Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5107 0 пікір 1 Қазан, 2010 сағат 18:07

Қ.Сейітқазина. Солтүстік Қазақстандағы діни ахуал

және "Сібір қазақтары туралы Жарғы"

Абылай хан өлгеннен кейін (1781 ж.) Қа­зақстанда саяси биліктің дағдарысы тереңдей түскені тарихи деректерден белгілі. Ханның мұрагері Уәли хандық құрған кезеңде Қазақстанның солтүстік алқабында жер мәселесі, ру арасындағы алауыздықтар күшейіп кет­ті. Ресейдің Сібір өлкесіндегі өкілдері Уәли билігін тұқыр­тып, әлсіретуге барлық күшін жұмсады. 1789-1798 жылда­ры Сібірдегі шекара әскерін басқарған генерал Штранд­ман Санкт-Петербургке патшаға жазған хабарында өзі­нің Тобыл және Есіл әскери желілерінің бригадирі Шрейдер­ге Уәли хан билігін мүмкіндігінше шектеуді тапсырғанын жазады: «я препроучил ему всевозможные употребить к тому старания» дейді генерал [1].

және "Сібір қазақтары туралы Жарғы"

Абылай хан өлгеннен кейін (1781 ж.) Қа­зақстанда саяси биліктің дағдарысы тереңдей түскені тарихи деректерден белгілі. Ханның мұрагері Уәли хандық құрған кезеңде Қазақстанның солтүстік алқабында жер мәселесі, ру арасындағы алауыздықтар күшейіп кет­ті. Ресейдің Сібір өлкесіндегі өкілдері Уәли билігін тұқыр­тып, әлсіретуге барлық күшін жұмсады. 1789-1798 жылда­ры Сібірдегі шекара әскерін басқарған генерал Штранд­ман Санкт-Петербургке патшаға жазған хабарында өзі­нің Тобыл және Есіл әскери желілерінің бригадирі Шрейдер­ге Уәли хан билігін мүмкіндігінше шектеуді тапсырғанын жазады: «я препроучил ему всевозможные употребить к тому старания» дейді генерал [1].

Уәли ханның беделін ел алдында төмендету үшін Шрейдер Солтүстік Қазақстан аймағындағы қазақ ауылдарына жиі жазалау шараларын ұйымдастырып, ауыл басшыларын ханға қарсы айдап салып отырды. Осыған ыза болған Уәли хан патшаның атына «прошу не притяснять обитавшую в степи киргизскую (казахскую-авт) орду, каковы нам никогда не были чинены от государя и прежде бывших генералитетов ... не позволяйте распоряжаться ордою и владеть нашей землею ...» деп жазды [2]. Бірақ патша үкіметі қа­зақ халқының еркіндігін шектеу жолына шындап түскен еді. Әрі Сібір әскери шептерін басқарған командирлердің зұлымдық ісіне Санкт-Петербург бас­шылық жасап, бағыттап отырды.

Отаршыл үкіметтің айтқанымен жүрген ру бас­шыларының біразы 1794-1795 жылдары Уәли ханға ашық қарсылыққа көшті. Бұл қарсылықты Ресей үкі­метінің ұйымдастырғаны жоғарыда аты аталған ге­нерал Штрадманның граф П.Зубовқа жазған хатынан көрінеді: «Оное предприятие ныне возимело толь счастливый успех, что на сих днях представлено ко мне от вышеупомянутого г-на бригадира и кавалера Шрейдера прошение, следующее от киргизских султанов и старшин на высочайшее имя ... что они утеснены несправедливостью хана Вали, который наглым похи­шением их имения /мәселе жер туралы болып отыр-авт/ причиняют им разорение...» [3]. Генерал Штрандман арыз берушілердің жазғанын пайдаланып қазақ жеріне ішкерілей кіруді ұсынады «прошение киргизцев желаю­щих повиноваться еди­ному российскому правлению и обитать в ны­неш­­ных их кочевьях, открывает нам легчайший способ распространить пределы нашего обширного государства...» [4]. Ханға қарсы болған рулардың қоныстарына жақындап, жеңіл бекіністер салып, әскер санын көбейтіп, Ресей шекарасын оңтүстікке жылжыта беру сол кездегі Ресей басшыларының көпшілігінің басты мақсаты болса керек: «По учинений такого прибавления казацкой команды /мәселе казак-орыс әскерінің санын көбейту-авт./ я находится буду в возможности некоторым числом войска, здесь по линии расположенного, следовать впередь для занятия мест, означенных киргизцами , ныне прошение подавшими, где, построя легкие укрепления...» [5]. Елді іштен іріту, алауыздықты қоздыру қандай мақсат үшін керектігі хатта толық көрсетіледі. Саяси дағдарыс тікелей экономикалық өмірге әсер ететіні де Ресей отаршылдық жүйесіндегі адамдарға жаңалық емес.Генерал Штрандман «срав­нивая прежнее состояние киргизцов с нынешным, мож­но видеть ощутительную перемену в их скотовод­стве. Да и сами киргизцы признают, что оно приведено в упадок» [6] деп жазады.

