Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5532 0 пікір 8 Қараша, 2010 сағат 06:58

Шадкам Зубайда. Қазақ және түрік тілдеріндегі туыстық қатынасты білдіретін сөздер және олардың аппелятивтік қызметі

Түрік және қазақ тілдерінде аппелятив қызметті адам есімдерімен қатар адам есімінің орнына жұмсалатын басқа жалпы есім сөздер де атқарады. Олардың бір тобы туыстық, отбасылық қатынасты білдіретін сөздер. Адам есімдерінің аппелятив қызметі мен туыстық қатынасты білдіретін сөздердің қолданысында айырмашылық бар. Адам есімі аппелятив қызмет атқарғанда нақты бір адамға ғана қатысты жұмсалатын болса, туыстық қатынасты білдіретін сөздер кез келген кісіге қатысты айтылуы мүмкін. Мысалы, аға сөзі адамның өзінің туған ағасына қарата жұмсалады, сондай-ақ, басқа туысқан ағаларының кез келгеніне және кез келген жасы үлкен ер адамға қарата сөйлегенде қолдануға болады. Отағасы деп әйел адам өзінің күйеуіне қарата қолданады, сондай-ақ, кез келген ересек адам басқа үйдің иесіне қарата да отағасы сөзін аппелятивтік қызметте қолдануы мүмкін. Мысалы,

Түрік және қазақ тілдерінде аппелятив қызметті адам есімдерімен қатар адам есімінің орнына жұмсалатын басқа жалпы есім сөздер де атқарады. Олардың бір тобы туыстық, отбасылық қатынасты білдіретін сөздер. Адам есімдерінің аппелятив қызметі мен туыстық қатынасты білдіретін сөздердің қолданысында айырмашылық бар. Адам есімі аппелятив қызмет атқарғанда нақты бір адамға ғана қатысты жұмсалатын болса, туыстық қатынасты білдіретін сөздер кез келген кісіге қатысты айтылуы мүмкін. Мысалы, аға сөзі адамның өзінің туған ағасына қарата жұмсалады, сондай-ақ, басқа туысқан ағаларының кез келгеніне және кез келген жасы үлкен ер адамға қарата сөйлегенде қолдануға болады. Отағасы деп әйел адам өзінің күйеуіне қарата қолданады, сондай-ақ, кез келген ересек адам басқа үйдің иесіне қарата да отағасы сөзін аппелятивтік қызметте қолдануы мүмкін. Мысалы,

- Отағасы, сізбен қалжақтасып тұруға менің уақытым жоқ (М. Әуезов). Бұл жөнінде ғалымдар М. Томанов пен Т. Сайранбаев "Қазіргі қазақ тіліндегі қаратпалар" атты оқу құралында былай деп жазады: "Сөйлеуші "апа", "аға" деп атағанда сөз арналған кісінің атын да қоса еске алатыны белгілі. Дегенмен, зат есімдердің бұл тобының қолданылуындағы мынадай ерекшеліктерді де айту керек: ең алдымен, бұлар кез келген кісіге қатысты айтыла алады. "Апа" - кез келген жасы үлкен әйел, "аға" - кез келген жасы үлкен ер кісі бола алады, оның аты Оспан да, Омар да, Әли де, Ғали да, немесе Андрей де, Иван да болуы мүмкін. Яғни, кісілердің "апа", "аға" деп аталатын топтарын білдіреді, жеке топтың аты болады да, жеке кісіні түстеп, түрлеп анық көрсетпейді. Екінші жағынан бұлар барлық уақытта тек туыстық, семьялық қатысты білдіру мағынасында қолданыла бермейді".

Коммуникативті акті барысында қолданылатын туыстық атаулардан жасалған қаратпалар түрік тілінде де әркез тек туысық қатынасты білдірмейді. Түрік тілінде аппелятив қызмет атқаратын baba [баба] (баба), ata [ата] (ата), аğabey [ағабей] (үлкен аға), аmca [амжа] (әкесі жағынан туысатын ер адам) сияқты туыстық атаулар өзімен туысқан ер адамға, жасы үлкен кісіге ғана емес, сөз ситуациясына қарай өзінен жасы үлкен кез келген адамға қарата қолданыла береді. Мысалы,

Adam konuşuyordu.Tatlı, munіs bіr Anadolu şіvesіyle:

- Ağabey, - dedі, burdan bana benzer bіrtakım adamlar geçtі mі?

(Адам сөйлеп жатыр еді. Сүйкімді, бәсең Анадолы диалектімен:

- Ағабей, - деді, - бұл жерден маған ұқсайтын біреулер өткен жоқ па?

