-лықты кәсіп еткені жөнінде 1861 жылы шыққан «Военный сборниктің» №5 санында мынадай мәліметтер кездеседі: «Казактардың арасында қазақ ауылдарының малдарын ұрлау нағыз кәсіпке айналған. Өкініштісі сол, олар ұрлықты мүлдем қылмысқа санамайды» [24, с.7].
1861 жылы Ресейде шаруалардың басыбайлықтан босатылуы Жетісу өлкесіне қоныс аударушылар қозғалысының өрістей түсуіне әсер етті. Нәтижесінде Іле өлкесінде казактардың саны артып, нағыз отарлаушы күшке айналды. 1862 жылы Верныйда 4322 ер, 1442 әйел болса, Талғарда 571 ер, 682 әйел, Есікте 717 ер, 584 әйел, Қаскелеңде 3358 ер, 340 әйел [22, с.115]. Софинода 571 ер, 682 әйел, Надеждинода 717 ер, 584 әйел болған [25, 57 б].
1867 жылы казак-орыстардың саны бала-шағаларымен қосқанда 14648 адамға жеткен [15, 21 б]. Сонымен қатар Жетісуға татарлар да көшіп келеді. Олар «шала қазақтар» деген жалпы атаумен Верныйдың шетіне орналасты. Ресейдің әскери қызметінен қашқан татар жігіттері қазақтан әйел алып, өз балаларын кейін әскерге алмас үшін ұлтын «шала қазақ» деп жаздырды. Олардың көбісі сауатты болғандықтан тілмаш, үй мұғалімі сияқты қызметтер атқарды және сауда-саттықпен айналысты.
1856 жылы Ресей Сенаты шала қазақтарды 10 жылдың ішінде Сібір казактарының қатарына өтуге міндеттеді. Алайда шала қазақтардың көпшілігі казак болудан бас тартып, қазақтарға қосылып кетті [26, с.181].
Сауаты бар шала қазақтар патша өкіметі үшін өте қауіпті саналған. Өйткені олар ислам дінін ұстанатындықтан, Ресейге қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуі мүмкін еді. Сондықтан Сібір әкімшілігі Алатау дуанындағы әскери-әкімшілік орындарына шала қазақтардың қазақтармен бірге көшіп-қонуына тыйым салып, бәрін Верныйдағы татар немесе Ташкент қонысына (слободка) жинауға нұсқау береді. Алатау дуан бастығының 1866 жылғы 10 ақпандағы №482 мәліметінде шала қазақтар Ташкент слободкасында 351, Қапал дуанында 177, Тоқмақта 158, Ыстықкөлде 77, Аякөзде 67, барлығы 730 отбасы болған [27, 1-3 п].
Сондай-ақ, патша өкіметі Жетісу өлкесіне дүңгендердің көтерілісінен қашқан қытайлық аз ұлттарды да қоныстандырады. 1864 жылы Қытай-дан қашқан егіншіліктен хабары бар сібе, солаң, қал-мақтарды Жетісудың халық тығыз орналасқан ау-дандарына орналастырып, өлкедегі экономикалық жағдайды күшейтуге ұмтылады. Патша өкіметі осы халықтар арқылы ішкіліктен көз ашпаған казактардың егіншілік шаруашылығын арттыруға тырысқан [28, 1 п].
Батыс Сібір генерал-губернаторының Әскери министрге жіберген 1865 жылғы 13 қарашадағы №6532 мәлімдемесінде: «шамамен алынған деректер бойынша біздің иелігімізге 5 мыңға жуық қытайлықтар өтпекші. Оған біздің үкімет рұқсатын бергендіктен, оларды Колпаковский Қастек, Көксу және Іле бекіністерінде қыстатпақшы... Сібе және солаңдардың өлкеге қоныстануы казактарға үлгі болып, шаруашылық пен өнеркәсіптің дамуына үлкен септігін тигізер еді», - делінген [29, с.179].
1866 жылдың күзінде Жетісу өлкесіне 13 мыңдай қытайлық көшіп келеді. Алғашында қытайдың құлдығында болып, кейіннен Шығыс Түркістанға егін егу үшін жер аударылған, кейін ондағы мұсылмандардың көтерілісінен орыстардың иелігіне қарай қашып құтылған сібе-солаң, қалмақтарды патша өкіметі өз мүддесіне пайдалану үшін құшақ жая қарсы алып, оларға ай сайын адам басына 2 ширектен (четверт) астық береді [30, 2 п]. Ал келесі жылдан бастап оларды жаппай шоқындырып, православие дініне кіргізе бастайды. Сол жылы көшіп келген қытайлықтардың 1037-сі православие дініне өтіп, Сібір казактарының құрамына қосылады [31, 4 п].
Қысқасы, ХІХ ғасырдың 60-жылдарының ортасына дейін, Жетісуда 300 мыңнан астам адам тұрған. Оның 90 пайызын өлкенің ежелгі тұрғындары қазақтар (басым көпшілігі) мен қырғыздар (елеусіз бөлігі) құраған. 1867 жылы бар болғаны 24765 адам ғана болған, орыстардың әскер қызметіндегілер 5265, 15000 казак және 4500 әр тектілер. Бұдан орыс тұрғындарының басым бөлігі әскери адамдар мен олардың отбасы мүшелері екенін байқаймыз. Қазақтар мен қырғыздардың арасындағы татарлардың саны 1500 адам ғана. Басым бөлігі саудамен айналысып, негізінен қала, бекініс және станицаларда тұрған.
Сөйтіп, ХІХ ғасырдың 60-жылдарында Жетісу халқының ұлттық құрамы көбейді, тұрғылықты халықтың үлесі кеміп, келімсек халықтардың үлес салмағы ұлғаюына алғышарттар жасалды.
«Қазақ тарихы» журналынан