Осылайша XVIII ғасырдың соңына қарай Орта жүз жеріне енетін 100 мыңға жуық адам (деректер­де 79600 адам делінеді-авт) Уәли хан билігін мо­йындамай, қазақтың солтүстік аумағында ішкі тұрақсыздықты күшейтіп жіберді. Осы себепті ханға қарсы шыққан рулардың Сібір әскери желілеріне қарай көшпек болған әрекеті және барымта мен ұрлық елдің әлеуметтік тұрмысына үлкен нұқсан әкелді. Әсіресе осы текетіреске қатысқан атығай-құдайберді, көшебе-керей, күрлеуіт-қыпшақ, атығай-бабасан, уақ рулары бірнеше жылғы қарама-қарсылықтың кезінде тіпті кедейшілікке түсіп кетті.

Орынбор кеден орталығының басшысы П.Ве­лич­ко 1805 жылы қазақ арасында кедейліктің аса көбейгенін, жоқшылықтан көптеген адамдардың өз балалары мен туыстарын сатып жатқанын айтады. Көбінесе жас балаларды тамаққа айырбастау көбейіп кеткен. Мәселен, бір деректе Орынбор кедені арқылы 1805 жылы Хиуаға жүз қазақ сатылған: үлкендері 100 сомға дейін, ал жастары 25-30 сом мөлшерінде [7].

Орынбор әскери губернаторы граф Волконский Ертіс пен Орынбор арасындағы орыс әскерлері ор­наласқан шекаралық алқапта қазақтың жиырма мың­нан астам қайыршылыққа ұшыраған отбасылары күн көріс іздеп жүргенін және оларды ішкі жаққа қарай (Ресейдің қарамағындағы өлкелерге) көшіру жөнінде ұсыныс білдірген. Олардың ойынша қайыршылыққа ұшыраған қазақтарды ішкі Ресей өлкелеріне көшіру және балаларын орыстарға сату заңдастырылды [8].

Қазақ шаруашылығының дағдарысқа ұшыра­уының бірнеше себебі бар. Оның ең бастысы - Орта жүз қазақтарының Ертіс және Есіл бойындағы кең байтақ жайылымдық жерлерінен айрылуы, XVIII ғасырдан бастап Ертістен әрі қарай өту мүмкіндігінің жойылуы, Кіші жүз қазақтарының Жайықтың арғы жағасына өтуіне тыйым салынуы (бұл да сол уақыттан басталады). Екатерина II патша заманында қазақтардың осы екі ұлы өзеннің Ресей жағындағы жайылымдарын пайдаланғысы келеді деген шенеуніктердің ұсынысына патша «егер олардың малдарына шөп жетпесе, оны неге өз жерлерінде шауып алмайды» деп жауап берген. Яғни Ресей үкіметінің басшылығында отырған жоғарғы құзырлы адамдар қазақ көшпелі шаруашылығының ерекшеліктерін, соншама малға ешқандай да қолмен шапқан шөптің жетпейтінін білмеген.

Шаруашылықтағы дағдарыс қазақтың саяси билігіне тікелей әсер етіп, оның шаңырағын шай­қады. Бұл кіші жүзде Сырым Датов бастаған шаруалар көтерілісіне алып келсе, Орта жүзде Уәли хан билігіне қарсы наразылықты күшейтті. Екіншіден, кедейленген отбасылар күнкөріс үшін Ресейдің шекаралық бекі­ністеріне, қоныстарына барып, қайыр сұрауға мәж­бүр болды. Осының соңында Ресей бодандығы қазақ ортасына нақты орнай бастады. Үшіншіден, кедей­шіліктің күшейіп кетуі шекаралық барымтаны күшейтіп, ол өз кезегінде жазалау шараларына алып келді. Бұл жағдайда да ел одан әрі кедейлене түсті. Мысалы, 1795 жылы Орта жүз қазақтары Звериноголов (Бағлан) бекінісінің түбінде шекарадан асып, Шелябы (Челябинск) түбіне екі рет шабуыл жасады. Осы шабуылдың кезінде бірнеше поселка тас-талқан болып, қыруар адам мен малды қазақтар айдап әкетті. Олардың соңынан қуған Исецк әскери қосыны 50 адамынан айрылып, нәтиже­сіз қайтты. Алайда жазалау шараларына арналып жабдықталған әскер бейбіт жатқан жүздеген қазақ ауылдарының тас-талқанын шығарып, тонаушылық жасады [9].