(S. Faіk)

Түрік тіліндегі туыстық қатынасты білдіретін, әйел адамға қарата айтылатын anne [анне] (ана), abla [абла] (әпке), teyze [тейзе] (шешесі жағынан туысатын әйел адам), kızım [ қызым] (қызым) yenge [йенге] (жеңге, ағасының әйелі) қаратпалары да туысқандар арасында ғана емес таныс, бейтаныс кез келген әйел адамға да қарата қолданылады.

Сөйлесіп тұрған әйел адамға деген ерекше құрметті білдіру үшін аталған қартпалардың алдына һanım [ханым] этикеті қосылады. Мысалы,

- Hanım teyze, - dedіm, - Lütfі evde mі? Lütfі evede yoktu, mektepten daha dönmemіştі. (Ханым тейзе, - дедім, Лүефи үйде ма? Лүтфи үйде жоқеді, мектептен әлі келмепті) (S. Faіk)

Түрік тілінде ауылдық жерлерде жиі қолданылатын қаратпа сөз - ağa [аға]. Бұл қаратпа дәулетті адамға ғана емес, ауылдағы сыйлы, құрметті адамға, жас жағынан үлкен кісіге, сондай-ақ, өзінен үлкен бауырына да қарата айтылады.

Түрік отбасында әйел адам келін боп түскеннен кейін бір айға дейін күйеуінің көзінше сөйлемеу керек. Бұл дәстүр қалалық жерде жойылып кеткенімен, ауылдық жерде әлі күнге дейін сақталған. Келін күйеуінің әке-шешесімен сөйлескен кезде оның атын атамайды, sіzіn oğlunuz (сіздің ұлыңыз) деген тіркесті, ал бауырларымен сөйлескенде sіzіn ağbeyіnіz/sіzіn ağanız (сіздің ағаңыз) тіркесін қолданады. Сол сияқты күйеуінің әке-шешесінің, бауыр-қарындастарының атын атамайды, тек туыстық атауларды қолданады. Мысалы, әкесін baba [баба], шешесін ana [ана], бауырын kardeş [кардеш] немесе amca [амжа], әкесі жағынан туыс әйелді hala [һала], шешесі жағынан туыс әйелді teyze [тейзе], әкесі жағынан туыс ер адамды amca [амжа], шешесі жағынан туыс ер адамды dayı [дайы] деп атауы тиіс. Абысынын eltі [әльти], ал күйеуінің әпкесін görümce [гөрүмже] деп атайды. Бала әке-шешесімен, отбасының басқа мүшелерімен сөйлескенде олардың есімін жеке атамайды, туыстық атауларды тіркестіре айтады. Балалары шешелерін anne [анне] немесе ana [ана], әкелерін baba [баба] деп атайды. Әжесін ebe [эбе] немесе büyük anne [бүюк анне] деп, атасын dede [деде] деп атайды. Егер атасының ағасы тірі болса, оны büyük amca [бүйүк амжа] деп атайды.

Қазақ тілінде ағайын-туыс арасында қолданылатын, туыстық атаулардан жасалған қаратпалар өте көп. Мысалы, ата, апа, құда, құдағи, шеше, әже, көке, әке, әпке, аға, іні, тәте, бауыр, нағашы, жиен, жезде, жеңге, балдыз, күйеу бала, келін, құдаша, қайын аға, қайын әпке, қайын бике, қайын апа, абысын, т.б.

Мысалы,

- Жоқ, ата. Қошеметімізді көріп қуансын, жолдан шаршап келе жатқанда біраз демалсын дедім (Билер сөзі).

- Әке, мен Төле биге барып сәлем беремін, өзін көріп, сөзін тыңдағым келеді, - деп бала Қазбек қолқа салады (Билер сөзі).

- Кел, бауырым, ендеше. Досбол құшағын аша түрегелді (Билер сөзі).

- Інім, балаң бар ма деп сұрайды Алакөзден (Билер сөзі).

Туыстық атауды білдіретін мұндай сөздер адамның лауазымын, мінез-құлқын т.б. да қасиеттерін білдіретін сөздермен тіркесе де жұмсалады. Мысалы,

- Бар бол, би інім, - деп Досбол да өз тарапынан оның кішілік сәлемін зор ілтипат білдіре қабыл алады (Билер сөзі).

Бұл қаратпалардың кейбіреуі жеке де, жалқы есіммен тіркесіп те қолданылады. Мысалы, Жұлдыз көке, Тұрар тәте, Айхан жезде, Құндыз келін, т.б

Қазақ тілінде әйел адамға қатысты: әже, апа, апай, тәте, ана, шеше, шешей, қарындас, сіңілі, қызым, мама, әпке қаратапалары бар.

Қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүріне сай қыз бала тұрмысқа шыққаннан кейін келген жеріне келін атанады. Бұл атауды жігіттің ата-анасы, жігіттен жасы үлкен барлық алыс-жақын туған-туыс, көрші-қолаң, ауылдас адамдары келінге қарата сөйлегенде қолданады. Тұрмысқа шыққан қыз бала келген жерінің жасы үлкендеріне келін болса, жасы кішілеріне жеңге болады. Бұл қаратпаларға -жан, -тай аффикстері қосылып, келінжан, жеңгетай, жеңешетай түрінде де айтылады. Мысалы, Абай жеңгесінің екі қолын қапсыра ұстап тұрып:

- Жеңешетай, ұмытпаспын! Өлсем де ұмытпаспын осы жақсылығыңды! - деп қоштасты (М. Әуезов).

Жеңгенің жеңеше түрі де жиі қолданылады. Қазақ тілінде некеге байланысты, қайын жұртқа қатысты қаратпа сөз ретінде қолданылатын туыстық атаулар өте көп. Олар мағынасы мен қолданыс аясына қарай топтастырылып белгілі бір жүйе құрайды. Мысалы, келін ерінің туысқандарын қайын ата, қайын ене, қайын аға, қайын әпке, қайын апа, қайын сіңлі, қайын бике, т.б. жалпы қайын сөзімен тіркесетін атаулармен атайды. Қазақ салтында жеңгесі күйеуінің інісін қайным деп атайды. Ұлтымыздың қалыптасқан дәстүрі бойынша келін түскен ауылының үлкен-кішісінің атын атамай, оларға лайық ат қойған. Ол аттар үлкен-кішінің жолы мен жас ерекшелігіне, түрі мен мінезіне, кәсібі мен қызметіне қарай қойылған. Мысалы, Кенже бала, Мырза бала, Күлімкөз, Айнамкөз, Жақсым, Ерке бала, Жақсы аға, Үлкен аға, Қара бала, т.б.

- Кенжем! Түн қатып шыққансың ба? - деді (М. Әуезов).

- Ал, еркем, күйеу қалай екен? Ұнаттың ба? - деп сұрады (М. Әуезов). Қазақ дәстүріндегі табу бұрыннан сақталған мифологиялық наным-сенімдерге байланысты. Ат тергеу барысында адам есімдері қысқартылады немесе мүлдем қолданылмай, жоғарыда сөз болған апеллятивтер пайда болады. Бұл құбылыс тіл мен ділдің өзара әсерінің нәтижесінен туған. Ат қою барысында эмоциялық-экспрессиялық реңк үстем болады. Мысалы, жеңгелері қайындары мен қайын сіңлілеріне ат қойғанда жақсы көру сезімі, сұлулыққа, сүйкімділікке баулу, мінезінің жағымды қырын көрсету, жақсы бір қасиетін атау, т.б. оның ішкі жан-дүниесінің күйімен астасып жатады.

Балаларға қарата сөйлегенде аппелятив қызмет атқаратын этикет тілдік бірліктердің өзі бір топты құрайды. Түрік тілінде кішкентай балаларға еркелету, кішірейту, жақсы көру реңкін беретін чожук (кішкентай) немесе оғлум (ұлым), кузум (қозым), азизим (сүйіктім), жаным (жаным) қаратпалары айтылады.

Ters yüzüne dönünce, evvela, büyük,bіçіmsіz ve mіmarіsіz konağı gördüm. Sonra ..... kapıyı vurdum. Beyaz başörtülü bіr kadın, pencereden: - Ne var çocuğum? - dedі. [Тәрс юзуне дөнүнже, еввела, бүйүк, бичимсиз ве мимарисиз конагы гөрдүм. Сонра капыйы вурдум. Беиаз башөртүлу бир кадын, пенжередән:

- Не вар, чожугум? - деді]. (S.F. Abasıyanık)

Қазақ тілінде балаларға қатысты айтылатын еркелету мағынасы бар қаратпалар: балам, ұлым, қызым, балақай, көкетай, балапаным, жарқыным, қарашығым, қарағым, қалқам, қалқашым, шырақ, шырағым, көкем, көкетай, құлыным, құлыншағым, ботам, боташым, ботақаным, қозым, қоңыр қозым, қошақаным т.б. Қазақ тілінде кішкентай балаларға күшік, көжек, балапан, қонжық қаратпалары айтылады. Бұл қаратпалардың кез келгені адамның өзінің туған баласына да, басқа балаларға да қарата қолданылады. Қазақ тілінде ұлым, қызым сөздері қаратпа ретінде қолданылғанымен, немере, шөбере сөздері қаратпа ретінде қолданылмайды.

Аталған қаратпалардың сөз ситуациясына қарай түрлі вариантта жұмсалатындығын тілдік фактілер көрсетіп отыр. Бала қаратпасының өзі бала, балам, балам-ау, балам-ай түрінде қолданылады. Мысалы,

- Атты - жылдам, жаяу - шабан, жолаушылардың жолын бөгейміз-ау демедіңдер ме, балам? (Билер сөзі).

