Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 23732 0 пікір 8 Қараша, 2010 сағат 06:57

Жер-су туралы әпсана- хикаяттар

Қазақ фольклорында аңызға қарағанда көркем, бірақ көркемдігі ертегіден төмен деп анықтама берілетін әпсана - хикаят жанры бар.Оның бұндай сапа қасиетін ашатын фактордың бірі - орындалу қызметі. «Фольклорлық жанрлар теориясын зерттеу үстінде ескеруді қажет ететін фактордың бірі - шығарманың орындалу мәнері, яғни айтушы оқиғаға өзін қатысты қылып айта ала ма, әлде керісінше, шығармадағы оқиғаны өзіне еш қатысы жоқ қылып баяндай ма, - міне, бұл да фолькор жанрларын ерекшелендіретін жәйт» [1, 32-б.]. Айта кететін тағы бір ерекшелік топонимдік фольклор жанрларының орындалу қызметінің бірдей еместігі. Яғни айтушы (орындаушы) адам бір жанрлық түрдің өзінде екі түрлі әдіспен пайдалана алады. Яғни бірде оқиғаны өз атынан тарқатып айтса,бірде өзін ол оқиғаға қатыссыз қылып, екінші жақтан әңгімелейді.

Қазақ фольклорында аңызға қарағанда көркем, бірақ көркемдігі ертегіден төмен деп анықтама берілетін әпсана - хикаят жанры бар.Оның бұндай сапа қасиетін ашатын фактордың бірі - орындалу қызметі. «Фольклорлық жанрлар теориясын зерттеу үстінде ескеруді қажет ететін фактордың бірі - шығарманың орындалу мәнері, яғни айтушы оқиғаға өзін қатысты қылып айта ала ма, әлде керісінше, шығармадағы оқиғаны өзіне еш қатысы жоқ қылып баяндай ма, - міне, бұл да фолькор жанрларын ерекшелендіретін жәйт» [1, 32-б.]. Айта кететін тағы бір ерекшелік топонимдік фольклор жанрларының орындалу қызметінің бірдей еместігі. Яғни айтушы (орындаушы) адам бір жанрлық түрдің өзінде екі түрлі әдіспен пайдалана алады. Яғни бірде оқиғаны өз атынан тарқатып айтса,бірде өзін ол оқиғаға қатыссыз қылып, екінші жақтан әңгімелейді.

С.Қасқабасов фольклор шығармаларын баяндау әдістерін трансформативті (өзгерте баяндау), презентативті (нұсқау көрсете баяндау), экспозивтивті (түсіндіре баяндау) деп бірнеше түрге бөледі [1, Б.33-34.]. Бұндай жіктеу топонимдік фольклор жанрларына да тән. Мәселен топонимдік аңызға тоқталсақ аңыздың бұл түрінде қиял, қоспа болмайды. Оқиға шындық өмірге сай баяндалады. Орындалу мәнерінде презентативті баяндау мен экспозивті баяндау қатар орын алады деуге болады. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысалға жүгінелік. Халық арасында қазақ пен қалмақ соғыстарының куәлі жаңғырығындай жер-судың қойылу себебін нұсқай көрсететін аңыздар айтылады. Соның бірі - «Құл мен қыз» аңызы. Аңыз бойынша қалмаққа тұтқынға түскен қазақ жігіті қалмақ байының қызымен көңіл қосады. Қыздың шешесі бір кездері қолға түсіп, қалмақ байына еріксіз тоқал болған қазақ қызы екен. Ол қызының құл болып жүрген қазақ жігітімен бірге қашуына тілекші болады. Содан бір күні түн жамылған екеу - құл мен қыз - қазақ елі қайдасың деп қашып шығады. Алайда межелі жерге жақындағанда арттарынан қуғыншы келеді. Оны көрген жігіт қызды ілгері оздырып, талайынан көрмек болып, қалмақтармен айқасқа кіреді. Алайда қарасы көп қуғыншыға шамасы келмей сол жерде мерт болады. Құлды өлтіріп, енді өзінің соңынан түскен қалмақтарды көрген қыз жарқабақтан суға секіріп өледі. Сол кезден бастап құл өлген төбе - Құл деп, қыз суға кеткен көлдің биік жағасы - Қыз деп аталыпты деп баяндайды аңыз. Қарасаңыз бұл аңызда фольклор шығармаларының орындалу әдістерінің барлық түрі де аралас орын алған.