XIX ғасырдың басындағы саяси және шар­уашылықтағы дағдарыс Ресей үкіметіне Орта жүз жерінде хандық билікті жоюға мүмкіндік берді. Уәли хан өлімінен соң (1819 жыл) Сібір жеке әскери корпусының командирі С.Броневский Батыс Сібір бас басқармасына баяндама жасап, бұдан әрі Орта жүзде хандық билікті жаңғыртпау туралы ұсыныс берді. Бұл шара қазақ күйзелісімен қатар келгендіктен, Ресей өкілетті орындары бұл ұсынысты қуана қабылдады: «имею честь уведомить что в проекте нового образавания сибирских линии звание хана ясно бес­полезное упразднить ... Избрание хана до времени отклонить ...» [10].

Қазақ халқы мен Ресейдің бұдан әрі қарым-қаты­насында ислам дінінің өзіндік орны болғандығы, сол кездегі кейбір құжаттардан көрінеді. Бұған дейін тек шартты түрде қазақ ортасында қабылданған және әдет-ғұрып заңдарымен араласып, қазақилана бастаған ис­лам қазақ ортасынан өзіне қолайлы орта, құнарлы топы­рақ тапты. 1820 жылы Сібір генерал-губернаторы­на хат жазған Есіл бойының қазағы К.Байсынқараев ең алдымен Есіл бойында Жарқынөткел, Медетөт­кел, Тоғызбай деген жерлерде өз ауылдастарымен бірге тұрақты, отырықшы қоныс құрмақ болып Ресей үкіметінен көмек сұрайды (даны нам будут все способы к домообзаводству), екіншіден, Сібірдің басшыларынан Мамлют деревнясының татарларының өздерімен бірге қоныстануына рұқсат сұрайды. Оның негізгі мақсаты мұсылмандық негізін игеру (татардан) және мешіт салу: «присоеденить к нашему обществу Ишимского округа деревни Мамлютовой Абубакира Мамлютова, ...Ибрая Абдикадирова с двумя братьями Баязитом и Мухаметом, для изучения закону божьему и для исправления духовных потреб ... а для богослужения построить мечеть» [11].

Қалыптасқан жағдайда отырықшылыққа көшу Қазақстанның солтүстік өңірінің қазақтары үшін бірден-бір тығырықтан шығу жолы болғаны анық. Оны Ресей үкімет орындарына хат-арыз жазушы қазақтардың өздері де жасырмай айтады «оставаясь в теперешнем положении т.е. не имея ни пристаниш, ни зависимости, должны будем расстроится совершенно».

Қазақстанның солтүстік өңірін мекендеген қазақтардың ислам жолына біржолата бет қойғаны 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы Жарғыны» дайындау барысында жинақталған әдет-ғұрып заңдары да дәлелдейді.

- «Құдайдан безген, не Құдайға қарсы адам, егер жеті адам куәлік жасаса, таспен атып (ұрып) өлтіріледі. Егер өлім жазасын алмаса онда елден қуылады»;

- «Егер кім де кім христиан дініндегі адамды қазақ дініне (исламға-авт.) кіргізсе ол, о дүниеде жұмаққа барады»;

- «Егер, қазақ ішінен біреу христиан дініне кірсе, ол мұрадан құр қалады және тиесілі меншігінен айрылады. Егер кім де кімнің христиан дініне кірмек ниеті білініп қойса, ол өз заңына (ислам-авт.) қастандық жасағаны үшін өлім жазасына кесіледі», дейді Сібір облысы қазақтарының арасынан жинақталған әдет-ғұрып заңдарында [12].