- Ойбай, балам-ау, ол үлкен кемеңгер кісі, не дер барасың, алдында сөз таба алмай күлкі боларсың, барма, - дейді (Билер сөзі).

Шырағым қаратпасы шырақ, шырағым, шырағым-ау, шырағым-ай түрінде қолданылады. Мысалы,

- Ал, шырағым, жақындай бере аттан неге түстіңдер? - дейді Төле би қызға (Билер сөзі).

- Хош, шырақ, - деді ол, - әке-шешеңнің халін көрген шығарсың, аурулы болып, отырып қалған жайы бар (Ә. Әлімжанов).

Қарағым қаратпасының қарағым, қарағым-ау, қарағым-ай, қарғам, қарғам-ау, қарғам-ай түріндегі қолданыстары бар. Мысалы,

- Амансың ба, қарағым? Қайдан тап бола қойдың? (С. Шаймерденов).

- Қарағым-ай, өзің қайтесің? - дейді Абылай (Билер сөзі).

Бұл қаратпалар жеке де, өзінен жасы кіші адамның атына тіркесе де қолданылады. Адамдар арасындағы қарым-қатынастың, сөз ситуациясының ерекшелігіне қарай балаларға қарата айтылатын мұндай этикет тілдік бірліктердің қайталанып немесе екі этикет тілдік бірліктің қатар қолданылатын кездері де болады. Мұндай қолданыстар сөйлесімнің ықпалын арттырудың тәсілдерінің бірі. Мысалы,

- Айналдым, қарашығым, қоңыр қозым! - деп алып, - аямайды, аямайды ол, - деді (М. Әуезов). Мұнда айтушы қарашығым, қоңыр қозым этикеттерін қатар қолдану арқылы тыңдаушыға деген сүйіспеншілігімен қатар ерекше аяныш сезімін, болған іске деген өкінішін де жеткізіп тұр.

Төрт түлік мал қазақ халқының болмыс-бітіміне аса қымбат, төрт түліктің (сиырдан басқасының) төлінің әдемілігіне, сүйкімділігіне, қылықтылығына, кішкентайлығына сүйсініп, сүйікті ұл-қыздарын құлыным, құлыншағым, ботам, боташым, ботақаным, қозым, қоңыр қозым, қошақаным деп те атайды. Сондай-ақ, күшік, көжек, балапан, қонжық сияқты төл атаулары да кішкене балаға қарата қолданылады. Ал, түрік тілінде тек kuzum [кузум] ( қозым) ғана қолданылады, басқа жан-жануардың, құстың баласы ұғымын білдіретін, яғни, төл атаулары ұғымын беретін сөз жоқ. Бәріне ортақ yavrum [яврум] сөзі бар. Қаратпа сөз ретінде де, эмоциялық реңк беру үшін де тек kuzum [кузум] мен yavrum [яврум] қолданылады. Түрік тіліндегі yavrum [яврум] сөзін қазақ тіліне балапаным деп аударуға болады. Бірақ, yavrum [яврум] түркі тілінде тек құстың ғана емес бүкіл жан-жануардың, құстың баласы ұғымын білдіреді. Мысалы, күшікке - köpek yavrusu [көпек яврусу] дейді. Қазақ тіліне аударғанда иттің баласы деген мағына береді, яғни күшік деген сөз жоқ. Балапан деген сөз де жоқ. Оның орнына kuş yavrusu [куш яврусу] тіркесін қолданады. Ол тіркес қазақ тіліне құстың баласы деп аударылады.

Туыстық, отбасылық қарым-қатынасты білдіретін этикет тілдік бірліктердің негізгі қызметі назар аударту болғанымен олардың барлығының, әсіресе балаларға қарата айтылатын сөздердің эмотивтік қызметі де аса күшті. Туыстық, отбасылық қарым-қатынасты білдіретін этикет тілдік бірліктер туысқандар арасында, ана мен бала, әке мен бала арасында қарым-қатынас орнату үшін аса қажет. Бұл этикет тілдік бірліктер адамның жан-дүниесінің, туысқандық сезімінің, сыйластық сезімінің, ішкі жан-дүниесінің дұрыс жетілуі үшін ететін әсері өте күшті, сөз құдіретін айқын көрсететін тілдік құралдар болып табылады.

Пайданылған әдебиеттер тізімі:

1. Болғанбайұлы Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. - Алматы: Санат, 1997.

2. Серғалиев М. Парадигма // Қазақ тілі. Энциклопедия. - Алматы: Қазақстан даму институты, 1998.

3. Uç T., Alkan K., Büker A.C., Dіkmen A., Koçak S.Türkçe sözlük. - Ankara: Dіl Derneğі, 1998.

4. Eren H., Gözaydın N., Parlatır İ., Tekіn T., Zülfіkar H. Тürkçe sözlük. - Ankara: TDK, 1988.

 

«Ақиқат» журналы

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5489