Топонимдік аңыздардың орындалу түрлерін талдаған еңбегінде С.Қасқабасов: «Топонимдік аңыздың екінші түріне жер-су, мекен атын нақты бір тарихи фактіге қатысы жоқ, бірақ жалпы шындыққа саятын оқиға арқылы баяндайтын, сондай-ақ белгілі бір жер-судың пайда болуын ешбір мифтік ұғымға байланыстырмай бірақ қиялға негізделе әңгімелейтін шығармалар жатады. Бұл аңыздардың мазмұны көбіне қайғылы болады, әңгіме кенеттен аяқталып, оқиға күрт үзіледі, ал кейіпкерлер бақытсыз жағдайға душар болады» [1, 150-б.] - дейді. Оның мысалына Жорғабел деген жер атына байланысты аңызды келтіреді. Жоғарыда айтылған Құл мен Қыз аңызы ғалым көрсетіп тұрған теориялық қисынға дәл келеді. Аңызда нақтылы тарихи факты жоқ. Қазақ пен қалмақ арасындағы қақтығыс жалпы фон ғана. Бірақ сенімді баяндалады. Өйткені ондай соғыстардың болғандығын, оның зардаптарын әркім де біледі, сондықтан сеніммен қарайды. Ендеше аңыз оқиғасы жалпы шындыққа сай баяндалады. Жер атының Құл мен Қыз қойылу себебі ешқандай мифтік түсінікті қатыстырмай, ғажайыпты бір жағдай киліктірілмей осы тарихи шындықпен білдіріледі. Аңыздың бастамасы оптимистік сипатта болғанымен жалпы мазмұны қайғылы оқиғаға құрылып, жастардың мерт болуымен аяқталады. Жердің солай аталуына байланысты болғандықтан топонимдік аңыз аталып тұрған бұл фольклор сюжеті танымдық қызмет атқарып тұр. Жалпы топонимдік аңыздарда оқиға сюжетін баяндаудағы тіл эстетикасын айтпаса басқадай эстетикалық қызмет атқаратындай нысан болмайды. Оның негізгі функциясы - танымдық. Бұл қызметпен қоса кейбір аңыз мағлұматтық, тәрбиелік функция да атқарады.

Аңыз әр елдің басынан өткен тарихи жағдайларына байланысты туындайды. С.Қасқабасов атап көрсеткендей аңыздардың сюжеті көп жағдайда ұлттық қана болады, бір елдің аңызы екінші елге ауыспайды, тіпті аңыздың көпшілігі аймақтық (локальный) қана болады [2, 122-б.].

Енді әпсана жанрының атқаратын қызмет ерекшелігіне келсек, оның негізгі функциясы ғибраттық болып келеді. Біз бұл әпсана жанрын іштей тарихи-мекендік әпсана және утопиялық әпсана деп екі топқа бөлдік. Бөлу себебіміз әпсаналардың бұл екі түрінде топонимдік атаулардың қолданылуы бір сарында болғанымен, олардың атқаратын функциялары әртүрлі: мәселен тарихи-мекендік әпсанада белгілі бір мекеннің, жер-судың шығу себебі, кейде оған елге белгілі тарихи тұлғаның қатысы айтылады. Оның орындалу қызметінде осы шарт міндетті түрде атқарылуы тиіс. Өйтпеген жағдайда ол тарихи-мекендік функция атқара алмас еді.