Сонымен бірге әдет-ғұрып заңдарында қожаға не молдаға қарсы қол көтерген адамның үйіріменен үш тоғыз төлейтінін ескертеді: «Ежели кто Хожу или Муллу поранит, пологается, чтобы обидчик обиженному заплатил штраф 27 штук разного скота, в том числе одного верблюда; а буде платить нечем, то должен отсечь один большой палец»; Егер де адам өлімі болса, онда жаза да қаттырақ. Әдет-ғұрып заңдары бойынша «қожаны өлтірген адам жеті адамның құнын төлейді,не сол өлтірушінің руынан жеті адам, соның ішінде өлтірушінің өзі де дарға асылуы керек» [13]. Бұл заң ережелері XIX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында дін иелерінің құқықтық деңгейі жоғары болғанын білдіреді. Осындай артықшылықтар діни ахуалдың ресми дін қағидаларын елдің дұрыс, өз мәнінде қабылдағанын, не соған дайын екендігін көрсетеді. Жоғарыда көрсетілген С.Б.Броневский жинағында жүрген ережелер белгілі дәрежеде Омбы уақытша комитетінің жүйелеген қазақ заңдарымен сәйкес келеді. Деректер бұл жинақты жасауға Көкшетау қазақтарынан Зілқара Байтоқаұлының, Ақмола қазақтарынан Шуақ Сеңкебаев пен оның молдасы Бадше Бокшиннің, Баянауыл қазақтарынан Қазанғап Сатыбалдыұлының, т.б. қазақтың белді азаматтарының қатысқанын көрсетеді.

Бұл жерде ескеретін бір мәселе бар. Жоғарыда «Егер кім де кім христиан дініндегі адамды қазақ дініне (исламға) кіргізсе сол адам о дүниеде жұмаққа барады» деген ережеге Омбы комитетінің түзетуі. Ол империялық мүдде және орыс христиан билігі тұрғысынан былай делінеді: «По сим Соборного уложения 22 главы, 24 стати того, который склонил Христианина в вероисповедание киргизское, по на­казанию плетьми ссылать в работу, а принявшего оное вероисповедание судить по Российским законам» [14] делінген. Ал, қазақ арасынан христиан дініне өткен адамға Ресей заңдары барынша көмек көрсетіп, оның амандығына кепілдік береді. Оларды бұрынғы қазақ тәртібі бойынша өлтіруге енді жол жоқ: «в противном случае с недопустившими желающих креститься поступать как сослушниками закона, а за убийство судить как убийцов» [15]. Міне, 1822 жылы қабылданған «Сібір қазақтары туралы Жарғының» кіріспе тарихы осылай. Кейбір ғылыми ортада айтып жүргендей, бұл - кездейсоқ қабылдана салған заңдар жинағы емес, алдын ала үлкен дайындықтан өткен, қазақ халқын одан әрі отарлау қажеттілігінен туындаған заңдар жүйесі еді.

Ресейдің бодандық қамытына әлі де бас ие қоймаған, көбінесе сыртқы бодан (протекторат) жағ­дайында жүрген қазақ елі «Сібір қазақтары туралы Жарғы» жүзеге аса бастағаннан өзінің мемлекеттік институттарынан толық айрылды. Бұл құжат осы іс- шараларды жүзеге асыруға арналған саяси-әкімшілік алғы шарттар жасап берді. Дегенмен, «Жарғы» қазақ халқының ислам жолына нақты түсуіне, оның ресми талаптары мен ережелерін қабылдауына алып келді. Себебі қандай да бір ірі діндер сияқты, ислам діні де ең алдымен езілген, жаншылған, теңдікті аңсаған адамдардың діні еді.

1822 ж. 22 маусымда қабылданған «Сібір қазақтары туралы Жарғы» бірнеше бөлімнен тұрды. Үшінші бөлімінде қазақтың діни мәселелеріне қатысты «поелику вера киргиз-кайсаков по сие времени в сущности языческая, нежели магометанская, то представляется надежда на обращения многих из них в христианство» делінген [16]. Белгілі дәрежеде тек саяси-әкімшілік мәселелермен шұғылданып, рухани, әсіресе діни саланы жете бағаламау осы құжатта анық көрінеді. Қазақтар осының арқасында Орынбор мүфтиятының қарамағында қала берді.

1789  жылы Уфа қаласында Екатерина II жарлығымен ашылған Орынбор мұсылмандарының рухани жиналысы (Оренборгское магометанское духовное собрание) ең алдымен Ресей қарамағына енген мұсылман елдерін рухани бағыныштылықта ұстауға бағытталған еді. Орынбор мүфтиятына мемлекет (Ресей) тарапынан тапсырылған аса маңызды өлкенің бірі Қазақстан болды. «Сібір қазақтары туралы Жарғы» қабылданар тұста 1817 жылы Александр I Рухани мәселелер бойынша министрлік құрған болатын. Бірақ Орынбор мүфтиін бұрынғыша Ішкі істер министрлігінің ұсынысымен ғана бекітіп отырды.

