Қаракөк
Қазаққа Тәңірі мына дүниедегі игіліктің бәрін берген. Алтайдан Атырауға дейінгі ұланғайыр аймақтың асты да—алтын, үсті де—алтын. Онда ғұмыр кешкен алтын киімді ханзадалардың атының ер-тұрман, жүгеніне дейін алтынға апталып, күміске күптелген. Бұл—Адам-Ата Һауа Ана жаралғалы бір-бірімен алтын үшін арбасып, неше түрлі қырғын соғыстар жасаған былайғы адамзат нәсілінің өңі түгілі түсіне де кірмейтін дүние. «Аз сөз—алтын, көп сөз—көмір» деп, ауызынан шыққан лебізінің өзін саф таза алтынға балайтын да осы жұрт. «Өлең--сөздің патшасы, сөз сарасы» (Абай). Содан болар, қазақтың мандайына Құдай Тағала жазған құттың ішіндегі ең кереметі—қара өлеңі. Оның мына жарық жалғанда қай аттың үсті, қай түйенің қомында, қандай дуалы ауыздан қалай түсе салғаның біз әлі білмейміз. Белгілісі—VII-VIII ғ.ғ. тасқа таңбаланған Тоныкөк, Күлтегін, Білге Қағанның қаһармандық жырлары, Жүсіп Баласұғынның «Құтадғу білік» дастандары. Бұлар біздің елдің жан-жүйесін тебірентіп, ет жүрегін елжіретіп жатқанда бүкіл Еуропада мұндай шаһқар (шедевр) туындылар мен озық үлгілер болмаған. Бұған халық эпосын қосыңыз. Одан Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағалилар шығады.

Осыншама ұлы тұлғалар жайғасқан қазақ жырының төріне шығу түгілі, босағасынан сығалаудың өзі жұмыр басты пендеге қиямет қайыммен пара-пар дүние. Ананың құрсағынан жарық дүниеге келу мен сол анаң, әкең, ата-бабаң жүрген ұлттың рухани айнасы ұлттық поэзиясына келу—жер бауырлаған пенде баласының соның тартылыс заңын талқандап бұзып, ғарышқа көтерілгеніне ұқсас құбылыс болады! Әсіресе, дәстүрі берік, тарихы терең, тұлғалары бірінен-бірі өткен ірі, ұлттық бояуы мың құбылып, көзді арбап, көңілді алаң етіп, көкіректі көл-гесір сезімге бөлейтін қазақ жырының қақпасын айқара ашудың азабы, тіпті, бөлек: менің ақын бауырым Ғалым Жайлыбай соның бәрін басынан кешіп, өзегінен өткізіп, бүгін, міне, 50-ге келіп отыр.
МЕН – ҺАС САҚТЫҢ ҚАРА ӨЛЕҢІ...
Мен –
Һас Сақтың қара өлеңі,
Қанды сүргінде жүрсем де,
Қалған кезім жоқ жақ ашпай,
Арғымақ – Пегасқа мінсем де,
Арттағы жұрттан адаспай!
Жалғанда, жалған, жалғанға,
Сүйіне кіл жаным, күйіне бір;
Ат үстінде әуелетіп әнге салғанда,
Тілі байланып, жаяу сандалған Дүние –
Бұл!
Абдырап бір кез қалдым ба,
Аузыма ұстап Алладан түскен ой легін?
Алдияр біткеннің алдында
Айдаһардай айбарланып сөйледім!
Жаһанның етегін жұлқына түріп,
Көкжиекте көшем кеп.
Қара аспанның қара бұлтына кіріп,
Сауладым қара нөсер боп!
Арқадан Аспанға жүгіріп,
Қанатты бұлтқа сүйгіздім.
Хафиздің жұпарын сіміріп,
Пушкинді тарыдай қауызыма сыйғыздым!
Кәуірге көрсетіп мысымды,
Ақ бұлттан түсіп, малдас құрғанда қас-қағым;
Ол арағын ұсынды.
Ішіп,--
Құсып тастадым!
Қара бұлтты жарып, қара шаңырағыма кеп түстім,
Жасынмен жанып даланы.
Көк Тәңірді бетке ап, Көкке ұштым!
...Артымда, бірақ, Алашым қалып барады...
Қазақ айтады: ән (поэзия) осы дүниеде құс болып, ұшып жүріп, Сарыарқаның көгіне келгенде қалықтап тұрып алыпты да, осында қонақтап қалып қойыпты. «Арқаға келсең--әншімін деме» деген де--осы жұрт. Қазақ жырының саңқылдаған сұңқары Сәкен мен кешегі Ақан, Біржан, Мәдилердің көзіндей Игілік Омаров, Қайрат Байбосыновтардың кіндік қаны тамған сол Сарыарқаның Жаңаарқасында дүниеге келген Ғалым Жайлыбай қазақ өлеңіндегі «Кел, кедей, басың қос жалшымен—Байларды қойдай қу қамшымен»-дейтін қара дүрсін сарынды қамшылап қуып шыққан қаракөктердің қатарын түзейді. Біз Қазақстан Жазушылар одағының коммунистер даңғылы, №105 үйдегі ғимараттағы есігінен кіргенде осындай өлеңсымақтар төбемізде ойран салып жүрген. Қайран Қасым жалғыз өзі жағасынан алып, кейін Мұқағали, Қадыр, Тұманбай, Өтежандар біраз сілкілеген бұл сілімтіктің сілікпесін шығарған осы Ғалымдар еді. Маралтай, Дәурен, Танакөз, Серік Сағынтайларға қияға самғау оңайлау болады. Бізге қиын болған...
ҚАРА ӨЛЕҢ
Қайдасың, қасиетті қара өлеңім,
Қазақтан аямаған бар өнерін?!
Алаш бір Ару еді, аялап бір
Сен оның қолаң шашын тарап едің,
Қарашы маған бір сәт,
Қалғыма көк,
Ғаламда мендей сұлу қалды ма?! – деп –
Толықсып тұрды сонда Алаш Ару,
Адамзат айнасының алдына кеп.
Сен де – құс.
Қазақ дейтін халық та – құс.
Ұша бер,
Бұлттан да әрі шарықтап ұш!
Басқа елге бауыр баса қоймассың сен,
Алаштың аспанында қалықтап ұш!
Эпостан –
Цивилизацияға жөнедің де,
Музаны ақ бесікке бөледің бе?
Сендегі асқақ ой мен асау сезім
Жоқ сенен басқа ұлыстың өлеңінде.
Алаш та сенімен бір биіктепті.
Бұ жерге қалай келдің қиып көкті?
...Төбеден сен түстің де,
Төрт құбыла--
Сенің төрт жолыңа кеп сиып кетті.
Арқаның тауын кезіп, жоны, белін,
Кеудеме құйдың ән ғып соны менің.
Жасынның арасынан ұшып шығып,
Қасымның арқасына қонып едің.
Киесі топырақтың буынды ап бір,
Дамылда, ұша бермей зуылдап құр
...Алаштың мендей асау бір ұлының
Арқасы сені күтіп дуылдап тұр...
СЕРІК АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, ақын