Сонымен тарихи-мекендік әпсананың қызметі жер-суға байланысты туындаған халық прозасының түрін көркемдеп айту, оған ғибраттық сипат беру болып табылады. Мысалы, әпсана-хикаяттық сарында баяндалатын «Кәлкен» деген жер атын алып қарайық. Кезінде «Тұздыкөл» деп аталатын көлдің жағасын жайлаған бір байдың Кәлкен атты жалғыз қызы болады. Қыз бой жетіп, көрші рудың бір жігітіне ғашық болады. Екі жас көңіл қосып, үйленбекші болған кезінде қыздың әкесі қарсы болып, қызын үйінде қамап ұстап шығармаған екен. Сондағы себеп - жігіт бір байдың жылқышысы екен. Сүйгеніне қосыла алмаған Кәлкен сұлу көп қайғырып, құсадан қайтыс болады. Ал үш күн өткеннен соң, бай судың жиегіне барса, мөлдіреп жатқан көл қара суға айналыпты. Еш нәрсенің мәнісін түсіне алмаған бай бәйбішесіне айтып, жалшыларына суды батпақтан тазартуды бұйырады. Онысынан түк шықпай байдың өзі де, адамдары да батпақтың арасынан шыға алмай, өледі. Жалғыз қызының көз жасынан қорықпаған бай азаппен жаһаннамға аттанған жерді халық «Кәлкен» деп атап кеткен екен [3, 74-б.]

Көріп отырғанымыздай, бұл әпсанада тарихи факты байқалмайды. Тек қана Тұздыкөл, Кәлкен деген жердің аттары болмаса, шындықты таяныш етер ештеңе жоқ. Ал Кәлкен деген атау кісі атынан ауысып қойылғандығы анық, әйтпесе ол жер бедерінің, табиғат белгісінің атауы емес. Дегенмен бұл жер атының аталу себебі қиял негізінде баяндалады.

Тұздыкөлді жайлаған бай үйінің трагедиясы махаббатқа қарсы болуға байланысты туындайды. Әпсанада «қызының көз жасынан қорықпаған байдың» батпаққа батып өлуін көрсету арқылы имандылық, ізгіліктік мәселесі көтеріледі. С.Қасқабасов «Жаназық» атты зерттеу еңбегінде «Тоқпанның балалары» аталатын әпсананы талдап таныту барысында: «Әпсанада сондай-ақ моральдық, имандылық (нравственность) мән де бар, ал бұл әпсана-хикаят жанры үшін басты шарттардың бірі. Жоғарыдағы әпсанадан тағы бір байқайтынымыз - бұл жанр шығармаларының қайғылы да аяқтала беретіндігі, демек, мұнда ертегіге жатпайтын прозалық жанрлардың тағы бір қасиеті бой көрсетедіі» [1, 159-б], - деп әпсана-хикаят жанрының орындалу жай-күйіндегі басты шарттарды атап айтады. Жоғарыда біз мысалға алып отырған әпсана-хикаят та осы шарттарға толық жауап береді. Сонда әпсана-хикаяттың негізгі функциясы осы шарттарды орындау арқылы көрініс табады деп есептеуге болады.

Утопиялық әпсаналар әлеуметтік-қияли әпсаналар деп те аталады. Қалай атағанда да оның мәні бір - «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға» жету, «Жиделібайсын», «Жерұйық» секілді абат мекендерде өмір сүру.

Қиындықтан шығу, малға құтты, адамға жайлы қоныс іздеу адамзат психологиясына тән нәрсе. Осы негізде топан су әпсанасы, Асанқайғының Жерұйықты іздеуі сияқты әпсаналар туды.

Қобыландының басында тығулы жатқан ат басындай алтын бар екен деген де әпсана бар. Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Әлтай Ермұқанов қарт осыған байланысты мынадай әңгімені сыр ғып шертеді: Бір күні салт атты адам атпен жортып келе жатырғанда алдынан бір түлкі қашады.Жолаушының аты жүйрік екен. Түлкіге жетіп-ақ қалады. Алайда құйрығын олай бір аударып, былай бір аударып қашқан түлкі межелі бір жерге жеткенде інге кіріп кетеді. Түлкіге жете алмай опынып қалған салт атты іннің аузын біраз қарауылдап, енді жүрмекші болғанда әлгі түлкі іннен шығып, құбылып басқа бір мақұлықтың кейпіне еніп, өзін қуған адамға тіл қатады.

