Жұма, 27 Желтоқсан 2024
7539 10 пікір 5 Шілде, 2017 сағат 09:09

Біз бақа-шаян дәуіріне табан тіреп тұрған жоқпыз ба?

Олар әлемді билеп тұр. Олардың түкірсе түкірігі жерге түспейді. Олар - Би, олар - Қожа! Олар - Еуропаны, Еуропаны былай қойып, ғаламды ашса -алақанында, жұмса - жұдырығында ұстап тұр. Бірақ, не пайда? Адамдық міндеттен, адамдық парыздан бас тартқан, Құдай Тағала тар құрсағын кеңітіп, әкелік мейірін суалтып тастаған Оларды, я Оларды шын мәнінде мүсіркеуге хақымыз бар. Біз мүсіркерміз-ау, бірақ өмірі "күлі шашылмаған" Олар әлемге қауіп төндіріп тұрғанын әрдайым еске ала бермейтініміз өкінішті.

Францияның халық сайлаған президенті Макронның баласы жоқ.

Германияның анасына баланған канцлер Ангела Меркельдің бұ өмірде тас емшегі жібімеген.

Британияның премьері Тереза Мэй бір рет те болсын шыр еткен сәбидің үнін естімеген.

Италияның премьері Паоло Джентилони де ұрпақ сүюдің бақытын сезініп көрмеген.

Голландияны уысында ұстап тұрған Марк Рютте, Швецияның әмірі Стефан Левен, Люксембургті тізгіндеген Ксавье Беттель, Шотландияның басшысы Никола Стерджен һәм Еуропалық комиссияның президенті Жан-Клод Юнкердің ешқайсысында бала жоқ. 

Қарғыстың үлкені мен кішісі болмайды. Біреу әдейілеп лағнет жаудырмаса да, қоғамның азғындығы бүкіл Еуропаға қарғыс болып тиіп жатқандай әсер етеді. Бұл ел алдындағы азаматтардың бізге белгілі тағдыры. "Балық басынан шіриді" деген сөз рас болса, Олардың "құйрығын" елестетудің өзі қиын.

Әрине, Еуропаның атқамінерлері ұрпақсыз, мұрагерсіз қалды деп қиналып отырған жоқпыз. Еуропаны шарпыған оттың жалыны айдалада жатқан бізге де тиері сөзсіз. Қазақ үшін қарғыстың үлкені - ұрпақсыз қалу. Өмірдің мәні де артыңда қалар балаларыңның санымен, сапасымен өлшенеді. Қазақты былай қойып, бүкіл ел ұрпақ қамы үшін атқа қонбап па еді?

"Ұрпақ қамы" деген Ұлы ұғым санасына ұяламаған азаматтар әлемді билеп тұрғанда өзгелердің ұйқысы тыныш болмасы және рас.

Осы орайда мына бір аңызды санамызда жаңғырта кетсек. Абылай хан қалмақтың бір қарғысшыл адамынан қарғыстың жаманы қандай деп сұрағанда, қарғысшыл, бірінші:

«Шөбің жапырылмасын!» – депті.

«Жеріңді малың таптамай, кедей бол дегенің ғой, бұл қарғыс емес. Халқым бай болса, бір менің кедейлігім кемшілік емес», – депті Абылай.

Екінші, «Күлің шашылмасын», – депті.

«Бұл да қарғыс емес, балаң болмасын» дегенің ғой. Өзім жақсы болсам, халықтың бәрі менің балам», – депті.

Үшінші: «Өзің білме, білгеннің тілін алма», – депті. «Міне, жаман қарғыс осы!» – деген екен.

Осы аңызда айтылғандай қазір «Шөбің жапырылмасын!» дейтін заман емес. Еуропа "қора-қора малын" банкке "қоралап" тастағанын бүкіл әлем біледі. Ең қиыны  "Күлің шашылмасынның" күні туды. Жоғарыда айтылған һәм айтылмай қалған қаншама ел басындағы адамдардың "күлі шашылмай" жатыр? Олардың қайсысы Хан Абылайдай: "Өзім жақсы болсам, халықтың бәрі менің балам" дей алады? Ешқайсысы да...

"Күлі шашылмаған" адам «Өзің білме, білгеннің тілін алманың» мәнін де түсінбесі анық.

Бұл әлем ұрпақ сабақтастығынан, кіндіктен тараған балаға үміт артудан ада қалғандығының белгісі.

Әлемді тізгіндеген тұлғалар ұрпақсыз ел билеп тұрған тұста қара құрттай қытайдың қаптап жатқаны есіме түссе, Абылайдың түсі тағы маза бермейді.

Біз бақа-шаян дәуіріне табан тіреп тұрған жоқпыз ба?

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz 

 

10 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052