Атамбаев қырғыз-түрік лицейлерінің жабылмайтынын айтты
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев 24 шілдеде Шолпан Атада дәстүрлі баспасөз мәслихатын өткізіп, Түркияға не себептен өкпелі екенін, "Сапат" (бұрынғы "Себат") білім беру мекемесін жабудан неге бас тартқанын түсіндірді. Ол оның жақсы білім беретінін, алдағы уақытта да жабылмайтынын айтты.
- Түркияның Қырғызстандағы елшісі Қырғызстанда 3500 "гүленші" бар депті. Олар Қырғызстандағы "гүленшілер" "Сапатта" жұмыс істейді деп ойласа керек. Бірақ бұл шындыққа сай келмейді. Қырғызстан енді "Сапаттың" 35 пайызына иелік етеді, - деді Атамбаев.
"Сапат" - Қырғызстандағы халықаралық білім беру қоры. Бұл қорға қырғыз-түрік лицейлері кіреді.
Түркия билігі 2016 жылдың 15 шілдесінде елде төңкеріс жасамақ болды деп, діни уағызшы Фетхуллах Гюленды айыптады. Түркияда "гүленшілер" деген күдікпен ондаған мың адам жұмыстан қуылып, қамауға алынды.
Анкара екі жылдан бері Астанадан да "гүленшіл" оқу орындарды жабуды сұрап келеді. 2014 жылы сәуірде Қазақстанның білім және ғылым министрлігі "қазақ-түрік лицейлері жабылмайды" деп мәлімдеген. Кейін бұл лицейлердің атауы "білім-инновациялық лицейі" (БИЛ) деп өзгерді.
Abai.kz