- Мен Құртқа едім, - дейді ол. Мен өлместің суын ішкенімнен мәңгі жасайтын болдым. Қобыландыға іш дегенімде, ол батырлығына салып ішпей қойды. Енді мен оның басындағы (бейітіндегі) ат басындай алтынды күзетіп жүрмін. Бұл айтылған сюжет орындалуы жағынан әпсана-хикаятқа келеді, құбылушылық, өлместің суын ішу жағынан мифтік сипаты да бар.

Топонимдік хикаят әпсанадағы арман, аңсардың орындалған варианты іспетті діни-кітаби деректер мен әулие, пайғамбарлар жөніндегі сюжеттерді бейнелеп жеткізуді мақсатына алатындай. Қазығұрт, Қап таулары жөніндегі хикаяттар осыны айғақтайды.

Хикаяттардың саны тым аз. Ал енді жер-суға байланысты хикаяттарды кең түрде қарастыратын болсақ, түрлі варианттары табылады. Ел ішінде олардың бір парасы Қыдырға байланысты аталады. Олардың орындалу түрі де ерекше. Солардың біріне тоқталалық. Бірде назар руының Сәңкібай батыры жорықтан аты бодырып келе жатып айдалаға түсіп, ат шалдырып, ерін жастанып қалғып кеткен екен дейді. Бір мезетте біреу дыбыстағандай болғасын көзін ашса, қасында есек мінген ақ шұнақ шал тұрғанын көреді. - Ассалау-мағалейкум, Ата! Сәңкібайдың сәлемін алған шал:

- Балам-ай, таяғым жерге түсіп кетті. Әперші, - дейді.

Сәңкібай жалмажан ұшып түрегеп, шалдың таяғын әперіп, ізет етіп бас иеді. Болдырып қалған жалғыз аттың қорлығы өткен батырдың жүзі сынық екенін аңдаған шал:

- Болар, бар бол! - деп таяғын ала бере кідіріп: - Шырағым, бірдемеге қатты қамығулысың ғой. Неге күйзелдің?- деп сұрапты.

- Атеке-ай, өмірде кедейлік жаман екен. Жауға да, дауға да мінерім жалғыз ат. Мойнында өкпе-бауыр жалы жоқ. Тұрысы анау. Далада болдырып қалғасын, ер-тоқым жастанып, жаяу қалып қор болғаныма ызыланып, налып отырмын ғой... - дейді.

- Е, е, олай болса, Алла кең ғой. Берейін десе, жасағам иемде байлық жетеді. Қолыңды жай, бата қылайын! - депті.

Сәңкібай сөзге келместен қолын жаяды. Батасын қайырған шал енді бір сәтте есегін желдіртіп, сағымға араласып ғайып болады. Өң мен түстей болған бұл оқиғаның не екеніне түсінбеген Сәңкібай алғашында аңтарылып қалса да, әрі-беріден соң есін жинап, атына мінеді. Реті, сол көрініс есінен кетпей қойған батыр әлгі оқиғаны Әжібай биге айтқан болу керек.

- Саған жолыққан Қыдыр екен. Енді маңдайына шаң тимейді. Байығанда -жылқыңның санына өзің жетпейсің!- депті Әжібай. Ол заманда, шынында да саны көп малды, оның ішінде аяғы жүрдек жылқыны санау оңай болсын ба? Аз ғана жылда Сәңкібайдың жылқысының бір шеті суатқа құлап жатқанда, бір шеті қырдың астына жайылып жатады екен дейді. Қарттардың аңыз етіп айтуына сенсек, ол заманда «Жем дария» аталған кәдімгі Жем өзеніне Сәңкібайдың жылқысы су ішуге құлағанда, өзеннің ағысы біраз уақытқа дейін тоқтап қалып, өзен арнасындағы су тым тайыздап қалатын болған [5, 36-б].

Қазіргі күні Қыдыр дарыған Сәңкібайдың жылқысы сыймай жатқан жер- Сәңкібай жазығы деп аталады.