Қазақ арасындағы діннің Ресейдің Сібір өлкесіндегі ресми мекемелері назарынан тыс қалуы Орынбор мүфтилігіне үлкен жол ашты. Бұл шаруаның оң және теріс тұстары болғаны деректерден мәлім. 1824 жылдың басында "Жарғы" ережелерін түсіндіру үшін қазақ билеушілеріне бірнеше рет жиналыс өткізілді.Оның жалпы мазмұны қазақ тіліне аударылып елге таныстырылды. Осыдан кейін жаздың алғашқы айында полковник Броневский бастаған отряд Сарыарқаға аттанды. Осылайша Сібір қазақтарына алғашқы  Қарқаралы округі ашылды. Сол кезеңде іс қағаздары шығыс ерекшеліктерін ескергендіктен, округ орталығы "дуан" (диван, диуан) деп атала бастады. Сөйтіп 1824 жылдың сәуір айының соңында подполковник Григорьевтің отрядының Көкшетау жеріне келуімен байланысты. Осылайша 1824 жылдың 9 сәуірінде Қарқаралы округі, ал 29 сәуірінде Көкшетау округі ашылды. Бұл екі өлке де қазақ төрелерінің қалың қоныстанған орталықтары болатын. Қарқаралыда Бөкей тұқымдары билік құрса, Көкшетауда Абылай ханның тұқымы көп болды. Белгілі дәрежеде хандық билікке үйренген өлкелерде округтың ашылуы алғашқы кезеңде қарулы қақтығыс туғызған жоқ.

1831 жылы Аягөз округі, ал 1832 жылы Ақмола, 1833 жылы Баянауыл, содан кейін Құсмұрын мен Көкпекті ашылды. Осылайша Сібір облысына бағынышты жеті сыртқы округ ашылып болды. 1834 жылғы санақ материалдары бойынша жоғарыдағы округтердің адам және ауыл санын біз былай көрсете аламыз [17]:

Округ атауы (дуандар)

Болыстық

Ауыл

Киіз үй саны

Қарқаралы

18

147

18320

Көкшетау

14

167

26121

Аягөз

12

118

16808

Ақмола

20

212

15007

Баянауыл

14

149

11819

Құсмұрын

5

63

4385

Көкпекті

15

106

13508

 

 

Дуан басшылыққа «Жарғы» ережесіне сәй­кес Шыңғыс тұқымынан сұлтандар сайлануы тиіс бол­ды. Бірақ кейбір округтерде рубасылардың белсенділігі мен салмағына байланысты аға сұлтандық қазақ халқынан шыққан билердің қолына берілді (мысалы: Баянауыл округі).

Округтер өз кезегінде болыстықтарға, ал бо­лыстықтар ауылдарға (әкімшілік ауыл) бөлінді. Дін ісіне қамқорлық дуанбасы аға сұлтандарға тап­сырылды да олар белгілі дәрежеде молдалармен бірге мешіттерді ұстауға арналған зекетті де жинау құқығына ие болды. Алғашқы кезеңде діни бейтараптылықпен басталған округтің рухани өмірі біртіндеп діни бағытқа түсе бастады. Оның бір себебі ел арасында XVIII ғасырдың соңы XIX ғасырдың басында орнығып қалған ислам дәстүрлері болса, екінші жағынан үкімет қолдауына ие болған «указной молдалардың» әсері. Екінші мәселеге тереңірек тоқталуға тура келеді, себебі орыс және қазақ деректерінде "указной молдалар" жайында біршама жазылған. Мәшһүр Жүсіп «Қазақ шежіресі» еңбегінде Қазақстанның солтүстік аймағына белгілі болған указной молда Жақай ахун туралы жазады. "Сол Тауасардан алтау - жетеу туады. Біреуінің аты - Рамазан. Рамазаннан туған Жақай. Жақай ахун атанып, ескі законда (1822 жылғы «Жарғы»  - авт.) мүфти-хазіреттердің бір елге сайлап қойған ахуны болып, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып тұрған күнде, байымен азар болып қашып барған қатындарды қазақта неке жоқ деп, пара алып, босатып жібере берген" [18], - дейді. Шежіреші одан әрі былай деп жазады: «жалғыз қара болып көзге түсіп, ауызға ілініп, жұрт орысқа алғаш қарап, дуан ашылғанда мүфтилік хазіреттеріне ахун сайланып, Жақай ахун аты көтеріліп кеткен» [19].

