Жұма, 20 Қыркүйек 2024
4178 0 пікір 22 Маусым, 2017 сағат 15:48

Астанада 22-25 маусым күндері Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтеді

2017 жылғы 22-25 маусымда Астанада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өткізіледі, оның жұмысына 800-ден астам делегаттар мен меймандар, оның ішінде 39 шет мемлекеттен 350 адам қатысады, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Құрылтайға қатысушылар арасында шығармашылық, ғылыми және педагогикалық зиялы қауым, бизнес, спорт салалары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкілдері бар. Құрылтай делегаттары мен меймандарының 80 %-ке жуығы бұл іс-шараға тұңғыш рет қатысуда.

Құрылтайдың салтанатты ашылуы 23 маусымда Тәуелсіздік Сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісі депутаттарының, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының, партиялар, қоғамдық бірлестіктер, ұлттық-мәдени орталықтар басшыларының қатысуымен өтеді.

Құрылтай аясында Ұлттық академиялық кітапханада белгілі ғалым-теолог Халифа Алтайдың 100 жылдығына арналған «Халифа Алтай және қайта оралған тарих» атты тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі.

Дін істері және азаматтық қоғам, Білім және ғылым, Ақпарат және коммуникациялар, Мәдениет және спорт, Денсаулық сақтау министрліктері Құрылтайдың шетелдік делегаттары үшін «дөңгелек үстелдер» өткізеді.

Делегаттар мен меймандар «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен танысады, Этноауылды және «Астана Опера» опера және балет театрын барып көреді.

Құрылтайдың баспасөз орталығында 150-ге жуық отандық және шетелдік БАҚ өкілдері жұмыс істейтін болады.

Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы 1992 жылдан бері өткізіліп келеді. Құрылтай сол уақыттан бері әлемнің әр түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың бірегей кездесу орны, өзекті мәселелерін талқылауға арналған диалогтық алаң ретінде қызмет етіп келеді.

Абай-ақпарат

0 пікір