Сәңкібай жазығы - Ақботадан қашық емес, оңтүстіктен солтүстікке қарай созылған кең жазықты XVІІІ ғасырда өмір сүрген Сәңкібай атымен атайды. Ол жылқылы бай болған. Оның жылқыларының көптігі сондай сол жазықты түгел алып жататын көрінеді [3, 17-б.].

Бұл әңгіме жосынды топонимдік хикаят жанрына жатқызамыз. Оның себебі бірнешеу. Алдымен Сәңкібайдың Қыдыр көруін айтайық. Екіншіден хикаяттарға негіз болатын Қазығұрт, Синай таулары секілді географиялық белгі ретінде «Сәңкібай жазығы» аталатын жер аумағының сақталып қалуын айтуға болады. Сонда топонимдік хикаяттың функциясы тек қана кітаби, діни-исламдық сюжеттерді ғана емес, сонымен бірге нақты өмірде болған адамға байланысты ғажайыптарды да қамту болмақ. Сайып келгенде хикаят пен топонимдік хикаяттың айырмашылығы да осында деп білуге болады.

Ал енді фольклорлық әңгіме жанрына келсек бұнда халық прозасының басқа жанрларына қарағанда ұлттық мінез басымырақ көрінеді.

Әңгіме көптеген қасиеттерімен аңызға жақын. Рас, аңыз сияқты, әңгіме де шындықты, нақты өмірді бейнелейді. Аңыздан айырмашылығы - әңгіме қоғамдағы не жеке өмірдегі бір ерекше жағдайды баяндайды [4, 611-б.].

Фольклорлық әңгіме де орындалу функциясы жағынан аңызға жақын. Жер-суға байланысты белгілі бір әңгімені баяндағанда әңгімеші бүгінгі күннің мезгілімен, кейде өзін қатыстыра отыра айтады. Ал, жер-су атының қалай пайда болғандығы жөнінде ол атау ертеден белгілі болса да топонимнің аталу себебін қазіргі түсінік бойынша пайымдайды және оның сөзінде ешқандай жаңсақтық болмайды. Себебі сөз болып отырған атау тыңдаушыға белгілі, тек оған байланысты оқиғалар түрленуі мүмкін.

Фольклорлық әңгіме қазіргі уақытта болған жайды да, өткен кезеңде болған, бірақ оқиғасы шындық күйінде алынған, сөйтіп реалистік бағытта суреттелген жайларды да баяндайды. Бұндағы басты белгі, негізгі нысана - жер-су аты. Әңгімеге өзек болатын ондай топонимдік атаулар қазіргі күні жер бетінде бар болуы тиіс. Егер ол атау жер бетінде сақталмай, халық есінде ғана жатталып қалған болып, әңгімеші баяғыда осы жер былай аталған екен деп әңгімесін бастаса, ондай жағдайда ол әңгіме емес, аңыз жанрына айналады. Сондықтан да әңгіме нақты жер атына байланысты өрбиді. Тәлімдік, тағылымдық мақсат көзделе айтылады. Міне, жер-суға байланысты әңгімелер жеке адамға емес, жалпыға бірдей рухани құндылықты қозғайды. Оның көркем әдебиеттегі әңгіме жанрынан басты айырмашылығы да осында, яғни көркем әдебиетте әңгіме негізінен кейіпкер басындағы бір оқиғаға байланысты болса, топонимдік әңгімеде ол елде болған жағдайларға байланысты.

Сонымен топонимдік әңгіменің негізгі қызметі жалпы жұртшылыққа өзі мекендеп отырған жер-судың реалды тарихын айту болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Қасқабасов С. Елзерде. - Алматы: Жібек жолы, 2008. 504-б.

2 Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. - Алматы: Ғылым, 1985.-272б.

3 Ақтөбе облысының топонимиялық кеңістігі (атаулардың пайда болуы).- Ақтөбе: Nobel, 2007. - 226 б.

4 Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 1-том. - Алматы. ҚАЗақпарат, 2007. - 670 б.

5 Қондыбай С. Маңғыстау-нама. Зерттеу.- Алматы: Арыс,2006.-444бет.

Пангереев А.Ш Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты

«Ақиқат» журналы

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5480