Мәшһүр Жүсіп қазақтың «Уақытша ереже» (1867-1868 жж.) қабылданған заманда Орынбор муфтиятынан шығып қалуын осындай указной молдалардың теріс іс-әрекетімен байланыстырады: «қазақтың мүфтиден шығып қалғаны сол» [20].

Ахун атағы қазақ даласында ислам дінінің әсерімен XIX ғасырда кеңінен тарай бастады. Ислам дінінің қызметшісінің лауазымы, діни иерархияда «мүфтиден кейінгі діни атақ». «Ислам энциклопедиясында» былай делінеді «Бұхар хандығында ислам діні мамандарының ең жоғары лауазымы ахун болды. Мүфтидің шариғат негізінде айтқан шешімі ахунның келісімінсіз жүзеге асырылмайтын» [21].

Құрбанғали Халид қазақ жерінде ахун дәреже­сінің кең тарауы 1858 жылы Орынбор мүфтиінің ұсы­нысымен патша үкіметінің округ және облыстарға «ахун» қызметін тағайындаумен байланысты дейді. Ол кісінің жазуынша «молдалардың істерін тексеріп тұру үшін округ охуны, облыс охуны және мухтабистер (есепші) тағайындалды. Бірақ бұл тағайындалған кісілердің көпшілігі указной молдадан білімі артық емес. Сондықтан бұл реформаның пайдасы шамалы болды. Сонда да болса қазақ ауылдарында әр болысқа бір-бірден ноғайдан молда тағайындатып алу үшін, ақша жинап беріп Уфаға қатынасқа шықты» [22].

Шежірешінің Уфа деп айтуына мынадай себеп бар. Орынбор мүфтияты (Оренбургское магометанское духовное собрание) 1789 жылы Уфа қаласында ашылған, кейіннен 1796-1802 жылдары Орынборда болды да, Уфаға қайтып келді [23].

Құрбанғали Халид указной молдалардың қазақ елінің шырқын кетіргенін бұлжытпай суреттейді "Молдалар күймелерін желдіртіп, указдарын алып, мойындарына шынжыр баулы сағат салып, тойлап қайтқандай болып келіп, кетіп жатты. Низам (ере­же) бойынша туу туралы куәлік дәптер, туған-өл­ген, неке, талақ сияқты істерді тіркеп отыру үшін арнайы қағаздарымен рұқсат алып келді. Бұл сөз біреу­ді мақтау, біреуді даттау емес... Қағаз алған мол­далар... бір адам өлсе, указной молда болмаса, яки оның атынан біреу бармаса жаназа оқымай кей­бір жағдайда өлікті сасытып, обалына қалмайық деп біреулер жаназа оқып қойса, ол адам қуғынға ұшы­райтын болды. Оны указной молда қайда жүрсе де таптырып алып жазалатып, штраф (бодау) төлетіп әуре ететін" [24].

Указной молдалардың шектен шыққан істерін де шежіреші аздап сипаттай кетеді: «Бір мысал келтірейік... Бір адамның атасы ауырып, қиын жағдайда жатқанда «пәленшенің өлігі сияқты шіріп, сасып, бейнамаз (жаназасыз) қойылмасын» деп, ат жетектеп указной молдаға келеді. Указной оған бір шәкіртін қосып береді. Шәкірт басында жалпақ үкілі қалпақ, белінде күміс белбеу, қалтасында шақша, өлеңдетіп жырлап ауылдан шығады. Жолшыбай жолдасына былай дейді:

- Сен пәленше, мен барған соң атаң өлсе жақсы, егер өлмесе бұл ыстықта келгенімнің жазасын саған тарттырамын!  Бұл сөзді естіп, әлгі бейшара атасы­ның өлім қайғысы есінен шығып «құдай-ай атам өлсе өлсін, мынаның дертіне душар қыла көрме» депті.

Қазақ әуелде көп еңбектеніп молдаларын алса да, соңынан өкініш етіп, әбден арланғандықтан ақындары өлеңге, әйелдері жоқтауға қосып, указной молдаларды елден қууға айналды" [25].

