Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 51218 0 пікір 14 Тамыз, 2017 сағат 06:14

Өмір мен өлім

...Кез келген адам баласы жақсы ма, жаман ба, бұл өмірде пешенесіне жазғанын көреді. Ханды да, қараны да, байды да, кедейді де, жақсыны да, жаманды да, үлкенді де, кішіні де, алалап бөліп-жармай қойнына алады, қара жер, суық көр. Яғни, оның аты - өлім!

Бабаларымыз айтқандай: "қамшының сабындай қысқа ғұмырда" басыңнан неше түрлі жағдаяттарды өткізесің. "Әттең дүние-ай!" деп, аузыңнан жалын ата "аһ!" ұрып, өкінген тұстарың да болады.

"Өтті-ау дүние!.." деп, өмірден күдер үзіп, баз кешіп, қолды бір-ақ сілтеген кезің де аз болмайды. Бақ-дәулетің шалқып, ырыс-байлығың тасып, тақияңды алшысынан тұрғызып, төңіректегілерді "мынау да адам екен-ау…" деп, көзге ілмей, менсінбей, тап дүниеге осы күйіңде топ етіп келе қалған адамға ұқсап, өзіңнен-өзің ісіп-кеуіп шыға келген шақтарың да аз болмайды.

Ішсең - асқа, кисең - киімге жарымай, көрінгенге көз түрткі болып, тірі мен өлінің арасында итшілеп күн кешкен уақыттарың да болатынын қалай жоққа шығарарсың.

"Семіздікті қой ғана көтереді" деген қазақтың қанатты сөзін бәріміз жақсы білеміз. Бірақ, тіршіліктегі аз күнгі алданышта соны біле тұрып, білгіміз келмейтіні жалған ба?

"Адамның басы - Алланың добы" деген де қағида бар. Бұл, қағида ма, үкім бе, оны дөп басып айта алмаймын. Жаратқан не бұйырса соны істейтініміз содан ба екен?

Бірақ, бойымыздағы барлық жаман әдеттерді сол Жаратқанға итере салып, өзіміз жауапкершілік атаулыдан ат-тонымызды ала қашатынымыз қалай болар екен?

Бар мен байлықтың, атақ пен даңқтың, тақ пен мансаптың қолма-қол құлы бола кететініміз де өтірік пе?

Бұл дүниеде мәңгілік ештеңенің де жоқ екенін біле тұрып, ішіміз сезе тұрып, тірлікте бір күнгі қызық үшін соны қаперімізге алмайтынымыз қалай?

Қулық пен сұмдық, айла мен шарғы, өтірік пен өсек, аңысын аңдып, қалайда бір-бірінің аяғынан шалып қалу, адам аузы бара бермейтін небір сойқанды қастандықтарға бару, ардан аттап, бір күндік құлқынның құлы болу, мысық тілеуге бой алдыру, т.б. сияқты адам бойындағы ең жағымсыз қасиеттерге неге бойымыз үйір?

Жоғарыдағыларға керісінше қаситеті бар адамдардың тағы бір тобы болатынын да біз білеміз. Олар - ақ көңіл, ашық-жарқын, аузын ашса, көмекейі көрінеді, жан баласына жамандығы жоқ, арамдық атаулыдан бойын аулақ ұстайды, кез келген мүсәпірге жақсылық жасасам деп, аузындағысын жырып беруге әзір. Жора-жолдас, жақын-туыс, таныс, бейтаныс атаулыны алаламайды, бөліп-жармайды, ешкімнің алдына түспейді, "көппен көрген, ұлы той!" деген қағиданы ұстанады. Жүздерінен нұры тамған, тұла-бойы тұнған имандылық, ғажайып мінезді осындай тамаша адамдар да болады екен.

Бір ғажабы, мұндай жандар, тым сирек кездеседі және олардың өмірдегі жолдары да өте ауыр, тар жол, тайғақ кешулі келетіні неліктен екен?

Жақсылық пен жамандықтың таразы басы көбіне соңғысының пайдасына шешіліп жататыны қалай?

Шындық, Әділеттілік атаулының жер бетінде толық салтанат құрғанын адамзат баласы көре ала ма? Әлде, қиял ғана ма, сол қиял күйінде қалар ма екен?

Өмір - өте күрделі құбылыс, шешуі қиын түйіншек. Ең қиыны — Шындық, Әділеттілікті жақсы да, жаман да, жауыз да, бауырмал да, иманды да, имансыз да, жас та, кәрі де, әр қайсысы өздерінше түсінуінде. Әр кім өз пайдасы биігінен қарайды, соған сенеді және өзгелерді соған иландыруға тырысады, содан кейін бұлардың барлығы да,өлсе де бұл беттерінен, бұл көзқарас-түсініктерінен қайтпайды...

