Ақбөкен мүйізін жинаушылар мемлекетке 170 миллион теңге зиян келтірген
Орал қалалық қылмыстық істер жөніндегі сотта 23 маусымда Нұрғали Байкатовтың ісіне қатысты сот басталады, деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық соты. Оған "құрып бара жатқан жануарларды заңсыз қырды" деген айып тағылған.
50 жастағы Байкатовты өткен жылы сәуір айында Оралдағы темір жол вокзалында ұстаған. БҚО ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, басқарма қызметкерлері оның автокөлігінен 402 ақбөкен мүйізін тапқан.
БҚО орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясы басшысының орынбасары Серік Мәженовтың айтуынша, 402 мүйізді жинау үшін 200-ден астам ақбөкенді өлтірген дегенді білдіреді.
Мәженовтың айтуынша, мемлекетке 170 миллион теңге (90 мың доллар) шығын келді. Бір мүйіздің құны - 453 мың теңге.
Ресми мәлімет бойынша, облыста 2017 жылдың басынан бері ақбөкен мүйізін жинаған 16 браконьерлік оқиға тіркелген.
Абай-ақпарат