Бұл келтірілген мысалдар XIX ғасырдың бірінші жартысында исламның қазақ жеріндегі әсері әр түрлі болғандығын көрсетеді. Ең бастысы мемлекет бейтараптылығын, қазақ халқының өз ішінде тұрақты діни өкілеттік және шәкірт дайындау, кадр мәселесі шешілмегендігін пайдаланып дін әртүрлі келімсектердің қолына көшті. Орынбор мүфтияты бұл кезеңде қазақ жерінде, әсіресе оның солтүстік аймағында теріс рөл атқарды. Орынбор мүфтиятының сенім қағазымен (жарлығымен) елге жіберілген указной молдалар бірнеше ондаған жылдар ішінде халықтың едәуір бөлігінің діннен безуіне, тіпті шоқынуына жол ашты. Екінші жағынан указной молдалардың салған ылаңы қазақтың өз ішіндегі дін жанашырларын оятып,оларды қазақи исламның тазалығы үшін күреске шығарды. Бұл туралы Қ.Халид былай деп жазады: «Жергілікті ел молдалары белдерін берік буып, намыс жалауын желбіретіп, неше жерден арыз айтып, ақшаларын шығындап, ақырында мүфтидің қабылдауына жетіп ... өлгендерге билік жүргізген указной молдаларға тиым салынды» [26].

М.Көпейұлы да, Құрбанғали Халид те осы кездегі указной молдалардың қазақ ортасында істеген іс-әрекетін аса айыптап, қастандыққа теңейді. Тіпті указной молдалардың билігі шектелген уақытта да олар ел арасында дінсіздік туды деп шу көтерді. Қазақ халқы Орынбор діни орталығынан алыстағанды жөн көрді. Бұл мәселеден «Сібір қазақтары туралы Жарғы» қабылданғанға дейін-ақ қазақ халқының ислам жолының өз нұсқасын жасағанының және указной молдалардың жүргізген сауатсыз және дүмше әрекетіне жол бермеуге тырысқанын көреміз.

1822 ж. «Сібір қырғыздары туралы Жарғыда» бас­талған указной молда тағайындау саясаты да осы мә­­селе­ге өз көзқарасын білдірген ға­лым­дар да XIX ғ. ор­­­тасын­да сынға ұшырады. Осындай автордың бірі - башқұрт Ш.Ибрагимов. Ол көп жылдар бойы Сі­бір өлкесінде, оның ішінде Көкшетау жерінде, Шың­ғыс төре ауылында қызмет атқарды. Хатшы бола жү­ріп ол қазақ тарихы мен этнографиясына қатысты көптеген еңбектер жазды. «О муллах в киргизской степи» мақаласында Ш.Ибрагимов Сібір қазақтары обылысында молдалардың екі түрі болғанын жазады: "мулл в киргизской степи можно разделить на две категории, именно: мулл указных, назначаемых от правительства, и частных, назначаемых уже указными муллами,а иногда и просто самозванцев...мулл не утвержденных правительством киргизы еще больше уважают, потому что они всегда находятся у них на глазах ..." [27].

Ш.Ибрагимов Қазақстанның солтүстік өңіріндегі молдалардың көпшілігі татар екенін жазады «мне часто случалось разговаривать с муллами, и на вопрос мой, откуда он и где получил образование, я всегда почти получал ответ: "был торгующий татарин Казанской губерний»[28].

Бұл татарлар қазақтың аңғалдығын, аңқаулығын пайдаланып жылдам байып кетеді де, бірер жылдың ішінде мал-дәулет жинап алады «прожив в степи несколько лет не имеюшей ничего за душой торгаш (молда-авт.) делается владельцем не маленького табуна скота» [29].

Зерттеуші указной молдалардың әсіресе неке ісіне қатты араласқанын,осыған байланысты көптеген дау туындап жатқанын жазады. Сонымен бірге указной молдалар халық арасында әр түрлі уағыздар айтып, халықты одан әрі қараңғы қалыпта ұстауға күш салғанын, 1856 жылы указной молдалардың қаты­суымен Сібір қазақтарының арасында дүрбелең салған оқиғаны баяндайды: «пронеслась весть, что какой то киргиз, ездивший в г. Петропавловск возврашаясь оттуда встретил неизвестнего ему человека". «Жолда кездескен адам қазаққа «сендер Құдайға сенбейсіңдер, міне пайғамбардың сөзі жазылған қағаз» деп қорқытып,осыдан кейін момын қазақтар ішірткі алу үшін (тұмар, т.б.) молдаларға ағылып келе бастаған.