Оқымыстылар рас болса, жер бетінде қанша адам болса — бір-біріне ұқсамайтын соншама түр-пішін, мінез-құлық бар дейді. Яғни, Шындық пен Әділеттілік те сонша түрлі көп болғаны ғой сонда?

Сонда біз армандап жүрген біртұтас жақсылықтың жер бетіне орнамайтын болғаны ма?

Осы өмірдің қалтарыс-бұлтарысын, барлық ұңғыл-шұңғылын зерттеп, үңгіп, жеріне жеткізе талдап, ғылыми тұжырымдар жасап, өмірдің барлық заңдылықтарын бүге-шігесіне дейін қалдырмай түсіндіріп берген адамды және ондай кітапты өз басым кездестірмедім.

Тек, күнделікті күйбең-тірлік, өз пайдамызға ыңғайлы әр түрлі жағдаяттар жөнінде ірілі-ұсақты, шикілі-пісілі заңдар мен заңсымақтар, қағидаларды әр қайсысымыз өз ыңғайларымызға қарай, қолдан жасап алуға ғана әуес сияқтымыз. Басқаларды қайдам, маған тура солай көрінеді де тұрады.

Бүкіл адамзаттық сұранысқа жауап бере алатындай биіктен көріне алмай келе жатуымыздың себебі — адамзат санасының әлі күнге дейін сәбилік күйінен ұзап шыға алмауында ма екен?

Ой-өрісіміз,түйсік-сезіміміз, қабілет-мүмкіндігіміз, ой-өреміз әлі бесікте бөлеулі күйінде жатқан болса керек.

Адамдардың бұ жалғанда үнемі қателіктерге ұрынып жататыны да, сондықтан болар деймін?

Бастарына қиын іс түскенде, қапияда сүрініп-құлағанда, жазатайым жаңылыс басқанда, өкініп, опық жегенде, қыл аяғы, дәм-тұзы таусылып, сорлы пенде өмірден өтерде ғана өкініштен бармақтарын тістеп, әбден барлығы кеш болғанда, болары болып, бояуы сіңгенде барып, енді ғана адамға ұқсап, тәубесіне келіп жататыны неліктен осы?.

Бірақ, бәрі кеш еді, амал не, "суға кеткен, тал қармайдының" кебін киіп жататынымыз түсініксіз?

Әрине, бәрі де кешеді.

Біз осыны да түсінбейміз, тіпті, түсінгіміз де келмейді!

Мүмкін біздің санамыз әлі толық меңгермеген бір ұлы күш - соны бізге ұқтырмай ма екен?

  • Бұл өмірдің мәні не де?
  • Біз не үшін өмірге келдік?
  • Қалай өмір сүрдік?
  • Жетістігіміз бен кемшілігіміздің сыры неде?
  • Біз АДАМ деген асқақ атқа лайықпыз ба?
  • Адам деген кім өзі?а
  • Ең соңында, осы сұрақтарды өзімізге шындап қойып көрдік пе, өзі?

Бұлар-жауабы қиын сұрақтар!

Жер бетінде қанша адам болса, соншама сұрақтар бар. Олардың жауаптары да, соншалықты әрқилы. Сондықтан да жер бетіндегі бар адамның бір мәмлеге келуі қиынның қиыны болса керек. Бұл-бүкіл адамзаттық көкейкесті мәселе.

Бұл дүниеден қоштасарда, сорлы пендесінің басына қандай ой келеді?

Бос өткен өміріне өкіне ме?

Жақсы өміріне риза бола ма?

Немесе "күл болмаса, бүл болсын!" деп, бәріне қолын бірақ сілтей ме?

Асарын асап, жасарын жасаған адам мен әлі өмірдің бал шырынына қанып үлгірмеген адамдардың дәмі таусылып, бұ дүниеден қоштасар алдындағы, соңғы демі таусылар сәтіндегі жан күйзелісі, ой толғанысы қалай болады?

Өлімнен қорқа ма, жоқ, "нар тәуекелге!" белін байлай ма? О дүниеде өмір жалғаса ма?

Бұл сұрақтарға да жауап беру қиын. Өліп, қайта тірілген адамдар туралы көп айтылып та, жазылып та жүр. Өз басым ондай адамды көрген емеспін және ондайға сенген емеспін. Сондықтан да олар туралы, олар айтқан әңгімелер туралы дәл басып, ештеңеде айта алмаймын.

Өмір қандай күрделі болса, оның жауабы да сондай күрделі. Өмір туралы ой-толғауымды осымен аяқтауды жөн көрдім. Адамзаттың небір саналы өкілдері бұл сұрақтарға бастарын аз қатырған жоқ. Менікі тек көпшілікке ой тастау.

Асылы, кез келген адамның осы төңіректе анда-санда болса да ойланып қойғаны артық болмайтын сияқты. "Аяз би, әліңді біл, құмырысқа жолыңды білді" естен шығармаудың бір ғана жолы - осында жатса керек.

Жұмаш Кенебай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5512