Ресей өткен ғасыр басындағы Германияның кебін киіп отыр
Ресейге тұсау салынды. Енді ол аш күзендей бүгіле бастайды. Тек жеміне атылу қалады оған. Онша жақсы емес, меніңше. Өйткені, әлем экономикасының бір пайызы мұндай алып елге аздық етеді. Алып армияны, ядролық күштерді, флотты, ғарыш әскерін, шенеуніктер мен бюджеттегілерді асырап ұстап тұру оңай шаруа емес.
Ресей қазір өткен ғасыр басындағы Германияның кебін киіп отыр. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін, Версаль бітімінің нәтижесінде Германия қандай күй кешіп еді? Неміс халқының ызадан қорлануы билікке Гитлер бастаған ұлтшылдарды алып келмеп пе еді? Олар ұлтқа рух беріп, әскери машинаны, әскери экономиканы іске қоспады ма? Мемлекеттік тапсырыс алып зауыттарға жан бітіріп, әскери-өндіріс кешеннің қуаты жаңа әскери тапсырыстарын сұрай бастады. Бұл қарқынды құлатпаудың жолы біреу-ақ: соғыс. Сөйтіп, екінші дүниежүзілік соғыс басталып жүре берген. Әскери, немесе соғыс экономикасы дегеніміз міне осы.
Осыдан үш жыл бұрын Ресей әскери-қорғаныс кәсіпорындарын қайта құрылымдады. Сол кезде Ресейді әскери экономика күтіп тұр ма деген қауіп әлсін-әлсін айтылған. Яғни, санкцияның болу қаупін ескерген боп тұр ғой. Яғни, соғыс экономикасының жүріп кету мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз-ау! Онда не болады?
Серік Жанболат
Facebook-тегі парақшасынан