Шоқан Уәлиханов 1822 жылғы «Жарғы» тәртібіне байланысты енген дінге қатысты ережелерге аса наразылық білдірді. Ол «Апостолом Магомита в Сибирской степи был великий Сперанский, назначавший мулл и предположивший построение мечетей и татарских училищ при окружных приказах» [30] дейді. Бұл жерде Шоқанның айтып тұрғаны «Сібір қазақтары туралы Жарғының» төмендегі ережелері:

"В каждом округе имеют быть построены следующие здания: 1. дом для помещения окружного приказа ...2. молитвенный дом с жилищем для духовенства, 3. большой дом для помещения от 150 до 200 человек, 4. казарма для помещения казаков...». - Содержание духовенства вообще возлагается на попечение султанов» [31].

Біздің пікірімізше Қазақстанның солтүстік айма­ғында ислам дінінің тамыр жайып, кең тарауына «Сі­бір қазақтары туралы жарғының» жоғарыда көрсе­тіл­ген ережелері тікелей әсер етті. Бұл жерде жоға­рыда айтылған екі ережеге аса көңіл бөлу керек. Оның бірі молдаларға көмек көрсетуге аға сұлтандардың мін­деттелуі, екіншіден округ орталықта­рында мешіт­тер­ді ашуға берілген мүмкіндік. Егер біз қыр өңірінде ашыл­ған жеті округтің (дуан) басшылары негізінен өте беделді,қолдарынан билік келетін адамдар еке­нін ескерсек, исламның қарыштап дамуына үлкен мүм­кіндік ашылғанын көрер едік. Бұл процеске тіпті указной молдалардың жағымсыз істері де бөгет бола алған жоқ.

Шоқан да указной молдалардың көпшілігі татар ұлтынан екенін және осы атақты тікелей пара беру арқылы алатынын жазады: «правда чтобы быть муллой,  надо выдержать экзамен, который производится татарским муфтием, живущим в Уфе. Но успех экзамена зависит не от степени знания экзаменуюшегося, а от количества денешнего пешкеша. Мы не знаем, есть ли где-нибудь на свете такие жадные лихоимцы, как наше русское мусулманство кое духовенство» [32].

Орта жүз қазақтары туралы үш томдық еңбек жазған М.Красовский де указной молдалардың іс-әрекеттерінің ислам дініне кедергі жасап отырғанын жазады: «Указной мулла больше всего отталкивает киргиза от себя тем, что жаден; не будь этого, степняк, кажется, примирился бы с религиею пророка скорее, нежели это заметно теперь, то есть примирился бы в том отношении, что точнее перенял бы и усвоил себе обрядность магометанского закона, но догматы этой религии, противоречащие у кони вшимся между киргизами понятиям,он конечно отвергнул бы, чем, в прочем, ни мало не оскорбил бы наших ахунов,потому что последние больше все­го тонятся за тем, чтобы привить к народу при­вычку к обрядности, но не сущность Корана» [33]. М.Красовский молдаларға қамқорлықты округ бас­шылары аға сұлтандардың жасайтынын және олардың кейбірі дін ісіне деп жиналатын зекетті бөлісетінін жазады.

Тақырыпты қорытындыласақ, біз бірнеше мәсе­леге назар аудару қажет деп табамыз. Біріншіден, «Жарғы» қазақтардың шала мұсылман екенін, оларды христиан дініне көшіруге болатыны туралы тезисті ұстанды. Екіншіден, «Жарғы» қыр өңірінде ашылған дуандарда мешіт-медіреселерді салу қажеттілігін жә­не дін шаруашылығына басшылықты аға сұлтанның жүргізетінін заңдастырып отырды.

Орынбор мүфтиятының ішкі проблемалары (парақорлық, қазақ мәселесін жете білмеу) қазақ даласына толып жатқан кездейсоқ адамдардың дін шаруасымен келуіне жол ашты (указной молда). Сырттан тағайындалған (болыстардың келісімімен) указной молдалар қазақ халқының дін мәселесін терең білмейтіндігін пайдаланып, теріс іс-әрекеттерге жол берді. Указной молдалардың теріс іс-әрекетіне қарсы наразылық өрістеп, ақыры ел ішіндегі молдаларды қолдап шықты. Бірақ ондаған жыл Орынбор бекіткен указной молдалардың қарамағында болған қазақ ауылдары мешіттер мен медреселер ашу ісіне кірісе алмады. Тек 1850 жылдардан бастап сыртқы округтардың басшылығына халыққа жанашыр аға сұлтандардың келуіне байланысты, мұсылман дінінің құрамдас бөлігі мешіттер мен медреселер ашу ісі қанат жая бастады. «Қазақ тарихы» журналынан

 

«Қазақ тарихы» журналынан

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318