Өзбекстан Түркиядан брондалған көліктер сатып алмақшы
Өзбекстан Түркиядан брондалған көліктер сатып алуға ниетті деп жазады Podrobno.uz порталы қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап. Мұндай келісім таяуда Ташкентте Түркия қорғаныс министрі Нуреттин Жаникли бастаған делегациямен талқыланған.
«Өзбекстан Nurol компаниясынан EJDER 4х4 типті жаңіл брондалған көліктер сатып алуды көздейді. Өзбек тарапы бұл көліктерді сынақтан өткізіп көрген. Нәтижесіне көңілдері толады», – деп атап өткен әскери мекеме өкілі.
Онда Өзбекстанның алдағы уақытта да Түркиямен әскери-техникалық қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екендігі де айтылған. Қазіргі уақытта аталған бронды көліктерді Өзбекстан аумағында Түркиямен бірлесіп жасап шығаруды қарастырып жатыр екен.
EJDER 4х4 бронды көлігінің екі адам сиятын экипажы бар. Бірақ сегіз десант жайғаса алады. Оған әртүрлі қару-жарақты да қояды.
Осыған дейін АҚШ әскері Өзбекстанға қайтарымсыз 308 брондалған көлік сыйға тартқан.
Abai.kz